Патшайым өлді! Жасасын патша!
Ұлыбритания қара жамылды. Тақта 70 жылға жуық мерзім отырған Елизавета ІІ 96 жасында өмірден өтті.
Елизавета Александра Мэри Виндзор 1926 жылы 21 сәуірде өмірге келді. Елизавета патша Георг V-тің ақылымен өсті. Ол жауапкершілік сезімін барлығынан жоғары қоятын. Бұл туралы атақты Уинстон Черчилль де өз жазбаларында келтіреді. Патшайым ел қатарлы мектепке барған жоқ, білімді арнайы ұстаздардан алды. Ұлыбритания тарихы мен әлем тілдерін, құқықты үйренді. Өзін қоғамнан тысқары сезінбеуі үшін, оған арнап арнайы қыздар отряды құрылды.
Патша Георг V өмірден өткен сәтте, таққа оның ұлы Дэвид отырады. Ол өзін Эдуард VIII деп жариялады. Алайда Эдуард VIII тақта ұзақ отырмады. Себебі ол екі мәрте ажырасқан және діні бөлек Уоллис Симпсонға ғашық болды. Саяси салада Уоллис патшайым статусына жарамайтын. Осыған байланысты 1936 жылы Эдуард VIII тақтан бас тартты.
Таққа Елизаветаның әкесі отырды. Әкесі патша болғысы келмесе де, отыруға мәжбүр еді. Бұл Елизаветаны сөзсіз жарқын болашақ күтіп тұрғанын аңғартты. Елизаветаның әкесі Георг VІ таққа отырған сәтте Еуропаны соғыс елесі кезіп жүрді. Германия, Италия және басқа да елдер соғысқа дайындалып жатты. Әлем әне-міне алапат соғыс оты тұтанатынын сезді, білді. Патша отбасы Ұлыбританияны аралап, монархияның маңызды екенін, қиын сәтте халық бірігуі тиістігін насихаттады.
1939 жылы 13 жастағы Елизавета грек ханзадасы Филиппен бір жиында танысады.Соғыста флотта борышын өтеген Филипп 1944 жылы Ұлыбританияға келедә және Елизаветамен кездеседі. Ол кезде Елизаветаның жасы 18-де болатын. Елизавета Филиппке ғашық екенін жасырмастан өз бөлмесіне оның суретін іліп қояған еді және өзара хат алмасып жүрді.
Соғыстан кейін Филипп кен Елизавета отбасын құрды. Ханзада Филипп Эдинбург герцогы атағын алды. Ол әскери флоттағы қызметін жалғастыра берді, сондықтан Мальтаға әскери тапсырмамен жөнелтілді. 1948 жылы Филипп пен Елизаветаның ұлы Чарльз өмірге келді, ал 1950 жылы Анна дүние есігін ашты.
1952 жылы Елизаветаның әкесі өмірден өтті. Бұл сәтте Елизавета Кенияда болатын. Ол Лондонға патшайым ретінде оралды. Елизавета 1953 жылы таққа отырды. Ол билігін бастаған сәт Ұлыбритания үшін қиын кезең болатын. Соғыстан кейін Ұлыбритания экономикасы әлі есін жимады, ал әлемнің әр жеріндегі отар елдер өз тәуелсіздігін алып жатты. Соның бірі Үндістан болатын. Үндістан Ұлыбритания экономикасында елеулі рөл ойнайтын.
1956 жылы Суэц каналында дағдарыс басталды. Ұлыбритания каналды сақтап қалу үшін әскер жіберді, алайда британ әскері БҰҰ күштері келген соң, Суэц маңынан шығарылды. Бұл Ұлыбританияның держава ретінде статусына соққы жасады.
Соған қарамастан патшайым сыртқы саясатта сауатты қадамдар жасауға тырысты. Ол Африка елдерімен тығыз қатынас ұстап, ОАР орнаған апартеид саясатына қарсы болды. 90-жылдары патша әулетінде көптеген келеңсіз оқиғалар болды. Ажырасу мен ұрыс-керіс БАҚ беттеріне көптеп жарияланды. 1997 жылы Диана ханшайым көлік апатында көз жұмды. Бұл сәтте Елизавета екі ханзаданың тәрбиесін өз мойнына алды. 2011 жылы Елизавета Ирландияға барып, өз баяндамысын ирлан тілінде бастады. Бұл екі жауласушы тарапты достастыру мақсатында жасалған қадам еді.
2014 жылы Шотландия референдум өткізді. Бұл патшайым үшін үлкен сынақ болды. Себебі ол Біріккен патшалықты сақтауға ант еткен болатын. Бірақ референдум Шотландия қалаған нәтижемен аяқталмады.
2021 жылы Елизаветаның жұбайы Филипп өмірден өтті. Бұл оған ауыр соққы болды дейді жақындары. Ал араға бір жыл салып, 2022 жылы 8-қыркүйекте Елизаветаның өзі де бұл жалғаннан кетті. Таққа оның ұлы Чарльз отырмақ, оның жасы 74-те. Таққа отырған сәтте Чарльз патша Карл ІІІ атын иемденетін болады.
Abai.kz