Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1212 0 пікір 15 Қыркүйек, 2022 сағат 15:22

Мәжіліс пен Парламентаралық одақ ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісті

Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Парламентаралық одақ төрағасы, Португалия Республикасы Ассамблеясының депутаты Дуарте Пашекумен кездесті. Парламентшілер ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылап, бірлескен іс-шаралар өткізу жөнінде келісімге келді.

Е.Қошанов пен Д.Пашеку Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіннен алған әсерлерімен бөлісті. Кеше алқалы жиынға Парламентаралық одақтың басшысы да қатысқан болатын. Мәжіліс Спикері Дуарте Пашекуға дінаралық диалогты нығайтудағы Қазақстан саясатына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. – Съезд нәтижесі мен декларациясы әлем елдерінің үкіметтері, халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ институттары үшін толеранттылық, өзара құрмет пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуде маңызды бағдар боларына сенемін.

Кейбір мәселелер Парламентаралық одақтың алдағы іс-шараларының күн тәртібіне де енгізілуі мүмкін, – деді Е.Қошанов. Өз кезегінде Дуарте Пашеку әлемдегі қақтығыстардың көбі діни себептерден туындайтынын айтты. Сондықтан рухани көшбасшылар халыққа діннің жанжалға себеп болмайтынын түсіндіруі керек екеніне назар аударды.

– Бұл тұрғыда Қазақстанның және ел Президентінің рөлі айрықша екенін атап өткен жөн. Өйткені сіздің ел түрлі діни ағым өкілдері бейбіт өмір сүре алатынының үлгісіне айналып отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезд жұмысын жалғастыру және нығайту жөніндегі ұстанымы – бүкіл әлем үшін өте жақсы бастама, – деді Парламентаралық одақтың төрағасы.

Тараптар ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылай келе, Парламент Мәжілісі мен Парламентаралық одақ арасындағы байланысты нығайтуға келісті. Әсіресе, экологиялық мәселелердің өзектілігіне ерекше мән берді. – Қазақстанның экологияны жақсартуға бағытталған реформалары Орталық Азия елдеріне үлгі бола алады, – деді Д.Пашеку.

Соңында Д.Пашеку келесі жылы Парламентаралық одақ іс-шараларының бірін Қазақстан астанасында өткізуді ұсынып, қазақстандық парламентшілерді аталған одақ пен Ассамблеяның іс-шараларына қатысуға шақырды. Кездесуге Португалияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мария де Фатима Велес де Андраде Мендеш және Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары қатысты.

Айта кету керек, Парламентаралық одақ – құрамына 179 мемлекет кіретін ең көне халықаралық парламенттік ұйым. Штаб-пәтері Женевада орналасқан. Одақ БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді және оның мақсат-міндеттерін басшылыққа алады. Қазақстан Парламентінің депутаттары Одақтың ресми іс-шараларына тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл Парламентаралық одақтың төрағасы Дуарте Пашекудың Қазақстан астанасына екінші сапары. Алғаш рет 2021 жылдың желтоқсан айында келген болатын.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485