Қуаныш Тұнғатар. «Вечерний Талдыкорган» - басылымдағы бассыздық
«Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дейді емес пе қазақтың көнекөз мәтелі. Әттең, қазан отбасы, ошақ қасында ғана қалатын бұйым. Дүйім жұрттың арасына таратылмайды. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» де емес. Осы аптада Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат ҚАЛЫҚ атышулы «Вечерний Талдыкорган» газетінің бағыты мен беталысына қатысты жергілікті және өңірлік БАҚ-тың алдында өз пікірін білдірді. Баспасөз отырысына Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Ғалиасқар САРЫБАЕВ, белгілі ардагер журналист, Алматы облысының Құрметті азаматы Тұрсын ӘБДУӘЛИЕВ және Еркін ауылдық мешітінің имамы Қанат МАРАТҰЛЫ қатысты. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйтын» «вечеркалықтар» бұл жолы тым шектен шығып, газет бетіне жалаңаштанған қыздардың суретін қаз-қатар басып, талдықорғандық ардагерлердің ашу-ызасын тудырды.
«Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дейді емес пе қазақтың көнекөз мәтелі. Әттең, қазан отбасы, ошақ қасында ғана қалатын бұйым. Дүйім жұрттың арасына таратылмайды. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» де емес. Осы аптада Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат ҚАЛЫҚ атышулы «Вечерний Талдыкорган» газетінің бағыты мен беталысына қатысты жергілікті және өңірлік БАҚ-тың алдында өз пікірін білдірді. Баспасөз отырысына Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Ғалиасқар САРЫБАЕВ, белгілі ардагер журналист, Алматы облысының Құрметті азаматы Тұрсын ӘБДУӘЛИЕВ және Еркін ауылдық мешітінің имамы Қанат МАРАТҰЛЫ қатысты. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйтын» «вечеркалықтар» бұл жолы тым шектен шығып, газет бетіне жалаңаштанған қыздардың суретін қаз-қатар басып, талдықорғандық ардагерлердің ашу-ызасын тудырды.
«Вечерний Талдыкорган» газеті халыққа жан-жақты тұрмыстық қызмет көрсету және жарнама жасау жағынан алдыңғы қатарда көрініп жүргені рас. Облыс орталығында қолдан-қолға тараған басылымның жарнамасы да көшенің әр қапталында менмұндалап ілініп тұрады. Алайда газеттің 2013 жылдың 18 қаңтарында басылған № 3 санында шектен шыққан бірқатар анайы фотосурет пен тәлім-тәрбиеге кері әсер ететін сұрақ-жауаптар жарияланған. Мұнда газет облыс тұрғындарының әдептілік, ар-ұят және қоғамдық тәртіп нормаларын сақтау сынды адамгершілік өлшемдерін таптап өтіп, төртінші және бесінші беттеріне жартылай жалаңаш қыздардың суреттерін басқан. «Мисс Вечерний Талдыкорган - 2013» деп аталатын байқау жариялап, олардың арасынан «оза шапқан» жалаңаш жеңімпаздарды газеттің айқара бетіне қаздың балапанындай қатар тізген. Ол аздай, апталық басылымның екінші бетіне қайтыс болған жандарды «еске алу» хабарламаларын жариялап, үшінші бетке Елбасы Н. Назарбаевтың 2012 жылдың 29 желтоқсанында Ақордада сөйлеген сөзін суретімен бірге қосақтап баса салған.
- «Вечерний Талдыкорган» газетінің намысқа тиіп, ашу-ызамызды тудыратын әрекеттерге баруы бір бұл ғана емес. Олар қаламызда талай мәрте ұлттық тәрбиеге кереғар іс-әрекеттер жасады. Елбасы мен «еске алуды» газет бетіне қатар қою арқылы олар журналистік этиканы сақтамай отыр. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың суретін газеттің кез келген бұрышына баса салатын қолдағы ойыншық емес. Ол ол ма, бұл газет мемлекетіміздің болашағына балта шауып, жастарымызды жалаңаштануға тәрбиелеп жатыр. Сұлуларды сайыстырып, байқау өткізеді. Облысымыздың өрімдей қыздарын газеттің тұтас бетіне жалаңаштап шығарады. Демократия деп өзеуреп, ар-ұятты ысырып қойып, ұрпағымызды ұлағаттан айырады. Мұндай шектен шыққан басылымның бізге қажеті жоқ! - деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Шаяхметұлы. Сондай-ақ, ол баспасөз отырысына «Вечерний Талдыкорган» газетінің бас редакторы Елена Бурлуцкаяны арнайы шақыртқанын, алайда оның келмегендігін жеткізді.
«Вечерний Талдыкорган» газетінің қырық екінші бетінде редакцияның толықтай мекенжайы көрсетіліп, ҚР Парламентіне (Астана қаласы), ҚР Ұлттық кітап палатасына, ҚР Ұлттық кітапханасына және облыстық ішкі саясат басқармасына жолданатыны жазылған. Бұдан бөлек, ол жерде басылымның атауы «қоғамдық-саяси газет» деп нақты аталады. Ал газеттің бірінші бетіндегі «Народная газета» (Халықтық газет) деген қосымша анықтаманы байқау да қиын емес. Даудың басы да осы жерден туындайды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі журналист Т. Әбдуәлиев «Вечерний Талдыкорганның» «қоғамдық-саяси» және «халықтық» деген атауларға қайшы келетін тұстары өте көп екендігін тілге тиек етті.
- Өз басым баспасөз саласында 42 жыл қызмет атқардым. Дәл мұндай басылымдағы бассыздықты көзім шалған емес. Газетте халыққа қойылған сауалдың көпшілігі тым дөрекі. «Қаладағы қар тазалау жұмысына көңіліңіз тола ма?» деп халық арасына үндеу тастап, тікелей басшылықтың, министрлердің, қала мен облыс әкімдерінің фотосуреттерін келтіріп, жауап беруін немесе белгілі бір шаралар қолдануын талап етеді. Қоғамдық-саяси, халықтық басылымдар мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етіп, кез келген ауыртпалықты жұмыла көтеретін еді. Мына газеттің беталысы «қоғамдық-саяси» деуге келмейді. Министрліктен қайта тіркеуден өткізу керек, - деді Т. Әбдуәлиев.
Расында, газетті «қоғамдық-саяси» деп атаудан гөрі, «жарнамалық-ақпараттық» деуге әбден лайық. Баспасөз өкілдерімен өткізген кездесуде қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері бұл мәселенің бетін ашық қалдырмады. «Күйеуіңіз көзіңізге шөп салса, сіз де солай істеуге міндеттісіз бе?», «Өз сезіміңізді жақсы көрген адамыңызға газет арқылы білдіріңіз» немесе «Нақсүйері пайда болды» деген тақырыптарда тәлім-тәрбиені бұзатын шағын әңгімелерді молынан кездестіруге болады. Сондай-ақ, Еркін ауылдық мешітінің имамы Қ. Маратұлы «Вечерний Талдыкорган» газетінің бассыздығына қарсы 150-ден астам қол жинағанын, бұл қаланың тек бір шетіндегі ауыл тұрғындарының жартысы екендігін, бастаманың аяқсыз қалмайтындығын ашына айтты. «Көп жортқан түлкі терісінен айырылады» дейді қазақ. Ұлттық тәрбиемізді аяққа таптап жүргеніне қаншама рет көз жұма қарадық. Бір кездері осы басылым Талдықорғандағы атың өшкір жезөкшелікті заңдастыру керек деп шулатып, ұяттан жерге кіріп кете жаздап едік. Бұл бастамамыз аяқсыз қалмайды. «Вечерний Талдыкорган» министрлер мен әкімдерге газет беті арқылы шағым түсірсе, біз енді қала тұрғындарының қолын жинап, шынайы түрде арызданатын боламыз», - деді Қ. Маратұлы.
Қалалық ардагерлер кеңесінің баспасөз жиналысынан кейін, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Ғ. Сарыбаев қорытынды сөз сөйледі. Ол өз сөзінде тұрғындардың қала тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауды басты назарда ұстау қажеттігін баса айтты. Қаламыздың гүлденіп, қанат жайып өркендеп келе жатқанына әрбір тұрғынның үлесі бар екендігін жеткізді.
- Қала әкімдігінің басты міндеттерінің бірі - БАҚ өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеу. Оларды «төртінші билік» деп атайтынымыз да тегін емес. Қандай бағытта болмасын, кез келген БАҚ-пен тығыз қарым-қатынаста болуға дайынбыз. Әрине, кемшіліктер жоқ емес. Бірақ сынаудың да өз тәртібі бар. Кез келген газетте басылған сын материалға біз 3 күннен ары асырмай, міндетті түрде жауап береміз. Олқы тұстарымызды дер кезінде түзеуге бар күшімізді саламыз. «Вечерний Талдыкорган» газетінің редакциясы қаламызда орналасқандықтан, олардың бей-берекеттігі үшін мен де ардагерлер алдында кешірім сұраймын, - деп қорытындылады Ғ. Төлендіұлы.
Ұлт болашағын ойлаған аға буын ұрпағының ар-намысты болуы үшін осылайша өз жанайқайын білдірді. Ал «вечеркалықтардың» ұятты әрекеті үшін Ғ.Сарыбаевтың халықтан кешірім сұрағаны орынды. Бірақ халық құзырлы орындардан тексіз газетті тезге салып, тез арада шара қолдануын асыға күтетіндей. Ендеше тәртіп пен тәрбиеге жауапты билік өкілдері бұл келеңсіздікке немқұрайды қарамайды деген сенімдеміз.
"Abai.kz"