Марат МАДАЛИМОВ. ЖОЛДАУДЫ ЖАТТАП АЛҒАН СЕНАТОРЛАР ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫНА ҚҰЛАҚ АСҚЫСЫ КЕЛМЕЙ МЕ?
Жаңа жылдың алғашқы оншақты күнінде Парламентіміздің депутаттары еліміздің түпкір-түпкіріне сапар шегіп, мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауын насихаттаумен, оны халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарымен айналысып қайтты. Дұрыс-ақ! Өйткені ел басшысының өз халқына арнаған Жолдауында, көпшіліктің көңілінен шығатын көптеген мәселелер айтылған. Және жәй айтылып қана қоймай, оларды қалай шешу мәселелері де «соқырға таяқ ұстатқандай» нақтыланып көрсетілген. Осыған орай айтарымыз - жақында Елордамыздан таяқ тастам жердегі Қарағанды облысына сенаторларымыз келіп қайтты. Серік Ақылбай, Юрий Кубайчук деген. Сапарларының мәні мен мақсаты айтпаса да белгілі - әңгімеміздің басында айтылып кеткен ел басшысының Жолдауын халыққа кеңінен түсіндіру. Мұны да жөн дейік. Насихаттасын, түсіндірсін. Бірақ бір түсініксіз нәрсе бар осы жерде: осы біздің парламентариилеріміз не үшін ел аралайды, не үшін ХХІ ғасырдың «көзі ашық, көкірегі ояу» адамдарына Жолдауды «кеңінен» түсіндірумен айналысады? Бұлай деп отырғанымыз - қазіргі үлкен-кіші де, шаруа мен жұмысшы да, оқу-тоқу «өтіп кеткен» зиялы қауым да Елбасымыздың Жолдауын парламентриилерімізден бұрын оқып, тіпті кейбір буын қажетті жерлерін жаттап та алған. Бұған шәк келтірмейміз, өйткені ел аралап жүрміз, елдің Елбасыға деген, Елбасының Жолдауларына деген ыстық ықыласын Құдайдың құтты күні көріп те жүрміз. Ал енді Президент Жолдауларында көрсетілген, түйіні тарқатылмаған көптеген проблемалар еліміздің жер-жерлерінде жетіп артылады. Сонда дейміз-ау, ел арасына келген парламентариилеріміз Жолдаулардағы өзекті мәселелердің жер-жерлерде шешілмеген проблемаларын көзге шұқып тұрып көрсетіп, соған жауапты адамдарды неге еңіретіп тұрып ел алдына шығара алмайды? Өйткені сенаторлар мен мәжілісмендер келді дегенде, ел ішіндегілердің арасынан ең алдымен қарапайым халық қуанады - бітпей жатқан ана шаруамызды да, бітпей жатқан мына шаруамызды да бітіріп кетеді деп. Тіпті бітірмесе де, бітіруге түрткі болып кетеді деп. Алайда әй, жоқ... жоқ... біздің парламентариилеріміз ел арасына «өз аяқтарымен аяңдап» кіре алмайды. Олар міндетті түрде облыс орталығына келеді. Олар міндетті түрде облыс орталығындағы әдемі де үлкен, кең ғимараттардың бірінде сықиып отырып жиналыстар мен «ешкімге керегі жоқ» ақыл-кеңестер өткізеді. Елбасының Жолдауларынан жаттап алған үзінділерін оқиды. Қазақтың «осы жер дегені - көш жер» деп бекер айтпаған ғой, сондықтан қарағандылықтар үшін екі жүз елу шақырым жерде жатқан Елордамыз «таяқ тастам жер» деп есептеледі. Осы «таяқ тастам жерге» Астанадағы халық қалаулылары жиі келгіш. Не үшін екенін өздерінен басқа ешкім білмейді. Жоғарыда айтып өттік қой, бұл жолы сенаторлар Ақылбай мен Кубайчук Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын ел арасына кеңінен түсіндіру үшін келіпті деп. Ал енді ол Жолдауда да, оған дейінгі Жолдауларда да АНА мен БАЛА мәселесіне айрықша көңіл бөлінген, сенатор мырзаларымыз ұмыта қоймаған болса. Осыған орай тіпті медициналық мекемелердің бірыңғай стандарттарын енгізу, ана мен бала денсаулығын сақтау сияқты негізгі бағыттар бойынша алдын алу шараларын жүргізу мәселелері нақтылана белгіленген. Ендігі әңгімеміздің тоқетері мынау: Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің «қанаты қатайып, томағасы сыпырылған» Теміртау деген бір қалада былтырдан бері «төсек орыны» жиылмай, алқа-салқа болып жатқан бір «сақалды мекеме» бар - «Балалар ауруханасы» деген. Сақалды дейтін себебіміз - өткен жылдың мамырынан басталған күрделі жөндеу жұмыстары қараша айына дейін бітіп, «су жаңа» болған аурухана ішінде науқас балалар «қатты-қатты» күле алмаса да, «әжептәуір ойнап-күліп» жүруге тиіс болатын. Бірақ міне, жаңа жыл басталып, қаңтардың қақ ортасы ауып кетсе де, іші кішкентай пацинеттеріне толы қаланың жар дегендегі жалғыз балалар ауруханасы «тәлтіректеп» әрең тұр. Құлап қалуы да ғажап емес, өйткені Қарағанды жақта ғимараттардың ойда-жоқта «қисая» қалатыны пәлендей жаңалық болмай қалды. Оған фундаментсіз салынған (адамның миына сыймайды) Бесобадағы баяғы құлап қалған көпқабатты үй, одан кейін де тұрғындары көшіріліп, әне-міне құлайын деп тұрған басқа да көпқабатты үйлер дәлел бола алады. Қысқасы, Ақылбай мен Кубайчук келді дегенді «көк жәшіктен» көріп, көптеген басылымдардан «өз көздерімен» оқыған кезде жүректері жарылардай болып қуанғандардың ішінде теміртаулықтар да бар еді. Бірақ бекерге қуаныпты, «Тұңғыш Президенттің Теміртауына» сенаторлар соқпай кетті. Сөйтіп Жолдауда көрсетілген АНА мен БАЛА мәселелері облыс орталығындағы үлкен-үлкен ғимараттардың ішінен шыға алмай қалды. Ал енді сенаторлар соқпай кеткен балалар ауруханасында осы кезде «қандай-қандай концерттер» болып жатыр еді дегенге келетін болсақ, енді осы мәселені де ойымызға түсіре кеткеніміз артық болмас.
ТЕМІРТАУ КӨЗ ЖАСЫНА СЕНБЕЙДІ
Теміртау қаласындағы жар дегендегі жалғыз балалар ауруханасының «әлди-әлди әл-бөпемі» облыс аумағынан асып, республика деңгейіне көтеріліп кеткенін парламентариилер білмесе де, қарапайым көпшілік жақсы біледі. Сона-а-ау бір жылдары... яғни өткен ғасырымыздың сона-а-у - алпыс тоғызыншы жылы салынып, содан бері күрделі жөндеу дегенді өңі түгілі, түсінде де көрмеген Теміртау қаласындағы балалар ауруханасына өткен жылы облыс бюджетінен ақша бөлініп, ғимараттың корпустарына күрделі жөндеу жүргізіледі дегенде қаладағы бала біткен «жылап-сықтауын» сап тыйған еді. Балалар ауруханасының директоры Анисия Пя ханымның да, жалпы аурухана ұжымының да орындалмас армандарына айналған проблемалары - жансақтау бөлімін бірінші қабатқа көшіріп, өзге бөлімдерді жаңалау, сол сияқты аурухана аумағын абаттандыру сияқты кезек күттірмейтін проблемалар еді. Ал енді есеп-қисапқа негізделген тиесілі ақша бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өткен сметаға байланысты тендер жарияланғанда, шынын айту керек, тек аурухана ұжымы ғана емес, қаладағы балалы үйдің барлығы «бөркін аспанға ата» қуанған болатын. Тендер деген «тентектің» қалай өтетінін өзгелер білмесе де, қазақстандықтар өте жақсы біледі. Сондықтан өзінің өзге бәсекелестеріне қарағанда әжептәуір аз қаржы сұраған... небәрі 231-ақ (?) миллион теңге сұраған «МАНАДА» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестік тендерді ұтып алып, апақ-сапақта алып-ұшып ауруханаға басшылығымен келісімшартқа отыра қалады. «Ұрыста тұрыс бар ма», аурухана басшылығы мен мердігер фирма арасындағы келісімшарт өткен жылдың жетінші мамыры күні түзіліп, «екі жақты бейбіт» келісімшартқа қол да қойылып кетеді. Арада тұп-тура екі апта өткеннен кейін аурухананың сол жақ қанаты, «екі жақты келісімшарттың» негізіне сәйкес, мердігер фирмаға босатылып беріледі де. Алайда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің «жауапкершілігі» жұмыс мәселесіне келгенде шынында да «шектеулі» болып шыққанға ұқсайды. Неге десеңіз, аурухана директоры Анисия Пя ханымның айтуына қарағанда, 69 миллион теңге «әп, біссіміллә!» дегенде құрылыс материалдарын сатып алу үшін бірден мердігерге бөлініп беріліпті. Бірақ неге екені белгісіз, жөндеу жұмыстарын жүргізуге жаздың ең қолайлы деген маусым, шілде, тамыз айларында құрылысшылар мүлде жұмыс істемеген көрінеді. Жалпақ тілмен айтқанда, қашып-пысып жүріп әйтеуір ғимараттың ана жерін бір, мына жерін бір ақтап, сырлаған болып, көз бояушылық жасағанға ұқсайды. Осы жерде ескере кететін тағы бір қызық мәселе - аурухана басшылығы ғана емес, балалар ауруханасының күрделі жөндеуі тезірек бітсе екен деп жатпай-тұрмай Жаратқаннан жалынып сұрап жүрген жалпы теміртаулықтардың бір таңғалатыны - осындай маңызды объектіге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тендерді ұтып алған құрылыс фирмасының, басқаларын айтпағанның өзінде, қарапайым ғана бетон араластыратын арнайы құрылғылары да (бетономешалка дейді ғой ел арасында) жоқ көрінеді. Жұмысшылар бетонды «қырық жыл бұрынғы күректермен» араластырады екен. Әрине, мұндай тасбақа тірліктен кейін күрделі жөндеудің белгіленген уақытта біте қоюы екіталай. Мәселен, аурухана ғимаратының сол жақ қанатының жөндеу жұмыстары шілде айында бітуге тиіс болса, ол қараша айына дейін созылған. Ал «жап-жақсы» жасалған жоспар бойынша қараша айында ғимараттың сол қанаты ғана емес, жалпы аурухананың күрделі жөндеуі толықтай бітуге тиіс екен. Хош дейік, «жартасқа бардым, күнде айқай салдым - одан да шықты жаңғырық» деп Абай жарықтық айтқандай, «бас білген бұқаға - «өк!» деген өлім» дегеннің кері тұп-тура «Манаданың» директорына арнайы аталып айтылғанға ұқсайды. Дегенмен, «жауапкершілігі» көпшіліктің көңілінен шықпай отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Саламат Ахметов деген мырзаның аурухананың жөндеу жұмыстарына қатысты ой-пікірлері Пя ханымның айтқандарына мүлде кереғар келеді. Оның айтуынша, аталып отырған объектіде проблемалар дегеніңіз олардың ойлағандарынан әлдеқайда көп болып шыққан көрінеді. Мәселен, күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жобалық-сметалық құжаттарды тікелей аурухана әкімшілігінің өзі түзуге тиіс болса, олар оны жергілікті бір кәсіпкерге тапсырған тәрізді. Ал ол болса «тарихы елу жылдан» асып кеткен ғимараттың ескі жобасына сүйене отырып негізгі құжаттарды бірнеше (?) күннің ішінде дайындай салыпты. Нәтижесінде бұрынғы жоба құжаттары мен қазіргі жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттар өзара сәйкес келмейтін көрінеді. Мысалы, смета бойынша тұп-тура екі мың радиаторды ауыстыру қажет болса, мұнда оның нақты саны екі жүзге де жетпейтінге ұқсайды. Сондай-ақ, бүкіл ғимарат бойынша 300 метрге жуық электр желілері ауыстырылу керек деп есептелген болса, құрылысшылар қазірдің өзінде 3000 метрден астам электр желісін ауыстырып тастапты. Ахметовтің айтуына қарағанда, мұндай қарама-қайшылықтар үш қабатты ғимараттың ішіндегі шағын ілме шамдар (светильниктер) мен дабыл жүйелеріне де қатысты екен. Сонымен бірге, «Манада» директорының пікірінше, ғимараттың ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде әбден шіріп кеткен жылумен қамтамасыз ететін жылу құбырларын ауыстыру мәселесі де жобада мүлде көрсетілмепті. Сонда шіріген құбырларды ауыстыру мәселесі сметалық жобада көрсетілмеген болса, фирма жұмысшылары оны қалай ауыстырады? Айналып келгенде, мердігер фирманың пікірінше, жұмыстың тоқтап тұрған себебі - қажетті қаржының төленбеуінде болып отырған көрінеді.
- Жасыратыны жоқ, біз өзімізге тиесілі ақшаның 30 пайызын келісімшарт бойынша алдын-ала алған болатынбыз, - дейді «Манаданың» директоры Саламат Ахметов, - бұл шамамен 70 миллион теңгедей болып қалады. Бұған біздер бірден құрылыс материалдарын, оның ішінде абаттандыруға қажетті дүниелерді де, сонымен бірге жап-жаңа лифтіні де сатып алдық. Ал шілденің 28-і күні сол кезге дейін істелген жұмыстың актісін жаптық. Техникалық бақылау қызметкерлері мен аурухана директоры қол қойғаннан кейін облыстық Денсаулық сақтау департаменті ақымызды төлеуге тиіс еді. Алайда дәл сол кезде олардың басшылары ауысып кетті де, и всем было не до нас. Мен соған қарамастан он миллион теңгенің шамасындағы құрылыс материалдарын қарызға алып қойдым, енді міне, соны да төлей алмай отырмын. Жақында мені мүлде өлтіретін шығар?!
Ұзын сөздің қысқасы, мердігер фирманың директоры «бас» десе, аурухана директоры «құлақ» дейді. Әркім өзінің айтқанын дұрыс деп есептейді. Анисия Пя ханым айтады, алдын-ала бөлінген ақша құрылыс материалдарына да, құрылысшылардың еңбекақыларын төлеуге де жетуге тиіс деп. Ал Ахметов мырза айтады, құрылысшыларым еңбекақысыз қалды, жақында олар «забастовкаға» шығады деп. Ал біздің түсінгеніміз - «бүгінге дейін атқарылған жұмыс көлемінің ақшасын сендерге облыстық Денсаулық сақтау департаменті төлеуге тиіс» деп аурухана басшылығы Ахметовті Қарағандыға «қуаласа», олар оны қайтадан Теміртауға қарай шығарып салады. Ал аязы мен бораны алқымнан алған биылғы ерекше қыс алқа-салқа болған аурухана ішіндегі көздері жәутеңдеген бүлдіршіндерді басынан сипай қоймайтыны және де айдай ақиқат. Міне, осындай мәселелердің шешімі кезек күттірмейтін күнделікті проблемаға айналып отырған қысылтаяң сәттерде Елбасының Жолдауындағы АНА мен БАЛА мәселесіне баса назар аудармай, үлкен-үлкен ғимараттар ішінде жаттап алған Жолдау жолдарын сыдыртып айтып шығып, бірдеңені бітіріп тастағандай қайтадан Астанаға асығу парламентариилер үшін неге қажет болды екен, ә? Бұлай дейтін себебіміз, сенаторларға дейін мәжілісмендер де қайран да қайран көмірлі Қарағандыға асығыс келіп, асығыс кетіп қалған болатын. Теміртаулықтар қазір парламентариилерден күдерлерін үзе бастады. Олардың ендігі үміттері - облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов мырзада. Неге?
Өйткені Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жаңа Жолдауынан кейін іле-шала облыс активін өткізген Әбілғазы Құсайынов мырза тұп-тура былай деген болатын: «...ана мен бала мәселесіне жауапты құрылымдардың бірлескен жұмысының нәтижесімен біздің облыс мақтана алады. Облысымызда республика бойынша алғашқылардың бірі болып «Балаларға мейірімді қала» жобасы қолға алынды...»
Рас, облыс басшысының айтып отырғаны көңіл қуантарлық мәселе, алайда ырың-жырыңы көбейіп, әлі күнге дейін «ауы мен бауы салақтаған» балалар ауруханасы орналасқан Теміртау қаласы «Балаларға мейірімді қала» деген атқа лайық емес пе? Мұны қалай түсінуге болады? Парламентариилер келді...кетті. Әкім айтты...қойды. Солай ма сонда? Осыған дені дұрыс жауап қайтаратын мемлекеттік мекеме бар ма өзі бізде? Бұған Парламентіміз не дейді? Бұған облысымыздың әкімдігі не дейді? Бұған, тіпті, тендердің «тегін» ақшасына балалар ауруханасын «аяғынан тұрғыза» алмай отырған облыстық Денсаулық сақтау департаменті не дейді? Әлде Теміртау балаларының көз жасына ешкім сенбей ме? Біз жауап күтеміз?
"Халық сөзі" газеті