Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2836 0 пікір 18 Қаңтар, 2013 сағат 08:49

Тоқтарәлі Таңжарық. Ғаламтор мәдениеті

Ғаламтор-интернет қазақ қоғамына енгелі көп болған жоқ. Аз уақытта әлем торласып үлгерді. Кешегі жаңалық - жаңалық болмай қалды. Бүгінгі жаңалық сол заматта ескіріп үлгереді. Дәл қазіргі жаңалығыңыз әлдекімдердің әлдекімдерден естіген әңгімесі болуы мүмкін... Африкадағы әлдебір тайпа көсемінің өлімін, Америкадағы гейлердің шеруін, Ауғандағы әйелдің аянышты халін, Үндістандағы жалаң аяқ кем-кетіктің ауыр тұрмысын, аш-жалаңаш балалар тағдырын дер шағында көресіз де, келесі несі бар екен деп елеңдеп отырғаның. Жақсылық іздеу кемшін, қандай өрт, апат, қанқұйлы іс болды екен деп елегіземіз көбіміз...

Ақпарат тасқынының қарқыны күн санап өсіп келеді. Былтырғы мереке биыл қасіреттерді еске түсіретін әлдебір дата яки елеусіз күннің бірі болып шыға келуі бек мүмкін. Бұрнағы жылғы оқиғалар тізбегі қазір алыс бір ғасырлардағы ертегі мен аңыз аралас әңгіме секілді. Ал кейде алыс ғасырлар тұңғиығынан жеткен ақпар күні кеше болғандай көрінетіні қызық...

Ғаламтор-интернет қазақ қоғамына енгелі көп болған жоқ. Аз уақытта әлем торласып үлгерді. Кешегі жаңалық - жаңалық болмай қалды. Бүгінгі жаңалық сол заматта ескіріп үлгереді. Дәл қазіргі жаңалығыңыз әлдекімдердің әлдекімдерден естіген әңгімесі болуы мүмкін... Африкадағы әлдебір тайпа көсемінің өлімін, Америкадағы гейлердің шеруін, Ауғандағы әйелдің аянышты халін, Үндістандағы жалаң аяқ кем-кетіктің ауыр тұрмысын, аш-жалаңаш балалар тағдырын дер шағында көресіз де, келесі несі бар екен деп елеңдеп отырғаның. Жақсылық іздеу кемшін, қандай өрт, апат, қанқұйлы іс болды екен деп елегіземіз көбіміз...

Ақпарат тасқынының қарқыны күн санап өсіп келеді. Былтырғы мереке биыл қасіреттерді еске түсіретін әлдебір дата яки елеусіз күннің бірі болып шыға келуі бек мүмкін. Бұрнағы жылғы оқиғалар тізбегі қазір алыс бір ғасырлардағы ертегі мен аңыз аралас әңгіме секілді. Ал кейде алыс ғасырлар тұңғиығынан жеткен ақпар күні кеше болғандай көрінетіні қызық...

Ғаламтор - ескі мен жаңаның, өткен мен болашақтың, қатігездік пен мейірімнің, бар мен жоқтың мидай араласқан ортасы. Өз қасыңдағы оқиғаға, іске, түрлі тағдырға назар салмауыңыз мүмкін, бірақ өзге қиырдағы қилы тағдырға көз моншағыңызды үзесіз. Ең бастысы, қандай ақпарат оқысаңыз да, соған сай жауап қалдыруыңызға, пікір білдіруге құқыңыз бар. Сіз саясаттанушы, мәдениеттанушы, болмаса философ яки әлдебір саланың ғалымы болуыңыз шарт емес, көзқарасыңыз өзіңізге, жазыңыз, қалдырыңыз, шамына тиіңіз, сынаңыз, мінеңіз, алғыс айтыңыз - ерік алдыңыздағы компьютердің перне тақтасына басылған саусақтарыңызда. Тінтуіріңізбен тінтуірлеп жүріп, ел көрмегенді, ел оқымағанды, ел естімегенді табыңыз да, достарыңызға, өзіңіз көрмеген таныстарыңызға, әлеуметтік желідегі майдандастарыңызға, ооо, ол түгілі көрместен, танымастан сізге кері оппонент, қарсылас болып үлгірген, біріңізді-біріңіз ұнатпайтын әлдебір бәсекелестеріңізге лақтыра салыңыз. Ұнатуы да, ұнатпауы да мүмкін. Пікірталас. Пікірдің сан алуандығы демократияның өлшемі. Солай ма екен?! Оны кім айтты екен, кім шығарды екен? Білмеймін... Енді сіз құқылысыз, еш қымсынбастан, мұным қалай болар екен деп ойланбастан, ағайынның, мейлі ол кім болса, ол болсын, жағасынан аласыз, тығылып отырып коммент жазасыз, тасада тұрып тас лақтырасыз. Қой дейтін ешкім жоқ. Міне, еркіндік! Алпыстағы ағаның жазбасына бесіктен белі шықпастан Интернет әлемін кезген әлдебір боқмұрын сіңбіре салады. Оның жақтастары көп-ақ, бірдеңе деп қарсы шығар болсаңыз, бітті, бір топ шуылдақ қақырып-түкіріп, ақ иті мен көк итін кезек жұмсауы мүмкін. Сақ болыңыз! Интернетшіл бала демекші, оның немен айналысып, нені оқып, нені көріп отырғанын қадағалайтын ата-ана керек. Алайда ғаламтор түгілі, компьютердің тінтуірін ұстап көрмеген кейбір отағасы мен отанасы оны қалай қадағаламақ?

Ғаламтор - ышқынулар мен ысқырулардың, айғай мен сүреннің, үнсіздік пен момақан арманның, ізгі ой мен ібілістік арпылыстың жәшігі. Қоқысқа толы. Керегін алыңыз. Бірақ керегін табу оңай емесін көкейге бекем сақтаңыз. Керексізді дерексіз таба салу жылдам. Желілердің күн құрғатпай алдында отырсаңыз, оқымысты болып шыға келесіз. Сансыз цифрларды, ғылымның әр саласын, анықтамалықтар мен энциклопедияларды бір өзіңіз меңгеріп алғандай сезінесіз, алайда... Алайда ештеңе оқымағаныңыз, ештеңенің ұшығына жете алмағаныңыз тағы рас. Мұндағының бәрі сағым секілді, тез оқисыз, тез өшеді. Сіздің желілер шоғырынан тапқан әлдебір көрсеткіштер мен талдауларыңызды, әлдебір тарихи тұжырым мен пәлсапалық ойларыңызды өзгелер оқып, осының бәрін қайдан біледі деп ауыздарын ашады. Сізді данышпан санайды. Сіздің көзқарас, тұжырым деп бағалайды. Сіз енді тұлғасыз. Бірақ кеудеңіздің қуыс екенін өзіңіз ғана білесіз... Оны жасырасыз. Сондықтан да өзге болып өмір сүресіз. Өзгені өзіңізге айналдырып өмір сүресіз. Сол бір асыл сөзді айту үшін, сол бір тұжырымды жасау үшін сан айлап кітаптар ақтарған, тәжірибелер жасаған әлдебір ойшыл яки ғалым ұмыт қалған. Оның ойын теріс айналдырып, сіз пайдаландыңыз. Шексіз ресурстарды қолдандыңыз. Оның өзі қабілет! Бірақ... Енді бірде өз ойыңызды екі қарап өңдеместен, өзіңіздің әлеуметтік желідегі парақшаңызға сүңгітіп кеп жібердіңіз. Ең бастысы, жазбаңыздың грамматикалық қателіктеріне, ой-мазмұндық ұрда-жықтығына, жарты сөйлем, жалаң құрылым екеніне мән беріп жатқан Сіз жоқ, барлық шектеулер мен кедергілер сызылып тасталған, соған қарамастан о бір шеттен, өзге қаладан, өзге ауданнан, өзге ауылдан әлдебір кісі ойыңызды ұнатыпты. Мақұл. Тағы бірнешеуіне де жаман әсер етпеген көрінеді. Дұрыс. Енді келіп басқа бір шеттен сіз көрмеген, атын естімеген қайдағы біреу ақыл айта бастайды, дұрыс емес дейді, сөйлеміңді түзе дейді, үтір-нүктеңді байқап қой дейді, сөзді орнымен қолдан дейді, мәдениетті бол дейді. Кім ол сонша бұлай ақыл айтатын? Жатып кеп арылдайсың. Өзіңнің жазбаңды қорғауың керек. Ал ол жазбаңның басында проза, поэзия деген анықтамалар тұрса, онда тіптен күйіп кетесің. Күңіренесің. Кіжінесің. Өзге аздаған оқырманыңызға қызық керек, ортаға май құя түседі. Біреуі «еп» дейді, енді бірі «шоқ» дейді. Біреуі жұбатқансиды, тағы бірі саған жаны ашығансып, екі жақтың да көңілін жықпай, «...енді дұрысырақ, онша үлкен ағаттық та жоқ секілді... бірақ...» деп мүләйімсиді. Танымайтын қасыңа қарадай өш боп, сәл жылы сөз айтқан пікірлесіңе жүрегің елжіреп сала береді. Міне, бүгінгі ғаламтор әдебиеті. «Шөп те - өлең, шөңге де - өлең». Сөйлем құрай білсең, жазушысың. Ондай атақты саған ешкім берген жоқ, жеке парақшаңа, болмаса өзіңнің блогыңа, яки сайтыңа іліп қой. Саған қой деген пенде болмас. Болып жатса, ит терісін басына қаптай сал. Ешкімді еркінсітпе. Цензураның заманы өткен. Бірте-бірте кітаптың да «модыдан» қаларын ішіңіз сезіп жүр. Ат шығарудың төте жолы сарғайған журналдар мен газеттердің бетінде көлдей болып тұру емесін екінің бірі біледі. Әлеуметтік тобыңыз, сізді жақтайтындар мен жақтамайтындар қанша көп болса, сонша жақсы. Ойыңызға келгенін тізе беріңіз. Бәрі аңтарылып қарайды, өлеңіңізді өзінің «тілдей жазбаларына» (микроблог) көшіріп алады. Сізді арнайы қорғайтын адвокаттарыңыз солар... Демек, әдебиеттің өзіндік оқырмандары баршылық. Олардың қалай топтасқаны, айналаңызға қалай жиналғанын өзіңіз де біліп отырсыз...

Ғаламтор - тұтасқан әлем. Өрмекшінің торы дерсіз. Енді шынайы сүйіспеншіліктің орнын, жылтыры мол виртуальды махаббат, шынайы аралас-құралас достықтың орнын виртуальды сыйластық басып келеді. Тек көгілдір сағымды ғаламторлардың ішінде сан мен цифрлардың, әлдебір атаулар мен өзіңе үш қайнаса сорпасы қосылмайтын есімдердің жақынысыз... Қазір танысыңыздан ажырап, танымасыңызды жақын тұтатын мезгіл. Иіріміне ессіз үңілген кейбір жандар оның тұтқынына да айналып үлгерген. Жалғыздық пен күйзелістің асау толқындарына жұтылғандар қаншама? Бұйығы, жадау-жүдеу... Бұл да бір өтпелі кезең шығар. Жамандығын айтып тауыса алмайсыз, ал жақсылығы да ұшан-теңіз. Тек соны орнымен пайдалана білсек, мүмкіндігін барынша ықтиятпен жүзеге асырып, адами қалпымызды нықтап, білімімізді асыруға жұмсасақ. Академиялық кітапханалардың орнын Интернет баса алмайды. Бірақ оның да ғылыми тегеуріні шексіз. Тек аздаған мәдениет керек... Ғаламтор мәдениетін ерте игермеу өзімізге сын. Интернеттің иіртпегіне түсіп, былыққандар мен ылыққандардың қармағын қапқан ұрпақты сауықтыру үшін ұлттық иммунитеттің күші жеткілікті болуы ләзім. Ал оған шамамыз жетпесе мылқау ұрпақ пен соқыр жеткіншек, керең өспірім қаулайды. Қазір сол дәуірдің басы. Болу мен бордай тозудың арасы...

Тіл мен діннің, діл мен рухтың сыналар тұсы. Қолы жеткендер көп, ойы жеткендер аз. Ғаламтор арқылы ғарышты игеріп жатқандар көп, ал керісінше өзін өзі игере алмай жатқандар да сансыз. Осы тұста мені толғандыратыны, біздің елдің Интернет ресурсының тым қарабайырлығы. Қазір тек ақпарат алмасу, әдеби тенденцияның белгілі бір айналымы, журналистикалық ізденуге ғана мән беріп отырғандаймыз. Белгілі бір салалық мамандықтар, айталық, нақты ғылым қазақша сөйлемек түгілі, атымен жоқ. Ғаламтордан ғылыми жаңалықтарды таба алмайсыз. Өзіміздің елдегі ғалымдардың еңбектері мен тұжырымдары да орыс тілінде былдырлайды. О, неге? Ол түгілі, біз кімді байытып, кімді қорғап отырмыз осы? Неге қазақтың өзінің «mail.ru», «facebook.com», «twitter» секілді желілері жоқ? Неге сол жоқтың орнын толтыратын мамандар, сол үшін еңбек ететін жеткіншектер жоқ? Олар бар болса, онда неге соны қолдайтын Үкіметіміз жоқ? Қашанғы өзге елдің шекпенін кигенімізге марқаямыз? Қашанғы өз дүниемізді өзіміз тұтынатын кезді армандаумен өтеміз?
М. Хайдеггер техникамен тіл табыспай, адамзат өркениеті алға озбасын аманаттайды. Ойшылдың өткен ғасырда айтқан толғамының кезеңіне енді жеттік. Ұлы дүбірде атымыз оза ма, әлде... Сіз бен бізге байланысты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373