"Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жолы cалынады
Өзбекстанның Самарқанд қаласында ШЫҰ саммиті алаңында "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жолы құрылысы бойынша әріптестік туралы келісімге қол қойылды.
Бұл туралы Қырғызстан президентінің әкімшілігі хабарлады. Құжат "Торугарт - Арпа - Макмал - Жалал-Абад" бағытымен түсетін темір жол құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін сәтті аяқтауға көмектесуді қарастырады.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаумен Қытай темір жол корпорациясының жобалау институты айналысады, қалған тараптар оған барынша көмек көрсетеді. Темір жол жобасының негіздемесі, соның ішінде құрылыс құнын есептеу жұмысы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс.
Тараптар жоба негіздемесін дайындау шығынын теңдей бөліп төлейді.
Қытай билігі "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жолының салынуын қолдайды. 15 қыркүйекте Самарқанд қаласында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровен кездескен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин осылай деп мәлімдеді.
Жапаров Си Цзиньпинді Қырғызстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғызстан президенті әкімшілігінің хабарлауынша, Си Цзиньпин әріптесінің шақыртуын қабыл алды.
"Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жолы құрылысы Қырғызстан Республикасының көлік саласындағы маңызды жоба", - деп мәлімдеді Қырғызстан президентінің әкімшілігі. Ол Оңтүстік-Шығыс, Батыс Азия және Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына шығатын темір жол дәлізіне айналуы тиіс.
"Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жолы құрылысы туралы бастама 2000-жылдардың басында жиі айтылған, бірақ осы уақытқа дейін жоба жүзеге аспай келді. Қырғыз үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаровтың айтуынша, жоба 5-7 млрд долларға түсуі мүмкін.
Abai.kz