Жапония наразы: Ресей келісімді бұзды
Екінші жаһан соғысынан кейін Ресей мен Жапония арасында бейбіт келісім жасалмады. КСРО Жапонияға тиесілі Курил аралдарының бір бөлігін өзіне қосып алды. Бұл жапон-орыс қатынасын ушықтырды және әлі күнге дейін екі ел арасында бейбіт келісім жасауға кедергі болып келеді.
Ресей 2020 жылы өз конституциясын референдум арқылы өзгертті. Сол арқылы "Ресейдің аумақтық тұтастығы талқыланбайды" деген пункт енгізді. Бұл Ресей-Жапония арасында Курил мәселесін талқылауға кедергі жасады.
2022 жылы Ресей Украинаға ашық соғыс жариялап, басып кірді. "Арнайы операция" деп атаған Ресейдің басқыншылығын әлемнің өркениетті елдері қатаң айыптап, санкциялар сала бастады. Оның ішінде Азия елдерінен ең көп санкция салған Жапония болды. Бұл Мәскеу мен Токио арасындағы қатынасты ушықтыра түсті, ал Токио осы әрекеті арқылы Ресейді қысымға алатынын сездірді.
2022 жылдың қыркүйегінде Ресей Жапония тұрғындары Курилдің оккупацияланған бөлігіне жеңілдетілген жүйемен кіреді деген келісімнің күшін жойды. Тиісті жарлыққа Михаил Мишустин қол қойды. Бұл келісім Курилдің оккупацияланған бөлігіне бару үшін оккупацияға дейін тұрған жапондарға өте қажет болатын. Олар 1999 жылдан бастап осы келісім аясында Курилге визасыз келіп, ата-бабаларының қорымына барып, құрмет көрсету мүмкіндігіне ие еді. Енді ол процесс қиындайтын болды.
1999 жылы жасалған келісім күші Кунашир, Итуруп және бірнеше кіші аралдарға жүрді. Бұл аралдар бүгінде Ресейдің Сахалин аймағына қарайды. Ал КСРО-ға 1946 жылы берілді, кейін Ресей ққұрамында қалды.
Ресей Жапонияны 2022 жылы "Ресейге қарсы әрекет етуші елдердің" тізіміне қосқан болатын. Ал Жапония қарсы әрекетті күшейтіп, санкцияларды еселеуде. Ресейдің келісімді бұзғанына байланысты Жапония билігі наразылық танытса, жапон халқы әскери қадамдарға баруға шақыруда.
Асхат Қасенғали
Abai.kz