Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 3474 0 пікір 18 Тамыз, 2022 сағат 20:35

Теңіздегі шекара

Әлем бойынша аумағы ең үлкен саналатын Ресей Федерациясының Каспий теңізіндегі шекарасы Қазақстан Республикасының шекарашылары күзететін аумақтан кіші. Осылайша теңіздегі ең үлкен учаскені күзету қазақстандық шекарашылардың үлесінде.

Шекара қызметінің 30 жылдығын атап өту қарсаңында теңізші шекарашылардың қалыптасуы туралы ҰҚК Шекара қызметінің Шекараны күзету департаменті Жағалау күзеті басқармасының бастығы 1 рангілі капитан Сабыр Хасановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Сабыр Хайдарұлы, Еуропа мен Азияны бөліп жатқан қарт Каспий теңізінде бірнеше мемлекеттің шекарасы түйісетіні белгілі және біздің шекарашылар күзететін учаске басқалардан едәуір үлкен, жаңа қалыптасқан жас ел алғашқыда су бетін қалай күзетке алды?

- Негізінен қазақстандық теңіз шекарашыларының тарихы 1993 жылдың 2 сәуірінен бастау алады деуге болады. Себебі сол күні ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанның Әскери-теңіз күштері құрылып, теңіздегі тыныштық пен су бетіндегі шекараны күзететін қызметті қоса атқарды, ал 1998 жылы аталған қызметті атқаратын бөлімшелер Шекара күзеті күштерінің құрамына берілді. Бұл бөлімше шекаралық корабльдер мен катерлер бригадасы деп аталды. Алғашқы болып бөлімшені 1 рангілі капитан Ахметжан Шукпутов басқарған еді. Содан бері Иран, Түрікменстан, Ресей және Әзербайжан мемлекеттерімен шектесетін Каспий теңізіндегі қазақстандық 2320 шақырымнан астам жерді күзетіп келеміз. Енді ғана тәуелсіз ел болған жылдары мемлекетімізде су айдындарын күзететін техникалар тапшы болды. Ел Президентінің шекара шебін қырағы күзету туралы тапсырмасының негізінде Орал қаласында өз техникаларымызды, яғни шекара корабльдері мен катерлерін құрастыратын Орал «Зенит» зауыты жұмысын бастады. 1995 жылы алғашқы отандық катер суға түсірілді. Бұл «Сұңқар» типінде жасалған жүйрік кемелердің алғашқысы еді. Осы орайда сол жылы америкалық әріптестеріміздің де бір бақылаушы катерді сыйға тартқанын айта кету керек. Біртіндеп шекара күзетіне пайдаланатын техникаларымыздың көбеюіне байланысты су бетіндегі шекара сызығын кесіп өтушілердің заңнамаға сәйкес әрекет етуін толық қадағаладық. Шекарашылар теңізде тек шекара сызығын ғана күзетіп қоймай, қазақстандық суларда жүзетін жүзу құралдарының қызметін де қадағалайды. Шекара бұзушыларға келсек, бірінші кезде өте көп болды. Олар қуғанда қашып құтылу үшін жүзу құралдарын күшейтіп, қосымша мотор салып, жүйрік етіп жасап алған. Бірақ шекарашы кемелер де осал емес, қуғаны құтылған жоқ әзірге. Шекара авиациясының көмегіне де жүгінген кездеріміз болды. Қызметті бірлесіп атқарамыз.

- Судағы шекарамызды бұзатындар негізінен кімдер, немесе қай елдің азаматтары, көбіне қандай себептермен шекара бұзады?

Теңіздің біздің мемлекетке қарасты бөлігі су жануарларына, соның ішінде бағалы балықтарға өте бай. Сондықтан да шекара бұзушылар біздің аумаққа құмар. Шекараны бұзуға талпынатындар көрші мемлекеттердің және өз еліміздің азаматтары. Олар оңай олжа табу үшін түрлі қулыққа да барып жатады. Мәселен, өз отандастарымыз арнайы рұқсатпен балық аулауға шығып, шамадан тыс көп аулайды, немесе рұқсат етілмеген балыққа көзі түседі, тіпті уылдырығы үшін құнды балықты қынадай қырып та жатады. Ресей және Әзербайжан елдері аумағынан арқаланып арам оймен келіп, айыппұл арқалап кететіндер де кездеседі. Түрмеге тоғытылғандары да бар. Бір кездері шекарашылардың заңды талаптарын тыңдамай, салған торларын тастай қашқан қара ниеттілерге қару да қолданғанбыз. Құралайды көзге атқан мерген шекарашылар бұзушылар мінген қайықтың қозғалтқышынан атып тоқтауға мәжбүрлейді. Олар қашып құтылу үшін, кейде шекарашылар зақымдамау үшін моторының үстіне жатып алып «жанкештілікке» барып жатады.

- Судағы шекарамызды мүлтіксіз күзету үшін шекаралық корабльдер мен катерлер жан-жақты жарақталған болуы керек, біздік кемелеріміздің бүгінгі жағдайы қалай?

- Ия, заманның талабына сай техникаларымызды жаңартып келеміз. Қазір 50-ден астам шекаралық корабльдер мен катерлер күн демей, түн демей теңізді торуылдап жүр. Олар су айдынындағы қалықтаған қараны анықтай алатын аспаптармен жабдықталған. Кемелерге қойылып жатқан құрылғылар шетелдік үздік үлгілер. Жоғарыда айтып өткендей, қулар қара ниетін іске асыру үшін су астымен де шекара бұзуға тырысады. Осы орайда қазіргі кезде кемелерімізге судың астындағы кез-келген қозғалыс туралы құлағдар ететін шетелдік құрылғы – гидроакустикалық станса орнаттық. Одан бөлек жұмысты жеңілдететін бірнеше жобаларды сынақтан өткізудеміз. Баутино кентінде кемелерге қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізетін орын жабдықталды. Шекараны тек теңізде емес, жағалаудан да бақылайтын бөлімшелеріміз бар. Олар тәулік бойы су бетін торуылдап отырады. Барлық бөлімшелер арасында сымсыз байланыс арқылы үнемі ақпарат алмасып тұрады.

- Теңізші шекарашылар елімізде Каспий теңізінен басқа қай өңірлерде қызмет атқарады?

- Каспий теңізін Ақтау, Атырау қалаларында және Баутино кентінде орналасқан дивизиондар күзетеді. Одан бөлек теңізші шекарашылар елімізге Қытай Халық Республикасынан кіріп, Ресей Федерациясына ағып өтетін Қара Ертістің қауіпсіздігін қадағалап, Сырдария, Орал өзендеріндегі шекара шебін шолып отырады. Қара Ертістің кіретін тұсын Шекара қызметінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне қарасты Күршім шекара басқармасының, ал өзеннің Ресей аумағына шығатын жағын Павлодар облысы бойынша департаментінің кіші катерлер тобы күзетеді. Ал Сырдарияны Түркістан облысы бойынша департаментіне қарасты Сарыағаш шекара басқармасының шекарашылары күзетсе, Орал өзенін БҚО департаментінің «Ақсай» кіші катерлер тобы күзетке алған.

- Теңізші мамандарды қайда дайындайсыздар, өзге елдің шекарашыларымен өзара тәжірибе алмасасыздар ма?

- Офицерлік құрамның басым бөлігі Ресей Федерациясының әскери жоғары оқу орындарын тәмәмдаған мамандар. Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің түлектері де теңізші шекарашылар сапында қызмет атқаруда. Ал сержанттық құрам мен матростарды өзіміз дайындаймыз. Ақтау қаласындағы ШҚ Жағалау күзеті департаментінің құрамында жас матростарды теңізге дайындайтын оқу-жаттығу орталығы бар. Орталықта жас жауынгерлер әскери жарғының әліппесін, яғни адымдап жүруді, жүзуді, атуды, әскери тіл қатуды үйренуден бөлек, арнайы дайындалған оқу тренажерінде жүзу құралдарын, ондағы сан түрлі құрылғыларды, кемеде штаттан тыс жағдай орын алғанда, оны жою жолдарын, адамға алғашқы көмек көрсету сияқты дағдыларды меңгереді. Осыдан кейін ғана олар теңізге қызмет етуге жіберіледі. Ал тәжірибе алмасуға келсек, ресейлік, әзербайжандық әріптестермен жүйелі түрде бірлескен оқу-жаттығулар өткізіп тұрамыз. Кейде жаттығуға түрікмендік шекарашылар да қатысады. Бір кездері біздің кемелер Бакудің жағалауына барып бірлескен жаттығуға қатысқан болатын. Қазіргі уақытта шекара күзетуден көші ілгері Түркия мемлекетімен тәжірибе алмасуды қолға алдық. Естеріңізде болса Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға сапары кезінде мызғымас достыққа, тату бауырластық пен стратегиялық ықпалдастыққа негізделген Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжақты байланыстардың қарқынды дамыту керектігін айтқан болатын. Біздің және ресейлік шекарашылардың күзету әдісі ұқсас, ал түркиялық шекарашылардың тәжірибесі бөлек, өзіндік ерекшеліктері бар. Шекарашылары басқа Еуропа елдері сияқты ішкі істер органдарының құрамына кіреді. Оның үстіне туристік ел болып табылатын Түркия әлемге аты жария «НАТО» - деп аталатын Солтүстік Атланттық шарт ұйымының құрамына кіреді. Теңізді күзету тарихы өте тереңнен басталатын бұл мемлекеттен аларымыз да үйренеріміз көп. Түрік шекарашыларына Жерорта, Қара және Эгей теңіздері аймағын күзету жүктелген. Олардың күзету құралдары мен әскери техникасы едәуір алда. Барлық бағыттағы қызметтеріне ІТ технологияны енгізуге ден қойған. «Bayraktar» атымен таныс ұшқышсыз ұшу аппараттарын жақсы білеміз ғой, дәл сол сияқты су айдындарына да қашықтықтан қадағалайтын катерлерді пайдалануды қолға алған. Осы жылдың маусым, шілде айларында біздің теңізші шекарашылардан жасақталған топ Түркияның Анталия қаласында орналасқан түрік шекарашыларының оқу орталығында болып, «Теңізде іздеу және құтқару» оқыту курсы бойынша сабақтарға қатысып қайтты. Оқу барысында әріптестердің ұйымдастырушылық құрылымы, жағалау күзеті корабльдері мен катерлерінің басқару органдары таныстырылды, сүңгуір тобы мамандары және теңіздегі жағдайды бақылауда ұстайтын теңіз үйлестіру орталығы басшыларымен кездесу өтті. Оқу курсының соңында түрік әріптестер сертификаттар табыстап, келешекте қазақ елімен ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізген. Бұл жиында қазақстандық шекарашыларды бастап барған 1-дәрежелі капитан Данияр Мальчубаев түрік елінің халықаралық қатынастарды ұйымдастыру мәселесі бойынша, ал 2-дәрежелі капитан Асқар Дәулетбеков корабльдер мен катерлердің қызметі жөнінде қажетті және тиімді тәсілдерді зерделеп қайтты. Президентіміздің «Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі», - деп айтқанындай, бұл бағытта алдағы уақытқа құрған жоспарларымыз көп. Айтпақшы, 1-дәрежелі капитан Данияр Мальчубаев әскери білімін осы Түрік елінде алған шекара қызметіндегі бірегей офицер. Ол бүгінгі күні теңіз шекарашыларының негізгі бөлімшесі саналатын Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары жауапты қызметін атқарып отыр.

- Мемлекеттік шекараны суда бұзуға тырысатындар көп екені белгілі, елімізге келуі мүмкін шығындар туралы айтып өтсеңіз.

- Шекара бұзушылар алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір азайды. Біз су айдындарында шекара бұзушыларды, заңсыз тауар тасушыларды және су жануарларына зиян келтірушілермен күресті жалғастырып келеміз. Осы бағытта еліміздегі тиісті органдармен өзара іс-қимыл жасап, түрлі шекаралық операциялар өткіземіз. Жыл басынан бері 109 шекара бұзушы ұсталып, 2,6 млн. теңгеге әкімшілік айыппұл арқалады, 52 бірлік әртүрлі жүзу құралдары қолға түсті. Теңізден ұзындығы 300 шақырым болатын броконерлік ау алынды. Табиғи мекендеу ортасына бекіре тұқымдас 575 және 4 803 басқа да бағалы балық жіберіліп, 43 итбалық қайтарылды. Шекарашылардың қырағы қызметінің арқасында жалпы сомасы 1 млрд. теңгеден асатын шығынның алды алынды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439