Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2734 0 пікір 18 Қаңтар, 2013 сағат 08:12

Өмірзақ Ақжігіт. Бүгінгі діни бөлшектенуміздің себебі неде?

«Адамзаттың  басына келетін бәленің бәрі -

әр адамның өз орнын тауып отырмауынан».

Наполеон

Елімізде діни ахуал күн санап күрделеніп бара жатқан сияқты. Мүмкін, біздің бұл пікірімізбен көп адам келіспес те. Олар дәлел ретінде кейінгі кезеңде қабылданған Дін туралы жаңа заңды, Дін істері жөнінде агенттіктің құрылғанын алға тартар. Әрине, қолға алынып жатқан істерді жоққа шығаруға болмайды, бірақ, қандай заң, қандай жаңа мемлекеттік құрылым болғанда да мәселе оның сыртқы пошым-пішімінде емес, ішкі мазмұнында ғой. Біз бүгін еліміздегі Мұсылмандардың діни басқармасының жұмысы жайлы бір-екі ауыз пікір білдірсек дейміз.

«Адамзаттың  басына келетін бәленің бәрі -

әр адамның өз орнын тауып отырмауынан».

Наполеон

Елімізде діни ахуал күн санап күрделеніп бара жатқан сияқты. Мүмкін, біздің бұл пікірімізбен көп адам келіспес те. Олар дәлел ретінде кейінгі кезеңде қабылданған Дін туралы жаңа заңды, Дін істері жөнінде агенттіктің құрылғанын алға тартар. Әрине, қолға алынып жатқан істерді жоққа шығаруға болмайды, бірақ, қандай заң, қандай жаңа мемлекеттік құрылым болғанда да мәселе оның сыртқы пошым-пішімінде емес, ішкі мазмұнында ғой. Біз бүгін еліміздегі Мұсылмандардың діни басқармасының жұмысы жайлы бір-екі ауыз пікір білдірсек дейміз.

Биік лауазымды орынға отырар адамға қашанда қойылар ең бірінші талап - әлгі адамның өзі басқарар саланың үлкенді-кішілі мәселесінің бәрін білетін, теориялық білімі мен тәжірибелік біліктілігі қатар ұштасқан білгір маман болуы. Тіпті бар ғұмырын соған арнаған болса тіпті жақсы, Рас, кейде қауіпсіздік комитеті, қорғаныс министрлігі секілді арнайы күштік ұйымдарға бұл салада бұрын жұмыс істемеген, азаматтық саланың маманын апарып отырғызатын жағдайлар да кездесіп жатады. Бірақ, бұл әдетте  экономикасы мен мемлекеттік ұйымдарының жұмысы әбден қалыптасқан, министр тұрмақ министрлер кабинеті Италиядағыдай жыл сайын дерлік ауысса да, тіпті Бельгиядағыдай екі-үш жылдап үкіметті тағайындаудың реті келмесе де ел экономикасы мен қоғамдық ахуалға оның бәрі соншалықты әсері бола қоймайтын батыс елдерінде кездесетін үрдіс. Басқа жағдайдың бәрінде ондай әрекет оң нәтиже бере қоймайды. Соның айқын бір дәлелі - Ресейдегі қорғаныс министрлігін соңғы бес жылға таяу уақыт салық саласының маманы Сердюковтің басқаруының салдарынан әлемдегі қару-жарағы ең мықты дамыған, орыс елі мен халқының шын мәнінде көкірек қаға мақтан тұтуына тұрарлық жалғыз саланың күйреуге жақын қалуы. Біздің елімізде де ішкі істер министрлігін З.Тұрысбеков басқарған кезең әскерилер киімінің жаңа пормаға көшуімен ғана есте қалды.

Бұның бәрін айтып отырғандағы мақсатымыз - он жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы мүфтиятті дінге үш қайнасы сорпасы қосылмайтын, филолог-ғалым, тіпті атеист адамның басқарып отыруы. Жоғарғы биліктің таңдауы өз кезінде неге нақ сол адамға түсу себебін біз анық білмейміз, тек Ақордаға сондай адам керек болған ғой деген жорамал ғана көңілге қонымдырақ көрінеді. Бүгінгі мүфти билік тарапынан ұсыныс жасалған жандардың ішінде аталған орынға баруға қарсы болған жалғыз адам деген де әңгіме айтылады. Қарсы болғаны - адамгершілік, қарсы тұра алмағаны - пендешілік болған. Аяз бидей әлін білуін білгенмен, Мұқағали жырға қосқан, қам сүт емген пенденің бәріне тән осалдық жеңіп кеткен ғой. «Нәтижесі» бүгін бәріміздің көз алдымызда.

Бұл жайтты, орыстардың тілімен айтқанда хазіреттің кінәсі дегеннен көрі, оның соры, демек бүкіл қазақ ұлтының да соры деген дәлірек болса керек. Неге? Кез келген басшының - ол неғұрлым жоғарылаған сайын соғұрлым - кез келген нұсқауы, бұйрығы, жәй ғана пікірінің өзі де бір, көлдің ортасына түскен тас та бір - толқын барлық жаққа бірдей тарайды. Мемлекет басшысының жарлығы, қол қойылған заңының  бүкіл қоғамда әсер етпейтін қуысы қалмайды. Бас мүфти де дәл сондай. Тіпті оның қызметі президенттің қызметінен де жауапты, өйткені оның жұмысы президенттікі секілді  адамның санасына қатысты емес, сол сананы билеп-төстейтін түпсанаға қатысты. Ақыл-ой санаға байланса, сенім-наным түпсанаға байланады. Сондықтан бұл саланы басқаратын адам асқан діни білімді болуы тиіс.

Бірақ, бүгінгі заманда оның өзі аз. Себебі, өтпелі кезең - өткір адамдар кезеңі. Әсіресе, дін секілді идеологияның, мылтықсыз майданның алдыңғы шебінің әрбір имамы білімді болумен қатар сөзге шешен, ойы ұтқыр болуы міндет. Ал, мүфтидің азуының алты қарыс болуы - екі бастан.

Осыдан бір-екі жыл бұрын, мүфти сайлануы жақындап, осы мансаптан үміткерлер жан аямай жан-жаққа жүгірісіп жатқанда үміткерлердің ішіндегі бір азаматпен сөйлесіп қалғанымыз бар еді.

-Мүфтилікке қолыңыз жете қалса, ісіңіздің ең басты бағыты қандай болмақ? - деп сұрақ қойдық.

-Мен ең алдымен мүфти басымен қала әкімі боп тұрған В.Храпуновтың қабылдауына жарты жыл кіре алмаушылық секілді сорақылықтарды жояр едім. Мен Алматының әкіміне «маған пәлен уақытта келіп кетуіңізді өтінемін» деген болар едім. Келмесе, күштеп алдырар едім!

Сәл артық кеткені болмаса әлгі азаматтың жауабы біздің қышыған жерімізге тиген несіне жасырайық. Себебі - ұстанымы дұрыс! Күні кеше бар қазақтың ширегіне жуығы мекендеген ұлттың ұйысы Оңтүстікке барып келгенімізде, облыстың бас имамы  облыстың бас әкіміне жарты жылдан бері кіре алмай жүргені жайлы сөзді құлағымыз шалып қалды. Орыс халқында бұндай жағдайда айтылатын «каков поп - таков приход» деген мақал бар. Қазақшалар болсақ: «мүфти қандай болса - имамдар да (мүриттер де) сондай».

Бүгінгі мүфтиіміз осыдан жеті-сегіз жыл бұрын, дін басы болғаннан кейінгі алғашқы кітабын шығарды. Кірпіш секілді қызыл, кірпіш секілді ұрсаң кісі өлтіруге болатын қалың сол дүниеден иман мен имам жайлы жарытымды сөз таба алмай, қарнымыз ашып еді. Әлі де солай. Мінәйі бір себеппен мүфтидің жаңа мешіт ашылғанда болсын, басқалай себеппен болсын, сөзін тыңдай қалсақ, діни білімінің тереңдемегенін, уағыз айтып жұртты ұйытар дәрежеге жете алмағанын, әңгімесінің ауаны бұрынғы қалпынан ауыса қоймағанын көріп, көңліміз жасып қалады.

Әрқашанда әркім өзіне ұқсас нәрсені іздейді. Билік басындағылар да дін басыларын өзіне ұқсас адамдардан таңдайды. Кәзір елімізде билік халықтан қаншалықты алшақ болса, мүфтият та соншама алшақ.

Әрине, діни басқарма қызметкерлеріне ең алдымен білім жетіспейді. Екіншіден, білімі барларының өзінде күрескерлік қасиет жетіспейді. Бұдан 10 жыл бұрын оралмандар жайлы «Жалын» журналының, «Жас Алаш» газетінің редакцияларында бірнеше «дөңгелек үстел» өткізген соң, келесі жиынды қайда өткізсек екен деген сұрақ туды. Сол кезде кеңесіп отырған жігіттердің бірінің ойына: «мынау Орталық мешіт қасымызда тұр ғой, көптің ісі үшін бұдан артық қандай жер керек?» деген идея келе қалғаны. Бәріміз қуанып, алып-ұшып мешітке жеттік. Бас имам жоқ, оның орынбасары бар екен. Келген бұйымтайымызды естіген имамның ат-тонын ала-қашпасы бар ма:

-Ағайындар, біз ондай басқосуға рұқсат бере алмаймыз!

-Оу, неге? Кімнен, неден қорқасыздар?

-Біздің әр қадамымыз бақылаулы. Дін тақырыбынан басқа жиындарға рұқсат жоқ!

-Бауырым-ау, қауіпсіздік комитетінен біз, адам жолында жүргендер қорықсақ болады. Ал, Алла-Тағаланың жолында жүрген сіздер тек қана бір Құдайдан ғана қорқуға тиіс емессіздер ме?

-Жо-жоқ, атамаңыз, біз де жеп отырған нанымыздан айрылғымыз келмейді!

Міне, сол жігіт кәзір екі-үш жылдан бері батыстағы діни алауыздық барынша өршіп тұрған облыстың бірінің бас имамы...

Екінші мысал. Біз өзіміз қатысып жүрген астарда, құдайы тамақтарда (батыс өлкенің халқы бұндай тамақты «садақа» деп атайды), ораза кезіндегі ауызашарларда әрқашан  сол жиынға келген, дәлірегі шақырылған, басқосудың басты тұлғасы болуы тиіс молда, имамдардың өздерін қалай ұстайтынын үнемі бақылаумен боламыз. Бірде нағашымыздың қырық күндігіне бардық. Сол үлкен елдімекеннің имамы білімді жігіт деп сырттай көп еститінбіз. Тамақ келгенше бір сағаттай уақыт отырғандар «еркек өсекке» ерік берді. Имамда үн жоқ. Тамақ желінді, жиналған жұрт қайтуға ыңғайлана бастады. Сол кезде имамға сұрақ қойдық:

-Молдеке, егер артық кетіп жатсақ айыпқа бұйырмайсыз, бірақ сіз өзіңіздің басты кәсіби міндетіңіз, әсіресе, осындай жиындарға қатысты, не деп білесіз?

-Түсінбедім?..

-Біз де соны түсіне алмай отырмыз. Міне, сіз келдіңіз. Тамақ келгенше аузыңызды ашқан жоқсыз. Әңгімеге араласпай бейтарап адам болып отырдыңыз. Біздіңше, осындай жиындарда, алдыңызға осыншама халық жиналып отырғанын пайдаланып, өтірік-өсекті тоқтата тұрып, бір мезгіл уағыз айту, халықтың көзін аша беру сіздің тікелей қызметтік міндетіңіз емес пе? Тіпті, адам тұрмақ, әуелі Алла-Тағаланың алдындағы өз еркіңізбен мойныңызға артқан міндет сол емес пе?

Имам шырт ете қалды:

-Жұрт сұраса айтамыз.

-Ал, сұрамаса ше? Жұртқа ауылдағы кімнің малын кім ұрлағынан бастап Американың президенті кім болатындығы қызығырақ көрінсе, сонда сіз сол жұмған аузыңызды ашпаған күйі қайтып кетесіз бе? Ет жеп, шай ішуге ғана келдіңіз бе? Онда сіздің діни қараңғы адамдардан айырмашылығыңыз не болды?

-Тыңдаушысы табылмаса - сөз жетім...

-Өте дұрыс! Бірақ, ол нақыл сіз жұртты аузыңызға қаратуға ең болмаса бір-екі рет әрекет жасап, оныңыздан нәтиже шықпаған кезде ғана дұрыс. Ал, сіз жарты әрекет те жасаған жоқсыз ғой. Міне, миссонерлердің, сектанттардың қазақты дін-исламнан шығарып, жат, жағымсыз ағымдарға ертіп әкетіп жатқанының себебі - олардың көшедегі елдің алдын орап жүргізбейтін, үйіне барып тыныштық бермейтін барынша белсенділігі мен сіздердің осындай бойкүйез, жайбарақат жатқан бейәрекетсіздіктеріңіз. Қазақ діни бөлінушілікке бой алдырып, бір отбасыдағы жандар бірнеше дінге кіріп кетіп, бақытсыздыққа ұшырап жатса, соған ең алдымен мына сіздер кінәлісіздер! Міндетіңізді дұрыс орындамағаныңыз үшін, наныңызды адал жемегеніңіз үшін ертең Алл-Тағаланың алдына барғанда жауап бересіз!

Имамға осыдан соң барып «жан бітті». Көсіліп сөйледі. Есіліп сөйледі. Шешіліп сөйледі. Шынында да білімді екен. Тыныш жерде дау туғанын көріп қайтқысы келмей қалған көпшіліктің талай сұрағына уәжбен, нақты, салмақты түрде жауап беріп жатты.

Бұл не деген сөз? Бұл жоғарыда айтылған екі имам да зияткерлік айтыс-тартыстарға түсіп шынықпаған, шыңдалмаған, өзінің діни, адами ұстанымы берік қалыптаспаған жандар деген сөз. Олар іс жүзінде бір күндік тамағы үшін жүрген, Алла-Тағаланың хақ діні - ислам үшін аянбай тер төгіп беріп, керек болса жанын қимақ тұрғай, тұяғының ұшын артық қимылдатпайтын жандар деген сөз. Енді өздеріңіз ойлап көріңіздер, көлеңкесінен қорқатын, жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтін осы секілді имамдар халықты қалай өз баурына тарта алмақ? Сектанттармен, миссионерлермен олар қалай күресе алмақ?

Қайрат Лама Шариф мырза «Дінде экстремизм жоқ» деп мақала жазады. Дәстүрлі діндердің ұстаным-қағидаларында экстремизм жоқ та шығар, бірақ, дінді таратын адамдар ғой. Адами фактор әрқашан өз рөлін ойнамай тұра алмайды. Дәстүрлі христиан діні де, оның ағымдары да, шын мәнінде тасада тұрып бәрін билеп-төстеп отырған иудаизм өкілдері оларды да, өз дінін де әлемге тарату, насихаттау, салтанат құруына қол жеткізу үшін қаржыны да аямай шашып, өзгелердің қолымен от көсеп, ең бірінші кезекте ислам дінін іштен іріту үшін небір қулық-сұмдыққа баруда. Олардың бұл бағытта жиған тәжірибесінің теңдесі жоқ. Ислам оған дәл өзіндей ептілікпен, амал-айламен жауап бере алмауда. Батыста шіркеу қызметкерлері қайта-қайта Құран өртейді, пайғамбарымызды мазақтаған мақала, фильмдер жарық көруде. Мұсылмандар болса елшіліктерге шабуыл жасаудан, дүкендерді өртеуді ғана біледі. Хиллари Клинтон секілді беделді саясаткердің өзі «кинофильмдер қандай жағымсыз түрде жасалғанымен, олар бұзақылыққа, экстремисттікке негіз бола алмайды» деп, бәленің бәрін мұсылмандарға аударып, олар әлем алдында кінәлі болып көрініп қалып жатыр. Ньютон ашқан табиғаттың заңы бойынша «әрбір әрекет қарсы әрекет тудырмай тұра алмайды». Бірақ, сол қарсы әрекет сауатты, қамырдан қыл суырғандай болуы тиіс. Біз қой терісін жамылып ағылып келіп жатқан, ұлтымызды іштей іріту жоспарын табандылықпен, тұрақты, жүйелі түрде асқан шеберлікпен жүзеге асырып жатқан нағыз экстремистерге қалай тойтарыс бере аламыз? Бүгінгі дін басымыздың, мүфти бастаған имамдарымыздың көбісінің ол талапқа сай емесі бесенеден белгілі. Не істеу керек? Ойланайық. Әлі де кеш емес. Бірақ, уақыт бізге қарсы екенін де ұмытпайық.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375