Бейсенбі, 1 Желтоқсан 2022
Айтыс 1379 12 пікір 3 Қазан, 2022 сағат 13:19

Дариға Назарбаева сайлауға түсе ме?

Ел ішінде бұрынғы мәжіліс депутаты, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева алдағы болатын кезектен тыс президент сайлауына түсуі мүмкін деген алып-қашпа әңгіме айтылып жүр. Бұған дейін, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының мүшесі (ОСК) Шавқат Өтемісов Дариға Назарбаеваның президенттікке үміткер ретінде қатыса алатынын айтқан болатын.

«Әрине, үміткер бола алады. Нұрсұлтан Назарбаев та үміткер бола алады. Талаптарға сай болатын кез-келген адам президент сайлауына өзін ұсына алады», - деген еді Өтемісов.

Дариға Назарбаева қаңтар оқиғасынан кейін барлық саяси қызметтен алынған болатын. Қазір экс-депутаттың қайда жүргені туралы нақты ақпарат жоқ. Ол қаңтар айының басынан бері жұрт алдына шықпаған.

5, 12 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысына қатыспаған, 11 қаңтарда президент Тоқаев  үкімет құрамын жаңалаған кезде де көрінбеген Дариға Назарбаеваның «коронавирус инфекциясын» жұқтырып, Алматыдағы үйінде емделіп жатқаны белгілі болды.

17 қаңтарда zakon.kz сайты денсаулығын қалпына келтіру үшін оның ақысыз демалыс алғандығы туралы хабарлады. Артынша Назарбаеваның «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінен шығарылғаны белгілі болды.

1 ақпан күні «ҚазТаг» агенттігі дереккөздерге сүйеніп, Дариға Назарбаеваның Біріккен Араб Әмірлігі Дубай қаласында жүргенін жариялады.

25 ақпанда Дариға Назарбаеваның Мәжілістегі мандатын тапсырып, депутаттықтан кеткенін мәлімдеді.

Қазақстанның саяси өмірінде айтарлықтай өзгеріс жасаған, жүздеген адамның өмірін қиған қасіретті «қаңтар оқиғасынан» бері үнсіз жатқан экс-депутат Дариға Назарбаева алғыс айтып, сол бір «қаңтар оқиғасы» туралы пікір білдіріп:

«Қасіретті «қаңтар оқиғасы» бізге бейбітшіліксіз, халық бірлігінсіз Қазақстанның гүлденуі, еліміздің әрі қарай дамуы мүмкін емес екенін көрсетті. Осы болған оқиғалар – біздің халқымыз үшін ауыр трагедия», - деді ол.

58 жастағы Дариға Назарбаева қызметтік карьерасында әртүрлі басшылық лауазымдарды иеленді. Ал Парламентте:

2004-2007 жылдары Мәжілістің үшінші шақырылымында депутат болды. 2005-2007 аралығында Мәжілістегі «Аймақ» дейтін депутаттық топты басқарды.

Онан соң 2012-2015 жылдар аралығында Мәжіліске қайта депутат болып сайланды. «Нұр Отан» партиясының тізіміне еніп, 2015 жылдан бастап «Нұр Отан» фракциясына жетекшілік етті. Мәжіліс төрағасының орынбасары болды.

Парламентке үшінші мәрте 2016 жылы барды. 2016-2020 жылдар арасында Сенат депутаты болып жүрді. Тіпті, 2016-2019 жылдары Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін тізгіндеді.

Ал 2019-2020 жылдар арасында Сенаттың төрағасы атанды. Сөйтіп, Қазақстанның саяси жүйесіндегі «запастағы президент» атанды.

Дариға Назарбаеваның Парламентегі төртінші жорығы – 2021 жылы басталған. Мәжілістің жетінші шақырылымына «Нұр Отан» тізімі арқылы өткен. Биыл 25 ақпанда Мәжілістегі мандатын тапсырды.

Айжан Темірхан

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар