Қуат Қайранбаев. Ақиқатты іздеу
Тәуелсіздік таңы атса да Тұранға,
Әлі бізді адымдатпас бұғау көп.
Мұсылманға хақтың жолы Құранда,
Кім айтады ақтың жолы мынау деп?!
Тіршілікте тойым бар ма адамға,
Көкейлерде сауалдар жүр мың күпті.
Әркім өзін жөн санаған заманда,
Кім айтады қиып түсер шындықты?!
Тура бидің тұрағы елден алыстап,
Ақиқат та айтылмайды дәл бүгін.
Аяз билер, Жиреншелер қалыс қап,
Айтқан сөзі дұрыс боп тұр әлдінің.
Адамдықтың әдірем қап шарты ізгі,
Көңілдерді күмән бұлты торлауда.
Арашалау былай тұрсын әлсізді,
Әділет те зәру бүгін қорғауға.
Арамдардың алшы түсіп асығы.
Кес-кестейді алды-артыңды күліп бір.
Артық шығып асылынан жасығы,
Заман бетін жылпостарға бұрып тұр.
Иыққа алу тиімсіз боп ар жүгін,
Есірікке кетті ақылдың есесі.
Жаратқанға жетпей үні жарлының,
Ернеуінен асты ептінің кесесі.
Жиі құлап адалдардың байрағы,
Жалғандық жүр орын алып төрлерден,
Ақылымның содан шығып ойраны,
Күпті болған көңіл шіркін шерменде!
АСТАНА
Алыстан шалған маңайды,
Арқаның төсі арайлы.
Тәуелсіздік таңы атса да Тұранға,
Әлі бізді адымдатпас бұғау көп.
Мұсылманға хақтың жолы Құранда,
Кім айтады ақтың жолы мынау деп?!
Тіршілікте тойым бар ма адамға,
Көкейлерде сауалдар жүр мың күпті.
Әркім өзін жөн санаған заманда,
Кім айтады қиып түсер шындықты?!
Тура бидің тұрағы елден алыстап,
Ақиқат та айтылмайды дәл бүгін.
Аяз билер, Жиреншелер қалыс қап,
Айтқан сөзі дұрыс боп тұр әлдінің.
Адамдықтың әдірем қап шарты ізгі,
Көңілдерді күмән бұлты торлауда.
Арашалау былай тұрсын әлсізді,
Әділет те зәру бүгін қорғауға.
Арамдардың алшы түсіп асығы.
Кес-кестейді алды-артыңды күліп бір.
Артық шығып асылынан жасығы,
Заман бетін жылпостарға бұрып тұр.
Иыққа алу тиімсіз боп ар жүгін,
Есірікке кетті ақылдың есесі.
Жаратқанға жетпей үні жарлының,
Ернеуінен асты ептінің кесесі.
Жиі құлап адалдардың байрағы,
Жалғандық жүр орын алып төрлерден,
Ақылымның содан шығып ойраны,
Күпті болған көңіл шіркін шерменде!
АСТАНА
Алыстан шалған маңайды,
Арқаның төсі арайлы.
Астана сынды ай-қала,
Асқақтап маған қарайды.
Айтатын сөзім кесімді,
Асуға бұрдым көшімді.
Астана асқақ қарайды,
Аймалап ерке Есілді.
Айта алман бүгін «күйім кем»,
Алты әлем саған сүйінген.
Астана - әсем арудай,
Айтулы тойға киінген.
Ажары әрлі ғажап тым,
Ауасын төкті азат күн.
Арқалап өзі тұрғандай,
Арманын барша қазақтың.
Алашқа болып дара шың,
Арқадан таптың жарасым.
Азғана паңдық бар сенде,
Арудай білген бағасын.
Аңсаттың елдің талайын,
Алқаны жырдан тағайын.
Астана асқақ тұр ғой деп,
Аспандап кетпе, ағайын!
АЛМАТЫ
Жаңа түлек,
жалын жүрек,
жас шағым,
Кеудемізде күмбірлейді асқақ үн.
Есімде әлі, арқалап сан үмітті,
Алматыға алғаш қадам басқаным.
Айта алмаймын,
маған құшақ жайды ма?
Қадам бастым айбарынан қаймыға.
Қабылдады қырдың қара баласын,
Оған күн мен сан сырласқан ай куә.
Биіктетіп мұратымның шоқтығын,
Қызық-думан қалқасында кетті мұң.
Жалындаған жастықпенен жарасты,
Өтті жылдар,
өтті айлар,
өтті күн.
Жүрдек уақыт қамшы басып сауырға,
Бірде аптапқа салды, бірде дауылға.
ҚазМУ атты қасиетті шаңырақ,
Білім беріп, аттандырған ауылға.
Үміт артып алдағы атар ақ таңға,
Сен баптаған балаң талай шапты алға.
Қайта оралдым жылдар салып араға,
Қатаң тірлік қабырғама батқанда.
Заман туып қазағымның бағына,
Тәубе дедік тәуелсіздік таңына.
Алашыңнын бар арманын арқалап,
Өгейсітпей өбектедің тағы да.
Таусылған ба тіршіліктің таласы,
Көш түзеліп, жазылды елдің жарасы.
Аттың басын қайта бұрдым ауылға,
Шақырған соң Талдықорған қаласы.
Сан тағдырды тоғыстырған жер үсті,
Теріп жейді бұйырған бір жемісті.
Талдықорған...
сонда өтті алаңсыз,
Кемел шақтың көп күндері келісті.
Дей алмаспын алынбайтын шеп құрдым,
Байламы жоқ бақ талайы текті ұлдың.
Алты Алашқа айбар болған Алматы,
Қайта айналып тағы алдыңа кеп тұрмын.
Ару қала - арманымның өзегі,
Ет жүрегім елдің мұңын сезеді.
Үшінші рет алдыңа кеп жүгіндім,
Үш мәрте ғой ер жігіттің кезегі.
Қоныстанып қос шаһарға кезекпен,
Байқамаппын жылдарымды тез өткен.
Жүгі ауырлап жеткіншегің жеткенде,
Жатқа балап, итермессің өзектен.
Болжап қайтем,
тағдыр неге кез қылар?
Орта тапсам ойымды оқып, сөзді ұғар.
Арман қала, ақын келді алдыңа,
Елде туып, астанада көз жұмар!
ТАЛДЫҚОРҒАН
Тастағам жоқ Талдықорған мен сені,
Сағынышым көтертпейді еңсені.
Өзің едің тазалықтың теңеуі,
Өзің едің әсемдіктің өлшемі.
Тастағам жоқ,
жолаушылап кетті де,
Салған да жоқ түйткіл өмір тепкіге.
Қоныс болдың жақсы менен жайсаңға,
Мекен болдың адалдар мен тектіге.
Талдықорған,
тал бесігім, киелім,
Жүрегімнің қоңыр сазды күйі едің.
Арудайын күн нұрына малынған.
Жамалыңды жанымменен сүйемін.
Көк аспанды торлағанда бұлты кеп,
Тұратындай таңғажайып жыр тілеп.
Екі ерке өзен - Көксу менен Қаратал,
Қос бүйірден ағып жатыр күркіреп.
Алатаудан атқан кезде таң сағым,
Көңілімнен қашушы еді қанша мұң.
Сұлуларды көрік берген көшеге,
Серік болған жігіттерді аңсадым.
Жақсылыққа жүрген болса шөлдеп кім,
Жатсынбай-ақ жидың жұртын жер-көктің.
Жұматайды, Әбен менен Ордашты,
Бесігінде өлең-жырдың тербеттің.
Талдықорған,
мен болайын жолыңда ән,
Перзентіңмін бақытым көп сорымнан.
Қимайтындай құрбы-құрдас көп сенде,
Аға таптым, ініні ерттім соңымнан.
Аралап бір жүргендейін гүл ішін,
Арықтарда сыңғырлайды күміс үн.
Шаған таудан көрінгенде көк сағым,
Таңғы ауадай ашылады тынысым.
Естіге де құшақ жайған , ептіге,
Ақын саған сағынышын төкті ме?
Талдықорған,
тағдырымның таңдауы,
Тастағам жоқ,
жолаушылап кетті де!
САБАҢА ТҮС, ЖҮРЕГІМ
Сабыр, сабыр, жүрегім,
Сабаңа түс, салқында,
Сен жарылсаң қайтемін,
Борышым көп артымда.
Адалы бар өмірдің арамы да жетерлік,
Жасың құмар қызықтан тартынбайды қартың да.
Өрекпіген, өртенген,
өзің ғана деймісің?
Құлан жортқан даладай құлазиды кейде ішім.
Құлағымды басып-ап құла түзге кетсем бе,
Түйткіліне тірліктің мына көңіл тойды шын.
Саябырлат дүрсілді,
сабыр, сабыр, жүрегім,
Салмақ салдым көтермес, сызат салдым,
білемін.
Сенің адалдығыңды, арманыңды кім ұқсын,
Ескерер ме естілер елжіреген тілегін?!
Суық сөзі семсер боп қадалды ма ағаның?
Құлады ма ол жайлы өзің соққан қамалың?
Іздеп едім өмірден ізгілікті жалықпай,
Тілім-тілім болғанша тасқа тиіп табаным.
Қадіріңе жетпеген,
жастығына күбінер,
Қиналдың ба көңілді қалдырды деп інілер.
Сабыр,сабыр, жүрегім,
болмашыға босама,
Алдыңда әлі күндерің тіршіліктен түңілер.
Сезім қайтып көрді ме сылқым сұлу қыздардан,
Кетті ме әлде алшақтап қызғалдақ қыр біз барған.
Сұлулықтың сұп-суық сескендің бе сұрқынан,
Қамықтың ба әсемдік әкелетін ызғардан ?!
Сабыр, сабыр, жүрегім,
соға берме шапқын ғып,
Сері болып бір кездер сәйгүліктен ат міндік.
Ескермедің сол кезде бар екенін тірлікте,
Адалдардың сазайын тартқызатын сатқындық.
Біреулерге шыңырау,
біреулерге шыңдайсың,
Ардақтаған өзіңді аяулыға күн де, айсың.
Сабаңа түс жүрегім,
Санаға сал бар істі,
Көреріңді тауыспай бәрібір де тынбайсың!
СЫРЫМҒА СЫР
Ұлым,
әсте асқақ болар арлы адам,
Сен от басып қалмасын деп қарманам.
Көрдім талай жақсы менен жаманды,
Айтарым бар, құлағыңды сал маған.
Ұлым,
өмір тұра бермес күлімдеп,
Арқаларсың тағдырыңнын жүгін көп.
Елді ойлаған Даттың ұлы сияқты,
Болсын дедім ат қойғанда Сырым деп.
Ұлым,
сүрдім бұл өмірді бұрын кеп,
Тағдыр тезі маңдайымнан білінбек.
Сырым менен жырымды ұқсын деуменен,
Қойған едім есіміңді Сырым деп.
Сырым дедім,
ұлым дедім шаттана,
Алмасады бұл өмірде бақ, нала.
Сен ез болсаң тірі өлгені әкеңнін,
Шаттығымды ойсыздықпен таптама.
Армандай біл,
арман сенің қанатың,
Қиял құсың шарықтасын бала күн.
Жүрегіңнін түкпірінен нұр шашып,
Арман - отың мәңгілікке жанатын.
Ұлым,
байлық мұрат емес адамға,
Ізгіліктің ізі жатсын санаңда.
Арзан күлкі азаматты отқа айдар,
Әрқашанда жұрттың жайын бағамда.
Текті атаның ұлысың сен киелі,
Ақылменен аңдап сөйле жүйелі.
Менің даңқым саған құрмет болмайды,
Еңбек етсең бақ та басын иеді.
Мұхитқа сап мұратыңнын кемесін,
Зұлымдықпен болсын әркез егесің.
Өтінемін,
сөз келтірме атыңа,
Түңілген жұрт «тексіз екен» демесін.
Дана жүрген,
сана білген тарт ізге,
Ашуға ерме, безбен болсын ар-сүзбе.
Мықтылардан ығып име басыңды,
Мықты екем деп күш көрсетпе әлсізге.
Әр ісіңді туған елге тиімді ет,
Дос іздегін,
дос көп болса үйің көп.
Алшақтама ақиқаттың аулынан,
Тайсақтама ақтың жолы қиын деп.
Білім ізде,
үйрен және өнерді,
Өрелі адам өнерменен көгерді.
Ақылға сал, алғы күнге көз жібер,
Өресізге мына жалған не берді?!
Сырым едің жүрек жырын қозғаған,
Бақыт іздеп дүние кезген аз ба адам.
Ұлым,
сенсің үмітімнің өлшемі,
Өшірмегін сол үмітті маздаған.
Ойсыз жанға ұсынады төрін кім?
Арманым сол, биіктерден көрінгін.
Екі бірдей дүниеде ризамын,
Менің емес, ұлы атансаң еліңнін!!!
Abai.kz