Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 2938 19 пікір 20 Қазан, 2022 сағат 11:29

Владислав Тендей ер қайда?!

Қазақстандағы корей диаспорасы десе мәнерлеп сырғанау шебері қыршын кеткен Денис Тен, Назарбаев әулетімен тығыз мүдде байланысы бар Алексей Ни, Владимир Ким қатарлы оллигархтар ойға оралады. Бірақ біз сөз еткелі отырған азаматтың жөні бөлек. Владислав Тен Өзбекстанда туып өскен азамат. Қазақ тілінің – «Бірліктің тілі» екенін биліктің мойындауынан көп бұрын саналықпен сезініп, өз қалауымен Қазақстанның мемлекеттік тілін жетік үйренген азамат. Владислав салтанатты мемлекеттік жиналыстарда қазақша тақпақ айтып, телеарналардан жиі көрінетіндердің сойынан емес. Қырғызстанда туса да Егемен қазақ елінің парламентынен ойып орын алып, Путиннің «Руский мир» идеясына жақтас болып отыратын қызыл коммунистердің соңғы тұяғы Ирина Смирновадан да парықты.

Владиславтың майданы өте ашық, айқын. Әлеуметтік желі оның көппен пікірлесу, үйрену, мотивация алаңы. Тұрмыстық деңгеймен шектелмей, күрделі грамматикалық түйіндерді ортаға салады. Көп тіл білетін азамат тілдерді салыстыра зерттеуді ұнатады. Өзінің тереңдігін байқатады.

Бірде танымал жазушы ағамен дастарқандас болдым. Қазақтың түйткілдерін бір қайырып тастап, әлемдік мәселелерге көштік. Дәл сол кезде экономикасы кризиске ұшыраған Шри-Ланка елінде ереуіл болып жатқан еді. Мен үйренген аузыммен «Сри-Ланка» десем, қаламгер ағамыз менің «оралмански атауымды» «Шри-Ланка деп айт» деп өзгертумен болды. Оның да жауабын Владиславтың кезекті бір жазбасынан таптым. «Осы елдің атауы барлық еуропалық тілде «Сри» деп жазылып, «Сри» деп айтылса, тек орыс тілінде ғана «Шри» деп жазылады екен. Өйткені орыс тілінде «Сри» десеңіздер, ол сөз қазақ тіліндегі «тышу» деген етістіктің бұйрық райындағы орысша баламасына ұқсап кетеді екен. Осындай жағымсыз ассоциацияны болдырмау үшін «Сри» дегенді «Шри» дегенге өзгерткен екен орыстар...» дейді Владислав. Көз жеткізгеніміздей орыстың көңілін қалдырмау үшін біздің қазақтар бір мемлекеттің атын, тіпті жеті әкесінің, өзінің азан шақырып қойған есімін бұрмалап айтуға асық екен. Әйгілі ақын Қадыр Мырзаәлиевтің «Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген нақыл жырынан шабыт алған ба, Владислав домбыра үйренуді бастапты. «Перемен» деп Горбачевтың «перестройкасына» үн қосқан Виктор Цойдың әндерін домбыраға салып тартып жүр екен. Жұрт оғанда зор ықыласпен қолдау білдіріп жатыр. Айтпақшы Владислав қыркүйектің соңындағы бір жазбасында «Біздің орталыққа жүгініп қазақ тілінен сабақ алғысы келетіндер онсыз да көп, соның ішінде ресейліктердің саны күрт көбейіп кетіпті» деп жазған еді.

Бұдан біраз уақыт бұрын мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен «Тіл патрульдерінің» саналы әрекетін Ресей саясаткерлері саяси деңгейге көтеріп шу шығарып, олардың алдында қазіргі мәдениет министрі Дәурен Абаев ақталып, тіл жайындағы айтыс өршіп барып, саябырсығандай болып еді. Кешелі бері президент Тоқаевтың «Қазақ тілін пайдаланып саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуміз керек» деп келетін сөздерінен кейін пікір талас қайта қызыпты. Қазаққа нәсілі жат Рамиль Мухорияпов деген біреу Дәурен Абаевтің «Үңгірдегі ұлтшылдық» идеясын қайта көтеріпті.

20 миллионға жуық Қазақстан халқының 30 пайызын құрайтын өзге ұлт өкілдерінен «Бірліктің тілінде» (қазақ тілінде) сөйлеуді талап етуі «русофобия», «үңгірдегі ұлтшылдық» екен де, 70 пайызын құрайтын бірліктің ұйытқысы болған қазақ халқы өз жерінде тірлік еткісі келсе орыс тілін білуі керек екен. Осы саясаттың арқасында «тірліктің тілін жетік меңгерген» Мухорияновтардың биті әбден семіріп, қазаққа мұрнын шүйіре қарайтын деңгейге жетіпті. Атқа мінерлердің биліктің кепілі – көрші диктаторлар емес, қараша халық екенін әлі түсінбегені өкінішті. Олар «Қаңтар оқиғасынан» сабақ алмаған сияқты.

Мамандығы дәрігер болсада «қазақ тілі-медицина тілі емес» демей, өзі құлшынып үйреніп, орталық ашып, өз білгенін өзгелерге үйретіп жүрген Владиславтың белсенді әрекеті кім-кімге де жарқын үлгі.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394