Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3049 0 пікір 11 Желтоқсан, 2012 сағат 08:52

Дәурен Қуат. Даму жолындағы дақпырт пен дарақылық

Дулат Исабековтың үздік әңгімелерінің бірінде жүн түтіп, ұршық иіріп отырған кемпір феодолизмнен социолизмге қалай өтіп кеткендігін білмей қалады.  Біздің бастағы кеп те соған ұқсас: социализмнің қойын бағып жүріп капитализмнің қара базарынан қалай табылғанымызды білмей қалыппыз.

Есімізде шығар, Тәуелсіздігіміздің алғашқы 7-8 жылы «өтпелі кезең» аталды. «Өтпелі кезең», яғни уақытша қиындықтар артта қалады, әне-міне таршылық заманды «зар илетіп», дамудың даңғыл жолына түсеміз деп жүрдік. Сол кездің есебінен алғанда сондай тәтті қиялға беріліп өмір сүрудің өзіндік себептері де болғанға ұқсайды: жаңа қоғамдық қатынасқа көшеміз; осы уақытқа дейінгіміздің бәрі бекер екен, дүниенің рахаты өзін-өзі реттеп, тәртіпке келтіріп отыратын нарықтық экономикада, сондықтан сәл-пәл шыдайық дестік. Шыдамасақ, төзбесек болмайды дестік және: Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі шайқалып кетуі мүмкін, тұтастығымызға сына қағылуы ықтимал. Ойбой-оу, әлемнің мойыны озық елдері баяғыда бейімделген нарықтан біз неге бас тартамыз?!

Дулат Исабековтың үздік әңгімелерінің бірінде жүн түтіп, ұршық иіріп отырған кемпір феодолизмнен социолизмге қалай өтіп кеткендігін білмей қалады.  Біздің бастағы кеп те соған ұқсас: социализмнің қойын бағып жүріп капитализмнің қара базарынан қалай табылғанымызды білмей қалыппыз.

Есімізде шығар, Тәуелсіздігіміздің алғашқы 7-8 жылы «өтпелі кезең» аталды. «Өтпелі кезең», яғни уақытша қиындықтар артта қалады, әне-міне таршылық заманды «зар илетіп», дамудың даңғыл жолына түсеміз деп жүрдік. Сол кездің есебінен алғанда сондай тәтті қиялға беріліп өмір сүрудің өзіндік себептері де болғанға ұқсайды: жаңа қоғамдық қатынасқа көшеміз; осы уақытқа дейінгіміздің бәрі бекер екен, дүниенің рахаты өзін-өзі реттеп, тәртіпке келтіріп отыратын нарықтық экономикада, сондықтан сәл-пәл шыдайық дестік. Шыдамасақ, төзбесек болмайды дестік және: Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі шайқалып кетуі мүмкін, тұтастығымызға сына қағылуы ықтимал. Ойбой-оу, әлемнің мойыны озық елдері баяғыда бейімделген нарықтан біз неге бас тартамыз?!

Өстіп жүріп «өтпелі кезеңнен» өтіп, ХХI ғасырға қадам бастық. Біз ХХI ғасырға «өтпелі кезеңнен» өтіп қана келмеппіз,  «Жүз жылға бергісіз тарихи он жылды» көтеріп келіппіз. Рас, 1991 мен 2001 жылдар аралығында Қазақстан геосаяси ауқымда  аршынды қадамдар жасады: БҰҰ-ға толық мүше болды, көрші елдермен мемлекеттік шекара келісімдерін жасады. Ішкі жағдайды тұрақтылықпен қамтамасыз ете алды.  Ұлттық армия жасақталды. Заң шығарушы орган, атқарушы билік, сот жүйесі қалыптасты.  Төл валютамыз айналымға енді. Арқа төсінен «тұңғыш рет»  қазақ елінің  астанасы бой көтерді, т.б. Осындай елдік, ұлттық мазмұны терең істерге ілгеріде кәдімгідей мән беретін бұқара жұрт мұның бәрін біледі, бағалайды, қадір тұтады. Бірақ «жүз жылға бергісіз тарихи он жылды» артқа тастаған соң биліктің де, мемлекетшіл бұқараның да бұрандасы босап қоя берген сияқты. Өйткені қазір билігіміз мақтаншақ, бұқарамыз бұйығы қауымға айналған. Биліктің бет-аузы болып алған мемлекеттік телеарналарға көз тігіп, ресми газет-жорналдарды парақтасаңыз -  қазір дүниеде Қазақстаннан асқан кемел ел кем, дамудың даңғыл жолына түскен бірден бір ел де - бізбіз! Құдай-ау, біз болмасақ мына дүниені  қараңғылық  қаптап, қапас басқандай екен... нұр шұғыламызды төкпей қайда жүргенбіз осы уақытқа дейін?  Бәлкім, жері кең, даласы дархан жұртқа  осындай рух, асқақ амбиция керек те шығар. Былайша айтқанда, Имам Шәмілдің еліне - алмас қылыш, бізге - аспанмен астасқан амбиция қажет. Тегінде мына заманда кеудемзорлықты  жоққа шығара беруге де болмайды, бірақ, көрпең көсіліп жатуыңа лайық болсын. Бұл сөздің жалғасына сәлден кейін ораламыз. Енді мынаны айтайық.

Қазақстан билігі қазір таңғы шай үстінде түсін кемпіріне жортып отыратын қарияға ұқсап барады. Денін дерт жайлаған қарт кемпіріне: «Бүгінгі көрген түсім тәуір секілді, жақсылыққа жорышы» деп жүгінетін еді ғой. Сол секілді Ақ Ордадағы ақ жағалы ұлықтарымыз да «бүгініміз керемет, ертеңіміз тіпті ертегідей болады» деуден, елді сол ертегіге ұқсас ертеңіне  еріксіз сендіретін стратегиялық бағдарламалар қабылдаудан шаршайтын емес. Білуімізше, әйтеуір ертеңіміз - ғажап, бүгініміз - керемет. Тоқсаныншы жылдары өмірді жап-жас болып бастаған буынның  қазір ата сақалы аузына түсті, қажып-қартайды, алды зейнет жасына ілініп мәлкілдеп жүр, ал, тәуелсіздіктің құрдастары дардай жігіт болды, осының бәрі түк көрмеді деп түкірігімізді жұтпай-ақ қоялық, бірақ , Қазақстан  шиырлап кешіп келе жатқан  жолды бір кездері басып өткен мемлекеттердің адамдарымен  өзін салыстырса, өкпелейтіндей халде. Неге өкпелемесін? Мысал келтірейік.

1970-80 жылдарға дейін Оман сұлтандығы деген елдің атын біреу естіп, біреу естімепті. Елдің со замандағы билеушісі Сайд бен-Таймұр Оманға сырттан пенде баласын кіргізбей құзырындағы «құжырасын» қызғыштай қорғап бағыпты. Оманнан да сыртқа ешкім шыға алмапты. Алда-жалда біреу Оманнан алысқа аяқа баса қалса, оның аман оралуы неғайбыл болыпты. Себебі Сайд әмірші «әр пенденің ырыздығы туған, өскен жұртында, одан тыс кету оңбағанның ісі» деп мемлекеттік дәрежеде байлам жасапты. Әміршінің қол астындағы жұрттың «ырыздығын баққаны» соншалық, қыстақтардың арасындағы қара жолдардың өзіне қарауыл қойыпты. Қала халқының шаһар аумағынан тыс әлеммен байланысы тіпті үзіліпті. Сөйтіп, «ырыздыққа кенеліп, риза-хош» болып Оман жұрты өмір сүре беріпті. «Ел астанасы Масқар қаласында, - дейді куәлар, -  12 төсектік жалғыз аурухана бар еді. Ғұлама Сайд бен-Таймұр дүниенің сырын өзгеше ұғып, жастарды оқып-тоқудан да қақты».  Оқу-тоқудан, жазу-сызудан шеттелген, жер жаһанның жұртынан іргесін аулақтап,  алапестердей дөйдалаға кеткен халық әйтседе өздерін бақытты сезінді. Өйткені, сақалынан даналық саулаған Сайд баба бар еді. Алайда, Сайдтың сақалына Қабыстай ер қарамады. Әкем екенсің демеді. Сайд салған сара жолдың дәстүрлі ізбасары әм тақ мұрагері болуға тиіс Қабыс Еуропада оқып, сауат ашқан-ды. «Болашақ» бағадарламасымен (көрдіңіз бе, бұл да бағадарлама) оқып келген біздің боркемік балалардан Қабыстың басты ерекшелігі - Еуорпада оқыса да елін шексіз сүйетін. Елін сүйген  Қабыстың омандық бауырларын ойлағанда  қабырғасы қайысып кетуші еді.

Сахараны   күн күйдіріп, күп-күрең өлі мекен еткен. Сағым аунаған салқар шөл. Сол шөл кернеген сахарада арып-ашыған, азып-тозған қорғансыз бейбақ ел өмір сүруде. Мұның бірі миына кіріп шықпайтын ақымақ шал шалжиып тақта жатыр. Қайтпек керек? Оқуы біткен соң сұлтандығына оралған айлалы жігіт аз уақыттың ішінде ел ішінен жақтастарын тапты да шалдың алтынмен апталған сарайына алшаң басып кіріп барды. Барды да айтты: «Әке, елді осы уақытқа дейін билеп-төстеп, еркін тұл, рухын құл етіп қорлағаның жетер, енді мен оқыған Еуропадан сен де біраз дәріс ал», - деді де қолынан жетелеп сарайдан сыртқа  шығарып салды. Сөйтіп, 1970 жылы ың-шыңсыз, қантөгіссіз ел билігін өз қолына, өзінің дана да дара билігіне алды.

Қабыс бен-Сайд. 1940 жылы 18 қарашада сұлтан шаңырағында дүниеге келген жалғыз ұл. Ұлыбританияда Әкімішілік басқару академиясын тауысқан. Аз жылдар әскери дайындық лагерлерінде болып шыңдалған. Әкесі Сайд бен-Таймұрды тақтан тайдырған күні (марқұм Таймұр өзінің соңғы жылдарын Еуропада аяқтап, дүниеден озды) ол Оманның есігі мен терезесін шалқайтып ашып тастады. Сырттан инвестиция тартты. Тақтайдай етіп тас жолдар салды. Оқу орындарын көбейтті. Қабыс билікке келген алғашқы 7-8 жылдың ширегінде омандықтар радиодан жаңалық-хабарлар тыңдап, газет оқитын жағдайға жетті. Бәріне мән беретін Қабыс ұлттық телеарнаның қызметіне де қолқабасын тигізді. Қабылет-қарымы ерекше жастар іріктеулерден өтіп, шет мемелекеттерде оқып келіп жатты. «Болашақтан» оқығаны қулық сұмдықты еселеу болып шыққан, өз тілінде сөйлеуді қорлық санайтын біздің дүмшелермен оларды осы арада салыстырудың қажеті жоқ  деп ойлаймын, өйткені, омандық оғыландар жан аямай «жабайы жұртының» ел қатарына қосылуына, бақытты, шаттықты ғұмыр кешуіне көрген түйгендерін жұмсап бақты.

Оман экономикасының да арқа тірегі - мұнай. Сауд-араб жеріндегідей мол қоры болмаса да Оман сұлтандығы бар мұнайының қызығын көріп, байлыққа батып отырған ел. Егер омандықтар біз сияқты  «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған», «түгін тартсаң май таматын», қара алтыннан өзге де кенішке кеңірдектеген, малды-жанды, жазиралы далада өмір сүрсе қайтер еді... олар мәңгі шөл буған сахараны жайлайды. Су Оман сұлтандығында жанармайдан екі есе қымбат. Соның өзінде де елді-мекендер жап-жасыл, саялы сабатқа оранған. Себебі Оман теңіз суын тұшыту кәсібін жолға қойған. Тұзынан айырған тұщы суды алдымен ел ауыз су ретінде, содан соң бау-бақшаны суаруға пайдаланады.

Бұл заманда, бар-жоғы 20-30 жылдың ар жақ бер жағында, омандықттар мүлде өзгерді. Өзгермегені -  бұрынғы салт дәстүрі, діні. Сыртқы келбеті, киімі.  Ал, тұрмысы... тұрмысы Сайд бен-Таймұрдың тұсында «ырыздыққа кенеліп өмір сүрген» кездерінде мүлде түстеріне де кірмеген болар.

Қабыстың жасы қазір жетпістен асты. Дәлірек айтсақ - 72-іде. «Әл тың, ширақ» дейді білетіндер. Ол жылына бір рет  ел ішін  жаяу аралап шығатын көрінеді. Жаяу болғанда енді, «сәлдесін сүйретіп» қыстақ-қыстақтардың арысын кезіп жүрмейді ғой, бірақ Харон Рашидтің замануи тұлғасына енген Қабыс қыстақтардағы жұртына уәзірлерін ертіп барып елдің сөзіне құлақ түріп, қарапайым Оман әйелі пісірген қалаштан ауыз тиіп, от басы ошақ қасының тірлігін көзімен көріп қайтады екен.

Әйел демекші, Оман сұлтандығы әйел затына да ерекеше құрметпен қарайды. Қыздардың оқуына, ер-азаматтармен иық тірестіріп ел ісіне араласуына тиым жасмайды. Оманда үш әйел министр лауазымында. Хиджап кию, пәренже жамылу -  қыз-қырқынның өз еркінде.

Қабыс қарапайымдылықты ұнататын адам. Оман сұлтандығындағы үйлер 12 қабаттан аспайды. Бай да, бағылан да ел қатарлы өмір сүруге міндетті.

Тегінде, тәубашыл, қанағатшыл, тақуа Шығыс жұрты иманға жүгініп, ішікі сабырын қатаң сақтайды. Жерінің байлығын өзімен тең бөліскен әміршісін сүйеді. Содан да болар, кейбір араб елдерін алатайдай бүлдіріп, дүр сілкіндірген Таяу Шығыс оқиғасы Оман сұлтандығының іргесін шайқап, түңілігін желпілдете алған жоқ. Сондай елдің бірі - Біріккен Араба Әмірліктері.

Ілгеріде Ержан, Сәкен деген достардың тобына ілесіп әйгілі әмірлік елінде болғаным бар. Ол сапарымыз турасында публицист-мәдениеттанушы досым Сәкен Сыбанбай «Жас Алаш» газетінің бетінде жұрт сүйсініп оқыған сапарнамалық очерктер жазды. Мен қысқа қайырайын.

Ақпан айы. Алатаудың бөктерінде айқай боран. Өзіміз «Халықаралық» деп әспетегенімізбен бес ешкі, он тоқтының өрісіне татымайтын Алматыдағы әуежайдан ұша алмай 4-5 сағат іркілдік. Дубайға ұшатын ұшақ та Шымкентке қатынайтын автобус сияқты ма қайдам, кейбір жолаушылар кешігіп келіп, соларды күтіп діңкелеп, көк жүзіне әрең көтерілдік. Дубай әуежайына жақындағанымызда айналамыздағы серіктеріміз шоқпыт-шоқпыт кимідерін сыпырып тастап, жеңіл әрі сәнді киініп жатты. Біз де боқашамыздағы барымызды суырып алып үсітімізге жапсырған болдық.

Ұшақтан түссек дүние ғажап! Жып-жылы. Кешкі сам жамыраған уақыт. Адамдардың бәрі мәдениетті, ілтипатты. Біздегідей алақ-жұлақ етіп алқын-жұлқын асығып жүрген жан жоқ. Әсілі, мемлекеттің байлығы, тұрмыс-тіршілігінің жайлылығы адам бойына әлдеқандай сырбаздық, байыптылық сыйлайтын болса керек, біз де маң-маң баса қалдық. Содан қонақ үйге барайық. Қонақ үйдің қызметшісі алыстан сағынысқан бауырлары келе қалғандай жұмсақ жымиып қарсы алды. Сөмкемізді қолымыздан лып еткізіп қағып әкетіп тиісті бөлмемізге орналастыра қойды. Таң атты. Қызыққа кенелдік. Жолбасшымыз аузын ашса, әмірліктің тарихын төге жөнелетін сөзшең әйел екен, әңгімені соғып келеді. Содан ұққанымыз. Қазір аты-жөнін ұмытып қалдым, бірдеңе Шейх, бірдеңе  Ибн деген әмірші 1970-80 жылдарға дейін әмірлікті билеп төстепті. Оның заманындағы араб жартылай жалаңаш, әйтеуір басын тықса, балық тістеп шығатын кең құрсақ теңіздің арқасында өмір сүріп жатыпты. Мінгендері түйе, бет-ауыздары күйе дегендей (енді, балық ыстап жеп, шақырайға күн астында күнелтетін адам күйелештенбей қалай жүрсін?). Әлгі    бірдеңе Шейх, бірдеңе  Ибн бірдеңенің тұсында әмірлік даласынан мұнай атқылайды. Қара майдың исіне танауын төсеп отырған Еуропа мұндай батпан құйрықты қалайша айдалаға тастай қойсын, қауғаларын қаңғырлата сүйреп жетіп келеді. Жетіп келеді де бірдеңе Шейх, бірдеңе  Ибн   бірдеңге долларды уыстатып асатады.   Шейх шіркін қағаз ақшаны қашанғы жалмай берсін, күндердің күнінде темір сарай салдырып соған апарып долларларын тығып тастайды. «Сараңның сақтағаны өзіне бұйырмайды» деген осы емес пе, сөйтсе, әміршінің тыққан-пыққанын өзінен де өткен жалмауыз, араны сұмдық атжалмандар жалмап тастапты. Осындай масқараны көрген соң арықарай төзе берудің мүмкін еместігіне  көзі жеткен Шейх Зайд ибн Сұлтан әл-Нахайян   билікті ағасының қолынан тартып алады.

Шейх Зайдта Батыс елдерімен тығыз байланыс орнатады. Бірақ, арабтың аузынан жырып әкеткенге үйренген еуропалықтарды өзімен санастыра біледі. Жұмыс істеткізеді. Елге пайдасын тигізеді. Біз ғой өзімізді көзі ашық, қара танитыны бар сауатты елміз деп жүрміз. Ал, Зайдттың заманындағы арабтар жазу-сызудан мүлде мақұрым еді. Зайд халқын ағартты. Оқытты. Табысты еңбек етуге үйретті. Күн күйдірген сахараны кешіп жүріп құмнан құнарлы топырақ жасап әмірлік даласына Үндістаннан әкеліп пальмалар екті. Көйлек-дамбалынан  басқа күнқағары жоқ арабтарды пальмалардың көлеңкесінде саялатты. Біз айта беретін 20 жылдың шегінде түйе мінген арабтарды жүйткіген автокөліктерге отырғызып, жасыл бақты шаһар тұрғындары етті. Іргелі оқу орындарын ашты. Шет елдерден ғұлама ғалымдарды шақырып араб баласына дәріс оқытты. Балық аулап, ешкі сауудан басқаны білмейтін араб  баласы мемлекеттік кәсіпорындарда, ұлттық компанияларда жаппай лауазымды қызмет иеленіп шыға келді. Жеті әмірлік желкілдеп бой түзеді. БАӘ бұл заманда алапаты асып, байлығы тасыған ел. Сән-салатантын әлемге паш етіп, шалқып өмір сүруде. Жоғарыда «көрпең көсіліп жатуыңа лайық болсын» деп қалдық қой. Сол сөзімізге енді келдік. Себебі «көрпесі көсіліп жатуына лайық» ел - Біріккен Араба Әмірліктері елі. БАӘ-де бәрі ертегідей. Аспанға ұмсынған зәулім отеллдер, Шығыс мәнеріндегі өзгеде айшықты құрылыстар әмірлік жұртының салтанатты тұрмысына әбден лайық. БАӘ-де бұдан басқаша болуы мүмкін емес сияқты. Әмірлер байлығын әлемге қалай көрсетемін десе де елінің тұрмыс күйімен үндесіп, жарасым тауып тұр. Оған қысқы Азия ойындарын өткізсе де, ЕХРО көрмесін жасаса да жарасады. Баспанасыз шұбырып жүрген арабаты әмірліктен итпен іздесең де таппайсың. Жемқорлық, ел байлығын тонап қашу, ұрлау, коррупция атымен жоқ.

Мұның бәрі бәрі ана тілін аяққа бастырмаған елдің әңгімесі ғой деп отырған шығарсыздар қайсыбіреулеріңіз. Ендеше, қандай мадақтауға лайық Малайзия туралы бірер сөз.

Малайлардың халі XX ғасырдың орта шенінен ауғанда тіпті мүшкіл еді. Өйткені малайлар жерінен де, мемелекетінен де, туған тілінен де айрылудың аз-ақ алдында еді. Малайлардың маңдайына біткен ұл  Махатхир Мохамад малай халқын құрдымнан құтқарып қалды. Бұл турасында маған аталған елде елшілік қызметте болған марқұм Болатхан аға Тайжан әңгімелеп берген еді бір кезде. Кейін Малай мен Сингапур ғажайыптары жайында асыл аға кітап етіп те жазды.

Махатхир Мохамад  қайткен дейсіз ғой, жерінде мұнайы да, басқасы да жоқ аралдағы елді арашалап қалатын құдірет тіл деп білген. Сөйткенде «алыстағымен арбаласып, жақындағымен дорбаласып» жүріп қытай тілінің құрсауындағы малай тілін тірілткен. Малай тілінде сөйлей алатын әр ұлын басшылыққа әкелген. Малай тілінде - ана тілінде сөйлей алатын ұлдардан «Шығыс жолбарыстарын» түлетіп шығарған. Сондықтан да ол - ұлы  Махатхир Мохамад . Оңтүстік Шығыс Азия ғажайыптарының авторы.

... Әңгімені көп созып қайтеміз, осы елдер даңғаза дақпыртсыз-ақ жер бетінде шат-шадыман тірлік кешуде. Төрт құбыласы түгел. Иә, кем-кетігі, әлі де бітпей жатқан шаруасы шаш етектен шығар. Бірақ олар 20-30 жылдың ширегінде күрделіліктің ақ жал толқынын кешіп, қиындықтан шыға білді. Олар және ертең болуы неғайбіл кереметтердің емес, бүгінгі мүмкіндіктердің шегінде тәп тәуір тірлік кешіп жатыр. Даму жолы, өркениет жолы бізді айналып кете қоймас. Бірақ соған жиын-терін болып жеткен елдің арамны не?! Соған жеткенше, даңғаз мен дақпырт кімге керек? Керек пе сол?                           

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583