Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3528 1 пікір 8 Қаңтар, 2013 сағат 07:56

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

V

Қабылтай өзі мен маған төсекті қонақ үйіне қатар салды.

- Жолымызды бұл тосушылардың үлкен бастығы Ауқанның өзі! - деді шешініп жатып. - Осы қаладағы «төңкерістік» науқанының ең негізгі басшылық орнында. Оның өз бұйрығымен шыққан көтерілісшілерден бастығың кім деп қазбалап сұрағандар бұрын үлкен пәлеге қалатын. «Ауқан полковниктің өзі бұйырды, қане қайтпексің, қарсы пікірің бар ма?» деп алып шәп ете түсетін. Бүгін сіз оның атын аса тігіл сұрап, арғы-бергісін қопара тілдегеніңізде мен, шынымды айтсам, шошып тұрдым. Ал, олар бұл жолы сұрақтарыңызға олай тікірею түгіл, атын да атап жауап бере алмай қаймықты! - деп күлді Қабылтай. - Бүгін оған жауап бере алмайтындығын біліп шабуылдадыңыз ба, иә, ерлік тәуекелге келгеніңіз бе?

- Мұндай жерде құр тәуекел арандатады, - деп күбірледім мен. - Екі айдан бері Ауқанның әшкере содырлық істей алмайтын болып қалғанын, өзінің атын атап соғыс жүргізуден жендеттерін шектейтіндігін де тұспалдап шабуылдадым.

Бұл жауабыма таңырқап қалған Қабылтайдың ондай өзгерістен хабарсыз екендігін ұғып, Ауқанның бір апта жоғалып табылғанын естіген-естімегендігін сұрап едім, одан да хабарсыз екен. фашисті халықтың ұрлап апарып қамап, бір апта қинағанын, қылмысын түгел мойындатып, өзіне жаздырып, енді тыйылуға қатал ант алып шығарған оқиғасын сөйлеп бердім.

V

Қабылтай өзі мен маған төсекті қонақ үйіне қатар салды.

- Жолымызды бұл тосушылардың үлкен бастығы Ауқанның өзі! - деді шешініп жатып. - Осы қаладағы «төңкерістік» науқанының ең негізгі басшылық орнында. Оның өз бұйрығымен шыққан көтерілісшілерден бастығың кім деп қазбалап сұрағандар бұрын үлкен пәлеге қалатын. «Ауқан полковниктің өзі бұйырды, қане қайтпексің, қарсы пікірің бар ма?» деп алып шәп ете түсетін. Бүгін сіз оның атын аса тігіл сұрап, арғы-бергісін қопара тілдегеніңізде мен, шынымды айтсам, шошып тұрдым. Ал, олар бұл жолы сұрақтарыңызға олай тікірею түгіл, атын да атап жауап бере алмай қаймықты! - деп күлді Қабылтай. - Бүгін оған жауап бере алмайтындығын біліп шабуылдадыңыз ба, иә, ерлік тәуекелге келгеніңіз бе?

- Мұндай жерде құр тәуекел арандатады, - деп күбірледім мен. - Екі айдан бері Ауқанның әшкере содырлық істей алмайтын болып қалғанын, өзінің атын атап соғыс жүргізуден жендеттерін шектейтіндігін де тұспалдап шабуылдадым.

Бұл жауабыма таңырқап қалған Қабылтайдың ондай өзгерістен хабарсыз екендігін ұғып, Ауқанның бір апта жоғалып табылғанын естіген-естімегендігін сұрап едім, одан да хабарсыз екен. фашисті халықтың ұрлап апарып қамап, бір апта қинағанын, қылмысын түгел мойындатып, өзіне жаздырып, енді тыйылуға қатал ант алып шығарған оқиғасын сөйлеп бердім.

- Халық қолында өзі мойындаған барлық қылмысы мен сол анты тұрғанда Ауқан ендігі ісін өз атынан жүргізе алмайтындығын мөлшерлеп сұрап едім. Тұспалым дұрыс шықты, жендеттері оның атын әшкерелеуден қатты шектеліпті! - дедім соңында.

- Бәсе, бәсе, бәсе! - деп қуанды Қабылтай. - Қолға алынбақ адамның Ауқанға мұншалық соққы бергенін естімеппін. Оның бүгінгі шебі сіздің мына өткір масқаралауыңыздан ыдырады!... Жә, тағы бір әшкерелеуіңіздің жөнін сұрайын. Сіздің, бұл партиядан әлдеқашан алыстап кеткен азамат екендігіңізді естігенмін. Люшяуши, Хылұң, Пыңдыхуайларды қазір орталық комитеттің жоқтап, аза тұтып жатқаны, аса зор құпиялықтың бірі болатын. Партия қатарына қосылғаныма көп жыл болған мен де сырттай ғана еміс-еміс естіп жүр едім. Бүгін сіздің оп-оңай әшкерелей салғаныңызға тағы да таңдандым. Мұны кімнен естіп жүргеніңізді айтып беріңізші, ешкімге айтпауға ант берейін! -дегенінде, күліп жібердім:

- Қазір мұндай ақиқатты әшкерелемеуге ант алу қажетсіз. Мұны мен ешкімнен естімей-ақ біліп жүрмін. «Пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі» деп аталған осы топалаңның халықты да, қоғамды да, тіпті үкіметтің өзін де тоздырып-тотитып болғаны рас қой. Осы топалаң түу баста Люшяушиларды жоюдың сылтауы үшін ғана «пролетарият төңкерісі» деп аталған. Шындығында, партия ішінде ең зор еңбек сіңірген осы үшеуі мен Жуде екендігін білсеңіз керек. Ал, мұның пролетарияттың қызыл төңкерісі емес, лай судан балық аулайтын қаратүтек топалаң екендігін толық түсінген орталық комитет, енді жиренбей ме бұл науқаннан, қорытынды жасамай ма! Ол үшін факт топтамай ма! Ол үшін аса зор нақақшылықпен өлтірілген бұл үздік көсемдерін мысалға алмай ма, аза білдірмей ме! Бұл «зор төңкеріс» дегендерінің аяқсыз, жым-жырт тоқтап қалып жатқаны содан. Өз іштерінде жасырын ғана жыласып, талқыласып-айтысып жатыр. Қорытындысын осы жақында-ақ жариялап қалар. Ал, Ауқан сияқтылар - олардың дөйдала аңырай беретін есектері ғана. Бағана сіздің «ел жатса да енекем жатпайды» дегеніңіз де сол.

Қабылтай қарқылдап күлді бұл түсінігіме:

- Ойпырай, сіздің логикалық болжамыңыз аса жоғары екен-ау!.. Тәңірдің ісіндей құпиялықты, ешкімнен естімей-ақ әшкерелеп те болдыңыз! Біз араласып, естіп жүріп, әлі де айқын түсіне алмай жүрміз! Батылдық-батырлық деген, қырағылық пен егіз екен-ау! Бірақ, Ауқан енді сіздің соңыңызға мықтап түседі. Өз ажалын тезірек жоғалтуға тырысады. Ол, құбылмалы, ертегідегі жәдігөй кемпірдей сиқырлы жалмауыздың дәл өзі. Сіздің әлдеқандай бір ауру Назарбек емес, атағы бар жау екендігіңізді сезсе... өзін бағана әшкерелеген әшкерелесіңізден де сезеді ол... Әрқандай жауыздық пен зиянкестік істеуден тайынбайды. Мәдениет төңкерісі енді мүлде тоқтау жағдайында тұрғанында сізді ондай зиянкестіктен сақтап қалу үшін біз де күшіміздің жетісінше тырысармыз. Бірақ, қанішерлердің барлығы соның қолында болғандықтан оның амалы бізден әлдеқайда артық. Және ол өзі мүлде әшкереленіп, келешекте масқара жазаға тартылып қалмау үшін жасырын зиянкестіктен аянады екен демеңіз!

- Ал енді не істеуіміз керек? Ақыл көрсетіңізші!

- Алдымен өзіңізден бір шындықты сұрап алайын... Сіз, қашанда Қазақстанға өтіп кететін болсаңыз, сізді қорғау әрекетінде болған біз жауапкерлікке тартыламыз, солай емес пе?

- Жоқ, ол жағдайымнан қауіптенбеңіз, мен ешкімді де күйдіру жағдайында өтпек емеспін! Кетсем, тіпті, ең жақыным Күләннің бауыры мен балаларына да титтей сөз келтірмейтін шарт дайындалған соң ғана кетуім мүмкін!

- Мен сіздің Қазақстандағы әйеліңіз басқа ерге тиіп кеткенін естіген соң осындағы жақсы, таза жесірлердің бірімен үйленіп қалар деп топшылағанмын. Егер осы болжамымдай болса, сізге үкімет жағының тиіспеуіне... таныс сақшы арқылы куәлік қағаз әпере тұрар едім.

- Сақшы куәлігін Назарбек атыма әпересіз бе, өз атыма ма? Назарбек атыма әперсеңіз, бу арасанына түсіп қана қайтуым шарт етіледі. Өз атыма әперсеңіз тіпті қатерлі. Сақшының қатал бақылауына түсемін. Ең жеңілдік әпергеніңізде де, бұта басы қымырласа-ақ мені бас салатын болады. Және мұндағы жанашырларымды баяғыша тағы да нақақ күйдіре кетуім мүмкін!

- Қуыламын деген қатерден қорықпай, қазірше Назарбек бола тұрарсыз. «Балта сермелгенше дөңбек жал табады» дегендей, сақшы жақ сізді Үрімжіге қайтаруға қузағанша, тағы бір жал табылып қалар. «Артқы есік» деп аталатын есік, ұрлық пен қиянатқа ғана емес, қазір барлық кәсіпке ашылып, үңірейіп алды. Сақшы орындарында да бар. Куәлік қағазды сізге содан алып бере тұрамын! Қазір заң орындарының өзі де екі жаққа бөлініп тұр. Бірі Маузыдұңшылардың әсіре солшылдық көзқарасында. Бірі олардың оңшылдық деп атайтын, сіздерді жақтайтын көзқараста. Қазір оңшыл жағы күшейіп қалды. Жақтаушылары көбейді. Сондықтан бұрын Маудың бірден-бір «туы айқын» солшыл жендеті болған Хуагопыңның өзі де белінен шойырылып жатыр. Бас секретарлық орнын Дыңшяупыңға өткізіп беруге мәжбүр болып қалғаны естілді. Сондықтан сізді қорғайтын куәлік билетті сақшы басшыларның жұмсап қалған оң жағынан әпере аламын!

Қабылтай осы жөнін айтып ақылдаса жатып, мені қашан жағдай өзгергенше «Назарбек» бола тұруға көндірді. Қазақстанға өтіп кетсем, маған куәлік қағаз берген сақшы бастығының да күйрейтіндігін айтып, менен өзінің күмәнданатын жақтарын арылта ашып сұрады сонсоң.

- Егер менің Қазақстандағы әйелім әлі де күтіп отырған болса, осы қалаға көрінбей, таудан кететін едім. Енді мұндағы мен деген жанашыр достарға тағы да сөз келтіріп қашқаннан, өзімнің күйіп күл болып кеткенім жақсы! - деп қайталап бастап мен де толық уәде бердім. Тіпті, менің өзіме де сөз келтіріп-кінә тақтырмай кететін шартымның толуына аз күн қалғандығын да түсіндірдім. -Менің өз отаныма қайтуымның дұрыстығы мен қылмыссыздығымды бүкіл халық түсініп, үкіметтің өзінің де толық мойындаған шағында ғана кетемін! -дедім соңында.

- Осы үкімет өз қылмыстарын мойындар деп ойлайсыз ба? - деп күле сұрады Қабылтай.

- Бір кездегі солшыл коммунист болған өздеріңіз, кері төңкерісші - шужұңжуи аталып тұрған оң жаққа қалай шығып алғандықтарыңызды әрине түсенсіздер ғой! Мұнан соңғы ең тоңмойындарыңыз, тездетіп мойындамаса тоңқалаң асып мойындары үзілетіндігін түсініп мойындайды! «Стиль түзету» науқанынан бергі істерінің барлығын өздері қаралап шығуға мәжбүрленеді!

- Ха-ха-ха-һа-һа-һа...а.., қойдым, қойдым, қол қойдым! - деп Қабылтай қаншалық қарқылдап қатты күлсе, аздан соң соншалық қатты қорылдай жөнелді.

Ертеңіне таңертеңгі шайдан соң қалалық сақшы мекемесіне бастап барды да, мені қақпа сыртына қалдырып, өзі кіріп кетті.

Қабылтай кірген бөлімінен бір сағаттан соң шығып мені шақырды. «Сіз Назарбек қалпыңызбен жауап беріңіз! Ауқанның қылмысты істерін бұрыннан естіп жүрген, онымен мүлде шығыса алмайтын көзқарастағы Назарбек екендігіңізді жасырмасаңыз болғаны!» деп қана алдыма түсе бастады кеңсеге.

Қабылтайдың бұл сақшысы орынбасар бастық, өзі құралпас ұйғыр екен. Маған қол беріп амандасып, столының тұсындағы іргеге қойылған орындықты нұсқап отырғызды.

- Сіз Үрімжіден Баркөлге қашан қайтып едіңіз? -деп сұрады алдымен.

- Жетпісінші жылдың бас кезінде.

-  Не себептен қайтқансыз?

- Баркөлдегі «зор секіріп ілгерілеуде» отқа да, суға да, тіпті мұзға да жалаңаштанып түсіп жүріп, бел мен тізеден ұстаған осы ауруды тауып алғанмын. Баркөл аудандық банкіден Үрімжіге, автоном райондық банкіге ауысып келгенімнен соң ауруым асқындай түсті. Сонда да активтілігімнен айырылмауға тырыстым. Екінші доқтырханаға, медицина институтына көрініп, емделе жүріп істедім. Ауруға қаншалық қайсарлықпен шыдасам да ауыр еңбекке жарамай қалдым. Оның үстіне «мәдениет төңкерісінің» әсіресолшылдығы күшейіп, обалды жазалар көбейді. Осы мына сіздердің Ауқан тектес жендеттердің сөзі-сөз болып тіпті құтырып алды. Осы Ауқанның үлгісі Үрімжіде де жарияланып, жауыздықтары аспанға көтеріліп мадақтала бергендіктен мен өз активтігімнен де жирене бастадым. Ауруым одан сайын асқынды. Көрініп жүрген емханаларымнан өз үйімде жатып емделуге қағаз алып Баркөлге қайттым. Баркөл таулы, суық жер ғой, қаншалық күтініп емделсем де жазылмайтын болған соң, былтыр күзде Үрімжіге келіп больницада жаттым. Одан сәл жеңілдеген соң, биыл 3-ші айда Құлжаның газ арасанына түсуге қағаз алып шықтым. Құтыби бекетінен тамақ жеуге түскенімізде жол қағазым барлық ақшаммен бірге жоғалды. Құтыбидан бергі жолда автобус билетім мен шофердің куәлігі арқылы осында әрең жеттім.

- Бұл жайыңызды Қабылтай жолдастан да естідім, - деді сақшы бастығы. Күлімсіреп басқа сұрауға ауысты. - Ал, сіз Ауқанның біз де білмей келе жатқан мәселелерін соншалық қайдан жиып игеріп алғансыз? Оның өткен түні жол тосқан құралды жауынгерлерін де қатты қаймықтырыпсыз ғой?

- Мен қарапайым халықтың арасында дәл өздерінше жасап келемін. Халық бәрін біледі екен. Ауқанның ісі - әсіресе солардың жүрегін мұжып, жәбірлеп келе жатқан іс. Сондықтан олар тіпті толық біледі. Қазір Ауқанның мен білетін қылмысы, түндегі әшкерелегенімнен әлдеқайда көп. Ал, халық Ауқанды үкімет деп біледі де,сақшыны соның ең сенімді қорғаны деп біледі. Сондықтан олар сіздерге айтпайды да, олар көріп жүрген жауыздықты сіздер білмей қаласыздар! -дегенімде сақшы бастығы Қабылтайға қарап күле сұрады менен:

- Ал, сіз неліктен қорықпай әшкерелеп жүрсіз?

- Мен сақшы орындарының осы науқан арқылы бедел-абырой жағынан қатты жеңіліске ұшырап қалғандықтарын көріп, естіп-біліп қалдым. Халықтың көріп жатқан зорлық-зомбылығы ішіме симай айқайлап жіберетін болып барамын. Осы беттеріңізді өзгертпей кете берсеңіздер халық алдында тіпті масқара боласыздар! Өздеріңізге ашық-әшкере айтуым күнә болмас. Халықтан сіздерді мүлде алыстатып тастаған ең үлкен сойқан - Ауқан, Ауқан сияқтылар. Сондықтан оларға қатты өшігіп қалдым. Ақылы сау, миы дұрыс істейтін әрқандай адам бұлардың бұзақылығын жақтамайды. Үкімет кадрларының барлығы ақымақ емес екендігі бұрыннан араласып, көп дәмдес, сырлас болып келген маған айқын түсінікті. Сондықтан қорықпаймын. Басқа қылмысым болмағандықтан маған ара түсетін азамат та көп. Жалғыз-ақ, Ауқандардың жасырын қастығынан аман болып, әшкере тергеуге түссем, мен емес Ауқан өлуге тиісті!.. Менің Үрімжі сақшысынан алып шыққан жолқағазым жоғалмаған болса, өткен кеште жендеттерін өзіне қарсы заупан көтергенге дейін жеткізіп, мүлде әшкерелеп тастайтын едім!

- Жо-жо-жоқ, қазірше қиын ол! - деді әдейі айтқан соңғы сөзіме сақшы бастығы. Тіпті жұмсара күлімсіреп қарсылық білдірді. - Ол жақтың қазіргі жиған қолы шегінен асып кеткен ақымақтар. Өйтіп тым әшкереге шығып алсаңыз, қандай дипломыңыз болса да жайлап кетеді. Өткен түнде де недәуір үлкен тәуекелге кетіп қалғансыз. Әйтеуір бір масқаралап беріпсіз. Соныңыздың өзі-ақ мүйізін шаққандай, үлкен табыс болды. Енді өз амандығыңыз үшін сақтанып, мүләйімірек тұрыңыз. Бізге де ес қататын азамат көрінесіз. Қалалық сақшы атынан сізге уақытша кепілдік қағаз жазып бере тұралық. Асықпай емделе тұрыңыз!

Осыны айтты да бір бұрыштағы столда отырған хатшысына өзі айтып тұрып, ханзуша қағаз жаздырып берді.

«Автоном райондық банк қызметкері Назарбек жолдас ауру болып, бу арасанға түсуге, Іле жайлауына демалуға келген. Мекемесі мен қарасты сақшысынан алған куәлік қағазы Құтыбида жоғалыпты. Мұнда автобус билетімен ғана келіп, бізге мәлімделді. Бұл жайын тексеріп анықтап, қашан емделіп болғанша тұруы үшін міндеттілікпен осы куәлік қағазды бердік!

Кепілдендіруші: Құлжа қалалық сақшы мекемесі.»

Қабылтайдың үйіне біз қайтып келгенімізде, Күлән келіп күтіп отыр екен. «Екі түрлі көзқарастағы екі жақ та, сақшы орындары да «ағаңызға» енді тиісе қоймайды» деп Күләнға күлімсірей қараған Қабылтай, тек тонаушылар мен жасырын қастықтан қатты сақтануды екеумізге кезек қарап тапсырды. «Қалада тұрғандарыңызда біз де сырттай көзқарақ болып тұрамыз. Ең бірінші сақтық өздеріңізден болсын!» - деген пікірін қосып, өзі шығарып салды бізді.

- Бұрыннан сотқары жетерлік қала еді бұл, енді тіпті болып берді. Оның үстіне Ауқанның жендетін кулилік комиссары да көбейтіп жатыр! - деді.

- Жаналқымға келген жау аянбайды, - деп мен де бір жайды ескерте кеткім келді. - Өзіңіз халыққа қорған болуға айналып қалған азамат екенсіз. Рөлді бір ұстаған соң мықтап ұстап, Ауқан біржайлы болғанша, қос қолдап көтеріңіз бұл ауырлықты! Пәленнің тобы, түген орыннан делінбей, бір ғана басшылыққа ұйымдастырсаңыздар, айбындарыңыз Ауқаннан әлдеқайда асып түсетін болады!

- Түндегі айтқаныңызға қарағанда өзінің де қолы байланып қалған ұқсайды ғой?

- Сіз Ауқанның өз мінездемесіне де қараңыз! Біріншіден ол, қожайындары үшін өз қолымен от көсеп келген болса, өзі үшін басқаның қолымен от көсеп үйренген жендет. Бұзақылығын басқалардың атынан жүргізе береді. Екіншіден, жеңілерін білгенде ол өзінің режимге алып, сиқырымен байлап отырған әйелдерінен де мүлде мақұрым қалатындығын түсінеді. Бұл «мансабынан» айырылған соң өзінің өмірлік көкейкесті арманынан құралақан қалып, қартайғанда мүлде жесір тотиятындығын біледі. Бұл мәселе оған өлімнен де ауыр. «Тісің барда тас шайна» деп осы әйелдердің бірін қамтып қалудан жан аямайды. Өтіп кеткен өлермендік істейді. «Сасқан ит аузымен де артымен де үреді!»

Қабылтай тағы да қарқылдап күлді бұл сөзіме.

- Күләш, Нәзипа, сіздер де енді одан қаттырақ сақтануларыңыз жөн екен! - деді соңында -  қысылғанда бар мүшесімен үреді екен ғой!

Күлән екеуміз қосыла күліп алып, Қабылтайға алғысты жақсылап айтып қайттық. Былай шыға бере Күлән маған сүзе күлімсірей қарап қалжыңдады:

- Қайынбике қалпымда тұра бермей осы жаманды аға атап алғанымды қарашы!

- Мен сенен қашан кіші едім, Күләш-ау, орынсыз қартайғанды қойшы енді! - деп иығынан қымқыра тарттым өзіме.

- Қой, қой! - Күлән менен асыға ажырап, өктемси қарады. - Осымен саған үшінші рет бірінен-бірі өткен сұлу сіңлілерімді қостым. Маған құрбылық көзбен қарағаныңды мүлде тоқтат енді! Қанағатсыздығың мені достығымнан да айырып тастамасын! Сенен мұнан соңғы өтінерім де, орындамасаң өкпелерім де осы шартта болады!

- Күләш-ау, менен соншалық жиренгенің не, соны айтшы болмаса!

- Оны сұрама менен! - Алдыма түсіп сәл озыңқырай жүрді. Менің кеше Нәзипамен келіскен болып көрінгенімнен бері өзінің жасырын құштарлығын мүлде тиып тастауға тіпті қатты бекігендігін байқадым. Қатты бекінбесе, қыл үстінде әрең шектеп қалған сезімі менің бұлай соқтығуымнан қайта қозбай ма? Сезім ақылды жеңсе, аздырады, адастырады. Оны неғұрлым тез де, аса қаталдықпен тыю қажет. Нәпсі сезіміне аса зейіл болмаса артық азаптанады. Өз өмірінің көбін ерсіз өткізген мол ақылдың әйелі бұл жөніндегі білімді жетік игерген. Өзін басқару жөнінен мұндай ерекшелігі болмаса, Ынтықбайдан мүлде айырылғандығын естігеннің өзіне де он бес жыл өткенге дейін мұншалық қыз мінезбен жасай ала ма. «Шіркін, Күләшім, гауһарым!» деген оймен балқи ілестім соңынан. «Содан бері талай асыл арлы әйел, тіпті Мақпал да табылғанына табынып кетіпті ғой!.. Ілуде бір табылатын асылым өзің екеніңді бір шақта маған сұлу қыз Ақияны қоспақ болып, бетіңе ұстап келе жатқаныңда-ақ біліп, ұмтылғанмын ғой өзіңе!»

- Биғаш, жаңағы сөзіме өкпелеп қалдың ба? - деп қайырыла қарап тоқтап, қатарласа жүрді менімен. - Бірақ, өкпе жүрмейді менің бұл жауабыма. Нәзипадай жанмен жаңа ғана табысқаныңда менің сезіміме мұндай сұғанақтық істесең, қалжыңың болса да ауыр тиеді маған. Оны мен мені қосақтап қорлағандық болатынын өзің де толық түсінесің, ол жиренішті қылық емес пе!

Қарқылдап күлдім мен. Нәзипа екеуміздің сынамақ болған кешегі ойынымыз, мені бүгін-ақ сындырып жібергендей жеңіліске ұшыратты. Сөйтсе де, ішкі құштарлығы бар әйелге қосылмайтын жағдайда нәпсі сезімін қоздыратын қылық көрсетудің өзі, әйел үшін жазықсыз жаза, жауыз сұғанақтық болатындығын айқындап түсіндім.

- Сені қорласам, өз ар-намысымды қорлағандық болар! - деп қана қойдым сонда да. Әпекесін Нәзипаның сынай түсуіне сабырмен шыдай тұрғым келді.

- Ар-намысың да, жаның да, жарың да - Нәзипа. Соныңды қорғай білсең, сенен бақытты ешкім өтпейтіндігіне кепілдік еткемін ғой!.. Ал, міне, келдік! - дегеніне жалт қарасам, қалтарыс көшедегі Нәзипаның есік алдына келіп қаппыз. Аңыра қарадым қамқорыма. - Ал, тез кіріп ал үйіңе, күндіз ешкім аңдымайды, кеш бата келіп ертіп әкетемін! - деді.

- Апақ-сапақта өзім-ақ келіп қайтамын! - Сасқанымнан Күләнді қолынан тарта жөнелдім. - Күндіз қатты ұялып, жорғасынан тана береді екен өзі!

Шиқылдап тұншыға күлген Күлән қақпаға қарай қолымнан тарта сөйледі:

- Күндіз асықпай бірге болсаң, «апақ-сапағыңда» да көріп алмаймысың онысын!

- Жоқ, ол шақта сен келіп аласың! - Сөз ауысқанша Күләнді дедектетіп, қақпа алдынан талай жерге әкетіп те болыппын. Көшенің ауыз жағындағы екі қақпа алдынан екі кемпір бізге қарап қалғанын көріп жуасып, аяңдай бердік екеуміз. Өз үйімізге келіп шай ішіп, бір-бірімізге жұғыспай ғана дем алдық.

Күлән мені түс ауа оятып тамақтандырды. «Назарбек деген қайдағы ағасы ол!» деп қызайлар жағынан Күләннің арғы-бергісін тексеріп-зерттеуге кірісе бастағандар бар көрінеді. Ру-ата жөнін білмейтін Сайрадан сұрап, ештеңе өндіре алмапты. Енді Күләннің өзінен сұрамақ екен. Ес білгелі өз ру-туыстарынан алыста, Үрімжіде болған Күлән да ата шежіресін білмейтіндігін айтты маған. Әкесі өзінің ес тоқтатпаған шағында Шыңшысай түрмесіне кіріп өлген. Кейінірек шешесі марқұмның айтуынша қызайдың Бегімбет руынан тараған Есенәлі дейтін шағын атаның ұрпағы екендігін ғана ұғыпты. Есенәлі атадан қазір бұл жерде кім барын да білмейді екен.

- Күләш, сенен, олар сұрай қалса осы жауабыңмен ғана отыра бер! - дедім мен. - «Назарбек те Есенәлі. 53-ші жылдары Баркөлден Үрімжіге бір келгенінде шешем марқұммен танысқан. Назекең менімен немере туыс екен» деген сөзді қосып қана қой. Жеті атадан аспай, қазақ қыз алыспайтындығын білесің. Сен туралы менен қауіптенбейтін болсын. Қызайларың менен сұраса, толық сендіре аламын!

Осы сөзге келісіп, балалар кешке жақын қызметтен қайтқан соң кішкене жиенді өз шешесіне қалдырып, көшеге шықтық. «Мүтәліп бағын» бір айланып шыққанымызда күн батты. Мен айтқан «апақ-сапақ» болмай-ақ Нәзипаның үйіне жеттік. Көршілеріне күмән келтірмеу үшін менімен бірге кірген Күлән, «апақ-сапақ» түсе бере қайтпақ еді. Нәзипа жібермей, тамақты күттірмек болып шарап құйды.

- Әпке, сіздің... «мынау екеуміз» үшін сіңірген еңбегіңіз көп. Отырып, сыйлығыңызды ала қайтарсыз! - деді әдейі.

- «Сыйлығың» не? - Таңырқап сүзе қарап сұрады Күлән.

- Ырым ғой, көйлек киіп қайтасыз!

- Жеңгетай ма? - Әпкесі сақылдап күліп жіберді. -Ондай көне жосынды қой, Назыкеш! - дей сала шарап ыдысын «екеумізге» қағыстырып, асыға жұтты да тұра жөнелді. Табалдырықтан ыршып өтіп, «апақ-сапақ» келіп қалды! - деп күле кетті.

Көшеге шыққанынша ұстай алмай қалған Нәзипа, алқына келіп сұрады менен:

- Жезде, «апақ-сапағы» не мына әпкемнің?

- Маған ескерте кеткені, бағана түске жақын мені осында кіргізіп салуға ертіп келген. «Күндіз аңдитын ешкім жоқ, алаңсыз ойнап алыңдар, түнгі тексерушілер шыққанша өзім келіп ертіп қайтамын!» деген. Мен көнбей сылтау айтып қайтарып әкеткенмін. «Келіншегім күндіз қатты ұялады екен. Апақ-сапақта өзім-ақ келіп қайтамын» дегенмін.

Нәзипа сақылдап күліп жіберіп, бетін басты.

- Тауықша деші, ха-ха-ха-һа-һа..а.., сіз де сендірген-ақ екенсіз! Қалай екен өзі, сізді қимастық, тарылу сияқты шырай білдірмей ме?

- Жоқ, тарылар емес, тіпті қатты бекініп алғандығын қолын да ұстатпай қоюынан байқадым. «Назыкештей жарың тұрғанда маған соқтығатының не, екеумізді қоса қорламақпысың!» деп шытынды. «Менің сезіміме мұнан соң сұғанақтық істеме, сен Назыкешпен ғана бақыттысың, оған барынша адал бол!» деп өсиеттеп, сені тағы да неше рет қайталап мақтады. «Менің ғана бақытты болуымнан саған не пайда!» дегенімде өз көзімнен де жас шығып кетіп еді. Ол жыламсырай күбірлеп жауап қатты: «ұзақ жылдық достығымыз арқылы жанымыз бірігіп кеткен ғой, сенің қуанғаныңды көрсем ғана көңілденеді екенмін дейді!» дегенімде Нәзипа да ұзын қара кірпігінен тұп-тұнық қос тамшы ыршытып жіберіп, көзін сүрте сөйледі:

- Қайтсін, сізге тең жар бола алмаймын деп кемсіну арқылы, қимастығынан ғана қосқаны ғой маған!... «Мұнан соң сезіміме сұғанақтық істеме» дегенінен де сезім жүйесінің қиналып әрең жүргенін білдірмей ме! Сізді көп заманнан бері күтіп, зарығып тапқанында қинай бермей, шынымды тезірек айтсам қайтеді?

- Көнген бас қой, қатты қиналмайтын сияқты ол!.. Өзің бір байқап көрсең де болады!

Бір-бірімізге қараса, күлісе отырып тамақ іштік. Сағатына қарай берді Нәзипа. Бешпетімді киюімнен менің де қайтуға ыңғайланғанымды біліп киінді. Ауыз үйге шығып, қызына сөйледі. «Мына кісіні үйіне жеткізіп салайық!» дегенін естіп, жалғыз кете беретіндігімді айтып едім.

- «Апақ-сапақта» жөлыктер өзіңді қағып кетер, жездетай! - деп күлді.

- Қағылатын жігіт бейуақытта қағамын деп келе ме!

Осылай күбірлесіп күлісе шығып едік. Қақпа сыртында бірнеше жігіттің сөйлесіп тұрғанын естіп, үдірейе қарастық бір-бірімізге. Тінтушілер келіп те қалған екен-ау деген күдігіміз қақпадан шыға басқа күдікке ауысты. Төрт жігіт бізге көз қырымен қарасып қойып, бір-біріне мас адамша соқтығысуынан тонаушы сияқты көрінді. Жас қыз мені далдама өтті. Жеделдете жөнеліп үлкен көшеге шықтық. Өтірік мастар соңымыздан ермей қалып еді. Әудем жер ұзағанымызда арт жағымыздан тақылдаған аяқ дыбысы естілді. Көше жағалауындағы терекке жүгіріп жетіп сіңген сол төрттің бірі сияқты. Үшеуміз ұйлығысып, көшенің ортасымен жүрдік. Бұл көшедегі электр шырақтары да шағылып, көр соқырға айналған екен. Алтыатарым тауда қалған, ныспы құр қолмын. Қатарымдағы Нәзипаға қарадым. Ол күле қалжыңдады:

- Ал, «апақ-сапақ»! - деп күледі.

- Күлән қумаса апақ-сапақта нем бар еді!

Нәзипа кастюмының жанқалтасынан темір келсап шығарып ұстатты қолыма.

- Әббәле, енді қорықпа, балдыз! -Ерлене қалдым да қалжыңға айналдырдым. - Аспап деген өз жанқалтамда да бар десеңші!

Сақылдап күліп жіберген Нәзипа аузын қолымен баса қойды. Қараңғы көшеде жасырынып келе жатқандай сезімде екендігін байқап, мен де күліп жібердім.

Сол жақ қатарда келе жатқан қыз аржағындағы теректерге үңіле қарап келе жатыр еді. Бір шақта ыршып өте шықты Нәзипа жаққа. Сол жағынан мәйкішең ғана ұзын бойлы біреу шыға келген екен. Жолбарысша атылды маған қарай. Баж ете түскен Нәзипа оған қарсы ыршыды, алдынан тоса қалды барып. Серіктері келгенше соғып тастағым келіп, мен де ұмтылдым. Бір жағымнан ыршыған тағы бір жалаңаш кеуде жете бере сермеп қалды бірдемесін. Жалт бергенімде өз екпінімен үйіріліп барып, екі қолымен жер тірей қалды. Құйрығынан теуіп қап екпетінен түсірдім. Сермегені пышақ екен. Қолынан шығып недәуір жерге сырғып кетті. Шүйдесін тұспалдап соққан темір келсабым оң жақ жаурынына тиді.

Шырқыраған қызы мен Нәзипаны итеріп-итеріп тастап ұмтылған ұзын бойлы қарақшы ышқына жығылған серігінің қолынан тарта жөнелді. Мен оған сермеген келсап тимей қалды. Тапыр-тұпыр жүгірген төрт жігіт жетіп қалған екен, қуа жөнелді екеуін. Артта қалған төртеуінің бізді сырттай қорғауға міндеттелген жігіттер екенін сонда білдім.

- Тезірек жүріп кетіңіздер! - дей жөнелді бірі.

Жаудан қалған пышақты тауып алдым да, қызының арқасындағы топырақты қағып жатқан Нәзипаның киімін тазартуға мен кірістім.

- Мені қорғаймын деп өзің өле жаздадың-ау, Назыкеш!

- Енді қайтейін, - деп күбірледі қалшылдап тұрған келіншек. - Қолында пышақ бар екен, сізді өлтірмек! Әйтеуір, сымының белдігінен мықтап ұстаппын. Жығылсам да айырылмай қойып едім, артымзыдан қорғаушы келіп қалғанын көріп, білегімнен ұрып босап кетті!

Арқасы мен көйлегінің етегін қағып, қол орамалыммен балтырын сүртіп отырғанымды бір-ақ білді.

-Үйбай, - деп қолымды ұстай алды. Жанқалтасынан өз орамалын алып, маңдайыма түсіп кеткен шашымды сылай қайырды да қолымдағы былғанған орамалыммен айырбастады. - Жуып берейін!

Жеделдете жүріп кеттік үшеуміз. Қалтырап кеткен қызын бүйіріме тарта сыладым иығынан:

- Енді қорқыныш жоқ, ботам!

Тездетіп барып қақпадан кірдік те ілгегін салып бекітіп, отауға кірдік. Үшеуміздің де сұрланып, өң шырайдан айырылып кіргенімізден бірдеме сезгендей, күйеу мен Сайра жарыса сұрады жөнімізді.

- Күләш апай іңірде осы үйге басқа меймандар келетін сияқты деп мына кісіні біздің үйге қалдырып қайтып еді, - деп бастап, оқиғаны Нәзипа сөйлеп берді. Сайра мен күйеу де бір-біріне сұрлана қарасты. Ауқанның мені жасырын өлтіруге шығарған жендеттері екендігін білгендей.

- Қорғауға төрт-бес жігіт шыққанын естіп едік! - деп түйілді күйеу. - Тым жауапкерсіздік істеп, алыста қалыпты-ау!

Сырттан қақпа қағылғаны естілді. Тыңдай қалған күйеу, қақпаның едел-жедел екі ұрылып, аз кідірістен соң қаттырақ бір ұрылғанын естіп, «өз адамдарымыз» дей сала шықты сыртқа.

- Керей ағаларымды қызай нағашыларым келіп қуып жіберді! - деп Сайра күлдірді. - Қазір апайымның бөлмесінде отыр.

- Ұрсып қуды ма? - асыға сұрадым мен. - Ауқан да бар ма?

- Ол жоқ. Нағашыларым оны қызай қатарына қоспайды, «қытай» дейді. Бір үлкен ақсақал қызайды тауып келіпті. Үлкені келген соң ағаларым тайқай жөнелді. Қазір шал апайымның ата тегін сұрап, емтихан алып отыр. Апайым «Есенкелдіден» басқа жауап таба алмай қысылып отырған сияқты!

- Оны емтиханнан мен өткізе аламын! - деп күліп жібердім. - Біраз қысылғаны да жақсы, мұнан соң мені барған үйімізге қалдырып кетпейтін болады! - Нәзипа қатты күлді бұл сөзіме. Сайра бұл қалжыңымды назарсыз қалдыра сұрады:

- Апайымның төркін жақ шежіресін сіз білесіз бе, аға?

- Білмесем қызай Назарбек болам ба, судай ағызамын!

- Япырай, жақсы болды ғой! - деп қуанған Сайра Нәзипа екеумізге сыра құйып, оқушы қыздың алдына конфет пен прандік үйді. - Назыкеш апай, мына Гүлжан қатты қорқыпты, өңі әлі қашып отыр! Бұл, менің ең жақсы оқушымның бірі! - деп таныстырды маған қарап. - Аға, сіз жәнтекейдің шежіресін де білесіз бе?

- Білемін. Әкең марқұмнан жәнтекейден тартып өз әкесіне дейін естіп қаныққанмын!

- Мен сізден бәрін сұрап жазып алайыншы! - Сайра жыламсырай күбірледі.

Күйеу қуана кірді үйге:

- Жауыңыздың бірінің оң жақ жауырынын өзіңіз шағыпсыз. Осындағы ең мықты қанішердің бірі екен ол. Ендігары пышақ ұстай алмайтын болып айырылыпты қолынан! Бірінің білегін біздің жігіттер шағып, оның да пышағын алып қалып қоя беріпті. Бұл пышақтар өз қылмыстарына енді өшпес куә болады да тұрады! Мұнан соң мұндай жасырын қастықтан қайсысы болса да тартынатындай өнер көрсетіпсіз!

- Бұл өнерді Назыкеннің ерлігі үйретті! - деп ол жайды түсіндіргенімше, Сайра қузай жөнелді:

- Аға енді қонақтардың қасына тезірек барсыншы! Шалдың апайымнан сұраған шежіресін біледі екен!

- Назыкен апайды үйіне даладағы жігіттермен бірге мен жеткізіп қайтайын! - Күйеу Нәзипаларды ерте жөнелді.

-  «Бұғыға ерген шешекке, қабанға ерген балшыққа аунайды» деген осы! - деп Нәзипаны күлдіре шығарып салып, білегін тезірек дәрілетуді тапсырдым да, Күләннің бөлмесіне кірдім.

Мен тұстас орта жасты төрт қазақ, мол ақ сақалды қартты ортаға алып, шай ішіп отыр екен. Бәрі бейтаныс. Сәлемімді қабылдай түрегелді орындарынан. Кәрісінен бастап бәріне қос қол беріп амандастым.

- Кел, балам, кел, алыстан келіпсің қасыма отыршы! - қарт төрге, өзінің оң жағын нұсқап отырғызды мені. Алдыма келген шай шыныны салт бойынша үлкенге ұсынып, соның рұқсатымен ұрттай түсіп, жөндерін сұрадым:

- Ағалар, қазақ жөн сұраспай біліспейді. Қай жақтан, қайсы ауылдан боласыздар?

- Е, дұрыс балам! Мен қызай ананың екінші ұлы Меңістен боламын. Меңістің үлкені Тәңірбердінің ұрпағымын. Күнестен алдыңғы күні келіп едім. Осында Үрімжінің ар жағынан қиыр қонып шет жайлаған тағы бір Меңіс туысым келгенін естіп, «алыстан алты жасар бала келсе, алдына алпыстағы шал шығып сәлем береді» дегендей, өзіңе сәлем бере келдім, - деп өзін алдымен таныстырған қарт, қасындағы төртеуінің аты-жөнін, руын, мекенін бір-бірден баяндап таныстырып шықты: бұлардың тағы бірі Меңіс, бірі Итемген. Ал, қалған екеуі қызайдың басқа бұтақтарынан, бірі Бегімбет, бірі Дербіс екен. Төртеуі де осы қаладағы қызметкерлер болып шықты. Төрт аталы қызай түгел келуінен бәрі де біздің ата-жөнімізді шежіреші қартқа сұратып, анықтау үшін келген «тергеу комиссиясы» екендігін тұспалдадым. Бұлардың ішінде Ауқан қосқан тәйни жоқ деуге болар ма! Менің өкпе тұсымнан ата қарап, оң жақ қатарымда отырған тұнжыр қара Бегімбет, соның туыстық қолшоқпары болар деп тұспалдадым.

- Ал енді сөз өзіңізден болсын! - деп тоқтады қарт. «Өз жөнің кім» дегені еді мұнысы. Жөнімді алғашында өздерінің ойларынан хабарсыз, бейғам жанша қысқа қайырдым. (сұрақ туыла берсе өздерін де айқындап танып қалуыма мүмкіндік туылады ғой):

- Мен де Меңіспін, әке, балаңыз екенмін!

- Меңістің қайсысы?

- Меңістің үлкені Тәңірбердіден біз де тараймыз. Тәңірбердінің екінші ұлы Құдайназарданбыз. Құдайназардың «үш жетімін» әрине білесіз ғой. Әсіресе, Есенгелдісін білмейтін қызай жоқ шығар. Соның тетелес інісі Солтанкелдінің ұрпағымыз.

- Е, дұрыс-дұрыс, білетін көрінесің, балам! - қарт ойлана қалып сұрады. - Ал, Төлеуберді деген қайсы аталарың?

Бұл сұрауға келгенде Күлән маған бір шығар жол тауып беретіндей ескерту айтты:

- Наз аға, мен Ескелді-Сұлтанкелді мен шөбересі Төлеубердіден басқасын білмей ұятты болып отырмын! - деп жымиды. - Ұғып алайын деп сұрасам, мына кісілер Төлеуберді бабаның өзін де білмейді екен!

- Сенің білмеуіңе себеп бар ғой шырағым, елінен айырылмай келген мына үлкен кісі білсе керек! -дей сала қартқа сұраулы шыраймен қарадым. - Әке, өзіңізден бұрынырақ өткен ата-таратушы үлкендерден болса да сұрастырған шығарсыз?

- Мен Меңіс ұрпағынан Төлеуберді дейтін ата өткенін естімеппін! - деп қарт та төмен қарады. «Бізді сынау үшін білетіндігін жасырып отырған шығар» деген күмәнмен өзін де сынап көруді ішіме бүге сөйледім:

- Япырай, өз туысынан шеттеп өскен адам ел тізімінен де өшіп қала береді екен-ау! - деп күрсініп жібердім. - Баркөлде өлсем, Күләш пен Ыбырайдан кейінгі жастар Төлеубердінің де арғы-бергісін білмей, атын мүлде өшіреді деңізші!.. Қой, ел ішіне тездетіп көшіп келіп алуым жөн екен!

- Ендігі жастар өз ата тегін қуыстырмайтын болып барады ғой! - деп қарт та күрсінді.

- Сіздің жиған шежірелеріңізде Төлеуберді болса керек еді ғой!

- Мен шежіре жиған емеспін. Онан-мұнан тыңдаушы ғанамын, балам!

- Қарты шынын айтып осылай төмендесе де қалған төрт қызай жым-жырт аспансып, мені аңдып отыр. Ал, менің қызай шежіресінен білетінім, тек осы атақты ұраны болған Ескелді батырға дейін ғана болатын. Төлеуберді дегенді мен де білмейтінмін. Бұл жайымды сездірмей сөйлей отырып, «толық білетіндігіме» тіпті сендіріп өрлеп алған соң секіргім келді. Әйтеуір Төлеуберді дейтіні, Ескелді-Солтанкелділерге шөбере болып аталды ғой.

- Қызай ана, Шағыр батырдың қартайғанда алған кіші әйелі. Үйсін Бәйдібек дейтін байдың қызы екен, - деп жалғыстырдым сөзімді. - Ал, Шағыр-Найман, Матайдың Аталығының яғни Қаптағайдың үлкені Құттыболаттың екінші ұлы. Қызай ананың Шағырдан туған үлкені Итемген ғой, (оның өз аты Жеңіс екен, алдыңғы балалары тоқтамағандықтан ырымдап «итемген» атап кетіпті.) Екінші ұлының аты Меңіс(Жеңістің ұйқасымен қойылған ат). Төрт қызайдың бұл екеуінен басқа қалған екеуі - Бегімбет пен Дербіс, «қойшы атадан» болған екен. Шағырдан жас қалған ана, батырдың қойшысына тиіпті. Солай ғой әке? - деп қартты тіпті шұлғыта изектетіп алдым да, өтіріктің желмаясына міне жөнелдім. Төлеубердіні білмей отырған қарт, оның әкесі мен атасын да білмесе керек. - Сұлтанкелдінің он ұлының бірі Қондыбай ғой. Оның немересі Асенәлі, шөбересі Үсенәлі дейтіндер болған! - деп сабақтадым өтірік шежіремді. - Біздің үлкен атамыз Төлеуберді осы Үсенәлінің бел баласы. Сіздің оны білмей қалатын себебіңіз, шет қоныстанған шағын ғана саяқ ауыл болғандығынан шығар: ұлы шешеміз Қаракерей қызы екен. Үсенәлі Оспан дейтін немерелес мықты ағасымен ұрысып, қатты өкпелеп айырылысыпты да қайын атасының ауылына көшіп барыпты. Барысымен көп өтпей ауырып өліпті. Іште қалған Төлеуберді сол қазадан үш ай өткенде туылыпты. (Төлеуберді деген атау, әкесінің орнына келгендігін білдіреді ғой.) Төлеуберді жігіт бола келе ер болыпты. Нағашы жұртына келген жауды жалғыз жеңіп берген кезі де бар сияқты. Аты шыққан соң өз еліне де келіп, араласып тұрған екен... Меңістің Төлеуберді дейтін де бір мықты ұрпағы барын, үлкен кісі білер деп, сондықтан сұрағанмын. Ал, сол Төлеубердіден Жолдыбай, Кендібай, Малдыбай дейтін үш ұл қалған екен. Мен, Жолдыбайдың немересімін де мына Күлән Малдыбайдың немересі. Екеуміз де Төлеубердінің шөбересіміз.

- Алыста жүрсең де ата тегіңді ұмытпай жаттап жүріпсің-ау, көп жаса, балам! - қарт өзіне сеніп шақырып келген туыстарының алдында шежірені көп білмейтіндігінен намыстанғандай, өзіне бейтаныс Төлеуберді түгіл ныспы өтіріктен пайда болған Үсенәліні де мойындап есіне енді түсіргенсіді. - Қайын жұртында дүние салған Үсенәлі марқұмның кенжесі нағашы қолында қалыпты деп естіп едім, есіме енді түсті, Төлеуберді сол екен ғой! Рас-рас! Нағашысы қаракерей еді деші! Бәсе, бұл Іле бойында Меңістің Төлеубердісінен ешкім жоқ, арғы бетте қалған болса керек. Ал, өздерің бұл жаққа қалай келіп, қалай шашылып кеткенсіңдер?

- Орыстың зорбалаңынан да баяғы! - дедім мен. -Қызайдың бөлінбей, өз жерінде жасап келген сіздер сияқты көп түтіні бергі бетке бұдан жүз неше жыл бұрын өткен ғой. Ал, кейін, әсіресе, 1928-ші жылдан бері қаракерейден де көп үрікті бұл жаққа. Солардың ішінде Төлеуберді атадан екі үй... мына Күләннің әкесі Ысқақ пен менің әкем Баспақ 30-шы жылдары бірге қашып, Шәуешекке өткен. Арғы бетте тәп-тәуір оқып, қызметте болған кісілер екен. Орыстың жасырын қуғыншысынан қауіптеніп, шекарадан алыстап барып, Манас тауында байларға жалданба мұғалім болып орналасқан екен. Үрімжіде Шыңшысай таққа шығысымен Ысқақ Үрімжіге қызметке шақырылыпты. Үйін көшіріп апарған бірер жылдан соң-ақ түрмеге кіргізіп әкетіпті. Оны орыс елшіханасы ұстатқанын сұңғыла Баспақ біліп, Еренқабырғаны бойлап үрке-үрке Баркөлге барып бір-ақ тоқтапты. Әкем, сол тауда ауырып өлген. Мен Үрімжіге оқуға келіп, іздей жүріп, жесір қалған кіші шешемді, сондағы кішкене Күлән мен бесіктегі Ыбырайды 40-шы жылы таптым. Сонда да әлі екі жақтамыз. Басқа Төлеубердінің қайда екендігін әлі білмейміз!

- Ой, дүние-ай! - деп күрсінді қарт. - Бәсе, бұл маңда Төлеуберді жоқ. Арғы бетте қаракерей жерінде қалғаны рас болды! Әйтеуір, бөлінгенімізді қосып, жоғалғанымызды тауып беретін, жат жерде жалғыз жүрсең де тегіңді жаттап жүрген, жолың болғыр азамат болыпсың!

- Біз осы кісіні, жоғынан табылған Биғабіл мырзаға ұқсатып жүрміз! - деп бір жағымнан  тұнжыр қара қызай қойып қалды. - Назарбек болса, соншалық біле тұрып, бізді бұрынырақ неге таппаған?

Мен де тосыннан қойып қалғандай, саяси жауап қайтардым бұған:

- Бұл, дүниеде бірден-бір «жолы болғырымыз» Биғабіл мырза ғана деп қорытқаныңыз ба?

Қарт пен екінші Меңіс қатар күлді.

- Биғабілдің арамдық-алдампаздық жағынан білмейтіні жоқ екенін естігенбіз! - деп түтей күлімсіреді тұнжыр қара. - Егер Меңіс болса, бүкіл Ілені қаптап, атағы жер жарған қызайына бұрын неге келмеген?

- «Атағы жер жарған қызайыңнан неге кеттің» деп, менен әлдеқашан бұрын қаңғыған Үсенәлі, Төлеуберді бабаларымыздан сұрауыңыз жөн еді ғой! Пәле-жаладан аузыңыз босамай қалған-ау тегі! - деп мен тағы күлдірдім. Кіші Меңіске Дербіс қосыла күлді бұл жолы:

- Сөзге-сөз келгенде соқпай болмады ғой! - десті.

- Ей, сен, сол "қытайыңның" сөзін қоясың ба, жоқ па! - деп қарт, тұнжыр қараға зекіп қалды. - Сендер қызай болып өз еліңде өсіп тұрып, Қызай ана мен Меңіс бабамыздың шежіресін осылай неге таратып бере алмайсыңдар? Ал, бұл басқа болса, сендер түгіл мен білмейтін тегімізді осыншалық ішкерілеп жаттап жүре ме! Өңшең жарымес! Осы жауаптарынан-ақ айырмай ма екен кім екендігін! Жоғым табылды, Назарбектің нағыз өз Меңісім екендігіне енді ешкімнің таласы жоқ! - ақсақал осы үкімін шығара сала қол жайып, маған бата берді. - Еліміздің ендігі ұйытқысы өзің боларсың, балам! - деді соңында. Күнестегі өз ауылының жайлау жолын айтып, менің сонда барып «туысқандарымды» көруімді, өз елімде болуымды тапсырды да, қайтуға ыңғайланды. Тамақ ішіп қайтуларын Күлән екеуміз жарыса айтып тоқтата алмадық. Қарт тағы бір асығыс жұмыс барын айтып, киіне күбірледі маған: «мына шала қытайларды тездетіп жуасытуым қажет!» -деді.

Сөйлемей отырған орта жасты Меңіс сөз ала қойды осы кезеңде:

- Назеке, сіздің арамыздан қыл өтпейтін өзіміз екендігіңізді қариямыз айтты ғой, енді ешкімнің таласы жоқ, өз Тәңірбердімізсіз! Ал, мына Күлән да ешкімнің таласы жоқ, өз қарындасымыз. «Еліміздің ендігі ұйтқысы өзің боларсың» деп қария бекер айтқан жоқ. Естуімізше, осындағы керейлер біздің Күләшқа әменгеріміз деп таласып жүріпті. Тіпті, марқұм болған бұрынғы күйеудің де төбесін көрген емеспіз. Құдаласып, ақ қой сойып-ақ бата істеген емеспіз. Ендігісі қайдағы әменгер! Күйеу болып, құда болып, бір керей танысқан емес бізбен. Жесір әйел - жетім бала деп басынып, өз араларындағы көкпарға айналдырып таласып жүріпті. Мұнысы қай мазақ!.. Бұл, бір. Ал, екінші жағынан өзіміздің Бегімбет қызайдан да, өзара қыз алысатын жайымыздан пайдаланып, сыбанып жүргендер бар екен.

- Ауқан да бегімбет пе еді? - деп әдейі сөзін бөле сұрадым.

- Ие, ол да Бегімбет. Туыстығын пайдаланып, тату туыстарымызды араздастырып, арамызға ірткі салып жүр! Өзің де біледі екенсің, бауырым, сол қытай, тіпті, «танысаң қызайыңмын, танымасаң Құдайыңмын» деп Күләшті қорқытып, зорлап алмақшы болып жүріпті! Анау Нәзипа да біздің елдің қызы. Оны да зорлап алмақ боғлан жері бар, есіңде болсын деп айтып тұрмын. Ол да өз қарындасың. Әсіресе, Күләш, туысқан қарындасың екен. Басқа ешкімнің таласы жоқ, өзің келіпсің, керейге де, бегімбетке де басындырмауға хақың толық. Егер өзіңді жалғыз айыл Төлеуберді деп басынбақ болса, бізге дереу хабарла! Қызайдың ең іргелісі, көп сандысы - Меңіс! Енді тіпті де жалғыз жолаушы емессің!

- Ей, сен не деп тұрсың? - деп тұнжыр бегімбет түйіле қарағанда, Меңіс те қадала түсті оған:

- Бағанадан бері естімей, түс көріп отырдың ба! Бұл жерде төркінсіз-иесіз қыз жоқ, айтып бар анау Ауқаныңа!

-  «Қымызды кім ішпейді, қызды кім алмайды». Қазір істің бәрі қыздарыңның өз ықтиярында!..

- Аға, бұл Бегімбетіңіз де осы жауабын оқыста дұрыс айтып қалды, ұмытпасын! -деп Күлән күле кірісті сөзге. - Кімге баратынымыз, Нәзипа екеуміздің өз ықтиярымызда. Керейге де, Бегімбетке де көкпарлық болып басындырмақ емеспіз! Екеуміздің де бұрынғы өз ықтиярымызбен барған адамдарымыз өлген, жесір әйелдерміз. Біз туралы енді ешкімнің айтар дауы жоқ! Әрең келген ауру ағаның басын ауыртпақ емеспіз!

- Күлән балам да дұрыс айтты! - деп қарт, ертіп келген комиссиясын бастай жөнелді. - Жүріңдер, енді өзара сөйлесетін жерімізге баралық. Бұл балалардағы ісіміз бітті!.. Назарбек, балам, өз ауылыңа танысуды ұмытпа, енді қаңғымай, көшіп келуің қажет!

Қызай қонақтарды Күлән екеуміз шығарып салдық. Қақпаны бекітісімен Күлән күліп жіберіп сұрады менен:

- Биғаш, әлгі сөйлеген шежірең дұрыс па?

- Өзің айтқан Төлеубердінің үлкен атасынан арғысы дұрыс болса керек. Кешірерсің, бергісі шылғи өтірік Өздерінің Төлеубердіден мүлде хабарсыздығын сенен естіген соң бас қатырмау үшін өтірік қиюластыра салдым. Кейінгі ұсақ-түйек аталарыңды жаттайтындай мені ерігіп жүр деймісің!

- Бәсе! - Күлән күлкіден шиқ ете түсіп, менің мұрнымнан шымшып қалды. - Сен пәлеге дау жоқ екен! Сығайланып келген менің теріс азу төркіндерімді де шұлғытып, мүритіңе айналдыра қойғаныңды қарашы!

- Менің мұрнымды қанатып қойдың ба, ей?

- Үйбай! - деп бетімді сипалай қалған Күләннің құйрығынан мен шымшып алдым. Ыршып түсті Күлән - Ой, бетсіз!

- Менің сезіміме өзің де сұғанақтық істедің ғой, енді ұрыспассың!

- Қайынбикеңе сөйтесің бе сонда, неткен арсыздық!

- Бар сезімім секіріп кетсе, сөйтпей қайтпекпін!

- Нәзипаңа айт оныңды, ұят-намысың қайда кеткен өзіңнің!

- «Мен баспақпын» деп әлгі төркіндеріңе де әшкере айтып кесетіп қайтардым ғой, енді ұялатын не бар!

Күлән күлкіден шиқылдап, аузын баса бүгілді. Жаңағы қызайларға әкемнің атын Баспақ деп ұқтырғанымның себебін енді түсінді. Тұншыға қатты күліп алып, шындағандай қатқыл үнмен сөйледі:

- Қайтсең де айдай сіңлімді бердім ғой, атыңның басын енді тарт менен! Саған да, маған да енді намыс, ар-ұят керек!

- Ей, саған менің ғана ие екендігіме пәле төркіндерің түгел мойындағанын көрдің ғой. Менен енді қашып құтыла алмайсың, Нәзипаның үстіне өзіңді де аламын!

- Осы арсыз ниетіңнен қайтпасаң, сенің қаракерей екендігіңді, Меңіске, тіпті барлық қызайға әшкерелеп қуғызармын!

- Мені қуғызсаң сіңлің екеуің... ім бәлем, көйгөйдің күйін тартарсыңдар!

Осы қалжыңды-шынды күбірмен айтыса жетіп кірдік отауға. Сайра мен күйеу бүгін соғымшыл жауды да, рушыл жауды да жеңгенімізге аса қуанышты екен. Бірі ет түсіріп, бірі дастарқанға ішімдік қойып даярлап тұрыпты.

- Жарықтарым-ау, қайдағы жанжал мен дауды үйлеріңе ерте кіріп, мазаларыңды кетірдік-ау! - дей шықтым төрге.

- Бұл жанжал мен дауды сіздер бастап келген емессіз, аға, - деп күлді күйеу. - Сайра екеуміздің әдет-әдеп бойынша кірісе алмайтындығымызды біліп, басынып жүрген құтырық дау еді. Назарбек болып сіздің келуіңіз, енді құтқаратын болды. Бүгін тіпті қуандық, аға!

- Сен келіп, Ыбырай мен менің ие-тірегімізді мықтап күшейтіп бердің! - деп Күлән сыра қағыстырды менімен. - Мұнан соң бегімбетке де, әменгершіл керейге де көк лақ болмайтындығыма қалың меңіс кепіл болады, өркенің өссін!

- Күйеу мен Сайра, шешелерінің бұл батасына таңданыса қарасты. «Біріне-бірі жанын жұлып берердей, аса жақын ер-әйел жесірлердің, бірге жатып-бірге тұрып жүрсе де бір-бірінен әлі дербес екендігін» осы дұғагөй кемпір райымен айтылған алғысынан айқындағандай болды.

- Аға осы жерде болса, біріміздің етімізді бірімізге жегізгендей қырқыстырып жатқан осы жікшілдіктерді түгел жеңіп беретін сияқты! - деп күйе күрсіне жымиды. - Келгенінен, әсіресе осы кейінгі бір аптада көп жауын мойындататын істер істеді! Байқағыш достарыңыз осыны айтып, сүйініп жүр!

Данышпан тергеушім, біздің мешеулеп, артта қалған халқымыздың өз арасындағы осы жікшілдігіне сіздер аса үстем мереймен шаттанасыздар ғой. Бұдан біз қайтып жалтара алмақпыз, осы берекесіздігімізден өзіміздің соншалық күйіне жиренетіндігіміз, әрине тума кері төңкерісшілдігімізді бұлтартпай көрсетіп тұрмай ма! Мұншалық парқымызды сақтап тұрып, сіздерден кешірім күту мүмкін бе! Осы тарауды оқығаныңызда, бір құрсақтан шыққан меңіс пен бегімбеттің де жесір үшін бір-біріне жауласа қалғандығын көрген көздеріңіз, тышқан көрген мысықша, қой көрген қасқырша жарқырай қалған шығар. Өзара қырқыстырып қойып, қидай сыпыратын отаршылдар үшін бұл берекесіздіктен оңай жем болған ба. Осындай оңай жемді қиындастырғысы келген қылмыс иесін алдымен жеуден үлкен данышпандық та жоқ. Жеңіздер, жеңіздер!.. Ауқандарыңыздың итаяғына бір-бір безімізді тастай отыруды ұмытпассыздар, әрине. Қалған әйелдеріміз түгелімен соның басқаруына қалатындықтан, өзімізден без жеп тұрмаса да болмас!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338