Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 1581 0 пікір 22 Шілде, 2022 сағат 16:41

Геосаясат құбылып тұр: Қазақстан әскерінің қауқары

Қазақстан әскерінің жағдайы қандай? Әлемде геосаяси жағдай ушықты. Бұл сұрақ өзекті бола басталды. Ел әскерінің жағдайын бағамдау үшін тәуелсіздікті қалпына келтірген сәттен бастап қорғаныс саласының жүріп өткен жолына, алған қару мен жасалған шараларды қарап шығуға тиіспіз.

Тәуелсіздік таңында еліміздің алдында егемендікті қамтамасыз етуге қабілетті өзінің Қарулы Күштерін құру міндеті тұрды. Ата-бабасынан мұраға қалған жас мемлекеттің тұтастығы, жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орынды иеленетін аумақты сақтап қалу оңай іс емес. КСРО кезеңінде Қазақстанда көптеген әскери бөлімдер, базалар, әскери ғылыми-зерттеу нысандары мен полигондары орналасты. Бұл бізге мемлекеттің әскери ұйымдарын құруға тиісті жағдайларды жеңілдетті.

Зымырандарды ерте анықтау дивизиялары, барлау бөлімшелері, көптеген әскери құрылыс бөлімдері, «Байқоңыр» ғарыш айлағына қызмет көрсететін авиациялық полк, полигондар (Сарышаған, Ембі, Курчатов қаласындағы Семей сынақ орталығы), Арал теңізіндегі Барсакелмес аралының әскери нысандары болды.

Тәуелсіздікті алған сәттен кейін, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың тәжірибесінің арқасында Қарулы Күштерді кезең-кезеңімен реформалау жүзеге асырылды.
Тиісті қайта құрулар барысында Құрлық әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы Күштердің үш қызметтік құрылымы белгіленді, сондай-ақ қарулы күштердің өзіндік стратегиялық мүмкіндіктері бар тиісті бөлімшелері құрылды. Біз сыртқы агрессиядан қорғаудың кепілі болып табылатын қуатты жинақы ұтқыр армия құруға кірістік. Әлемдегі жағдайдың ауытқуына байланысты әскерді жаңалап, модернизациялау міндеті бір сәт тоқтаған емес. Тоқтамайды да...

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанның Қарулы Күштері заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың 4300 бірлігін алды. Қазіргі уақытта негізгі күш әскерлердің сапалық көрсеткіштерін жақсартуға және оларды заманауи қару-жарақпен, әскери техникамен және арнайы құралдармен кезең-кезеңімен техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған.

Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша отандық кәсіпорындар броньды машиналарды жөндеп, модернизациялауда. Сондай-ақ Беларусь, Германия, Испания, Польша, Ресей, Франция және т.б. кәсіпорындарымен қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары жолға қойылған. КСРО кезеңінен қалған 1200-ден астам қару-жарақ пен әскери техника сақталып, жөнделіп, жаңартылды.

Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін арттыру, әскери техниканы уақытылы жаңарту үшін Қазақстан қырықтан астам елмен ынтымақтастықты дамытып, әлеуетті серіктестер тізімін ұдайы кеңейтуде. Жаңа көліктер мен техникаларды жеткізу бағыттарын әртараптандыру армияға ағымдағы сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге лайықты жауап беретін ең заманауи арсеналды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, Израильдің әскери-өнеркәсіптік кешені ұшқышсыз ұшу аппараттарын, оптоэлектронды барлау және байланыс құралдарын жеткізуші болып табылады. Қорғаныс министрлігі испандық өндірушіден С-295 ұшағын, электронды барлау және жауынгерлік техниканы сатып алды.

Мемлекет басшысы өңірлік деңгейдегі геосаяси жағдайды және ағымдағы қауіптерді және қаңтар оқиғасының ескере отырып, әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен ұтқырлығын арттыруды, әскери барлауды күшейтуді, әскери күштердің техникалық және жауынгерлік техникасын жаңартуды тапсырды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қарулы Күштер жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жарақталуы тиіс.

ТМД және ҰҚШҰ аясындағы жүйелі әскери-техникалық ынтымақтастықта бірлескен күш-жігер арқылы сенімді аймақтық қауіпсіздік қалқанын қалыптастыра отырып, Қазақстанға аймақ елдерімен әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Осылайша, еліміздің Әуе қорғанысы күштері қазіргі заманғы Су-30СМ 4++ буын жойғыштарымен, өз класындағы үздіктердің бірі С-295 ұшақтарын, Zlin оқу-жаттығу ұшағы, ЕC-145, Ми-171Ш тікұшақтарымен, және Ми-35М жауынгерлік тікұшақтарымен толықты.

Әуе қорғанысы техникасының паркі жаңартылды. С-300, С-200, С-125 сенімді зениттік-зымырандық кешендері, сондай-ақ отандық «Нұр» радиожүйелері әуе шекараларын қорғау үшін жауынгерлік кезекшілікте тұр. Қысқа мерзімде Су-34 жойғыш ұшақтары және Су-39 шабуылдаушы ұшақтарын сатып алу жоспарлануда.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің, оның ішінде жоғары дәлдіктегі қару-жарақтардың мүмкіндіктерін арттыру үшін 2020 жылы Бук-М2Э зениттік-зымырандық жүйесінің бөлімшесі пайдалануға берілді. Жақын арада қосымша әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері алынады.

Қабылданған шаралар командалық пункттерді, әскерлер топтамасы объектілерін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, маңызды өндірістік және әкімшілік-саяси объектілерді әуе радиолокациялық барлауынан қорғау мүмкіндігін арттырады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Кеңес Одағының қорғаныс өнеркәсібінің 50 кәсіпорны мұраға қалды. Олар негізінен Әскери-теңіз күштері үшін қару-жарақ, танктер, зымыран жүйелері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің құрамдас бөліктерін өндіруге маманданған.

Еліміздің барлық мемлекеттік органдарының белсенді жұмысы, нақты әскери-техникалық саясатты құру құқық қорғау органдары арасында да, отандық әскери және қосарлы мақсаттағы өнімдерді өндірушілермен де нақты бақылау және өзара іс-қимыл вертикалын құруға мүмкіндік берді.

Шетелдермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы дұрыс құрылымдалған саясат әскери-өнеркәсіптік кешенді дамытуда орасан зор рөл атқарады. Қазақстан аумағында «Қазақстан инжиниринг» АҚ жетекші шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Оның ішінде түріктің Aselsan компаниясымен бірлесіп электронды-оптикалық құрылғылар шығару, «Еврокоптер» француз-неміс компаниясымен – EC145 тікұшақтарын өндіру және техникалық қолдау жүргізу іске асуда.

Тәуелсіздік жылдарында отандық қорғаныс өнеркәсібі армияда сұранысқа ие өнімдерді өндіруде біршама жетістіктерге жетті. Бұл, ең алдымен, оқ-дәрі өндіру, кеме жасау, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, оптоэлектрондық жүйелерді, броньды машиналарды өндіру және жөндеу болып табылады. Технологиялар үнемі жетілдірілуде, қарудың жаңа түрлері пайда болуда.

Бұл атқарылып жатқан шаралардың бірсыпырасы ғана. Қорғаныс саласын жетілдіру ешқашан тоқтамайды және жалғаса береді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019