Қандастардың зары: Екі министрге екі өтініш...
ҚР Ішкі істер министрі М.М. Ахметжановқа,
Сыртқы істер министірі М.Б. Тілеубердіге!
Құрметті Марат Мұратұлы!
Құрметті Мұхтар Бекенұлы!
Сонымен, Қытай президенті Си Цзиньпин ресми сапармен 14 қыркүйекте Қазақстаға келетін болды.
Түк те қарсы емеспіз, келсін! Екі жылдан астам уақыт елінен шықпаған Сидің Орта Азияға, оның ішінде біздің Елімізге қандай мақсатпен, не бұйымтаймен келе жатқаны мені соншалықты қызықтырмайды. Екі ел арасындағы барыс-келіс, сауда-саттық, саяси ықпалдастық сынды толып жатқан мәселелер біздің ырқымыздан тыс, екі Басшының деңгейінде қаралып, келісіледі. Оған тек сәттілік тілеймін.
Менің Сіздерге осы хатты жазып отырған себебім мүлде басқа сұрақ. Ол – Қытайдағы туыстарын жоқтап, Алматыдағы Қытай Консулдығының алдында 580-күн тұрып келе жатқан жеті ана мен екі жігіттің жағдайы.
Құдай мұндай қорлық пен азапты қазақ қана емес, адам баласының басына бермесін деп тілеймін!
Құрметті Марат Мұратұлы!
Қытай лагерінде қамалған, өлген және бостандыққа шыққанымен, отбасына орала алмай отырған тумаларын жоқтаған сол жеті ана мен екі жігіттің Сіз басқаратын полиция қызметкерлерінен көрмеген қорлығы жоқ. Жақындарынан тірідей айырылған бейбақтарды күштік құрлымдардың жігіттері көкпар қып тартумен келеді. Өлтірмегені болмаса, олардың көрген құқайы мен қорлығы сол Қытай жендеттерінің текпісінен кем болған жоқ. Әсіресе, өткен жылғы 1 шілдедегі ҚКП-ның құрылғандығының 100 жылдығы мен 1 қазан ҚХР-ның мемлекеттік мерекесі қарсаңында оларды полицияларыңыздың үйінен, есігінің алдынан сүйрелеп, тулақша сүйреп, лақша бақыртып, машиналарына тиеп әкеткеніне бүкіл дүниежүзі куә болды. Сондай азаптаудың кесірінен Алматыдан өз аяғымен жүріп келген 67 жастағы Қалида Ақытқанқызы мүгедектер арбасына таңылып қайтты. Бір топ баласы мен немерелері із-тозсыз жоғалып кеткен байқұс кейуананың Президентімізге мұңын шағып, «Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Сіз бір жағы қайным боласыз. Мен жеңгеңіз боламын. Мен Жалайырдың қатынымын...» деп, зарлағанын естігенде, сай-сүйегіміз сырқырап кетті.
Әрине, ол кезде Сіз Ішкі істер министрі емессіз. Бүгін сол министрлікті басқарып отырсыз.
Міне, Қытай басшысы Қазақстанға келе жатыр. Сіздің қызметкерлеріңіз тағы да сол әдетіне басып, тумаларының кісілік құқығын қорғап жүрген қандастарымыз қазақ-қытай дипломатиясының құрбаны етпеуі керек!
Қайта, Си Цзиньпин мырза әуежайға қонардан бұрын олардың алыстан тұрып болса да қыр көрсетуіне мүмкіндік жаратып беруіңізді сұраймын.
Екінші өтініш, құрметті Мұхтар Бекенұлы, Сізге!
Иә, Сізге де айтарым сол жеті ана мен екі жігіттің мәселесі. Олар өткен жылы Нұр-Сұлтанға дейін келіп, бірнеше күн ереуілдетіп, өзіміздің құқық қорғаушылардың жәбіріне ұшырап, ақыры сілелері қатқан соң ауылдарына қайтты. Сыртқы істер министрлігіне жазған хаттары Сіздің министрліктің бір бөлмесіне толып қалған болса керек. Әр деңгейдегі қызметкерлеріңізбен де талай мәрте кездесіп, арыздарын айтты. Түк нәтиже шыққан жоқ.
Ендеше, осы сапарды пайдаланып, сол бір топ шеркөкіректің Си Цзиньпин мырзамен кездесуін ұйымдастырып беруге ықпал етіңіз.
Өзіңіз де хабардар боларсыз, оның әкесі – үлкен Си кезінде қазақтармен тығыз достық, бауырмалдық байланыста болып, қамқорлық жасаған кісі.
Ал, мына кіші Си де әкесінің сол жолын жалған Шыңхай-Гансудағы қазақтармен дос болған. Бұл туралы Қытайда аңызға бергісіз әңгімелер жетіп артылады...
Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялады.
Егер, ебін тауып, дұрыс орналастыра білсеңіз, Си Цзиньпин мырза да 580-күннен бері ереуілдетіп келе жатқан жеті ана мен екі жігіттің тумаларына, тіпті Қытайдағы лагерге қамалған барлық қазаққа бір реттік рақымшылық жасап жібермесіне кім кепіл?!
Сол үшін, жеті ана мен екі жігітті Симен кездестірге ықпал етуіңізді өтінемін!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz