Қаптатып мешіт салғанша, зауыт салғанда ғой...
Базарға барсам мектепке балаларын киіндіруге ағылған халық. Баға ұшып тұр. Байқағаным жұрттың алатыны қол жетімді Қырғыздан келетін киімдер екен. Түркиядан келген костюм-шалбардың 50 мыңнан төмені жоқ. Одан да ол ақшаға қырғыздық костюм шалбдардың екеуін алмай ма?
Павлодарда бұрын Артур, Квазар мен ярмарка дүркіреп тұрушы еді. Қазір алматылық баға мен Арзан киімдер желісі оларды нарықтан ысырып тастапты. Алматылық арзан дүкендерінің тауарының дені қырғыз ағайындікі. Тапқаны тамақтан аспайтын халық әрине арзанына жүгіреді.
Сонда өзімізден ештеңе шықпай ма? Жеңгемнен сұрасам басқасын айтпағанда кәдімгі ақ мәрлі бар ғой сонымен Қазақстанды өзбектер қамтамасыз етіп тұр дейді.
Жетісайда мақта егеміз. Оны егу, баптап, өсіру өте ауыр жұмыс. Соны дихандар болмайтын тиын-тебенге сатады ғой. Есіл еңбек.
Ауылдарда малдың терісі мен жүні көрінген сайда шашылып жатыр. Ешкім алмайды. Өңдемейді.
Қаптатып мешіт сала бергенше тым құрыса тері-жүн өңдейтін зауыт салғанда ғой. Өз киімімізді өзіміз тігіп, жұмыссыздық мәселесін де шешетін едік. Әйтпесе, Қытаймен, Қырғызбен шекараны жапсақ жалаңбұт қалғандай екенбіз. Зауыт-фабрика салғанда да жұмыс істейтінін салу керек. Әйтпесе, Назарбаев келіп лентасын қиып, ертеңінде жабылып қалған зауыт-фабрикаларды халық санап тұрып айта алады.
Оңғар Қабден
Abai.kz