Президент: Халық жердің игілігін көруі керек!
Ауыл ежелден-ақ халқымыздың ұйытқысы, ырыстың бастауы болып саналады. Қазақтың қасиетті құт мекені – ауылдың қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Онсыз да саны жыл сайын азайып жатқан ауылдарымыз қаңырап қалмасын десек ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлуіміз қажет. Ауыл жағдайы құлдыраса қазақтың да жағдайы мүшкіл болмақ.
Бүгін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Дәстүрлі жиынға 2 мыңнан астам адам, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, инвесторлар, ардагерлер, сондай-ақ аграрлық сала мамандықтарында оқып жатқан студенттер жиналды.
Президент аталған жиында қандай мәселелерге тоқталды? Қараңыз:
НАҚТЫ НӘТИЖЕ: 27 МЛН ТОННА АСТЫҚ ЖИНАЛДЫ!
Президент: «Ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер», - деді.
Мемлекет басшысы соңғы он жылда елімізде ауыл шаруашылық секторының өсімі 2,5 еседен асқанын айтты.
«Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлттық даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже. Сол себепті алдымен ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге тоқталып өткім келеді», - деді Тоқаев.
Онан соң Мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталып, енді мал шаруашылығына баса мән берілетінін атап айтты.
ЕНДІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА БАСА МӘН БЕРІЛЕДІ!
«Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар. Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс. Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек», - деді Мемлекет басшысы.
ХАЛЫҚ ЖЕРДІҢ ИГІЛІГІН КӨРУІ КЕРЕК!
Президент Тоқаев мән берген тағы бір маңызды мәселе – жайылымдық жерлер мәселесі. Президент жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс екенін баса айтты.
Тоқаев: «Халық жердің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. Бүгін осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет. Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйесі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүлдем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр. Мен Жолдауымда Үкіметке келесі жылдың соңына дейін Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеуді тапсырдым. Құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек. Келесі мәселе. Жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату. Бұған қоса, жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қажет. Қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақылау жасауға және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алуға кедергі келтіреді. Жерді бөліп-тарату үдерісі бойынша ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы қажет», - деді.
Аталған жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев суды тиімді пайдалану, ирригациялық жерлерді жаңғырту мәселелеріне де жеке тоқталды.
СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР!
Мемлекет басшысы: «Су қоймаларының шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросекторда заманауи су үнемдеу технологиялары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеуші технологиялар кемінде бір миллион гектарды қамтитын деңгейге жетеді. Цифрлық шешімдерді енгізу және жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруашылығын жаңғырту бойынша жұмыс жеткілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы саласын дамыту жоспарымен өзара байланысты болуға тиіс. Біздің ведомстволар түрлі жоспарлар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз араларында келісілмейді, жүрдім-бардым жасалады. Мұндайды доғару керек. Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуға тиіс. Бұл даусыз. Қаржыны заманауи су пайдалану технологияларын белсенді қолданатын өңірлерге беру қажет. Сондықтан Ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспарына енгізілуге тиіс», - деді.
Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығы секторын қаржыландыру және техникаларды жаңғырту мәселелерінің өзектілігін айтты.
ТОЗҒАН ТЕХНИКАЛАРДЫ ЖАҢАРТУ МАҢЫЗДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру керек. Биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1300 несиеге кепілдік берді. Сөйтіп несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіресе, шағын және орта деңгейдегі фермерлердің мәселесі оң шешімін тапты. Елімізде өндірілетін техника жеңілдетілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескірген техниканы жаңартуға арналған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұмысты бизнес өкілдерімен бірлесіп, әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір шаруалар алып жатқан техниканың 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі техника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал брендтер бар. Жақында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарым кезінде John Deere компаниясымен бірге құны 2,5 миллиард доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады», - деді.
МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУ КЕРЕК!
Онан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев саладағы маман тапшылығы мәселесін көтерді.
Президент: «Соңғы кездері ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден жұмыс күші жетіспейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатыр. Бұл түйткіл, әсіресе, егін егу, жиын-терін науқанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа нысандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. Маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешіледі. Шаруалар квотаны көбейтуді сұрайды. Олардың талабын ішінара орындауға болатын шығар. Бұл өзі қызық жағдай: бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданады. Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғылданатын адам аз. Мұны мойындау керек», - деді.
Президент табысқа жеткен әрбір кәсіпкерді өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосуға шақырды.
Мемлекет басшысы: «Тағы да қайталап айтқым келеді: ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жобаларды қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден астам бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жоспарын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады. Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық. Еңбекқор, мақсаты айқын азаматтарымыз күнделікті маңдай терімен ұлттық байлығымызды еселеп, ел келешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосуда. Мұндай іспен айналысып жатқан адамдарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шынайы патриоттарын ынталандырып отыру керек. Біз бұл шаруаны назардан тыс қалдырмаймыз», - деді.
Abai.kz