Зеленский: Киев бұл соққыдан да аман қалады!
"Киев бұл соққыдан да аман шығады", - деді Украина президенті Владимир Зеленский кешегі Ресейлік зымырандар соққысынан кейін жасаған бейнеүндеуінде.
"Мен қазір тұрған Киевтің қиылысы Ресей соққысының нысанасына айналды. 700 метр қашықтықта София соборының қоңырау мұнарасы орналасқан. Собор салынып болғанда Мәскеу әлі болмаған еді", - деді Зеленский Владимирская көшесі мен Тарас Шевченко бульварының қиылысында тұрып.
"Менің артымда балалардың ойын алаңы бар, ол да соғыс нысанына айналды", - деп қосты Украина президенті.
"Олар Украинаны XVIII ғасырға түсіргісі келеді, бірақ олар өздері ежелгі жабайы адамдардың кезіне өтіп кеткенін байқамайды. Украина әрқашан ХХІ ғасырда қалады. Киев әртүрлі басқыншылықты бастан өткізген, бәрінен аман қалған. Киев тарихтан, дәстүрден, мәдениеттен жұрдай террористердің басқыншылығынан да аман шығады", - деді Зеленский.
Зеленский елде зақымдалған бүкіл энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
"Бір жерде тез жөнделеді, бір жерде ұзағырақ болуы мүмкін. Бірақ бәрі қалпына келтіріледі", - деді ол.
Сондай-ақ, Зеленский Батыстың Укринаға жаңа әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын беруге уәде еткенін еске салды.
АҚШ президенті Джо Байден Зеленскиймен сөйлесіп, "Украинаға өзін-өзі қорғауға қажетті қолдау көрсетуді жалғастыруға, соның ішінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарының озық жүйелерін жіберуге" уәде бергенін Ақ үй хабарлаған.
11 қазанда Украина бойынша "Үлкен жетіліктің" шұғыл отырысы жоспарланған.
Abai.kz