Қуып шықты
Қуықтай бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатқанбыз, бала-шағамызбен кешкі тамақты «ұрып» жатқанбыз. Есік еңірей ашылып, қожайынның әйелі кіріп келді. Шамасы, бірдеңені біліп келді.
– Пәтерді босатыңдар, Ресейден қашқан орыстарға беремін, –деді былш еткізіп. Мен шайға шашалып, әйелім вермишелге қақалып, ересек екі баламның шаштары үрпиіп кетті. Айсара апай қабырғаға қадала қарады.
– Мына ілініп тұрған қандай портреттер? – деп сұрады.
– Портрет емес, екі кішкентай баламыз ғой, – деді әйелім.
– Еңбектеп, түс қағазды жырта ма деп, қабырғаға ползункаларымен іліп қойдық, –дедім мен.
– Давай, шығыңдар! Тез босатыңдар! «Портреттеріңді» ұмытпай, алып кетіңдер! –деп айқай салды ол. Түн ішінде қайда барамыз ? Путинге жыным келді. Ресей президентіне. Украинаға соғыс ашып, мобилизация жариялап несі бар еді? Соғыстан қашқан жігіттердің кесірінен кеспе көжемізді де іше алмай, пәтерден қуылып барамыз!
«Олар қанша төлейді?» –деп сұрадым мен. «600 мың теңге!» –дегенде, әйелім шалқасынан түсіп, талып қалды. Бетіне пісте май жағып, әрең жанын алып қалдым. Пісте майға ғана оянады өзі. Амал жоқ, балаларымызды киіндіріп, соңғы рет пәтер қабырғаларын қимастықпен сипалап, соңғы рет дәретханасына отырып, соңғы рет бір стақан су ішіп, есіктен шыға бердік. Бұрылып апайға қарап едім, қолын бұлғап тұр екен, шыдай алмай, жүгіріп келіп, құшақтай алдым. Қимастықпен.
– Ойбай, не болды? –деп сұрады ол.
– Сізді қимай барамыз!
– Құрып кетіңдерші! –деді ол. Құрып кетейік деп, есіктен шыға беріп, әйелім Айсара апайға қимастықпен қарады. Ол қолын бұлғап тұр екен. Шыдай алмай, жүгіріп барып, құшақтай алды.
– Ой, неменеге құшақтай бересіңдер?
– Қазақ қазақты қуып шыққанына риза болып барамыз,–деді әйелім.
– Маған ақша керек, ақша!
Әйелім көз жасын сығып алды. Айсара апай жылаған жоқ, «Неге жыладың?» деп әйелімнен сұраған жоқ. «Евроремонт» бетінен (бояуын айтамын) аяушылық та білінбеді. Пәтерден шығып бара жатып, Айсара апайға қарадым. Ол бұл жолы қолын бұлғаған жоқ, жақтырмай, аузы-басын қисаңдатып, ернін жыбырлатты. Көтеріп тұрған баламды жерге қоя салып, жүгіріп келдім.
– Айсара апай, түріңіз бұзылып кетті ғой, ауырып қалдыңыз ба? Жедел жәрдем шақырайын ба? – деп бәйек болдым. Ішімнен:
– «Түн ішінде Алматы вокзалына қаңғытпас, ертеңге дейін қондыратын болар?» – деп ойладым. Ол менің жағыма салып қалды.
– Не деген адамсыңдар? Қазір квартиранттар келеді! Есікті жабыңдар! –деді ол айқай салып. Сонда да, Айсара апайды қимаймыз. Қанша дегенмен, өз қазағымыз ғой. «Әр қазақ менің жалғызым» демеуші ме еді, бір айдың ішінде бауыр басып қалыппыз. Осыдан пәтерге қол жеткізер болсам, апайды үйіме қонаққа шақырып, тек шәй бере берер едім. Шәй ұят болады. Тамаққа тойдырар едім! Қимаймын. Кейде келіп:
– «Мына тарақандар өздеріңдікі ме?» – дейтіні бар. Алматыда жалғыз біз емес, талайы тас көшеде тапырақтап жүр екен. Айсара апайым есікті ішінен енді ілейін деп жатқанда, басымды бұрып:
– Апай, сау болыңыз! Біз сізді ұмытпаймыз! –дедім. Жанарым жасқа толып. Беу, қазағым-ай, адамгершілік ашаршылығы баяғыдан басталып кетіпті ғой!
Мұхтар Шерім
Abai.kz