Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 5141 46 пікір 28 Қыркүйек, 2022 сағат 15:16

Мобилизация: Алғашқы тұтқын, заңсыздық, айғай-шу

Ресей билігінің мобилизация жариялағанына тура бір апта. О баста мобилизация бойынша әскерге әскери борышын өтегендер мен ұрыс даласында тәжірибесі барлар шақырылады деген, алайда Ресей билігі барлық азаматтарды шақыртып жатыр.   

Әлеуметтік желіде тіпті мүгедектер мен жасы алпыстан асқандарды да шақыртып жатқаны жайлы ақпараттар шығуда. Оған Ресей билігі жауап қатып, "военкоматтардың біліксіздігі" деп жергілікті билікті және ұйымдастыру тобын айыптады.

Мобилизациядан миллиондап қашқан халықтан бөлек, мобилизацияланғандарды қамтамасыз ету жағы да оңып тұрған жоқ. Ресей әскері әлемдік рейтингте екінші орында тұрса да, мобилизацияланғандарды қамтамасыз ету бойынша артта жатыр десек те болады. Мобилизацияланғандарды тамақпен, жатын орынмен және әскери қажеттілікпен қамтамасыз ете алмай жатқаны туралы видеолар желіде жариялануда. Ал ұрыс даласына жеткен сарбаздарға тот басқан автомат ұстатып, мерзімі өткен әскери тамақ бергені шу болуда.

Мобилизация процесін жүйелей алмауын биліктік блогерлер мен арналар Кремльден емес, жергілікті әкімдік және военкоматтан көруде. Тапсырма солай болса керек. Осыған байланысты билік 20 аймақтың военкомат басшысына сөгіс жариялап, Магадан облысының военком басшысын қызметінен алды. Бұл "біз олқылықтармен күресіп жатырмыз" деген қоғамға бағытталған месседж болса керек.

Федеральдық билік өкілдері де губернаторларға дүрсе қоя берді. Мысалы Валентина Матвиенко "аймақтар мен олардың басшылары сапаға емес, санға мән беріп, кім жылдам мобилизацияны іске асырады деген жарыс өткізіп жатқандай есеп беруде" деп мәлімдеді.

Демалыс күндері Путин қорғаныс министрінің орынбасары, армия генералы Дмитрий Булгаковты қызметінен алып тастады. Ол соңғы 14 жылдың ішінде Ресей әскерін техникалық-материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге жауапты болған еді. Оны қызметінен не үшін алғаны белгісіз, алайда мобилизация және Ресей әскерін қамтамасыз ету бойынша жүйесіздіктерге байланысты қызметінен қуылды деуге негіз бар.

Мобилизацияның қалай өтіп жатқанын өз көзімен көруге 27 қыркүйек күні Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу аттанған болатын. Ол "барлығы талапқа сай, жоғары деңгейде өтіп жатыр" деп мәлімдеді. Алайда мобилизацияланғандардың жақындары бұл сөздің шындыққа жанаспайтынын, ал әлеуметтік желіде Ресей қорғаныс министрі жариялаған видеолардың барлығы дерлік көзбояушылық екенін айтады.

Мобилизацияланғандардың алғашқы легі ұрыс даласына аттанып, тіпті тұтқынға түсіп те үлгерді. Лиман маңында танктік полктің сарбазы Украина тұтқынына түсті. Ол мобилизацияға 21 қыркүйек күні шақырылып, үш күннен соң Украинаға жіберілгенін айтады. Бұрын танктік полкта болған соң, оны дайындықсыз бірден соғысқа жіберген. Ал заң талабына сай мобилизацияланғандар кемі бір ай дайындықтан өтуі тиіс.

Мобилизацияланғандарға Ресей билігі бір реттік 300 мың рубль деңгейінде қаржылай көмек көрсететіні айтылуда. Алайда заңға әлі қол қойылмады, қарастырылу үстінде. Ал Украинада алғаш мобилизацияланғандар тұтқынға түсіп үлгерді.

Ка Мырза

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5292