Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5788 0 пікір 30 Тамыз, 2022 сағат 10:28

Абай және өнер

Абай өлеңдері мен әндерінің гуманистік, эстетикалық негіздерін және әсері мен мәнін ашуда Мұхтар Әуезовтің ғылыми бағыттаушылық және көркем шығармашылық еңбектерінің орны ерекше.

Академик Ахмет Жұбанов: "Абай әндерін жинап, насихаттауда М. Әуезов ұлы ақынның музыкалық мұраларының асқан білгірі еді. Оның көмегімен Абайдың біраз әндері табылып, жазылып алынды. Көптеген халық әншілерінің Абай әндерін сол кісінің айтуынан үйренгенін көрсетеді" – деп жазады.

Мұхтар Әуезовтің Абай туралы роман - эпопеясындағы ән - өнердің орны, мәні туралы әдебиетшілер жазып-ақ жүр. Бірақ Абайдың өз музыкалық өнерінің эстетикалық әсері мен мәні қалай көрсетілетіні ескеріле бермейді.

Абайдың музыкалық өнер мен сөз өнерінің үйлесімді де жарасымды келіп, тыңдаушыларына қандай эстетикалық ләззат - рахат бергенін Мұхтар Әуезов романынан көруге болады. Ерекше назар аударатын мәселе –  Абайдың музыкалық - эстетикалық мұрасы революциядан бұрын да халықтың рухани күшіне, жан азығына айналғандығы. Бұл – ән өнерінің, музыканың эстетикалық мәнін Абайдың өзі ерекше түсінгендігінің бастауы.

"… Абайдың құлағы алыстан талмаурап келген әнді шалып қалды. Ербол да естіпті. Дәл жотаның өзіне шығып, екі жігіт аз тоқтағанда, ән айқынырақ жетіпті. Қосылып салған ән екен. Ербол енді аңғарды, ән Сүйіндік ауылының тұсынан шығып жатыр екен. Ән енді тіпті жақын естілді. Шырқап естіліп жатқан "Топайкөк" әні. Абай мен Ербол Бошаннан үйреніп келген жаңа ән бұл өлкеге жайылып кеткен екен. Нәзік сұлу дауысты әйелдер "Топайкөктің" ырғағын теріс айтады.

Келісімен Ербол ойынды меңгеріп, өзі бастап кетті. Керімбаланың жеңгесі Қапа, Тоғжанның жеңгесі және Ербол үшеуі алтыбақан тебу қонақтың жолы деп, әлпеншекке Абайды мінгізген.

Қыз - келіншек тербетіп тұрғанда, жігіттің қарызы – ән салу. Абай енді әлпеншекті теуіп тұрып, іркілместен әдемі шырқау ән бастады.

Тыңдап тұрған қыз - келіншектер:

- Абайдың айтуы басқарақ! – дейді.

Абай жалғыз өзі төрт ауыз өлеңді сыры терең "Аққайың" әнімен айтып болды да, баяу ғана тоқтады. Жүрегі барлық бүркеулі шынын да, ыстық жалын сырын да осы әнге, осы арадағы өз сөзіне салған. Ол ақын боп, мұңды жар боп шешілді. Осы әннің тұсындағы Абай Ерболдың күнде көріп жүрген жолдасы емес. Көз алдында өзгеше боп өскелеңдеп, самғап шыққандай болып көрінді. Ән басылды. Абай әлпеншектен түсті де, шетірек шықты. Қасына Асылбектің келіншегі кеп, әнші екенсің ғой дегендей мақтау айтып тұр еді. Құр әдеппен жымиғаны болмаса, Абай оның сөзін аңғарған жоқ. Өйткені, әнді ол мақтау алу үшін айтқан жоқ қой. Осы кеште Абай мен Қуандық қатар отырып, әзілмен, әнмен, айтыспен де көп жарысты. Ең алқашқы айтысты Қуандықтың өзі бастаған. Арнап сөйлеген кісісі Абай. Бұрын айтысқа көп салынбаған Абай әуелі ән жағына салмақ салып, сөздерін ойланыңқырап, бөгеліңкіреп айтып отырды. Сыбан ішінде Арқаның көп сұлу әндері шашылмаған екен. Абай соларды айтумен және ырғақ, нақысын жақсы жеткізумен Қуандық әнін баса берді.

Алғашқы бір қақтығысулары осымен өтіп, ойын арасында айтысқа тағы оралып келгенде, Қуандық ән айтпай, термеге түсті. Айтыстың әні емес, сөзін сарапқа салайық дегені. Абайдың құлақ күйі сияқты бір жеңіл, жорытпа термесі болатын. Ол да соған түсіп, енді Абай бойын кең салып, шешен айтуға оңай төселіп барады.

Абайдың сөзі Біржан өнерін сонша зор көтеріп, өз елінің бар жасына "бізден бұл артық" деп отыр. Осыны жалған намыс ойламай, соншалық кең, жақсы көңілмен айтып отырғаны Біржанға бір жаңа ой салғандай болды. Ол тағы да домбырасын біраз бебеулетіп, желдіріп алып келіп, "Жанботаны шырқап кетті". Жастар бұл әннің неден туғанын, Біржанның қай жарасын ашатынын білуші еді.

Ол, Біржанды жаңа Абай айтқан "бай, бағлан" дегендердің бірі сабап күйдіргенін ашық айтқан ән болатын.

Жанбота, өзің болыс, әкең Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азынабайдың поштабайы
Қолымнан домбырамды алды тартып.

Тартса да домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа дариға, өлгенім жоқ.

Жанбота, осы ма еді өлген жерің,
Көкшетау боқтығына көмген жерің.
Кісісін бір болыстың біреу сабап,
Бар ма еді, статьяда көрген жерің?!  – деп қайырды.

Керімбала да Біржаннан өзі сүйіп ұққан әнін айтты. Ол да Тобықты ішінде Біржан әкеп үйреткен бұрынғы бір ән. Біржандай көп әнші, ақынның айтуынан өтіп, сырланып жеткен, атсыз бір әнші шығарған – "Қарға".

Қарағым-ау, сен қалайсың мен дегенде… – деп сөзі кетті. Бүгінгі әнші, өнерлі жастардың біріне - бірі көрсетіп жатқан құрмет, сый - сұхбат арасындағы нәзік жарастық күйі болды. Біржан мен Абай үлкен ілтипатпен тыңдасып еді. Керімбаланың осы әніне орай ғып, Орынбай да бір кербез әнге шырқай жөнелді. Оның әні – "Гауhартас".

Басасың аяғыңды ырғаң - ырғаң,
Артыңда таққан шолпың, күміс сырғаң…

Жаз бойы Біржанды тыңдап, ән қадірін, әннің қасиетін азамат өнерінің бар зор биігі деп бағалаған Абай, күйден толқынған көңілінен естілмеген бір сыр жырын шығарған еді:

Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй! – деп басталған өлеңін Біржанға осы мәжілісте оқып берді. Біржан Абайды өз ішінен ойшыл, кемел жас көретін. Мынау өлең оның саналы ақын өнерін де шын өзгеше етіп танытты.

– Абайжан, менің әнім саған жақсы қозғау салды деуші едің. Сен болсаң, әндегі біздің өзіміз байқамай, елемей жүрген түкпірді ашасың. Ендігі өміріме борыш арттың ғой! – деді.

– Ендеше, мүддеміз бір жерден шыққан екен, Біржан аға! [10,349]

… Әйгерімнің айтқаны – "Қаракөз" әні. Былтырғы жазда Біржан әкеліп, оны да осы елге жайған. Сырлы, тыныш бейуақытта соншалық сезімталдық пен мұңды сазын нәзік бұралтқан ән. Әйгерім бар дауысымен шырқамай, баяу сызылтқанда, бұл ән бұрынғысынан да гөрі көп сырды шешкендей болды.

Қаракөз айым!
Қалдық кейін,
Кеткенде аулың алыс,
Мен не дейін, – деген қайырманы соншалық байыпты айтты.

Әйгерім осы әнді үнімен ғана созып жатқан жоқ, жүрегімен де баян еткендей. Ән арасында, қайырма ішіндегі көп сөздерін "Кеткенде көңілің алыс" деген сияқты тұстарын осы кеште, осы айту тұсында өздігімен өзгертіп айтады. Сыршыл әнге, шыншыл ақын, әнші, дәл қазіргі сәттегі өз ішінің бір күдігін, әлемнен жасырған құпия назын айтқандай, қосқандай. Осы бейуақтай тілек кешінде асыл жар өз сырын да, Абайдың мұңын да қоса шерткендей. Абай үншіл жүйрік домбыраны әдейі Әйгерім үшін тартатын. Соңғы жылдары Абай домбыраға аса ықылас беріп, екеуден - екеу отырған оңаша шақтарда, көріктеп күй тартады. Сондағы өнерінің барлығын, өзінің ынтығып сүйген ақын жары Әйгерімге арнайтын. Осы өткен қыста дәл бүгінгідей бір алакөлеңкеде қоңыр кеште, там үйде, үлкендер бөлмелеріне жақын үйде Абай домбыра тартып, Әйгерім тыңдап отырған ұзақ шақтың ақырында, жас келіншек "аh" ұрғандай қатты бір күрсініп қалып еді. Абай домбырасын тастай беріп:

– Саған не болды, Әйгерім?! – деп келіншегінің мойнынан құшақтағанда, қолының үстіне қат - қат тамған ыстық жастарын сезген. Сол кеште Абай амалсыз арманды бір сыр шешкен:

– Сен бұлбұл едің. Азат аспанда, көк бұтаққа қонып, бұлбұл әніңді әлемге жырласаң еді.

Енді Әйгерім Абайдың қағаз үстінде жортқан қолынан сыры бөлек өлең туып жатқанына сүйсінді.

… Сол кеште Мәкіш Салтанаттың өтінуі бойынша Абайдың бір өлеңін әнге салып айтып берген.

Жарқ етпес қара көңлім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да, – деген жүрек зары щыққанда, Салтанат күрсінген еді.

Абай іркілген жоқ: "Жарқ етпес қара көңлімді" бұрын Тоғжанға арналған сөздермен біраз айтып беріп еді. Соның артынан, ән ырғағын өзгертпестен, осы бір қоңыр кештің өзіне көщті. Сыпайы тұспалмен бастап, шыншыл бір тың сөздермен мұң төкті. Нұрлы жүз, жарық айдың астында, сеніскен досқа құпия сырын ашты. Сол жас назы естен кетпес, Ақын сазы оны ұзақ шертер. Қарыздар дос жүрегі ұмытпас, айнымас та, көп сақтар. Белгісізге шырқатып әкеткен айырылысу күндерінде де жігіттің өмір бойы жадында сақтар қадірлісі, армандысы боларсың. Сырын сыртқа паш етпес. Жүрек ішіндегі бір түйір жауhар болып жатар. Ашылмағаны үшін, өзінің қасиетін ешбір заманда жоймас… дегендей жаңа өлең.

Ән арасында сол домбырасын Байтас аспанға көтеріп, бұлғақ қақтырады. Сал ағаның осы белгісімен арттағы өңшең әнші, ойнақты топ, өздерінің шұбарала домбырасын аспанға көтереді. Бар тобымен айтып келе жатқан "Жиырма бестің" толқынды ырғақтарын шырқай сілтеп, құбылта бұралтады.

Абай мен Ерболға аса қатты ұнап, қайран қалдырғаны: бар әнші жиналып, бір-ақ ән айтады. Әдетте, ойын - сауықта, үй тола жиналған әнші болса да бір әнге екі кісіден артық қосылып салатындар болмайтын.

– Жиырма бес қайта айналып келмес саған, – дейді.

Мынау екі ақын Абайға көп кезде, бірге туысқан аға, інідей көрініп қалады. Сол теңеу бұл екі атты, Абайға өз ортасы, айналасындағы адамның арасындай жақындата көрсетеді.                                                                                          Сол аға – Пушкин. Сол іні – Лермонтов, кейінгі ұрпаққа, барлық ел, барлық заман, бар қауымдағы ойлыларға атой салып, өмірлері шырақша жанып өткен аға, іні… Абай ойлана отырып, Татьянаның хатына үңілді.

– Неткен айтқыш тіл! Тіл емес, жүректің лебі. Лүпілдеп соққан ырғағы. Қандай нәзік тереңдік! – дей отырып, кітап бетінен көзі тайқи бере:

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де, іштен біл, – деді.

Татьяна хатының ырғағы мен нәзік үніне өз жанынан үн қосқан бір жолдарды еске алды. Қыз бен жігіт шеріне қызығудан шыққан сарынның басы еді.

– Ендеше, Еңлік - Кебек құраны мынау болсын, – дей салып, тамағын кенеп алып, шырқап тұрып, әсем қоңыр даусымен ән бастады. Көкбай мен Шұбар мынандай оқыс мінезден қысылғандай құбылжып, бір нәрсе айтқандай болысып еді. Абай тыныштық тілеп, екі қолын шапшаң сермеді де, барлық топқа тыйым салып, Дәрменді тындауға бұйрық етті. Көпшілік үнсіз тұрып, құптағандай ұйып тыңдап қалды. Дәрменнің өзгеше мұңмен, аса сезімтал ажар беріп айтқан әні амандық, бейбітшілікте айтылатын сауық әні тәрізді емес. Өлгендердің аруағына арналған, дертті жүрек жоқтауы сияқты. Жүзінің сұр толқыны көп әнші - ақын, бұл топтың бәріне мәлім бір әнді бастаса да, қазіргі айтуында соны осы сәтке аса бір орайлы саздай созады. Айтып тұрғаны Абайдың әні – "Көзімнің қарасы".

… Осы кезде домбыраны Мұқа алды да, үй ішін тегіс елең еткізіп, сергітердей болып, шырқап кетті. Ерекше таза, күшті, мөлдір үн анық әнші өнері келе жатқанын паш етіп тұр. Ол биік бастау соңынан әсемдеп тұрып Абай өлеңі "Айттым сәлем Қаламқасты" созады, сөз Базаралы көңілін жаңағы кейістен алаң етерлік, анық ынтық, ынтызар сөзі. Жалынды назға толы. Әнші үй қайырмасын айтып тоқтайын деп еді. Базаралы тоқтаттырмады.

– Әй, жаным, айт! Бәрін айт! – деп, бар өлеңді тегіс айтқызды. Мұқадан соң Әлмағанбет те Абай өлеңі мен  әнін соза жөнелді. Ол – "Көзімнің қарасы".

Ендігі бір кезекте Базаралы өз қолымен домбыра ұсынып, Әйгерімге бұрылды.

– Енді сені тыңдамасқа шарам бар ма? Айт, сәулешім! – деп, жақын аға, туыстай, еркелетіп айтты.

– Мен көптен ән айтпай кетіп едім ғой, Базеке!

– Жоқ, Әйкежан! Базаралы айтпағаныңды білмейді, айтқаныңды біледі. Айт, айналайын, – деп тағы да жақсы өтінді.

Аздан соң Әйгерім "Татьяна әнін" айтып жөнелді. Әлі де, сонау бір күндердей барыншы сырлы нәзік, терең толқумен айтады екен. Үй - іші жым - жырт қатып, ұйып тыңдады. Базаралы Абайдың бұл айтылған өлеңінің бәрін де білмеуші еді. Қасындағы Көкбайдан жабыса сұрап, әр өлеңнің әнінің мәнін, жөнін ұғынып отыр. "Амал жоқ қайттым білдірмейді" Әйгерімге де түгелдей айтқызып шықты. Бүгінгі кеште Абайдың жас достары "е" дескендей тек қана Абай сөздері мен әндерін айтты.

Базаралыға анық үлкен соны сый. Ел жаңғыртар, ел өнері түлеп өсіп, жаңарып кеткендей. Ол енді Абайға қарап:

– Япыр-ой, қалай өзгерген! Ән мен сөз қалай өзгерген! Cондай сырлы, соншалық жан тамырды солқылдатқан қандай сөздер! Түу! – деп бас шұлғып үндемей тамашалап барып, – өлең мен ән ырысын тауыпты-ау, Абай! Өнеріңнен айналайын! – деді.

М. Әуезовтің Абай аулында Біржанның болғанын баяндауы, көркем шығармаға тән көптеген еркін ойлармен толы болса да, музыкалық шындықтан аулақ кетпейді. Өмірді, оның ішінде халық мәдениетін жақсы зерттеген суреткер, сол көркем шығармасының өзінде музыка зерттеушілері үшін көп ой - пікір айтып та, жазып та кеткен.

Абай әнші - ақынның идеялық тұлғасын биік адамгершілік және эстетикалық қасиеттердің иесі және сол өнегелі адамдар жүрегіне ұялата білетін тәлімгер - тәрбиеші ретінде бейнелейді.

Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қосып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан - сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Прозалық қара сөздері және музыкалық - поэтикалық шы- ғармаларындағы ағартушылық идеяларын Абай халыққа, әсіресе жастарға, жас ұрпаққа кеңінен таратуға талпынды. Әндерінен жалынды ағартушы, ақылгөй дана, қазақ және орыс халықтарының достығы мен туысқандығын жақтаған қайраткер ақын бейнесін танимыз.

Сері – Сазгер Абай дарынына қанат бітірген ән нәрімен сусындатқан орта қандай еді? Оның сазгерлік өнерінің бұлақ бастауы қайда?

Абайтанушылардың көптеген еңбектерінен Абайдың жастайынан халқының музыкалық фольклорын сүйіп өскені, оны жетік білгені, ән айтып, домбырада ойнағаны мәлім. Жоғарыда айтқанымыздай, ол Біржан салды және басқа да атақты әнші - күйшілерді жақсы таниды, олардың шығармашылық мұраларын, орындаушылық шеберліктерін жоғары бағалайды.

Шыңғыс тауының бөктеріндегі Абай аулында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданы) ән сазы бір сәт толастаған емес, атақты ақындар мен әншілер бұл ауылдың әрқашан құрметті қонағы болатын. Олар Абай әндерін халық арасына кеңінен таратты. Халықтың музыка тілі Абайдың өзіндік ән стилінің қалыптасуына аса зор әсер етті. Ал кейінірек, Семей қаласындағы медреседе оқыған кезінде, орыс әдебиетін білуге құмартқан Абай кітапханаларға барып, онда көптеген жергілікті интеллигенция өкілдерімен кездесіп тұрады. Әсіресе, Семейде айдауда жүрген халықшылдармен, соның ішінде геолог Е. П. Михаэлис, дәрігер Н. П. Долгополовпен достасып, олармен тығыз қарым - қатынаста болады. Бұлардың Абайдың дүние - танымының, ой - өрісінің кеңеюіне зор ықпал еткені сөзсіз.

М. Әуезов былай деп жазды: "Абай өз шығармашылығында халықтың санасында тек бұлдырап жүрген, халық ақындары әлі де айтып жеткізе алмайтын идеяларды бейнеледі. Оның халық көкірегіндегі арман -мұраттардың асқақ жыршысы болуына поэзиядағы бұл ерлігіне алдыңғы қатарлы демократиялық орыс мәдениеті әсер етті".

Абай қазақтың ән - күй шығармашылығын ерекше бағалаған. Бірақ ән атаулының бәрін қабылдамай, оның да "естісі бар, есері барын" айтып, "құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күйді" ұнатқан. Бүкіл шығыстың, орыстың, қазақтың халықтық әдебиетін терең зерттегендей, Абай қазақтың ән - күйлерін жете білген. Біржан сал, Ақан сері, Тәттімбет, Жаяу Мұса сынды халық композиторларының ән - күй дариясынан сусындап, әншілік - күйшілік өнерді ерекше бағалаған.

Абай тек тыңдаушы ғана болмай, өзі де ән шығарған. Ол "сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел", – деп, өзінің терең тебіреністі ойын сыршыл әндерімен де жеткізген дарынды халық сазгері. Абайдың ән - күй шығармалары қазақтың халық музыкасының тарихында ерекше орын алады.

Абайдың музыкалық - эстетикалық мұрасын жалғастырған, кейін жарық көрген "Аманат" атты әндер жинағының авторы Шәкәрім және басқалар болғанын Мұхтар  Әуезов ертеде-ақ ескерткен болатын: “Шәкәрім – Абайдың музыкалық - эстетикалық өнеге - үлгісін алған өнер иесі. Оның "Аманат" атты әндер жинағын арнайы зерттеушілер болса, Абай мұрасының өнеге - үлгісі айқындала түсер еді”.

Қорыта келгенде, Абай шығармаларының поэтикалық - эстетикалық қуат - қасиеті сарқылмақ емес. Сол қайнардан нәр алған әлі де талай жаңа шығармалар және зерттеулер туатыны сөзсіз.

Абайдың мұрасын сөз еткенде, оның эстетикалық және адамгершілік сезімі адамзат қауымы үшін таусылмас мол қазына екендігін баса айту керек.

Жаңа ырғақ – өлшеу, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үн сөздіктері – осы үшеуі Абай музыкасының жаңалығы.

Абай – тек ән шығарушы ғана емес, ән - күйдің әділ сыншысы. Ол ән -күй жөнінде көптеген терең, үлгілі эстетикалық пікірлер айтты. Солардың бірі:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең…   

Бұл арада "өлең" деген сөз ән мәнісінде де айтылып тұр.

Абай орындаушылыққа үлкен мән берген сарапшы. Жақсы шығарылған ән - күй жаман орындаушының қолына түскенде, "ауыздан шыққанда өңі қашатын, көңілдегі көрікті ойдың" кебін киетінін де Абай білді.

Данышпан Абай: "ән - өлең сатып", өнерді саудалап пайда табуға, атақ -мансап қууға қарсы болған-ды. Оның музыкалық - эстетикалық ойларының мәні – кеше, бүгін және ертеңдерге де керек.

Яғни, Абайдың гуманистік, эстетикалық мән - мағынаға толы шығармалары – мәңгілік!

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Жұбанов А. Өскен өнер. – Алматы: Өнер, 1985 ж.
  2. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. ІІІ том. "Абай жолы" роман-эпопеясы. – Алматы: Жазушы, 1979 ж.
  3. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. VІ том. "Абай жолы" роман-эпопеясы. – Алматы: Жазушы, 1979 ж.
  4. Шәкәрім. Аманат. /Құраст.: өнер зерттеушісі Т. Бекхожина. – Алматы: Өнер, 1989 ж.
  5. Шондыбаев У. Уақыт өрнегі (өлеңдер мен дастандар). – Алматы: Жазушы, 1988 ж.
  6. Елебекова Х. Үні кетпес құлақтан. – Алматы: Өнер, 1981 ж.

Ерік Омарғали,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5352