Алапат аштықтан аман қалған ұрпақ екенімізді ұмытпайық!
Ашаршылық жайлы айтқанда, аза бойы қаза болмайтындар тек ұлтын жанымен сүймейтіндер дер едік. 1920-21 жылдарды айтпағанда, 1931-32 жылдардағы алапат аштық, жалпы, ХХ ғасырдағы қазақтың үлкен трагедиясына бастау болған сол бір нәубетке биыл - 80 жыл.
Осыған орай, таяуда Қазақстан Тарихшылар қауымдастығы, ҚР Мемлекеттік Орталық мұрағаты, Ш.Уәлиханов атындағы институты, «Абай-ақпарат» қазақ интернетін дамыту қоры және «Алаш жолы» қоғамдық қоры, «Әділет» тарихи-ағарту қорлары бірлесіп үлкен конференция ұйымдастырды. «1931-33 жылдардағы Қазақстандағы аштық: себебі мен салдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға елімізде ашаршылық тақырыбын сонау кездерден бері зерттеп жүрген Мәмбет Қойгелді, Қайдар Алдажұманов, Талас Омарбеков, Әзімбай Ғали, Светлана Смағұлова сынды тарихшылармен қатар Смағұл Елубай сынды аштық тақырыбына алғаш қалам тартқан жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы:
- Ашаршылықта құрбан болған мал мен жанның сандық көрсеткіштері жөнінде әркім әртүрлі дерек ұсынады. Соның көбі - тарихқа кездейсоқ келгендер. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тарихына кіріскен шетелдік ғалым Роберт Конкрес аштықта 1 млн қазақ қырылды десе, Йосифов, Төлепбаевтар - 1,5 миллион, ал одан әріректе азулы тарихшы ағамыз Манаш Қозыбаев пен демограф Мақаш Тәтімовтер бұл көрсеткішті 1 миллион 750 мың деп көрсеткен. Осындай деректерді тарихшылардың қайдан алғанына басқа-басқа, мына біз, тарихшылар, таңбыз. Себебі мұрағатта отырып, нағыз дереккөзіне жеткен, шыны керек, елімізде үш тарихшы ғана бармыз. Бірі ірі ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелді ағамыз болса, екіншісі - Қайдар Алдажұманов, үшіншісі - мына мен. Бұл жерде айтпағымыз: осындай бірізділіктің жоқтығынан халық қазір кімге сенерін білмейді. Оқулықтар дұрыс емес, содан келіп біз ҰБТ тапсырушы ұрпақты қиындыққа салып жүрміз. Сондықтан біз қандай да бір тарихи кезеңімізге жай қарамауымыз керек. Өйткені тарихтың дамымай отыруының бір себебі біздің сол нақты дәлелдер мен дәйектер, яғни құжаттар емес, болжамдарға иек артуымыздан дер едім.
Олесь ДОНИЙ, Жоғарғы Раданың депутаты, УДАР партиясының мүшесі:
- Аштық - қазақ пен украин халқын жақындастырған сұмдық трагедия. Қазақ халқы өзінің жүріп өткен жолында сұмдық қырғындар мен зауалдарды бастан өткерді, бүгінгі Тәуелсіздік үшін барын сала күресті, талап етті, әйтпесе жайдан-жай сіздерді аштан қырмас еді. Империяға Орталық Азияға өтетін жол керек болған, сол себепті сол жолда кедергі болған қазақтардың көзін жою керек болған. Украин халқына қатысты да дәл осы сөзді айтуға болады. Өйткені 1917 жылы және 1921-22 жылдары украиндер өз алдына дербес ел болу үшін қайта-қайта көтеріліс, дүмпу жасаған. Аштық біздің халқымыздың тек санына ғана зарарын тигізіп қана қойғандай, біз үнемі сандық деректер келтірумен шектелеміз, ол дұрыс емес. Себебі біз сападан айырылдық, олай дейтінім, ашаршылық кезінде адамдардың бойында жыртқыштық қасиеттер бой көтеріп, көп тектілеріміз көз жұмды да, қандай да болсын жолмен тірі қалуды көздеген жаны сірілер қалды.
Қазір біздің украин билігі «геноцид» сөзін айтуға қорқады. Ал ашаршылық геноцидтің нағыз өзі болды. Мәселен, Германия сыған халқына келтірген зарарларын геноцид деп мойындап, ол үшін өкінетіндерін, айыпты екендерін мәлімдеді. Бізді азаптаған империя өздерінің геноцид жасағандарын мойындамайынша, Тәуелсіз ел болып қалыптаса алмаймыз.
Конференция басталмас бұрын жиналған қауым Еркін Рақышевтің осы тақырып турасында тың деректермен жасалған «Ұлттық трагедия» атты деректі фильмін тамашалады.
Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер:
- Кейде осы ашаршылыққа қазақтардың өзін кінәлап, «Қазақтар аштықта қырылса, өздерінен де кінә бар, олар жалқау, мал баққаннан басқа ештеңе қолымыздан келмеген. Әйтпесе малымызды тартып алса, құс атып, балық аулап күнелтуге болар еді ғой» деген сияқты пікірлер кездеседі. Алайда мен мұрағаттан қазақты олай кінәлау қате екенін дәлелдейтін құжат таптым. Онда «егер қазақтар судан балық ауласа немесе ауадан бір құс атып алса, кемінде сегіз жылға сотталсын» деп, Куйбышев қол қойған. Осыдан кейін қазақтарды жалқау деп кім айта алар екен? Бұл - Ресейдің өз қылмысын жабу үшін кінәні қазаққа итермелеу әдісі.
Түйін
Қожаберген жыраудың «Елім-ай» әні сонау 1723 жылғы қазақ пен жоңғар арасында болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында жазылса да, ХХ ғасырдағы аштықтың картинасын көз алдыңызға келтіретіндей. Аштық пен шөлден кезерген ерін, нұры қашқан жанарлар, әйтеуір, әл-дәрмені жеткенше, соңғы демі шыққанша сүйек пен терісіне ілініп келе жатқан қазақтың бар арманы - бір тілім нан... бір жұтым су. Соңғы демі біткендер орта жолда үзіліп, топ-топ құлап жатқан картинаны, бәлкім, мынадай аузымыздан ақ майымыз ағып отырған тоқшылық заманда елестету, бәлкім, қиын болар. Бірақ ол - миллиондаған қандасымыздың ғұмырын қыршыннан қиған тарихи шындық. Біз өзіміздің сол алапатта қырылып қалмай, Жаратқанның мейірімімен тірі қалғандардың ұрпағы екенімізді ұмытпайық!
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР
"Алаш айнасы" газеті