Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3418 24 пікір 13 Қыркүйек, 2022 сағат 21:06

Жеті жылдық мерзім – желіккеннің әңгімесі емес

... Сонымен, жеті жылдың әңгімесі қоғамдық пікір арнасында қызу талқылана бастады. «Жеті жылдың әңгімесі» деп отырғанымыз – Президент сайлауы және жеті жылға бір ғана мәрте сайлау туралы саяси дискуссия. Бұл тақырып ел ішінде әртүрлі көңіл күйдің ауанына себеп тудырып тұр. Әлеуметтік желілердегі белсенділер Мемлекет басшысының 1-қыркүйектегі кезекті Жолдауынан кейін мәлім болған Президент сайлауы жайында алаңдаулы. Олардың ойынша, Тоқаев сайлауда сөзсіз жеңіске жетеді, содан кейін биліктің жалына мықтап жармасады да, жеті жылды тағы біраз жылға созып отыра береді. Әлемжелідегі «жұрттың» дәл осылайша алаңдауында үлкен себеп бар. Себеп, бұрынғы жүйе экс-президентке билік басында тым ұзақ отыруға қолайлы жағдай жасап келді. Конституцияны да қалай болса солай өзгертті. Алдымен «референдум» деді, содан кейін «Президент бес жылдан екі мәрте сайлануға болады» деді, Констиуцияның бетін ақтарып жіберіп, «шұғыл Президенттік сайлау өткізу керек» деп және шықты, сөйтті де, «жоқ, бұл болмайды екен, Президентті жеті жылдан екі рет сайлауымыз керек» десті, «ойбай-оу, мұнымыз қате екен, тағы да кезектен тыс сайлау ұйымдастырып Президентті енді бес жылдан екі мәрте сайлауға қатыстырайық» дегенге тоқтады. Айтып айтпай не керек, мұндағы «Президент» деген мәртебелі лауазым атауы Назарбаев дейтін фамилияның синониміне айналып үлгерді де, бәріміз далақтап Президент сайлауының соңында жүрдік. Сондықтан желіде желдей ескен әңгімелер мен пікірлер қайшылығын, көпшіліктің көңіліндегі күмән мен күдікті бек түсінуге болады. Оның үстіне демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, қандай мәселенің болсын талқыға түсуі заңдылық. Бірақ демократиялық құндылықтар, сөз бен ой бостандығы түптеп келгенде мемлекеттілікке қызмет етуі тиіс.

Пайғамбарлардың миссиясы арқылы дүниеге келген діндердің өзі әр халықтың салт-дәстүріне, дүниетанымына икемделеді. Ендеше демократия да әр мемлекеттің геосаяси ахуалына, мүмкіндігіне бейімделуі қажет. Тап қазіргі жағдайда қазақ демократиясы салиқалы, сабырлы, мемлекетшіл демократия болғаны абзал. Қызуқандылық, істің мән-жайына жете үңілмей жер тепкілеген желөкпелік қазақ мемлекетінің іргесін шайқап жіберуі әбден мүмкін. Оған кешегі қасыретті қаңтар оқиғасы мысал. Кім не десе о десін, мен қаңтар қаһармандарының жағындамын. Сөйте тұра қаңтарда туған халқының әлеуметтік, ұлттық талап тілегін ту етіп көтерген жастардың жалын атқан жігерін пайдаланып қалуға ұмтылған қараниеттілерге қарғыс айтамын. Бізге қазір дос пен дұшпанды айырып, тани білу өте маңызды. Дұшпан, ол – жастардың қолымен от көсеп, мемлекеттік билікті басып алуға асыққан алпауыт күштер. Ол күштер әлі де күшті. Олардың қолында миллиардтаған қаржы, қазына байлық, «кибер адамдар» мен киллер журналистер, медиа ресурстар, әсіре діншілдер, сойыл сүйреткен содырлар бар. Олардың қолтығына дым бүркіп қойып отыратын сырттағы тілеулестері қаншама? Олар әсте қарап жатпайды. Бар мүмкіндігін пайдаланып, жан-жақтан шабуылды үдетеді. Енді олар, яғни, бұрынғы жүйеде майлы жіліктің басын ұстағандар, тұқым-тұяғы зәу-затымен өре түрегеліп, билікті қайтарып алуға жанталасады. Олар барлық мүмкіндікті сарқа пайдаланады. Тіпті олар әлеуметтік желілерде «есіл елім», «қайран жұртым» деп еңіреп отырған жастар мен зиялы қауымның наразылығы мен қарсылығын да өз мүдделеріне жұмсауы ықтимал.  Сондықтан бізге ұлтымыздың тұтастығы мен мемлекеттілігімізді қорғап қалудың қамын алдымен ойлаған абзал. Президентті жеті жылға және бір ғана мәрте сайлаудың логикасы, міне, осы жерден шығады. Неге жеті жыл? Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сөзіне сүйенсек, «Бұл мәселе елімізде Мемлекет басшысының айналасында протекциялық топтардың пайда болуына балта шабатын қадам. Өйткені, шалыс қадамдардан келесі президенттің «көлеңкесі» сақтап тұрады.  Жеті жыл президенттік мерзім саясаттағы, экономикадағы болжамдылықты сақтау үшін қажет. Сыртқы саяси аспектілерді әрқашан ескеріп отыру абзал. Қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі».

Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев Конституцияға түзетулерге түсіндірме жасап, былай деді:

«Бір адамның бір рет қана сайланатыны туралы норма Конституцияға енгізілетін түзету күшіне енгеннен кейінгі Президент сайлауында Мемлекет басшысы болып сайланатын адамдарға қолданылатын болады.

Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және Президент жеті жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолы Президент атанатын азамат үшін және одан кейінгі барлық Мемлекет басшылары үшін Президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектеледі».

Соңғы сөйлемге назар аударйық: «Мемлекет басшылары үшін Президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектеледі». Осы байлам әлемжелідегі «жұрттың» шектен тыс алаңдауына нүкте қойса керек. Қысқасы, жеті жылдық мерзім – желіккеннің әңгімесі емес. Ал мемлекетшіл тұлға Тоқаевтың желіге қоюы мүлдем мүмкін емес.

Дәурен Қуат

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498