Мобилизация: 3 орыс, 447 қазақ шақырылыпты
Кеше Саратовтың қазағы өз жеріндегі мобилизация қалай өтіп жатқаны туралы айтып берді. Тыңдап отырып, жүрегім ауырды…
Гай Александров атты елдімекенде орыстар мен қазақтардың үлесі теңдей екен. 50:50 деуге негіз бар. Мобилизация басталғанда, екі жақтан да теңдей адам алынады деген логикалары “сынып” қалыпты.
Гайлықтардан 450 адам соғысқа алынған. Нешеуі орыс деп ойлайсыздар?
225 адам?
25 адам?
3 адам! 450-ден тек үшеуін ғана орыстан алынған. Сенесіздер ме? 447-сі қазақтар! Әскерде болып келген Володя әлі ішіп, шалқып жүр екен. Оған повестка келмеген. Ал өмірі әскерде болмаған, заң бойынша ішінара мобилизацияға жатпайтын механизатор, тракторист, ветеринар Бақыт, Мұрат, Арманның бәрін бір күнде жинап, аттандырып жіберген.
9000 адамы бар осы селодан бір-екі жігіт қана Қазақстандағы туыстарына кетіпті. Ал қалғандарының көбі: “Сатқын болмаймыз, Отанымызды қорғаймыз” деп, отар-отар қой секілді кете беруге әзір. Қандай аянышты. Сарытауын емес, өзге елдің территориясында бір алжыған шалдың сасық көкірегін қорғаймын деп күлі көкке ұшарын ойлауға қауқарсыз. Өздерін оқты азайтар “пушечное мясо”, әрі жерін қазақтардан (ингуштан, татардан, буряттан) оңай тазартар құрал ретінде аяусыз қолданып жатқанын ұғынуға дәрменсіз.
Кезінде Қытайға өткен атажұртында бірер жыл бұрын қамалып, қырылған қазақтардан еш айырмашылығы болмай тұр. Әдіс әртүрлі. Нәтиже бір. Авторитарлы, қылышынан қан тамған жерде қазақтың болашағы жоқ. Ол жерлер енді тарихи отанына орала ма, жоқ па, беймәлім. Жеті атасының мазары жатқан, өзі туып-өскен жерін қимайды, әрине. Бірақ өзін сақтағысы келген, ұрпағын өрбіткісі келген қазақтар Қазақстанға оралмаса, ол жақта құрып-жойылары немесе атын, жөнін, ділін, тілін, дінін сатып, толық ассимиляцияға түсіп кетері анық екен…
Алма Сайлауқызы
Abai.kz