Әлем халықтарының ертегілері (екінші бөлім)
Бірінші бөлім: Әлем халықтарының ертегілері
Америка халықтарының ертегілері
ҚОЯННАН ҚОРЫҚҚАН КОЙОТ
(солтүстікамерикалық үндістер ертегісі)
Ерте, ерте, ертеде бір түп бұта түбінде бұққан қоян шөп, жеміс-жидек теріп жеп, жан-жағына емін-еркін жайылып жүреді. Зер салып қараса койот* жортып барады екен. Қоян тұра қашады, ал койот болса оны ізінен қуады. Қоян ініне сүңгиді. Жыртқыш аң інге сыймай қатты қиналады. Содан, амал қылып, аяғын салып, қаза бастайды. Ін аса терең емес-ті. Міне-міне, койоттың жеміне жетер түрі бар.
Қоян жыртқыштың аяғына қарап отырып, не істесем екен деп қалың ойға қалады. Қулыққа бару керек, басқа әдісі – жоқ.
– Жаныма жиылыңдар, қане! – деп айғай салады, қоян. – Койот інімізге аяғын сұқты. Ұсталған жері – осы!
Негізінде, қоян жарбиып жалғыздан-жалғыз отырған еді. Сондағысы, койот қорықсын, сескенсін, бұнда анталаған аң бар екен деп ойласын дегені ғой.
– Ал, олай болса аяғынан шап беріңдер! – дейді қоян даусын зорайтып.
Сөйтіп, ол:
– Ұста, ұста! – дейді өзді-өзіне.
Аяғынан қапсыра ұстап алады. – Жіберме! Босатпа! – дейді қоян батырланып, күш алып. – Тірсегін қиыңдар!
Зәресі ұшқан койот аяғын жұлқи тартып ап, аулаққа қаша жөнеледі. Біршама ұзаған соң ғана барып бұрылып қараса ешкім жоқ екен. Аң атаулы артынан жүгірді десе керек.
*Койот – Солтүстік һәм Орталық Американы мекен ететін, қасқыр тұқымдас жыртқыш аң. Атауының түп-тамыры астек тілдер тобына тиесілі (ацтек, науа, науатль, пипиль, истмо, т.б.) coyotl сөзінен шыққан-ды. Көбінекей, ол навахо, неперсе, чинуки, кус, якама, васко тайпаларының мифологиясында кездеседі және қайырымды, жанашыр, халық жай-жапсарын ойлаушы есебінде сипатталады.
Азия халықтарының ертегілері
ОЙЛЫ ҰЛ
(моңғол ертегісі)
Есте жоқ ерте заманда шал мен кемпір өмір сүріпті. Жеті жасар ұлы бар екен, жандарында. Баяғыдан бергі жиған-терген бар мүлкі: бір аяқтан ақсайтын ақ боз ат, сіңірі қатқан, ап-арық, қап-қара үш ешкі мен тозығы жеткен, көнерген кигіз үй. Шалекең шаттық көрмей, битін сығып, қанын жалаған тақыр кедей болса да, ұлы епті де зерек боп өседі.
Бір күні солардың кигіз үйіне алыстан келген атқамінер түседі. Бұл – есім-сойын естісе ауыл-аймақ сескенетін арсыз да айбарлы адам еді. Ол ішке енгенде кигіз үстіне жайғасқан жетідегі бала үлкен тостағанмен қымыз ішіп отырады. Әлгі әкімсымақ балаға қарап күліп жібереді.
– Мынауың тостаған емес, науа ғой!
Бала сусын ішуін доғарып, таңданған күйі бейтаныстың бетіне тесірейе қарайды.
– Аса құрметті мырза, осындай «науадан» су ішетін малыңыз аз ба еді?
Мұндайды күтпеген бишікеш тосылып қалады.
Таңертең әлгі әкімсымақ жолға шығайын десе түн ауа ешкілер атының тартпасын шайнап тастапты. Ашу шақырған ол шалға былай дейді:
– Шығынды өте, онда оңдырмаймын!
Ойлы ұл әкесін жақтап әлек:
– Мәртебелі мейман! Айылды шайнаған ешкілер, сондықтан... құнын солар төлесін.
Бишікеш үнсіз ғана жылқыға қарғып мініп, шоқырақтап шаба жөнеледі. Аттың аяғы көртышқан ініне кіріп, ер-тоқым ұшып жерге түседі. Әбден ыза буған атқамінер жылқысын қамшының астына алады.
Мұны көрген бала күле бастайды.
– Неменеңе жетісіп тұрсың, ақымақ? – дейді ол.
– Күлмей қайтейін? Ел ішінде: «Өтірікке құмар жанның аты түбі көртышқан ініне сүрініп, өзі жерге құлайды» деген тәмсіл бар еді. Демек, сіз – өтірікшісіз, алдампазсыз, қусыз, сұмсыз!
Орынды айтылған сөзге қарсы уәж таппаған әкімсымақ жылқысын жетектеген қалпы өз жайымен кетеді.
Сөйтіп, ойлы ұл ұятсыз бишікешті ұтымды шенейді.
Азия халықтарының ертегілері
САЙРАМПАЗ ҚҰС
(тай ертегісі)
Ертеде даусы зор кішкене ғана құс болыпты. Ел-жұрт оған «Бұл – менікі» деп ат қойып, айдар тағыпты, себебі ол әркез егістік пен өзендер үстінен ұшып өтерде:
– Бұл – менікі, бұл – менікі! – деп саңқ ете қалатын ұқсайды.
Бірде әлгі құс піскен жеміс ағашын тауып алады. Жемістің көптігі сонша, ол бір жылда да тауысып бітіре алмас еді. Ағаш маңында бірде-бір қанатты болған жоқ.
Тұрқы шағындау құс табан астындағы олжасына таңырқап, ағашқа қона кетіп, бұтақтан бұтаққа секіріп, оңды-солды, алды-артындағының бәрін тегіс шоқып, шамалы уақыттан кейін тояты қанады. Алайда, ол өзге де құстар біліп қояды деп сезіктенсе керек:
– Бұл – менікі, бұл – менікі, – деп жан-жақты жаңғырта саңқылдайды кеп.
Даусының қатты естілгені сондай, бүкіл құс атаулы не болғанын білу мұратында сол жерге жиылады. Әлгілерің ғажайып, шырынды, әрі нәрлі жемістерді көрген бойда-ақ көздері ойнақшып, жаздай жадырап, шоқып-шоқып, пыр-пырлап ұша жөнеледі.
Ағашты айналшықтаған байқұс құс бағанағы әуенге басты дейсің:
– Бұл – менікі, бұл – менікі!
Азия халықтарының ертегілері
САРАҢ СОПЫ
(тай ертегісі)
Аулақтағы бір монастырь ауласында биік ағаш өсіп тұрды. Ондағы жеміс жетіліп-пісіп, кейбірі шіруге айналғанына қарамастан ғибадатхана басшысы ешкімге үзіп жеуге рұқсат етпеді. Ол – тойымсыз әрі өзімшіл-тұғын. Сөйтіп, екі шаруа ептілік танытып, сол сараң сопыны алдап соғып, шырынды мәуені жиып алуды көздеді. Біреуі соған кеп, бірнеше миуаны теріп алмақ ниетте екендігін айтады.
– Жоқ, – деп қатқылдау жауап қатты, сопы. – Өзіме керек.
– Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз, мырзам, – деді шаруа шаттанып. – Бұғы етінен дайындалған *кэнг асынан дәм ауыз тиіп шықсын деп шақырғалы келгем, негізі. Ал, жеміс тұздық үшін қажет.
– Ертерек айтпаймысың, бұ туралы! – деді қуанышы қойнына сыймаған, монастырь басшысы. – Қалауыңша ал.
Қапты толтырған диқан кешқұрым келетіндігін ескертеді. Артынша-ақ ғибадатханаға екінші шаруа еніп, бірсыпыра жеміс алмақ ойда екендігін жеткізеді. Сараң сопы рұқсат бермеген соң, ол оны кешке тауық етінен жасалған кэнгтен ауыз тиюге шақырады. Риза болған басшы қалағанынша теруін бұйырады. Ол да оңтайлы сәтті жібермес, себетті толтырған соң кетіп қалады. Кеш батқанда қос шаруагер сопыны қонаққа шақырады. Ол ғибадатханадан шығып, ауылға апаратын соқпақпен артынан ілесіп отырады. Торапқа келгенде бір шаруакеш:
– Әуелі, менің үйіме жүріңіз, мырзам. Ол жолдың оң жағында орналасқан, – деді.
– Жоқ, – деді екіншісі. Алдыменен, менікіне соғыңыз. Отбасым дастарқан басына жайғасты.
Екі диқан ерегіскенсіп, оның қолынан ұстап, әр тарапқа тарта бастайды. Шаруагерлер шатынай дауласып, тойымсыз монахты сілкілей береді, сілкілей береді, сонда ол жалына-жалбарына бүй дейді:
– Жайыма қалдырыңдаршы! Бұғыдан әзірленген кэнгке де, тауықтан жасалған кэнгке де тәбетім шаппай тұрғаны. Жіберіңдерші, өтінем!
Қос диқан ауылға оралған соң сараң сопыны әбден ажуа қып, рақаттана күледі. Сөйтсе, кэнг тұрмақ, сайтан да жоқ екен.
*Кэнг – тай елінің ұлттық тағамы. Оны күріштен, ұсақтап туралған ет, құс я балықтан әзірлейді, ішіне дәмдеуіш, көк қосады.
АУДАРМА
ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРТЕГІЛЕРІ
Аударған: Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.
Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Көшіріп басуға рұқсат жоқ!
Abai.kz