42 мемлекеттің үндеуі: Ресей АЭС-тан әскерін алып кетсін!
Ресейдің Запорожье атом электр станциясынан әскерін алып кетуді 42 мемлекет сұрап отыр. Үндеу 14 тамызда Еуроодақтың ресми сайтында жарияланды.
Ресей наурызда Еуропадағы ең ірі атом электр станциясын басып алған болатын. Ол жақта әлі күнге дейін Украина мамандары жұмыс істеп жатыр. Соңғы апталарда станция аумағына бірнеше рет снарядтар құлаған. Киев пен Мәскеу бір-бірін айыптады.
42 мемлекеттің Ресейге арнаған үндеуіне Еуроодақ елдері, Австралия, Ұлыбритания, Грузия, Исландия, Канада, Лихтенштейн, Молдова, Жаңа Зеландия, Норвегия, Солтүстік Македония, АҚШ, Черногория, Оңтүстік Корея және Жапония қол қойған. Үндеу авторлары Ресейді әскерін АЭС аумағы мен жақын маңнан, тұтас Украинадан алып кетуге шақырған.
"Ресей әскері мен қару-жарағының ядролық нысанға орналасуына жол беруге болмайды. Бұл Атом энергия жөніндегі халықаралық агенттікке (МАГАТЭ) мүше барлық ел сақтауы тиіс қауіпсіздік принциптеріне қайшы" деп жазылған үндеуде.
Мәлімдеме авторлары Ресей әскерінің ядролық нысанда болуы Украинаға ядролық қауіпсіздік бойынша алған міндеттемелерін орындауға, МАГАТЭ жұмысына да бөгет жасайтынын айтады.
Мәскеу орыс әскері соғыс жағдайында нысанды күзету үшін АЭС-ке орналасты деп ақталған болатын. Мәскеу МАГАТЭ инспекторларын нысанға келуге үндеген. Ал Киев халықаралық агенттік мамандары Украина заңына сәйкес елге келіп-кетуі тиіс деп сапарға қарсы болған.
БҰҰ Ресей мен Украинаны станция маңында соғыстан тыс аймақ ұйымдастыруға шақырған еді. Украина мен тағы бірнеше мемлекет те сондай үндеу тастады. Мәскеу ұсынысты қолдаған жоқ.
Abai.kz