Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3499 0 пікір 10 Қаңтар, 2013 сағат 06:14

Есбол Өміржанов. Қазаққа не керек?

Бүгінгі күні сонау 90 жылдардың бас кезінде өзекті мәселеге айналып, қазақ ұлтының ұлттық санасының көтерілуіне септігін тигізе білген «қазақ идеясы» ұзақ уақытқа созылған үнсіздіктен соң ұлтшыл азаматтар тарапынан қайта көтеріліп, қазаққа не керектігі жайлы баспасөз беттерінде жаңа бағыттағы ой пікірлердің жариялануы ұлттың ояна бастағанынан хабар бергендей. Соңғы жылдары қазақтан шыққан шығармашылық адамдарының жас кәрісіне қарамай басым бөлігінің өз шығармашылық потенциалын жекелеген тұлғаларды мақтап-мадақтау бағытына арнап, өз бас пайдасы жолында шығармашылық бар мүмкіндігін сарқа жұмсап жатқанына куә болудамыз. Бірақ, көпшілік бет алған бағыттан бас тартып, ұлт ертеңі жайлы ой қозғап, ұсыныс айтып жүргендердің бар екендігі көңілге үміт ұялатады. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауда билікке қарапайым халықтың әсер ету мүмкіндіктері жайлы ой қозғап, дәл қазір «қазақ үшін не маңызды, қазаққа не керек?» деген сауалдарға жауап іздеп жүрген азаматтар назарына саналы өмірін қазақ идеясына арнаған Сәбетқазы Ақатайдың ұлтқа қатысты идеяларының бір парасын ұсынғым келеді.

Бүгінгі күні сонау 90 жылдардың бас кезінде өзекті мәселеге айналып, қазақ ұлтының ұлттық санасының көтерілуіне септігін тигізе білген «қазақ идеясы» ұзақ уақытқа созылған үнсіздіктен соң ұлтшыл азаматтар тарапынан қайта көтеріліп, қазаққа не керектігі жайлы баспасөз беттерінде жаңа бағыттағы ой пікірлердің жариялануы ұлттың ояна бастағанынан хабар бергендей. Соңғы жылдары қазақтан шыққан шығармашылық адамдарының жас кәрісіне қарамай басым бөлігінің өз шығармашылық потенциалын жекелеген тұлғаларды мақтап-мадақтау бағытына арнап, өз бас пайдасы жолында шығармашылық бар мүмкіндігін сарқа жұмсап жатқанына куә болудамыз. Бірақ, көпшілік бет алған бағыттан бас тартып, ұлт ертеңі жайлы ой қозғап, ұсыныс айтып жүргендердің бар екендігі көңілге үміт ұялатады. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауда билікке қарапайым халықтың әсер ету мүмкіндіктері жайлы ой қозғап, дәл қазір «қазақ үшін не маңызды, қазаққа не керек?» деген сауалдарға жауап іздеп жүрген азаматтар назарына саналы өмірін қазақ идеясына арнаған Сәбетқазы Ақатайдың ұлтқа қатысты идеяларының бір парасын ұсынғым келеді.

20-ғасыр басындағы  қазақтың ұлттық дербес мемлекетін құру идеясының жақтаушылардың бірі, Алаш  қайраткері Смағұл Сәдуақасов «Қазаққа не керек?» деген терең мағыналы мақала жазып, онда осы сауалға  өзінше жауап берген екен. Ол өз дәуірінің ерекшеліктеріне тоқтала келе, сол кезеңде қазақ үшін екі мәселеге айрықша мән беру қажеттілігін алға тартады, біріншіден, қазақтың өзіндегі шикізатты өз жерінде өңдеп, шойын жол салып, өндірісті өркендетуге бел шеше кірісуі, екіншіден, қазақтың білімге бет бұрып, ұлттық кадрлар даярлау ісіне үкіметтің ден қоюы. Ойын қорытындылай келе ол осы екі мәселені жүзеге асырғанда ғана қазақтың өзгемен теңесетінін алға тартқан  (Д.Хамзабекұлы. «С.Сәдуақасов. Қазаққа не керек? // Халық кеңесі. 1992, 9 сәуір, 2 б.). Дәл осы сұрақ 20-ғасырдың соңында көптеген қазақтың ұлтшыл азаматтарының көкейінде жүрген, бірақ,  тек саусақпен санарлық азаматтар ғана ауызекі әңгімеден ары барып, өз беттерімен әрекет ете алған-ды, сол азаматтардың бірі, ғұмырын өз ұлтының мүддесін қорғауға арнаған, сол жолда өмірінің соңына дейін күрес жүргізген белгілі ғалым, саясаткер Сәбетқазы Ақатай еді. Ол жапонның «Иомури» газетінің тілшісінің өзіне қойған «Қазаққа не керек?» деген сауалына жауабын осы тақырыптағы жеке мақалада жан-жақты саралай келіп, өз ойын былай қорытындылайды: «Қазаққа керек дүние шаш етек: баспана, астана, асхана... бірақ, қазаққа ең әуелі ұлт ретінде де, қаналған тап ретінде де басын қосарлық, ұлы көшке мұрындық боларлық ұлтжанды һәм отансүйгіш, демократияшыл һәм республикашыл саяси партия қажет!», осылайша ол өзі негізін қалаған республикалық  партияны құрудың негізгі мақсатын ашып көрсетеді (С.Ақатай. Қазаққа не керек? // Азат. 1992, көкек №4, 4 б.). Сәбетқазы Ақатай тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізіп, ертеңіне жоспар құра бастаған елдің ертеңін демократия талаптарына сай құрылған ұлттық партияның билікке араласуымен байланыстырады. Ұлт мүддесі үшін күресіп жүрген азаматтардың басын қосқан саяси партияның парламенттен басым орынды иелену арқылы мемлекеттік саясаттағы айқындаушы күшке айналуын көксейді, жаңа мемлекетті басқару ісіне бұрыннан бері жылы орынды иеленіп, Кремль үшін қызмет істеген коммунистер емес, қазақ үшін жанын беруге дайын ұлтшыл азаматтар келгенін қалайды.

Саналы ғұмырын «Қазаққа не керек?» деген сауалға жауап іздеуге арнаған, сонау 1962 жылы Москвада құрылған қазақ жастарының «Жас Тұлпар» ұйымының белді мүшесі  болып, қуғынға ұшыраған, кейіннен 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасының» белсенді  қатысушысы болып, өз көзімен көрген шындық турасында этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлымен бірлесе «Қайрат қоғамының дүниежүзі ұлттар қоғамына хатын» жазып, империяның қылмысын бүкіл дүниеге әшкерелеген. Сонымен де қоймай ұлттың өз дербестігіне қол жеткізуі үшін қандай шаралар атқару қажеттігіне бас қатырып, 1988 жылдан бастап ұлттық ұйым құру үшін жасырын жұмыс істеп, дүниеге «Азат» қозғалысының келуіне себепкердің бірі болған, кейіннен осы қозғалыс аясында Қазақстанның Республикалық «Азат» партиясын құрып, басқарған Сәбетқазы Ақатайдың өзі сүйген ұлты үшін атқарған қызметі ауыз толтырарлық.  Осы жолда ол өзінің ұстанымдары, ұлт мұраттары, жалпы ұлтшылдық жайлы, мемлекет пен құқық, мемлекет нысаны, мемлекетегі ұлтқа қатысты саясат жайлы өз ойларын баспасөзде жариялап, өзінің Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірлер тарихындағы алатын орнын да айқындап кетті. «Азат» азаматтық қозғалысының жарғысы мен  бағдарламасының, «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның авторларының бірі болған, осы қозғалыс аясында құрылған республикалық партияның жарғысының мәтінін жазған Сәбетқазы ағамыз сол кездегі жаңашыл, ұлттық бағыттағы идеялардың жақтаушысы бола білді. Ол қозғалыс жұмысын бастаған кезден бастап оның қызметі жайлы өзге тең төрағалармен қатар насихат жұмыстарына белсене қатысып, «Азат» қозғалысы жайлы ақпарат құралдарында кең көлемде мағлұмат беру ісімен айналысты. Қозғалыс турасында ол: «Азат алға, болашаққа үміт артқан халық қозғалысы. Біздің түпкілікті мақсатымыз: толық ұлттық тәуелсіздік. Келте де түсінікті: «Азат»  - қазақ ұлтының саяси және әлеуметтік қорғаны. Дүниеге «Азат» қазақ ұлтының мүддесі арқылы көз тастайды», дей келе, қозғалыс жайлы ойын келесідей өрбітеді: «Қазақтың қазіргі ұлт-азаттық қозғалысы бір қайырма әрекет емес, ұзаққа созылған жалғасты тарихи-саяси үрдіс. Оның, менің болжауымша, екі сатысы бар. Төменгі сатысында Қазақстан барлық салада толық тәуелсіздікке тырнағын ілдіреді, ал екінші жоғарғы сатысында қазақ ұлтының толық саяси егемендігі жүзеге асуы тиіс. Бұл сатысында ұлтымыз өз мемлекетінің тарихи баянды дамуын тек өз қолына алуын қамтамасыз етіп, саяси тізгінді ешкімге жалтаңдамай берік ұстап, ұлттың тағдырын тек өзі шешуін мойынға алады» (С.Ақатай. Қазақтың көсегесі қайтсе көгереді. // Азат. 1991, тамыз, №14, 3 б.).

Айта кету керек, «Азат» қозғалысы өз жұмысын бастаған алғашқы күннен бастап қоғамда оның қызметі жөнінде екі түрлі көзқарас қалыптаса бастады. Әсіресе, ресми билік пен компартияның жақтаушылары «Азат» қозғалысын тек ұлтшылдық бағыттағы, яғни мемлекеттегі қазақ халқының ғана мүддесі үшін күресіп, оның өзге ұлттарға қарағанда құқығының жоғары болуын көздейтін қозғалыс ретінде көрсетуге тырысты. Орын алып отырған жағдайға байланысты «Азат» қозғалысының тең төрағаларының бірі ретінде ол «Қазақстандағы көпұлтты халықтың ағайындасуын армандайтын ұйымның бірі - біз. Туыстық алдаусыратқан «әлдиге» емес, ақиқат пен шындыққа табан тіресін дейміз. Қазақстанды мекендеген көпұлтты халық ең әуелі соққыға ұшыраған қазақ бауырының мұң-мұқтажын айтпай түсініп, кеселдің алдын алып, күле сөйлесе, қазақ та қоңсы отырған ағайынының мұқтажына құлақ асар еді-ау, шіркін! Қазақтың қатулы қабағы онда неге жадырамасын! Сөйтіп барып дүрдараздықтың орнын ұлтаралық шүйіркелестік басар еді. Иманымыз да, ұлттық бағдарламамыз да осы. Орыс та, неміс те қазақтың мүддесі үшін күрессе тағынан түсіп қалмайды. Сонда қазағым да олардың да мүддесі үшін жанын беретініне мен кепіл. Сонда ғана Азия халықтарының жүрегіне орыс дегенде қатқан мұзы ериді, сол Азияның ортасын ойып отырған қазақтың ажары ашылады.» деп, қозғалыстың түпкі мақсатының ұлттар арасына араздық отын жағу емес, керісінше, бірлесе қимылдап демократиялық қоғам құруға  үндеу екендігін түсіндіреді. Байқағанымыздай бұл жерде тек қазақ халқының мүддесін шектеу арқылы өзгелерге жайлы жағдай тудыру емес, өзге ұлттардың алдымен қазақ мүддесіне қайшы келмеуі алдыға тартылады. Осылайша Сәбетқазы Ақатай өзге халықтардың кімнің жерінде өмір сүріп, кімнің жерінде өркендеп отырғанын ұмытпай, сол елдің егесіне құрметпен қарағанда ғана, қоғамда әйтеуір іштен тынған, шарасыздық негізіндегі тыныштық емес, шынайы достық қарым-қатынастың орнайтындығын түсіндіруге тырысады.

Қозғалыс құрамында партия құрып, сол арқылы парламенттен орын ала отырып, мемлекетте жүргізіліп отырған саясатқа демократиялық жолмен әсер етуді көздеген азаматтардың қолдауымен Сәбетқазы Ақатай республика аумағын аралап, үгіт-насихат жүргізіп, 1991 жылы жаңа Қазақстанның Республикалық «Азат» партиясының құрылуына мұрындық болды және осы партия басшылығын өз қолына алды. Осы партия алдына қойып отырған мақсаттар жайлы ол «егер де  күндердің күнінде «Азат» партиясы өкімет билігіне жете қалса (парламентке) бес жылдың ар жақ бер жағында Қазақстанның тәуелсіздігін толық қамтамасыз ете алар едік.  Сондай-ақ егемендік туралы декларацияның әр бабын іске асырып, ұлттық шекарамызды бүтіндер едік. ССРО-дағы егеменді республикалармен экономикалық қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру арқылы қазіргі дағдарыс процесін тоқтатып қана қоймай, әлемдік нарыққа тауар өндіретін, оның ішінде ауылшаруашылығы өнімдерін сатуға мүмкіндік туар еді. Ең бастысы - Қазақ республикасының мемлекеттік атауын, елдік белгілері болып саналатын жалауы мен әнұранын, елтаңбасын қалыпқа түсіру іске асырылады. Күнделікті тұрмыстық қарым-қатынастан ары аса алмай жатқан қазақ тілінің мәртебесін өндіріс, ғылым, техника салаларында да толық үстемдік жүргізуі үшін тиісті шаралардың кез-келгені өз дәрежесінде жүзеге асырылатын болады. Осы мәселелер шешімін тапқанда ғана республиканы мекендейтін орыс тілдес ағайындар да ешкімнен ешқандай қағажу көрмей, қазақ ұлты дәулеттенген сайын өздерінің де салтанатының асып отырғандығын сезінер еді (Ж.Тойбазаров. «Мақсатымыз - тәуелсіз қазақ мемлекетін құру». // Халық кеңесі.  21.09.1991 ж., 1 б.). Бұл Қазақстан өз тәуелсіздігін жарияламастан бұрынғы сұхбат болғандықтан, саясаткердің Кеңес Одағының ыдырауының орын алуы мүкіншілігіне әлі көзінің жетпегенін көреміз, бірақ, ол қайтсек те тәуелсіздікке қол жеткіземіз деп, өз ойын тайсалмай білдіреді және мемлекетті дамытудың өз партиясы ұсынған жобаларын да ортаға салады. Зер сала қарасақ, сол кезде мақсат ретінде қойылған мәселелердің кейбірі әлі де шешімін таба алмағандығын көруге болады.

Ұзақ уақыт бодандықта болып, қазақ  ұлтының империя құрамындағы отар ретінде басынан кешірген азабын, сол отаршылықтың ұлтқа тигізген кері әсерін ашына баяндай  келе, ол өзінің келесі бір сұхбатында осы өкінішті мәселелердің шешімін келесідей көрсетеді: «Қазақстан тәуелсіз, іргелі ел болмай бұл кереғар құбылыстардың бірде-бірінен құтыла алмаймыз; - егер де тәуелсіздік толық болса - бұл індеттерден толық; - егер де тәуелсіздік жартылай болса - жартылай ғана құтыламыз; - ал, алдаусыратқан, жасанды тәуелсіздік болса - бұл індеттерден құтылмай, өзімізді-өзіміз алдаймыз» (Ж.Тойбазаров. «Мақсатымыз - тәуелсіз қазақ мемлекетін құру». // Халық кеңесі.  21.09.1991 ж., 1 б.). Ол тәуелсіздіктің тек декларативтік сипатта болуына қарсы болып, Ресейдің мемлекетіміздің ішкі ісіне араласуына жол бермеу қажеттігін осы сөздері арқылы жеткізеді. Биліктің ұлттық негізді ескере отырып, жаңа бағыттағы, демократия қағидаларына негізделген саясат жүргізуін жақтады.

1991 жылғы қыркүйектегі «Орал оқиғалары», солтүстік облыстардағы шиеленісті жағдай, орыс шовинистерінің қазақ жеріне көз аларта қарауы Сәбетқазы Ақатайдың осы мәселе турасында өз көзқарасын білдіруіне итермеледі. Ол орыс зиялыларына ашық хат жолдап, олардың көптеген ғасырлар бойы қордаланаған ұлтаралық татулық мәселесіне көңіл бөліп, өздерін сол отар халықтардың орнына қойып, солардың көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеу арқылы ойлана отырып, парасатпен шовинизмге бірлесе қарсы шығуын үндеді: «Егер орыстың ұлттық мәдениеті ұлттың өз мәдениеті туралы өз пікірі болмай, шынында да нағыз ұлы да гуманистік мәдениет екені рас болса, оның озық өкілдері, сіздер, мынадай ащы да анық сұрақтарға жауап берулеріңіз керек: Неліктен Ресейдің орыс емес халықтары ұдайы бұлқынып жатады, «бұларға не жетпейді?». Неліктен орыс мәдениетінің бұратана халықтардың мәдениетіне деген ықпалы олар үшін әрқашан залалмен аяқталып отырады? Неліктен «өз еркімен қосылғандар» боданға айналады? Әлі күнге империя картасы неге бір ғана түспен боялған? Неге «бұратана» халықтар осы уақытқа дейін өздерінің саяси билігін өз қолына ала алмай жатыр? Неліктен біздің қалай өмір сүруіміз керектігін орталықтағы генералдар мен комиссарлар жақсырақ білуі тиіс? Неліктен біздің ұландарымыздың қолына қару беріп, оларды басқа «бұратаналарды», мысалы, антын бұза отырып, балтық елдерін «тыныштандыруға» пайдаланады? Неліктен біздер, қазақтар, өз жерімізде басқа жақтан келген «қонақтардан» әлдеқайда аз болып шықтық. Неліктен қазақ жастары өз жерінде отырып, «орыс тілдес тұрғындардың» үйінің бір қуысында қысылып-қымтырылып өмір сүреді? Неліктен? Неліктен біздің, яғни, бұратана халықтардың, өздеріне үш жүз жылдан бері тәуелді етіп қойған құдайдан да күштірек мырзаларымыз бар?

Орыстың озық зиялыларының өкілдері! Тағдырлас, тауқыметтес азаматтар! Диктатура мен империяны көксеп, бет пердесін сыпырып тастаған шовинистердің секеңдеуіне қарсы көшелі демократиялық қозғалысқа бірігіңдер! Өз туған халқыңыздың абыройы мен мерейін аяққа баспаңыздар, ұлтыңыздың өздеріңіз үшін қасиетті есімін бүгінгі және болашақтағы «бұратаналар» ұрпағының қарғысынан сақтаңыздар! Ұраншыл шовинистердің іс-әрекетіне тойтарыс беруге шығыңыздар! Конституцияны қабылдайтын да, қабылдамайтын да тек қана халық! Әскер емес (С.Ақатай. Тәуелсіздік біздің түпкі мақсатымыз. // Қазақ әдебиеті. 27 қыркүйек 1991 ж., 6-7 б.).

Өзінің ұлтшыл екендігін мақтан етіп, ол жайлы жасырмай айтып, ұлтшылдықтың мәнін түсіндіруден жалықпаған Сәбетқазы ағамыз бұл мәселеге көптеген мақалаларын арнады. Ол адам бойынан, әсіресе, қазақ ұлтының өкілі бойынан табылатын үш қасиет - ұлтшылдық, ұлтжандылық және ұлтсыздық туралы өз ойын келесідей өрбітеді: «Ұлтшылдық та, ұлтжандылық та ұлтсыздыққа қарағанда  өрелі қасиет. Бірақ, шынайы ұлтшылдыққа не жетсін! Өйткені ұлтсыздықта (мәңгүрттікте) сатқындық бар, ұлтжандылықта жалаң сезім басым да, ал ұлтшылдық болса, бірбеткей саяси категория, өрелі де көшелі философиялық ұғым, езілген ұлттардың жарақатының дауасы, шипасы. Ұлтшылдық құлаққа қанша жағымсыз естілгенімен, ол ғылым шеңберіне сыймайды. Ол - ілім. Ұлтжандылық адам біткеннің баршасында бар болса, ұлтшылдық зейінді, алды-артын болжағыш асыл азаматқа ғана тән қасиет екенін баса айтқанымыз жөн. Ұлтты жүрекпен ғана сезініп, жүрекпен жақсы көрумен ұлтты бостандыққа, оның тарихи арман-мүддесіне алып бара алмаймыз. Тек шынайы ұлтшылдық идея тепкіге, жат елдің бодандығына түскен халқын жүрегінің жылуына бөлей отырып, ұлты үшін қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша ақырғы демін, күш-қуатын сарқа жұмсайды.

Ұлтжандылық ұлтшылдықтың баламасы емес. Ұлтшылдық әлеуметтік заңдылықтар тоғысқан ілім де, ұлтжандылық - түптеп келгенде қос жастықты шынтаққа басып қойып, қаймақ қатқан қарсақ жон күрең шайды сораптап ішіп, сары самаурынның жанында бәйбішесі мен бала-шағасының ортасын ойып отырып, ұлт туралы, қазақ халқының арман- мүддесі туралы сөз бастауға әлде сәнді бөтелке толған дастархан басындағы бейпіл әңгімеге  саяды, ұлт үшін аса керек насихат, уағыз ешкімнің басын ауыртпайтын күңкілге айналады. Саяси әрекетпен астаспаған, өзінің ұлты үшін, елі мен жері үшін, бала-шағасы үшін ешқашан саяси әрекетке бастамаған адам ұлтжандылық сипатта ғана қалады (Ақ Атай. Ұлтсыздық, ұлтшылдық һәм ұлтжандылық.// Қазақ әдебиеті, 10 сәуір, 1998 ж., 8 б.).

Ол ұлтшылдық сезімнің ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатынын, ұлтшыл азаматтар ұлттың ядросы екендігін, сондықтан ұлтшыл адамнан қорықпай, оны ұлтшылдығы үшін құрметтеу қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттің тетігін ұстаушы азаматтардың бойында, ең құрығанда, ұлтжандылықтың ұшқыны болуы қажеттігін алға тартады. «Біздей көнбіс халықтың отаршылдыққа қарсы қойылатын ұлтшылдықтан өзге қаруы да жоқ. Ұлтшыл болмағандықтан - жерден айрылдық. Ұлтшыл болмағандықтан - Еділ мен Ертістен, Іле мен Есілден айрылдық. Енді елден айырамыз деп қоқаңдайды қара орыс. Сонда ұлтшылдықтан басқа бізде не қалды? Демек, отаршылдық үдеген сайын ұлтшылдық та дәуірлей түсіп, отаршылдық бәсеңсісе - ұлтшылдық та бәсеңсіп отыруы заңды. Ұлтшылдықты қоздырушы күш - отаршылдық. Ұлтшылдық өздігінен өзі тумайды. Оның себебі бар. Отаршылдық қысымның кез-келген түрі кездесе беретін Қазақстанда ұлтшылдық бар, бола береді, бола беруге де тиісті.

Мәселенің саяси қатпары «көпұлтты» Қазақстанда қай ұлт өзінің саяси билігін қамтамасыз етеді, қысқаша айтқанда, «Қазақстан кімдікі?» - осыған саяды.  Президентіміз: «Қазақстан - қазақстандықтардікі» дейді. Біз айтамыз: «Жоқ, қазақтікі, бірақ басқа ұлт өкілдері тұрғысы келсе тұра берсін - оларға кет те, кел де демейміз». Әрине, келімсектердің рұқсатсыз келмегенін қалар едік. Мұндай сөзді Ресей де, АҚШ та өз келімсектеріне жасырмай айтады. Ал біз айтпайтындай не көрініпті. Ұлтымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің символы болып саналатын президентіміздің басқа көршілес елдің басшысының тізгінінде кетіп, ізбасар інісі  болғаны намысымызға тиеді, қазақтың ұйықтап жатқан ұлтшылдық сезімін қоздыра түседі. Ұлтжандылықты Қазақстанның тағына президентіміздің шапан жамылып, қамшы ұстағанынан емес, оның күнделікті саясатынан бағамдап отырсақ дейміз» (С.Ақатай. Ұлтшыл болу ұят па? // Жас қазақ. 24 маусым, 1992 ж., 5 б.).

Ескере кететін бір жайт, қалыптасқан жағдайды айқын бағамдай білген С.Ақатай «Азат» қозғалысының да, осы аттас республикалық парияның да ашық оппозициялық бағыт ұстанбауын қалады, дегенмен билікке өз ескертулерін жасау арқылы, ықпал етуді көздеді (С.Ақатай. Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады. // Егемен Қазақстан.21 ақпан 1997 ж, 2 б.). Дәл осы ұстанымына байланысты «Азат» қозғалысының 1992 жылғы 17-24 маусым арасында өткен республикалық наразылық акциясы барысында С.Ақатай қозғалыстың республика басшылығына қойған талаптарына қарсы шықты және осы әрекеті үшін қозғалыстың өзге басшыларымен ортақ мәмілеге келе алмады. Бұл өз кезегінде қозғалыстың ыдырауына және оның басшылары арасындағы үлкен дауға  әкеліп соқтырды (С.Ақатай, М.Тәтімов. Азаттықтарға ашық хат. // Қазақ әдебиеті. 1992 жыл 6 қараша, 16 б.). Осыдан кейін «Азат» газетінде ҚРП 1 съезінің Сәбетқазы Ақатай жөніндегі мәлімдемесі жарияланды. Онда Сәбетқазы Ақатайдың саясаткер ретіндегі мінезіндегі кемшіліктер мен саяси бағытындағы қарама-қайшылықтарға кеңінен тоқталып, оның парламенттік саяси партияның жетекшілігіне лайық еместігі мәлімделді («Азат» 1992, қазан,№14. 2-бет). Кейінірек  осы газет бетінде Х.Қожа-Ахметтің «Қазақстан Республикалық партиясының бұрынғы төрағасы Сәбетқазы Ақатайға Ашық хаты» жарияланды («Азат» 1992, желтоқсан,№18. 3-бет). Әрине, мен аталған материалдардағы мәселелер арқылы Сәбетқазы ағамызға қандайда бір сипаттама беруден аулақпын, дегенмен орын алған жайды ескермей кетуге де болмайды. Жалпы адамдарда пендешіліктің болатындығын, идеалды адам тек пайғамбарымыз екендігін барлығымыз да мойындаймыз, сол себепті, мен әр тұлға туралы сөз қозғағанда оның жеке мінез-құлқын, бәз біреулермен арада болған жағымсыз жайларды емес оның ұлт үшін атқарған істерін, ұсынған идеяларын талдауды жөн көремін және зерттеуші ретінде нейтралдық бағытты ұстанамын. Әр саясаткердің ұстанған қағидасы болады, сол секілді Сәбетқазы Ақатайдың басты мақсаты қандай жолмен болса да қазақ ұлтының жетістіктерге жетуі болды, сондықтан да ол ұлт мүддесі үшін мемлекеттік билік жіберген қателіктерге кешіріммен қарауды жақтады. Сәбетқазы Ақатай қазақ ұлты үшін мемлекет билігін қолдау тиімді боларын өз үзеңгілестеріне түсіндіруге тырысты, ол қазақтың ұлт жанашырларын ұлт болашағы үшін билікпен ымыраға келіп, билікке қолдау көрсете отырып сол билікке ақырындап жақындап, тиісті министрліктер мен ведомстволардағы орындарды иеленіп, мемлекет басшысының ұстанымдарын ұлт бағытына өзгерту қажеттігін жақтады. Ол қазақ ұлтшылдарының мемлекеттік билікке оппозиция болып, қауқарсыз қалыпта қалғаннан қарағанда сол биліктің басындағылармен тіл табыса отырып ұлттық мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешу мүмкіндігін алға тартты. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ елінің нығайуы үшін билікті қолдау қажет деп түсінді және ашық түрде билікке халықты қарсы қойып, онсыз да жас мемлекетті әлсіретпеу қажеттігін жақтады. Сәбетқазы Ақатай көзі қарақты, кәнігі саясаткер ретінде ұлт мүддесі үшін билік тарапынан жіберілген кейбір қателіктерге көз жұма қарау арқылы оның болашақта қате жібермеуіне ықпал етуді көздеді. Бір сөзбен айтқанда билік басына қазақ мүддесі үшін күресіп жүрген, болашақта да қазақ ұлтының болашағы үшін қызмет істейтін қазақ тілді азаматтардың келуін қалады. Осы мақсатын өзімен бірге тәуелсіздік жолында күрескен майдандастарына жеткізу үшін қарапайым «жаман биені жабула да құлынын ал» деген мәтел арқылы оларға ой тастады. Дегенмен, бұл мәтелдің терең мәні, философиялық астары оның бір кездері біріге жұмыс атқарған мүдделестері тарапынан нақты қабылданған жоқ. Бұл әрине өкінішті жайт.

Қазақстаннның ғылымына сүбелі үлес қосқан ғалым, саясаткер Сәбетқазы ағамыз қазақтың атқамінер, қызметші азаматтарының атақ, даңқ, дәреже қуып, сол жолда небір құйтырқы істерге барып жатқанына ашына қарсы тұрды, қазақ азаматтарын ұлт мүддесі үшін қызмет етуге шақырды. Ол ғылымның таза, өтіріктен ада, шыншыл болуын жақтады. Білім беру саласында өтірік атақ пен дәрежені еншілеп, үлкен мансаптарды иеленушілерге ашық майдан ашты, баспасөзде плагиат жайлы алғашқылардың бірі болып мақала жариялап, қазақ ғылымының таза бағытта даму қажеттігін алға тартты (С.Ақатай. Аңқау елге арамза молда. Жас қазақ 3 қыркүйек 1991 жыл).

Жалпы қазақтың саяси және құқықтық ілімдер тарихындағы басты идея тәуелсіздік идеясы болды, қазақтың көзі қарақты, білікті азаматтарының бас қатырған мәселесі қайтсе қазақ дербес болады, қандай ел болады дегенге сайды. Тәуелсіздік жылдары да бұл идея өз өзектілігін жоймады, ендігі жерде басты мәселе қазақ қайтсе тәуелсіздігін сақтап, сыртқы күштердің ықпалынан азат ел ретінде дамиды деген сипатқа ауысты. Бүгінгі күні «қазаққа не керек» деген сауал тағы да өзекті болып тұр. Ендігі жерде қазаққа ыдыраудан бас тартып, саналы түрде бас біріктіріп, мемлекеттік маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдауда билікке нақты әсер ете алатын шешуші күшке айналу қажет болып тұр. Осы тұста қазақты дінмен, тілмен, ділмен бөлшектеуші күштерге тойтарыс беретін «біртұтас ұлт» лозунгысы барынша насихатталуы тиіс. Тәуелсіздік жылдары қазақ азаматтары құрған әртүрлі азаматтық қоғам институттары қазақтың басын біріктіру жолында біріге қызмет атқаруы қажет. Қазақ ұлт ретінде біртұтас қалыпқа түскенде ғана елімізді мекендеуші өзге ұлт диаспоралары оның айналасына шоғырланады. Ұлттық бірігу жайлы ойды ұлт бірлігін ойлаған Сәбетқазы ағамыздың қазағына арнаған өсиет сөздерімен аяқтауды жөн көрдім. «Қазағым халқым! Ана тіліңді құдырет тұт. Өз ана тілін білмеген қазаққа құрмет көрсетпе, қызмет ұсынба. Малға жібер, үйренсін! Рушылдық - ұлттық бірлесуге көлденең тұрған індет. Мұнымен белдес. Атаңның баласы ғана болып қалып, өзіңді өзің кемсітпе. Ұлттың ұлы болып мерейіңді үстемдет. Қазақ жасы! Алыстан тоят ізде. Ауыл маңында қалып қалма. Өнер, білім қу. Жаман әдеттен бойыңды таза ұста. Қазақ әйелі! Бала тап, көп індеттен құтыласың. Қашқан берекең қайта келеді. Ана тіліңді балаңа сүтіңмен сіңдір. Қазақ ұлығы! Жерімізде қару-жарақ өндіртпе. Әлемге қазақ ұлтының бар екендігімен санастыру жолын тап. Ұлт мәселесін алға қой. Ұлт байлығы - сенің бақытты өміріңнің де кепілі. Зиялылардың сөзіне құлақ түр. Аты мен аруағын тұт, сөзін құрметте. Ол - сенің алтын қазығың. Әділет жолын іздестіруден танба» (Т.Рысбекұлы. Ел ертеңі елеңдетеді. // Аманат. 1991, қыркүйек.№3, 7 б.)

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019