"Алматыда Еуропарламент депутаттары азаматтық қоғам ұйымдарының адам құқығы саласында оқиғалар туралы пікірлерін, Қаңтар оқиғасы туралы тергеулер және конституциялық реформалар туралы айтқандарын тыңдады. Олар азаптау құрбандарымен, сараптама орталығы және ғылыми орта өкілдерімен де кездесті. Баспасөз бостандығы мәселесін талқылап, ЕО-ның осы мәселені қаржыландыруын бағалады" деп жазылған Еуропарламенттің баспасөз баяндамасында.
Депутаттар сөз бостандығы және медиа саласында кейінгі тенденцияларға да алаңдаушылық білдірген.
"[Қазақстанның] Жуырда өлім жазасын алып тастағаны оң өзгеріс болғанмен, іс жүзінде адам құқығын қорғау, негізгі саяси құқықтар, жаңа саяси партияларды тіркеу мен БАҚ еркіндігі саласында, Қазақстанның БҰҰ адам құқығы кеңесіне мүше (2022-2024 жж.) болып отырған шақта халықаралық міндеттемелерді сақтау бойынша әлі талай шаруа атқару қажеттігін депутаттар мойындады. Еуропарламент депутаттары 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын ашық, жан-жақты әрі әділ тергеу маңыздылығын ерекше атап өтті. Олар саяси және қоғам белсенділерін қудалау мен қорқытуды дереу доғарып, барлық саяси тұтқындарды, оның ішінде Жанболат Мамайды да босатуға үндеді" деп жазылған Еуропарламент хабарламасында.
Еуропарламенттің Қазақстанға сапары барысында Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған кейбір белсенділер және олардың туыстары БҰҰ және Еуроодаққа қайырылып, Қазақстан билігінің Қаңтар туралы ақпаратына сенбеуге үндеген. Бұған қоса, олар Қаңтар бойынша "заңсыз сот үкімдеріне" шағымданғысы келген. Алайда олар депутаттармен кездесе алмаған еді.
Ресми БАҚ 24 тамызда Еуропарламент депутаттарының Қазақстан Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовамен кездескенін де жазған. "Қазақпараттың" жазуынша, кездесу барысында "азаматтық қоғамды құқықтық саяси жаңғыру процесіне белсене араластыру" мәселесі атап өтілген.
- Бұған дейін де халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды Қаңтар оқиғасын жан-жақты тергеуге, оған халықаралық сарапшыларды тартуға үндеген. Нұр-Сұлтан халықаралық мамандарды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан. Мамырда Human Rights Watch (HRW) ұйымы "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп мәлімдеген. Қаңтарда қаза болған кейбір азаматтардың туыстары осыған дейін биліктің жақындарының өлімін дұрыс тексермей отырғанын, толық ақпарат бермей отырғанына шағымданған.
- Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік 16 тамызда опат болғандардың тізімін жариялағанмен онда тек қаза болғандардың фамилиясы және атының алғашқы әрпі ғана жазылған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер қаза болғандар туралы толық ақпарат беруді талап етіп, тізімнің толық емес екенін де сынады.
Abai.kz