Қант – халық денсаулығының жауы
Әлемдегі барлық өлім-жітім санының 60 пайызы дұрыс тамақтанбауға байланысты.
Дұрыс тамақтану арқылы көптеген аурулардың барысын жеңілдетіп, асқынуына шек қойып, жаңа жағдайлардың туындауына жол бермеуге болады. Бұл орайда салауатты тамақтану өнімдерінің маңызы зор.
Осы салауатты өнімдер туралы қалыптасқан түсінігіміз қаншалықты орынды? Мысалы, қант қосылған сүт өнімдерін – түрлі йогурттерді қалыптасқан дағдымызға сай балаларға ұсынған кезде олардың денсаулығына қаншалықты пайда немесе зиян әкелетіндігі туралы ойлана бермейміз. Сондықтан, осы «тәтті» қанттың «ащы» зардабын татамыз. Жалпы, «тәтті» деген түсінікті қанттың дәмінен ажырату қажет, себебі, қант – зиянды және уытты заттек, химия өнеркәсібі заманының жанама әсері мол, жасанды туындысы.
«Қант – халық денсаулығының жауы» деп айтуға толық негіз бар. Бұрынғы заманда қазақтар құртты, ірімшікті қант қоспай әзірлеген ғой, қазақтың дәстүрлі ұлттық тағам өнімінде қант болмаған.
Әр тағамның өзінің ұнамды табиғи дәмі болады. Мысалы, бие сүтінде лактозаның мөлшері 1,5 есе көп болғандықтан, одан жасалған өнімдердің ұнамды тәттілеу дәмі бар.
Бие сүті – құрамында зиянды трансмай қышқылдары болмайтын, табиғатта кездесетін жалғыз сүт көзі. Салыстыру үшін: сиыр сүтінде 8 пайызға дейін трансмай қышқылдары кездеседі. Ал сұйық майды технологиялық өңдеу барысында аталған зиянды трансмай қышқылдары түзіледі. Сонымен қатар, бие сүтінің ақуыздары нәзік альбуминді тектес келеді, бұл дегеніміз оның сиыр сүтіне қарағанда (оның ақуыздары – казеинді тектес – ауырлау) жеңіл сіңімділігін көрсетеді.
Бие сүті табиғатының ана сүтіне жақын болуы оның ғажайып жаратылысын білдіретіндей. Сиыр, ешкі, түйе сүттеріне қарағанда, бие сүтінің жоғары биологиялық құндылығы алдымен, оның ақуызының ерекше сипатына, май қышқылы құрамына, С дәрумені мен лизоцимнің айрықша жоғары деңгейлеріне байланысты, олардың барлығы ағзаның иммундық-антиоксиданттық қорғанысын қамтамасыз етеді. Сондықтан, бие сүті ағза тіршілігінде өзекті рөл атқарады, жүрек-қан тамыры және жүйке жүйелерінің жұмыстарын реттеуге қатысады, қабынуға қарсы әрекет етеді, жұқпалы емес аурулардың дамуына тосқауыл болады.
Төрегелді Шарманов
Abai.kz