Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2584 0 пікір 13 Желтоқсан, 2012 сағат 08:20

Мұнайдар Балмолда. Жекпе-жек

«Жайық шаһарының құпиясы» хикаятынан үзінді

Сарайшықты талқандап, мол олжамен қайтып келе жатқан дұшпан бұл маңайдан өздеріне жау жолықтырмастай бейқам. Ат арбаларға сықа тиелген жүкпен қатар төңкерілген ағаш қайықтары да көп-ақ. Мұны көрген Жаужапыр шыдамсыздық білдірді.

-Қолбасшы, бұйырыңыз, мыналарды баудай түсірелік. Тым дандайсып кетіпті. Құдалықтан келе жатқандай ғой өздері.

- Айтарға жоқ. Бұларда мұншама көп жылқы болмаушы еді. Бәрінің тақымында бір-бір жүйрік. Қазақы арбаларды да қолға түсіріпті. Бір іс қылайық, қолбасшы,- деп жас сарбаздардың бірі Жаужапырды қуаттады. Қолбасшы әмір етсе болғаны, мыңға тарта әскер жақтарын тартып, сансыз жебені дұшпан төбесінен мөңіретіп, сау ете түсірмек.

- Керек емес. Күтелік. Түсінікті болды. Бұлар төменгі елге осы бәркес қауашақтарға отырып, тез жеткен екен,-деп қолбасшы ойын пысықтағанша ағаш арасынан ілкідегісінен де көп, аттылы әскер шыға келді. Ақтаң бәрінің алдында тарпаң жүріске салып, сом тұяқтарын жерге қазықтай қадап келе жатқан өзінің шұбарын жазбай таныды.

- Жігіттер, сабыр. Соңғы керуеніміз де алысқа ұзай қоймаған шығар. Соғыссақ соларға да бір кесіріміз тиіп жүрер. Бұлардың қимыл-қарекетін бақылайық.

«Жайық шаһарының құпиясы» хикаятынан үзінді

Сарайшықты талқандап, мол олжамен қайтып келе жатқан дұшпан бұл маңайдан өздеріне жау жолықтырмастай бейқам. Ат арбаларға сықа тиелген жүкпен қатар төңкерілген ағаш қайықтары да көп-ақ. Мұны көрген Жаужапыр шыдамсыздық білдірді.

-Қолбасшы, бұйырыңыз, мыналарды баудай түсірелік. Тым дандайсып кетіпті. Құдалықтан келе жатқандай ғой өздері.

- Айтарға жоқ. Бұларда мұншама көп жылқы болмаушы еді. Бәрінің тақымында бір-бір жүйрік. Қазақы арбаларды да қолға түсіріпті. Бір іс қылайық, қолбасшы,- деп жас сарбаздардың бірі Жаужапырды қуаттады. Қолбасшы әмір етсе болғаны, мыңға тарта әскер жақтарын тартып, сансыз жебені дұшпан төбесінен мөңіретіп, сау ете түсірмек.

- Керек емес. Күтелік. Түсінікті болды. Бұлар төменгі елге осы бәркес қауашақтарға отырып, тез жеткен екен,-деп қолбасшы ойын пысықтағанша ағаш арасынан ілкідегісінен де көп, аттылы әскер шыға келді. Ақтаң бәрінің алдында тарпаң жүріске салып, сом тұяқтарын жерге қазықтай қадап келе жатқан өзінің шұбарын жазбай таныды.

- Жігіттер, сабыр. Соңғы керуеніміз де алысқа ұзай қоймаған шығар. Соғыссақ соларға да бір кесіріміз тиіп жүрер. Бұлардың қимыл-қарекетін бақылайық.

Жау жасағы мұздай қаруланған. Ара-кідік отты қару ұстағандары  байқалады. Сары атаман шұбардың үстінде маңғазданып, жеңімпаздық желікке семірген. Кенет атын тежеген сары Жайық шаһары бетіндегі жарқабақты қамшысымен нұсқап, бір адамына әмір етті. Қаруын кезей ұстаған шошақ бөрікті жігіт атына аямай қамшы басып, шаба жөнелді.

- Бұлар біздің бұл аумақтан кеткенімізден хабардар білем. Өздерін емін-еркін ұстауларының бір себебі сол, әрі дегендері болған соң сөйтпегенде қайтеді? Ананың артынан жет!-деп Ақтаң Қырғиды ата-баба қорымына қарай кеткен шошақ бөріктінің соңынан жіберді.

Көп уақыт өтпеді, Қырғи қайтып оралды. Жастығына сай асығыстық жасап алғанын көздері айтып тұр.

- Қолбасшы...

- Не болды?

- Айыптымын. Ана оңбаған...

- Айт жылдам!-деп Ақтаң қабағын түйгенде бетіндегі тыртық тереңдеп, сұсы артты.

- Ана көргенсіз әулиенің мазарына теуіп кіргені аздай, ит құсап сарып... Шыдай алмадым, қанжарыммен...-деп жас сарбаз қипақтап, төмен қарады. Осы заматта өзен жағасындағы жау бермен бұрылды. Жіберген кісісінің кешіккенінен секем алған атаман сақтық қамын жасап, айқай-шусыз қимылдауға әмір етті. Ақтаң енді кешіксе онсызда шайқасқа ұрынарын сезіп, дереу сарбаздарына бұйрық берді.

- Дайын болыңдар! Менің бұйрығымсыз еш бірің асығыс әрекетке бармаңдар!-деп  ақбозын арқырата кісінетіп, таяп қалған жаудың алдынан жеке шықты.

- О, қа-зақ! Сен әлі тірімісің? Жеке дара жүру тек саған жарасқан. Ой, пәлі, шұбарыңнан айырылған соң, қанатыңнан қайырылған шығарсың деп ойлағам, тағы бір пыраққа қоныпсың. Құтты болсын,-деп сары да кекесін күлкімен ойқастай берді.

- Сендерді бұл жерден тағы көремін демегем, не жорық? Баса-көктеп, қайда барасыңдар?

- Батыр, дұрыс айтасың. Біз бұл жолы ешкімнен де қашып-пысып жүргеніміз жоқ, қайта өзің аңдағандай асып-тасып барамыз! Ана қыраңдағы не қылған қала деп кісімді жібергем, қайтпады. Бәлкім, оның себебін сен білерсің?

- Сендерде ата-баба зираты деген болады ма?-деп Ақтаң сұраққа сұрақ тастады. Оны неге сұрап тұрғанын түсінбеген сары дағдарып барып:

- ...Бар. Онсыз болады ма? Бірақ көбіне өздерің секілді ат үстіндеміз, арулап жатуға жағдай соқпайды,-деп бүйірін таянып, Ақтаңға сынай қарады.

- Олай болса, сондай орынды қарақшылар масқаралап жатса, не істер едіңдер? Мына тұрған сен, өзің нендей әрекетке барасың?

- Ойланбастан жанын жаһаннамға жіберер едім.

- Ендеше сенің әлгі адамың...-дей бергенде сары ернін тістелеп, адамының өлгеніне емес, сөзден оңбай ұтылғанына опынды. Әйтседе абыржу танытпай кеңкілдей күліп, Ақтаңға жақындай бере тізгін тартты.

- Бірақ сен менің жауынгерімді өлтірдің. Ол сондай не істей қойыпты. Әй, қа-зақ, сен ноғай астанасында болып пең?

- Сарайшыққа қапылыста қалай баса-көктеп кіріп, ел-жұртын аяусыз қырып, ата-баба қорымын қорлағандарыңды мақтан етемісің? Біле-білсең, ноғай-қазақ бір туған, бір халық. Ол жердегі ел біздің ел, онда жерленгендер біздің игі жақсыларымыз болатын. Сондықтан сендердей қанпезерлердің жазасы - өлім!-деп дауыстағанда қазақ сарбаздары бір ауыздан «Өлім! Өлім! Жазасы өлім!» деп жер-көкті тітірентіп, ашыққа қаптап шыға келді. Өлген адамының құнын сұрағандай боп тұрған сары төбесінен жай түскендей шошып, өз жасағының жанына жетті.

- Қолбасшы, біз жаңа жер іздеп жүрміз. Түсінесің бе, біржола тұрақтағымыз бар. Кімнің-кім екенін айырып жатар заман ба? Бізді өткізіп жібер. Жайықтың жоғарғы жағына қайтпақпыз. Құдайдың жерін қызғанасың ба, бәрімізге жетеді. Ақ патша да райынан қайтып, бізбен санаса бастады,-деп айлаға көшіп, бұдан былай арқа сүйерімді біле жүр дегендей сеспен сөйледі. Ақтаңға да орынсыз шайқас тиімсіз болатын. Әскерінің тең жартысынан көбі Жайық шаһарынан елді көшіріп, бірнеше күннен бері жөндеп тынықпаулы, ат аяғы да суымаған. Күшке тыңы жүзге жетер жетпесі ғана. Жай-жапсарды қас-қағымда ойлап үлгерген Ақтаң бірден сарының ыңғайына жығылмаса да алдымен найзаларын сілтелеп, өрекпіп тұрған қолына басу айтты. Сосын сарыға бұрылды.

- Соғысты біз де қаламаймыз. Бірақ сендер бұл жерге екінші қайтара аяқ баспауларың керек! Әйтпсесе, өз обалдарың өздеріңе! Алла-Тағала құлдарын несібесінен құр қалдырмаған, иманды құл болуға лайықтар ғана мұндай жерге ие. Біз соны, еншімізге тиесілі ата мекенімізді қорғаймыз! Өзгенің несібесінде шаруамыз жоқ!

- Қа-зақ,- деп сары әдетінше буынға бөліп, ызбарланды,- сен олай тілің мен жағыңа сүйенбе. Мен де дала заңына құрметпен қараймын.

- Па, шіркін! Қашаннан бері?

- Осы жерге аяқ басқалы. Дұрысы, өткен әзірде сені, сенің мерген сарбаздарыңды көріп, танысқалы бері. Айтпақшы, сондағы мына шұбарыңа айырбастап, жандарын арашалап қалған христиан әйел мен баласын қайттіңдер? Діні басқаның ортасында аштан қатқан болар, байғұстар?

- Олар аман-сау. Елмен бірге. Құдай жазса сол сары бала Жайықтың жайсаң жұртының біріне айналар. Ол қазір сарбаздар өнеріне машықтануда.

- Сен де айтасың-ау. Жүйрік атыма бекер айырбастадым деп өкінесің-ау. Оларды сол жолы жайына қалдырғаныңда... Ол жетімек ер жетіп саған ел болмас. Діні, қаны бөтен... Өнеріңді үйреніп алып, өзіңнің алқымыңнан алып жүрмесін.

- Оған басың қатпасын. Бәрі бір құдайдың қолында. Одан да сен мені дұрыстап тыңда. Біз сендердің жолдарыңа тұрмалық. Бірақ дала заңын құрметтегішім, сен осында қаласың!- деп Ақтаң сарының сөзін аяқтатпады.

- Сарайшықты басқан батырым деп қонақ қылмақпысың? Пәлі, әлде әлгі жесір әйел мен бала сияқты маған да бір оңаша отау құрып, сұлуыңды қойныма салып, мені күйеу етпекпісің?-деп сары қарқылдай күлді. Соңындағы әскері қиқулап, ысқырып, құтырынды.

- Жоқ. Сен екеуміз жекпе-жекке шығамыз.

- Сен не, мені жеңемін деп тұрсың ба? Өткен жолғыдай болмас. Бұл жолы садақпен емес, нағыз жекпе-жекке шығып, шайқасамыз, қазақ! Осыныңа өкініп үлгермессің. Ап!- деп сары атын тебініп, алға шықты. Орнынан ытырыла ырғыған ақ боз ат ашық жерге шыға, арқырай кісінеп, көкке атылды. Ақтаңның қайқы қылышы жасындай жарқырайды.

- Қа-зақ, мен сенің жүрегіңе сүңгімді қадап, басыңды кесіп, ту қылып, өзіммен бірге алып кетем. Ха-ха! -деп айқайлай шапқан атаман шолақ найзасын Ақтаңға қарай бар пәрменімен құлаштай лақтырды. Мықты найзагер екені сілтесінен аңғарылды. Бірақ иесінің тақым қағысынан-ақ жалт бұрылуға үйренген ақбоздың билегендей болған жеңіл ғана қимылмен қозғалып, найзаны дарытпады. Ақтаң жанынан зулап аса берген найзаның сабын қылышымен қақ бөліп тастады. Дегені болмаған сары ойқастай бере, семсерін суырып, тағы құйындай шапты. Сарт та сұрт, шаң да шұң дыбыстар құдды көкті қақырата тілгілеген жасындай жиілеп, өмірі басылмастай үсті-үстіне өршіді. Шайқасқа қалқансыз шыққан Ақтаңға тез қорғанып, жылдам шабулдауға тура келді. Жау осал емес екен. Мұның соққан соққысын қалқанымен тіреп, өзі семсерін олай-бұлай еркін сілтейді. Ақтаң кеудесін әдейі ашып, соғуға ыңғайланғанда сары да селебесін сұғынта, тік сілтеді. Ақбоз бір шетке ойқастағанда Ақтаң қылышымен сарының қаруын құлаштай ұрды. Құрыш дың етіп, морт сынды. Атаман абдырап қалды. Ақтаң қылышын лақтырып жіберді. Сары жандәрмен өрім қамшысын алып, бұлғалай төнді. Ақтаңның да қамшысы жыландай ширатылып, сарының жонарқасына сарт етті. Ол өршеленіп алға ұмтылам дегенше Ақтаң және бір қайтара осып өтті. Сарының құлақшекесінен қан саулады. Соны көріп, Ақтаң дойырын да жерге ұрды. Ауыр соққыдан есеңгірей жаздаған атаман қарусыз қолбасшыға қамшысын үйіріп бақты. Ысқыра жеткен өрім тілді шап беріп ұстай алған батыр шірене тартып қалғанда бырт етіп үзілді. Сарының қолында қамшының сабы ғана қап қойды. Енді екеуі жалаң қолдарымен ұстаса кетті. Бірін бірі ала алмай ұзақ тіресті. Тақымдарындағы қос жануар да итерісіп, үстеріндегі алыптардың ыңғайына жүрулі. Ақтаңның күші басым екені сәт салып сезілді. Бір әрекетте сарының мойнына оң білегі оратыла берді. Жау да әккі, ұрымтал тұсы осы деп қонышына тыққан қанжарын қазақ батыры киген сауыттың «тағдыр» деп аталар осал тұсына дөптеп, ұра берем дегенше ақбоз көкке ытырынды. Шойындай басы Ақтаңның құрыш құшағынан босамаған дұшпанның жансыз денесі әуеде салақтап қалды. Қанжар қысқан қолы бұлғаң-бұлғаң етеді. Арқасы босаған шұбар арқырай кісінеп, қазақ қолы тұрған жаққа ойысты. Ақтаң жау басшысын еппен жерге төсей сұлатып, теңге терген шабандоздай жердегі қаруларын іліп алды. Жау қолы атамандарының өлгеніне әлі де сенбейтіндей сілтідей тынып, қатып қалулы. Іштеріндегі жуан қарасы атынан түсіп, ортаға шыққанда барып, сарының өлі денесіне бірнешеуі өкіріп, тұра жүгірді.

Қазақ қолы жау ұзағанша орындарынан тапжылмады. Шұбар сарбаздарды бойлай айналып, «менің қайтып орталарыңа қосылғаныма қуанбайсыңдар ма?» дейтіндей шұрқырай кісінеп, дегбірсіз шауып жүр. Ақтаң батыр ескі серігіне мейірлене көз тігіп: «Ат айналып қазығын табар» деген осы, Қырғи, шұбар сенікі. Бүгін сен екеуміздің ғана қаруымыз дұшпанға жұмсалды. Бұл жерді, ата-баба қорымын бір алып қалуға алып қалдық. Алда қандай заман болады, кім білсін, батырларым,- деп дұға оқып, бетін сипады. Қалың әскер де қолбасшының қимылына ілесті.

Қабақта күмбездер мұнартады. Көз ұшында қос қыран қалықтап, әрекідік « қиқ-қиқ» деп дыбыстап, « сендер жауға жауап болсаңдар, біз бұл маңға құзғындардың жоламауына сертпіз» дейтіндей аумақты сүзе, айнала ұшады.

«Жайық елсіз, ел ерсіз болмас. Бізден кейін де ел мен жерін талауға бермес бөрі азаматтар туар, ізімізден қуар» деген үміт әр сарбаздың көкейін өртеп бара жатты...

Мұнайдар БАЛМОЛДА

Орал қаласы

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588