Үгіт-насихат басталды: Үміткерлер не дейді?
Бүгін сағат 18:00-де Президенттікке үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталды. Сайлау алдындағы үгіт-насихат сайлаудан бір күн бұрын яғни 2022 жылғы 19 қарашада сағат 0:00-де аяқталады.
Президенттікке алты кандидат тіркеліп, сайлауалды штабтарын құруды бастап кетті. Сонымен қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Шолып өтейік.
Астанада Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Жигули Дайрабаевтың республикалық штабының ресми ашылуы өтті.
Кандидаттың республикалық штабының басшысы Төлеутай Рахымбековтың айтуынша, кандидатты қолдау жөніндегі штабтар республикалық маңызы бар үш қаланы қоса алғанда, еліміздің барлық 20 өңірінде бар. Сондай-ақ, барлық 164 ауданда және 37 облыстық деңгейдегі қалада 222 штаб ұйымдастырылды. Барлық қоғамдық штаб үгіт-насихат жұмыстарына қажетті затпен толық қамтамасыз етілген.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев партия мүшелеріне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, іс-шараға қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
«Менің сайлауалды бағдарламам біздің басты ұлттық артықшылықтарымыз – дала демократиясы қағидаттарын; жоғары рухани-адами мәдениетті; күшті аграрлық саланы және мықты өңірлерді барынша іске асыруға негізделген жаңа Қазақстанды құруға бағытталған. Ата – баба мұрасын қастерлеп құрметтейтін және ұлттың болашағы үшін шын пейілмен алаңдайтын әрбір қазақстандық менің бастамаларымды қолдайтынына және Қазақстан Республикасын одан әрі дамыту жөніндегі ортақ істің қозғаушы күшіне айналатынына сенімдімін», – деді кандидат Жигули Дайрабаев.
"Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған ҚР Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекованың да сайлауалды штабы құрылып, үгіт-насихат процесіне дайындықты бастады. Штаб кандидаттың сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі талқылады. Салтанат Тұрсынбекова күштерді әділдік пен әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге, балаларды, әйелдерді, қарттарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қорғау мен қолдаудың тиімді және нақты тетігін құруға бағыттайды.
Құжатта үш негізгі бағыт анықталған: отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталды дамыту. Салтанат Тұрсынбекова жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, тұрғын үйге қолжетімділік, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, білім беру жүйесін жаңғырту, оған мұқтаж азаматтарға психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты салалардағы өзгерістер мен реформаларды жоспарлап отыр.
Кандидат туралы барлық қажетті ақпарат, сайлау алдындағы бағдарлама, жоспарланған іс-шаралардың соңғы жаңалықтары мен хабарландырулары жарияланатын сайт пен әлеуметтік желілер әзірленді.
Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан ҚР президенттігіне үміткер Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды штабын ашу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жиыны өтті. Шараға партияның Саяси кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиынға қатысушылар Сайлауалды штабтың жетекшісі қызметіне кандидатқа дауыс берді. Жетекшілікке бірауыздан ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов сайланды.
Партия басшысы жиналғандар алдында үгіт-насихат алдындағы жұмыс қорытындысын баяндады. Спикердің айтуынша, ЖСДП атынан кандидатты қолдау мақсатында елдің түкпір-түкпірінен 121 мыңнан аса қол жиналған. Оның 119 мыңнан астамы есепке алынды.
«Өкінішке қарай, аумақтың сайлау комиссиялары жиналған қолдың бір бөлігін түрлі сылтаумен кері қайтарды. Бұған қарамастан біз заңнамада белгіленген көлемді артығымен жинадық», – деп хабарлады Сайлауалды штаб жетекшісі Асхат Рахымжанов.
Штаб өкілдерінің мәлімдеуінше, ЖСДП кандидаты үгіт-насихат науқанын Қарағанды облысынан бастады.
Кандидат Шахтинск қаласына жолға шықты, ол жерде жергілікті сайлаушылармен ертеңге кездесу жоспарланған.
ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат науқанын бастады.
Республикалық қоғамдық штабқа 3 парламенттік саяси партиядан және 22 республикалық қоғамдық ұйымдардан тұратын Халықтық коалицияның өкілдері кірді.
Бүгін Халықтық коалицияның белсенділері еліміздің барлық өңірінде үгіт-насихат баспа өнімдерін тарату және ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерге жариялауды бастады.
Ертең Республикалық қоғамдық штабтың алғашқы отырысы өтеді. Сонымен қатар, келесі аптадан бастап РҚШ мүшелері сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға барады.
Сондай-ақ, кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб әлеуметтік желілерде жеке парақшалар ашты. Онда штабтың іс-шаралары, сайлаушылармен кездесулер туралы барлық ақпарат және өзге де үгіт-насихат материалдары жарияланады.
Президенттікке келесі үміткер Мейрам Қажыкеннің сайлауалды штабының ашылуы өтіп, үгіт-насихат науқанын бастағанын жариялады.
"Азаматтық қоғамның дамуына, оның ішінде кәсіподақ мүдделерін көрсететін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы диалог ықпал етеді. Біз заңнамалық деңгейде тараптар диалогын қолдану аясын кеңейтуге, сол арқылы әлеуметтік әріптестік институтын жетілдіруге ниеттіміз", - деді Мейрам Қажыкен.
Кандидаттың айтуынша, міндеттер күрделі, алайда оларды орындау мүмкін, себебі бұл бағыттар экономиканың барлық салаларындағы реформаларға бағытталған.
Мейрам Қажыкенді оның серіктесі Андрей Пригорь – республикалық кәсіподақтар бірлестігінің басшысы қолдады. Ол кәсіподақтар алдағы сайлаудан айтарлықтай өзгерістерді күтетіндігін атап өтті.
"Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Республикасының Президенті лауазымына үміткерлікке ұсынылған қоғам қайраткері Қарақат Әбден де бүгін өз еліміздің барлық өңірлерінде офлайн және онлайн үгіт-насихат науқанын бастады.
Кандидатты қолдайтын қоғамдық штабтың ресми сайты ашылды: www.abden.kz. әлеуметтік желілердегі аккаунттар жұмыс істейді (https://www.facebook.com/abdenova.karakat және https://www.instagram.com/abdenkarakat/), онда штабтың іс-шаралары, сайлаушылармен кездесулер және басқа үгіт материалдары туралы барлық ақпарат орналастырылады.
Сондай-ақ, штаб Астана қаласының LED-экрандарында үгіт-насихат материалдарын іске қосты, өңірлерде тарату үшін парақшалар дайындады, телеарналарда трансляциялау үшін үгіт-насихат бейнеролигі жүргізілді.
Abai.kz