Сәрсенбі, 17 Тамыз 2022
Ақмылтық 2091 13 пікір 5 Тамыз, 2022 сағат 14:21

Окопқа тығылған оқалылар

Биліктің сыншысы болсам да, оған бір ақыл айтайын (өйткені мемлекет – ортақ, битке өкпелеп, тонымызды өртемейік: мемлекет қызметінің жақсаруын баршамыз да қалаймыз).

Әңгіменің мәнісі мынада.

Қазір, Құдайға шүкір, Интернет, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің арқасында біршама сөз бостандығы бар. Ондағы авторларға ещқандай цензура жоқ. Әрине, фейк пен хайп та жоқ емес, жеке басқа тиісу, ақпараттық қоқан-лоққы жасау да бой көрестіп қалады. Оны сөз бостандығының қалыптасуы кезеңінің «көбігі» деп қабылдайық, көкірегі ояу, көзі ашық аудитория шындық пен өтірікті елеп-екшейтін деңгейге жетіп қалды.

Осынау ақпараттық ағынның басты тақырыптарының дені – жер-жерде орын алып жатқан кемшіліктер десек, артық болмас.

Мәселен, шұрқ-шұрқ тесік жолдар, дүкендердегі тауарлардың удай бағасы, қант тапшылығы, басқа да, экономиканың ауыр халде екенін айғақтатын ащы ақпарат.

Бірақ оған кім нақты жауап беріп жатыр?!

Оперативті түрдегі әрі нақты реакция жоқ! Қазіргі лауазымды шенділер жұмған аузын ашпайды, құдды бір окопқа тығылып қалған оқалы шекпенділер секілді!

Жауап беріле қалса, мемлекеттік органдар көбінесе өзіне ыңғайлы жайттарға қатысты ғана пікір білдіреді.

Әр түрлі деңгейдегі баспасөз конференциялары мен брифингтер де көп жағдайды формальды түрде өтеді. Ең бастысы – ашықтық пен оперативтілік жоқ. Меніңше, сол брифингтердің бәрін ұлттық телеарналардан тікелей эфирде көрсету керек. Және де кез келген БАҚ және азамат Интернет арқылы көкейіндегі кез келген сұрағын қойып, оған татымды жауап ала алатындай жағдай жасалуы тиіс! Сонда ғана ондай брифингтердің тиімділігі болады! Әйтпесе, оның бәрін жұрт арнайы қойылған спектакль ретінде қабылдайды.

Бір сөзбен айтқанда, билікке қатысты сын жалпы емес, жалқы болып, әрбір сауалға не сыни пікірге сол үшін жауапты орган не тұлға жауап беруі керек. Сонда, тисе терекке, тимесе терекке деген әдеттен да құтыламыз.

Мәселенің бір стратегиялық сипаттағы астары бар.

Байқайсыз ба, республикалық, салалық, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі нақты фактіге нақты жауапты шенеуніктердің үнсіз қалуы ол сынның жоғары жаққа, президентке тікелей бағытталуына әкеп жатыр.

Одан асып, президентке ғана емес, осы проблемаларды шеше алмаған, азаматтардың пікіріне құлақ аспаған тұтас мемлекетке деген жеккөрінішті сезім туғызуда. Құқықтық, саяси және моральдық нигилизм осындайда туындамай ма?!

Ең бастысы, өз мемлекетіне сенбеген қоғамның болашағы бар ма?!

Сол себепті дәл қазіргі таңда өзін «еститін» деп атаған мемлекет қазіргі ақпарат майданынан тыс қала алмайды. Тыс қалды ма – оның арты тарихи тұйық! Қанды Қаңтардың қайталануы!

Әрине, ел басқарып отырған басты тұлға ретінде президент те өзінің қызметіне қатысты сыни ақпаратқа дер кезінде жауап беріп отырса, нұр үстіне нұр. Мәселен, өз қабылдаған шешімдер мен өзі тікелей тағайындаған шенеуніктерге қатысты өткір сауалдарға, билік органдарындағы жемқорлық фактілеріне өзі жауап беріп отырса, біраз қауесеттің, фейк пен хайптың басына су құйылар еді. Ең бастысы, сондай оң ниетті көріп, ел де риза болар еді.

Бір сөзбен айтсақ, қазір билікте отырып, саулаған сауалдарды елемей, окопта отырып қалу – қоғам мен мемлекет тұрақтылығы үшін өте-мөте қауіпті үрдіс!

Әрине, мәселенің құқықтық жағы да бар. Ертеректе БАҚ-та жарияланған сыни материалға тиісті мемлекеттік органдар жауап беруге міндетті еді. Қазіргі заңдарда ондай талап жоқ.

Иә, барлық мекеме барлық БАҚ-та, Интернет пен әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланған барлық сыни пікірге дер кезінде жауап әзірлеуі оңай шаруа емес, ол үшін тиісті уақыт әрі қосымша күш, басқа да ресурстар керек болар. Бірақ, ол, меніңше, уақытша қиындық, уақыт өте, оны да еңсеруге болады. Мемлекеттік қызмет сапасы жақсарған сайын әрі әр сауалға нақты жауап берілген сайын сыни пікір селі де толастар,  наразы көңіл-күй де өз сабасына түсер.

Айтпақшы, өкіметтік мекемелерге жолданған сауалдарды, соның ішінде, биліктегі былық-шылықтарға, жеке адамдардың моральдық келбетіне қатысты фактілерді тіркеу ол ақпараттың анонимді болмауын қажет етеді. Өйткені әрбір сұрақ не хаттың артында адресаты тұрады. Мұның өзі нақты басшыларға қатысты ел ішін кезіп жүрген небір өсек-аяң мен жалған ақпаратқа мықты тосқауыл болар еді. Біраз фейк пен хейттен арылар едік.

Бұл ойым қалай, «еститін және естігеніне жауап беретін» мемлекетте өмір сүргісі келетін ағайын?

Әміржан Қосан

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алашорда

Алаш-арман

Бейбіт Қойшыбаев  2585
Білгенге маржан

Хилда Хукхэм және Ұлы қолбасшылар

Бейсенғазы Ұлықбек 2103
Әдебиет

Түс

Ерғали Бақаш 1774
Әне, көрдің бе?

Архимед кімді қорғаштайды?

Жайберген Болатов 2868