Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3830 0 пікір 1 Ақпан, 2013 сағат 09:52

Қанат ИСЛАМ: БОКСТЫҢ НЕ ЕКЕНІН АҚШ-ҚА КЕЛГЕНДЕ БІЛДІМ

 

Қанат ИСЛАМ: БОКСТЫҢ НЕ ЕКЕНІН АҚШ-ҚА КЕЛГЕНДЕ БІЛДІМ

 

Қанат ИСЛАМ: БОКСТЫҢ НЕ ЕКЕНІН АҚШ-ҚА КЕЛГЕНДЕ БІЛДІМ

Қанат ИСЛАМ, бокстан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері:

Бокстан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, «Астана арландары» командасының бұрынғы капитаны Қанат Ислам өткен жылы кәсіпқой боксқа ауысып, АҚШ-қа кеткен еді. Жақында демалыс алып, елге келген Қанатпен сұхбаттасқан едік. Сол әңгімені назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
- Жұрт сенің өзіңді, жекпе-жектеріңді күтіп жүр. Елге қашан ораласың?
- Бүгін, ертең қайту ойда жоқ. Кәсіпқой бокста үлкен нәтиже шығарам деп барған соң сол мақсатты орындамай қайтсам, жігіттігім қайсы.
- АҚШ-қа дер кезінде бардым деп ойлайсың ба?
- Сәл ертерек баруым керек екен. Боксты түсініп қалдым ба деп жүрсем, әлі де үйренетін нәрсе көп. Ол жерде спортқа деген түсінік, көзқарас мүлде бөлек. Біз екі, үш раундқа үйреніп қалғанбыз. Онда шектеу жоқ. Ұзаққа шабады. Күш-қуатың, әдіс-айлаң болмаса, он екі раундқа шыдас беру қиын. Қолғап жұқа, соққы ауыр тиеді, мықты қорғанысың болмаса, бет қаратпайды.
- Тіл-көзім тасқа, бүгінде қарсы шыққанның бәрін қоғадай жапырып келе жатырсың. Бұған дейін өткізген сегіз кездесудің алтауын нокаутпен ұттың. Қанағаттанасың ба?
- АҚШ-қа келгенде мені елең қылған ешкім болмады. Қалқиып бір бұрышта қалдым. Жаттығуда біреуді жақсылап сабап, өзіңнің кім екеніңді көрсетейін десең, шамаң жетпейді. Талай мықтыларды көрдім. «Е, біз елде босқа арамтер болып жүріппіз ғой», - деп еріксіз мойындадым. Бір-екі раундта кімнің ұтқанын, кімнің ұтылғанын боксшының өзі де, көрермен де білмей қалады ғой әуесқой бокста. Ал кәсіпқой бокста жігіт болсаң шыдап көр. Әлі де көп жұмыс істеу керек.
- Сен «Астана арландарының» құрамында жүріп танылып, жанкүйердің көзайымына айналдың. Неге кеттің?
- Елге келіп, 2012 жылға дейін әуесқой бокста жүре тұрайын дегем. Жолым болмады. Содан бір ағаларым: «Елде жүрсің ғой. Осы «Астана арландарында» бақ сынап көрсең қайтеді», - деп ақыл берді. Бірден келістім. Өйткені ол жерде ел үшін айқасасың. Шеберлігімнің өсуіне де ықпалы  аз болған жоқ. Бірақ елге келгенде: «қалайда Олимпиадаға қатысамын, болмаса кәсіпқой боксқа кетемін», - деп алдыма мақсат қойып едім. АҚШ-қа кеткенім сол.
-  Алғашқы жылы тамаша өнер көрсетіп, елдің ризашылығына бөленіп едің, екінші маусымда сыр бере бастадың. Бір-екі болмашы кездесуде ұтылып қалдың. Мұнда қандай сыр бар?
- Жартылай кәсіпқой бокс қой, бірінші маусымда барымды салдым. Екінші маусым басталғанда «Олимпиадаға баратын шығарсың» деп ұлттық құрамаға алып кетті. Бірде «барасың», бірде «бармайсың» деп жүргенде, жаттығу үзіліп қалды. Бір апта қалғанда «бармайсың» деп кері алып кетті. Ішкі күйзеліске түстім. Ештеңеге қызықпайтын, көңілсіз күндер басталып кетті.
- «Арландар» үшінші маусымды  қарқынды бастады. Олардың «Украина атамандарымен» болған кездесуіне келіп тамашалап отырғаныңды бүкіл қазақстандық көрді. Егер сені қайта шақырса, барар ма едің?
- Шақырды. Болат аға да айтты. Өткен маусымдағы қарсыласым Деревянченко осында келді. Өзіңе лайықты боксшымен бірге жаттыққан жақсы ғой.    Алғашқы маусымда Бақыт екеуміз бір-бірімізге серік болдық. Ол кеткен соң қарсы тұратын ешкім жоқ. Қалғаны жастар. Жұдырығың тиіп кетсе, бапкерлері жетіп келеді де: «Абайласаңшы, жас қой», - дейді. Өзіңмен тең, өзің де, өзіңді де соға алатын жігіт болса кәні. Әрі кәсіпқой бокс тартты да тұрды.
- Олимиададағы баратын жолыңды Қытай кесті. Өзіңнің туып-өскен жерің. Қыр-сырын білесің. Неге?
- Бұл саясат қой. Олар мені қайта-қайта шақырды. Кейін ол жаққа барғанда да кездесіп, біраз реніштерін білдірді. «Сен біздің азаматымызсың. Олимпиадаға Қытайдың атынан қатысуың керек. Сенің салмағыңда бір-ақ адам бар. Ол жарақат алып қалса қайтеміз?», - дейді де.
- Қалай азаматы? Сен ол елдің азаматтығынан шығып кеттің ғой?
- Шықтым ғой. Ал олардың ойынша мен әлі сол елдің адамымын. Олар үшін маған қайта азаматтық алып беру түк те емес. Бірақ мен кім жылы сөйлесе, соның жыртысын жырта салатын кездейсоқ біреу емеспін ғой, «болды енді, көрмегенім сол болсын», - дедім де қойдым.
- Олимпиадаға барғанда қандай нәтиже көрсетер едің?
- «Бақ шаба ма, бап шаба ма?», - дейді. Бірақ 75 келіде жүлде алған жігіттерден өзімді төмен санамаймын.
- Қазақстанда бокс даму жолында, қазақ боксы әлемдегі мықтылардың қатарында дейміз. Бірақ боксшыларымыз кубалықтарға, ресейліктерге, тіпті еуропалық кейбір ел өкілдеріне жол беріп жүр. Осы тұрғыдағы пікірің қалай?
- Біздің боксты өте керемет деп бағалай алмаймын. Әлемде  алғашқы үштікке, төрттікке кіреміз деп айтамыз. Бірақ әлі көп жұмыс істеу керек.
- Қай жағынан?
- Қытайда бір спортшының соңында оншақты адам жүреді. Бірі - жаттықтырушы, бірі - дәрігер, бірі психолог деген секілді. Қазір Қазақстанда боксқа қаржы көп құйылуда. Сол қаржыны спорт медицинасын дамытуға, психологтарды әзірлеуге, балаларды, жаттықтырушыларды оқытуға жұмсаса.
- Бүгінгі қазақ жастары арасында өзіңе ұнайтын боксшы бар ма?
- Әуесқой боксқа көп қарағым келмейді, көңілім қалып қойыпты. Бірақ біраз жігітті білемін. Солардың арасында Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлының аяқ алысы ұнайды. Ондай жастар аз емес.
- АҚШ-тағы бір күнің қалай өтеді?
- Таңғы 4-5-терден тұрып, далада екі сағаттай жүгіремін. Кейін демаламын. Түстен кейін жаттығу басталады. Төрт-бес сағатқа созылады ол.  Әрбір күнім тек үй мен залдың арасында өтуде. Бапкерімнің үйінде.
- Қай салмақта жұдырықтасып жүрсің?
- Дене бітімім, бойыма 70 келі лайық. Қазір осы салмақтамын.
- Сенің қарсыластарыңды кім анықтайды, әлде өзің таңдайсың ба?
- Онымен арнайы шұғылданатын адамдар бар. Жоспар жасап, болашақ қарсыласымды таңдайтын да солар, менімен де келісіледі.
- Сенің салмағыңда АҚШ-та Флойд Мэйуэзер деген боксшының атағы жер жарып тұр дейді. Онымен кездесу мүмкіндігі бар ма?
- Оның мықтылығында шек жоқ. Мақтаулылардың бірі. Бірақ қолғап түйістіре қалсақ, есемді жібере қоймаспын.
- Құпия болмаса, жалақың қанша?
- Бүгінге дейін бір тиын алған жоқпын. Қазір тек ұпай жинау үстіндемін. Онсыз чемпиондық атақ үшін күресе алмаймын.
- Сонда қалай күн көріп жүрсің?
- Осыған дейін де, қазір де маған ағалық қолын созып, қамқорлық жасап жүрген «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов.
-  Қанша дегенмен қазақ ет асып, қазы-қарта, жал-жая жемесе бірнәрсесі жетіспей тұрады. Осы жеңсік астарды аңсап жүрген жоқсың ба?
- Ол жерде ет жемеймін шынын айтсам, тамағымыз - тауық, балық.
- Қазы-қартаның спортшыға пайдасы туралы жиі айтылып жатады. Лондонға да алып бардық. Қазақша айтқанда «ыбыр-жыбыр, шөп-шалам» керекті белоктың орнын толтыра ала ма?
- Жаттықтырушыларым бұрын Қазақстанда жылқы, түйе еті туралы айтатын. Бірақ біз үшін денеден тез шығып кететін, асқазанда көп тұрып қалмайтын, энергия беретін жеңіл тамақ керек. Әйтпесе, тез шаршайсың.
- Әлгінде АҚШ пен Қазақстан бокс мектебі туралы аздап айтып кеттік. Өзің жастайыңнан тәлім-тәрбиесін алған Қытай мектебі ше?
- Соңғы кездері Қытай неге тез дамып кетті деп бәрі таңғалады. Сексенінші жылдың ақырынан бастап, олардың Олимпиадаға деген көзқарастары түзелді. Спорт деген бүгін егіп, ертең пайдасын бірден көре қоятын нәрсе емес. Оған уақыт керек. Өзіңіздің балаңыз сияқты өсіп, ер жеткенде ғана нәтиже шығады. Олар соны білді, шет елден біз секілді спортшы тасыған жоқ. Жаттықтырушы әкелді. Қазақстанның өзінен 10-20 жаттықтырушы Қытайда жұмыс істеді, Ресейден келді. Солар 10-20 жыл дайындады спортшыларды. Соның біреуі менмін. Менің үш жаттықтырушым да қазақстандық. Енді солардан үйреніп, өздерінікін қосып, алға алып келе жатыр. Бір боксты ғана емес, спорттың бар түрін. Қаржы аяған жоқ, АҚШ-тан, Канададан Олимпиада, әлем чемпиондарын дайындаған мықты-мықты мамандарды әкеп, спорт базаларында қамап ұстап, соларды неше жыл дайындатып, ірі нәтижелер көрсетіп еді, «ойбай, қытай ананы жеп жатыр, мынаны жеп жатыр», - деп шыға келдік. Біз де жейік онда.
- Балаларыңның спортшы болуын қалайсың ба?
- Әйелім Гүлмира екеуміз Мансұр, Әсия атты бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Балаларым кім боламын десе де, қолынан қақпаймын.
- Қазір қайда тұрып жатырсың? Өз үйің бар ма?
- Алматы облысының әкімдігі пәтер береміз деген кезінде. Ол сол уәде күйінде қалды. Құдайға шүкір, қазір Алматыда өз ақшама сатып алған екі бөлмелік пәтерім бар.
- Жалпы спортшыға, оның ішінде боксшыға аса қажетті қасиет не деп ойлайсың?
- Сабыр керек өте-мөте. Кішіпейілділік. Ең бірінші, чемпион емес, адам тәрбиелеу керек. Бұрынғы ұстаздарым көп айтатын: «Сенің чемпион болып келіп, ертең көшеге шығып, төбелесіп, абыройды төгіп жүргенің керек емес. Бірінші адам болып шығыңдар, чемпиондық өзі келеді», - деп. Сол дұрыс сөз.
- Бокста «Бейбіт Шүменовті пір тұтам» депсің бір сөзіңде. Ол да АҚШ-та ғой. Кездесудің сәті түсті ме?
- Иә. Лас-Вегаста тұрады. Кездестік. «Маған кел. Бірге жұмыс істеп, бірге жаттығайық. Көмек керек болса, хабарлас», - дейді. Жақында телефонмен де сөйлестік.
- Былайғы жұрт спортшыға қара күштің иесі деп қарайды. Сенің сөзіңе қарағанда, қазақтың тұнығынан қанып ішкенің, уызға жарығаның байқалып тұрады. Өнерге қалайсың?
- Домбыра шертем, аздап. Қазақтың күйлерін, термелерін жақсы көремін. Бойыңды балқытып жібереді, кейде күшіңе күш қосады. «Адайды» жарыс алдында тыңдасам, аруақтанып, желпініп қаламын.
- Кітапқұмар деп естідім. Қандай кітап оқисың?
- Қазақ тарихына байланысты әдебиеттерді көп оқыдым. Баяғыда марқұм болып кеткен бір жаттықтырушым «кітап көрсең оқи бер» деуші еді. Қай жерге барсам да: «бес кітап ала сал», «он кітап ала сал», - деп тапсырма беретін.
-  Жақсы көретін жазушың?
- Шерхан аға. Айтматовтың да шығармалары ұнайды. Қазақстандағы бірқатар жазушылардың роман, повестерін оқып шықтым.
-  Қытайда тудың, Америкада жүрсің, қанша тіл білесің?
- Ағылшынша, орысша үйреніп жүрмін. Қытайша, ұйғырша еркін сөйлеймін.
- Осы сенің тегіңді әркім әр түрлі жазады. Қайсысы дұрыс: Ислам ба, Сіләм ба, Сләм ба?
- Айтыңызшы, әріптестеріңіз бұдан былай мені Қанат ИСЛАМ деп жазсыншы!

Сұхбаттасқан - Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354