Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 9946 0 пікір 31 Шілде, 2017 сағат 19:30

Қасиетті Алакөл, қадіріңе жеттік пе?

Жердің талайын көрген Асанқайғы Алакөл маңына аяқ тірегенде «Тоқта!» деген екен. Бүгінде ел көненің көзіндей болған Тоқта тауының тарихын солай өрбітеді. Атының тізгінін тартып, айналасына көз салған кемеңгер: «Жер-ақ екен шіркін, бірақ ұрыс исі шығып тұр» деп мұңайыпты. Күншығыстан ақтарыла төгілген жау Жоңғар қақпасынан шыға бере осы жақты беттеген деседі. Жараланған батырлар да көлге түсіп, сауығып қайтады екен. Тегінде көлге құятын өзендердің бірі Емілді Арқаның қақпасы депті Қадырғали бек. Кезінде Құранын қолынан тастамаған мұхит атасы атанған Жакив Кусто Алакөлді қақ жарған ақ жолақты байқап, қасиет тұнған деп таңдай қағыпты.

Иә бұл көненің күмбірі. Ал Алакөлдің бүгінгі тыныс-тіршілігі ше?

Рұқсатсыз түшкірмейтін басшылар бар

Алматыдан шыққан автобуста отырғандардың бәрінің аузында Алакөл жайы. Ондағы ауа-райын сұрастырып, суын мақтап, у-шу. Көпшілігіне бұл сапар таңсық емес. Осыдан-ақ көлді бір көрген адамның қайтып келмеуі мүмкін еместігін түсінуге болады. Дегенмен бәрінің жүзі шаршаңқы. Бірі жердің қашықтығын, бірі шұрық-шұрық жолды айтып, кейіп келеді. Әрине 1000 шақырым аз жер емес. Не де болса, бұл мәселені жүргізушіден артық білетін адам табылмас. Сергей көкейімдігіні дәл таптыңыз дегендей, бір шерін тарқатты.

Жердің талайын көрген Асанқайғы Алакөл маңына аяқ тірегенде «Тоқта!» деген екен. Бүгінде ел көненің көзіндей болған Тоқта тауының тарихын солай өрбітеді. Атының тізгінін тартып, айналасына көз салған кемеңгер: «Жер-ақ екен шіркін, бірақ ұрыс исі шығып тұр» деп мұңайыпты. Күншығыстан ақтарыла төгілген жау Жоңғар қақпасынан шыға бере осы жақты беттеген деседі. Жараланған батырлар да көлге түсіп, сауығып қайтады екен. Тегінде көлге құятын өзендердің бірі Емілді Арқаның қақпасы депті Қадырғали бек. Кезінде Құранын қолынан тастамаған мұхит атасы атанған Жакив Кусто Алакөлді қақ жарған ақ жолақты байқап, қасиет тұнған деп таңдай қағыпты.

Иә бұл көненің күмбірі. Ал Алакөлдің бүгінгі тыныс-тіршілігі ше?

Рұқсатсыз түшкірмейтін басшылар бар

Алматыдан шыққан автобуста отырғандардың бәрінің аузында Алакөл жайы. Ондағы ауа-райын сұрастырып, суын мақтап, у-шу. Көпшілігіне бұл сапар таңсық емес. Осыдан-ақ көлді бір көрген адамның қайтып келмеуі мүмкін еместігін түсінуге болады. Дегенмен бәрінің жүзі шаршаңқы. Бірі жердің қашықтығын, бірі шұрық-шұрық жолды айтып, кейіп келеді. Әрине 1000 шақырым аз жер емес. Не де болса, бұл мәселені жүргізушіден артық білетін адам табылмас. Сергей көкейімдігіні дәл таптыңыз дегендей, бір шерін тарқатты.

- Күн сайын қаладан мінген 40-50 адамның жартысынан астамы Алакөлге келеді. «Сайран» автобекетінен 2-3 автобус шығады. Ресей азаматтары да бар. Үржар ауданына бұдан бөлек «Сәлем» бекетінен қаншама көлік қатынайды. Көлдің суы, табиғаты тамаша, әттең жағдай жасалмаған. Жағалаудың қожайындары жоқ, әркім шамасынша құрылыс салып алған, іркес-тіркес. Жол мынау! Бастағандарына 5 жыл болған шығар. Алматыдан 18 сағат жүреміз. Мұны 12 сағатқа дейін қысқартуға болар еді.

Ұлы Жібек Жолы тас жолына қарасты Бақтыға дейінгі жол құрылысының басталғанына да біраз уақыт болғаны рас. Ал Алакөлге апаратын Мақаншыдан қабанбай ауылына дейінгі 120 шақырым жолдың аталған жобаға кірмейтіндіктен қашан жөнделетіні тіптен белгісіз. Қаладан түнгі онда шыққан көлік әупірімдеп түскі үшке қарай көлге тұмсық тіреді. Бірден орын іздеуге кірістім. Қызық қылғанда, бір адамдық орындар тіптен аз кездеседі. Орналасқанша деп жалғыз төсегі бар шағын бөлмеге тоқтадым. Жинақталған соң бір жағы жөн сұрап, бір жағы амандаспақ ниетпен, көл маңындағы бұрынғы Жарбұлақ қазіргі Қабанбай ауылының әкімі міндетін атқарушы Баян Сағатбековаға жолыққан едім. «Орналасар жерің болмай далада қалдың ба» деп әлденеден тіксіне қарады басшы. Көлге қайыр тілеп емес, халықтың жайын білейік деп келгенімізді апайымыз түсіне алмады-ау шамасы. Аудан әкімінің рұқсатынсыз бір де бір ауыз сөз айта алмайтынын желеу етіп, ат тонын ала қашты. Жоғарыдағылардың рұқсатынсыз түшкіруге қорқатындар бар екен. Одан қалса, «Жұмыс уақыты емес, неге мені мазалайсың» деп дүрсе қойды.

Кезінде Жарбұлақ ауылында 12 ақын болған деп естуші едім. Бүгінде де сол көненің сарқытындай боп Сансызбай қария, Айжарықтай жыршы-ақындар күллі облыс, ары республикаға танымал. Әкімге ренжісек те, ақынға амандаспай кетуді әбестік санадым. Елден сұрастыра жүріп, қиссашы қария, Қабанбайдың оныншы ұрпағы Сансызбай атаның шаңырағына ат басын бұрып, талай әңгіменің басын қайырдық.

Әттең Қабанбай ауылы шағын курорттық ауыл ретінде аудан орталығындай гүл-гүл жайнап тұрар мекен ғой деп ойладым ішімнен. Әрі келімді-кетімді кісісі көп, ордалы жерге аузы дуалы, қолынан іс келетін басшылар қажет-ақ.

Ала-құла тіршілік

Алакөлге алғаш келгенде мұндағы қонақ үйлердің ретсіз, қиқы-жиқы орналасуы бірден көзге ұрады. Мұны биыл ауданға іссапармен келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та ерекше атап өткен екен. Жол картасы бағдарламасы бойынша облыс әкімі туризмді дамытуға байланысты жағалауды ретке келтіруді алға қойған сыңайлы.

Орталықтың өзінде «Айгерим» демалыс орнынан өзгесінің бәрі аласа қоңырқай үйлер. Қой арасындағы түйедей болған сол «Айгеримге» кіріп, басшысы Исағали Қалимұсаұлымен жолықтық.

- 89 жылдан бері осы демалыс үйінде жұмыс істеймін. Ол кезде облыстық байланыс мекемесіне тиесілі еді. Міне биыл жеке меншікке өткеніне 10 жыл болды. Екіқабатты төбесі жоқ ғимарат пен бірқабатты кішігірім жайдан басқа түк болмаған. Мейрамхана, жазғы би алаңы, кафе-бар, монша, коттедждер, қызметкерлерге арналған жатақханалар, көріп тұрғаныңыздың бәрі кейіннен салынды. Бір өкінішім, 2001 жылы тұрғызған 24 орындық ағаш үйді жиһазымен бірге 2004 жылы күзде белгісіз біреулер өртеп жіберген. Айыптылар әлі күнге дейін табылмады.

Көлдегі туризмді дамыту тек біздің жұмысымызға ғана байланысты емес. Қолдан келгенін аянып жатқанымыз жоқ. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан қолға алынатын шаруалар бар. Неге қиналамыз? Келетін адамдардың бәрі жол азабын бетімізге басады. Осыдан 50-60 шақырым жерде Жалаңашкөлге дейін пойыз қатынайды, ары қарай Бақтыға кетеді. Теміржолды Қабанбай ауылына дейін созса. Әрі жақында Үржардан аэропорт ашылды. Семей, Өскемен бағыттарына қызмет етеді. Ендігі кезекте ең болмағанда жазғы уақыттары Астана, Алматы бағыттарын енгізсек, - деді ол. Аталған демалыс үйі Әсет Найманбайұлының ән байқауы, «Әнші балапан» сынды мәдени шаралардан өзге елге танымал әнші-күйшілерді де шақырып, халықтың бір мерейін көтеріп жүр. Игі бастамалардың насихатталуына қашан да атсалысуға дайын екенімізді айтып, кетерімде бір өтініш білдірдім. Қазақ деп жүрген басшы «Айгерим» атауын келесі жылы «Әйгерім» деп ауыстыруға уәде берді.

Бүгінде Алакөл демалыс аймағында 62 қонақ үй, 10 сауда дүкені, 19 асхана, 3 базар бар. Бұл аудан тапсырмасы арқылы ауыл басшысынан кейін алған мәліметім. Дегенмен маңайдың бәрі ала-құла. Кең сарайлар, қоңырқай, жабыңқы киіз үйлер, лашықтар, вагондар, құрастырмалы ағаш тамдар. Бағасы да сан қилы. Тұрағыңыз күніне 500 теңгеден басталады, бір мезгіл тамағыңыз 500 теңгеден кем емес. Көпшілік демалыс үйлеріндегі орындар екі, төрт адамға арналған. Әрі жолдамамен келушілер көп, сондықтан барған бетте орын табу оңайға соқпайды. Төрт адамға арналған шағын коттедждер күніне 20 мыңның ар жақ бер жағы. Тіпті керек десеңіз ерекше жағдай жасалған үйлер күніне 120 мыңға дейін барады. Әрі маусымға қарай баға құбылмалы. Демалыс орындарының ең ірі дегендерінің өзі 150 ары кетсе 200 орындық. Қонақ үйлердің арасында екі қабаттан биігі жоқ.

Хан сарайындай «Алөкол Бұғаз» қонақ үйінің тіпті жағажайына дейін жекеменшік. Ал «Әсет», «Диана» сынды шағын тұрақтар құдды қоқыстың астында жатқандай. Анталья, Бодрум тұрмақ сіз Алакөлдегі инфрақұрылымды тіпті Ыстықкөлмен салыстыра алмайсыз. Ол жақта жағажайдан бастап, демалыс орындары, жол, ойын-сауық, тіпті естелікке алатын заттарға дейін қамтылған. Әрі Алакөлден қарағанда біршама арзан және жүйелі. Қайда барсаң да «Ыссыккөл элдің берметі» деп менмұндалап тұрғаны. Алакөл де Қазақстанның маржаны емес пе? Ондай ұран атаулы дәнеңе жоқ. Анталья тіпті қызанақтарына дейін ескерткіш орнатқан. Біз Алакөлде ғана мекендейтін көне дәуір шағаласына да Үржар ауданына қарасты аймақтан ескерткіш тұрмақ, белгі қоя алмадық.

Көл неге ашуланады?

Көл жағасын қоршаған екі метрдей биік жыра. Топырақты ойып жасалған баспалдақпен жан-жағыңыздағы шөптерге жармасып түсесіз. Көгілдір көлдің жағалауын екіге бөлген қоңыр қаңылтыр дауалдар бірден көзге ұрады. Халық оны «Волнорез» деп атайды. Жағасына ауыз салған көлге қойылған тосқауылдың бірі де бірегейі осы. Дегенмен Алакөл жағалауына байланысты бас жоба биыл ғана бекіген екен. Қариялардың айтуынша, бұл маң кезінде тұтастай теңіз астында болған деседі. Бәлкім Алакөл өткенін аңсайды? Катер жүргізушілері де жағадан Аралтөбеге дейінгі арақашықтық бұрын 13 шақырым болғанын, қазір 18 шақырымға дейін ұзарғанын айтады. Катер демекші, «Алакөл» демалыс орнының алдында, орталықтан қашықтау, елеусіз жердегі маңдайшада «Үлкен, Орта және Кішкене Аралтөбе аралдарына баруға тыйым салынады» деп жазылыпты. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Себебі ірі деген екі-үш демалыс орынының катерлері 15-20 мыңын төлесеңіз, аралдарға ешқандай кедергісіз апарып келеді.

Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесінде құстардың 342 түрі кездеседі, олардың 203 түрі осында ұя салады. Оның 38 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына, Халықаралық Табиғат Қорғау Одағының сирек кездесетін түрлерінің тізіміне енген. Ал көне дәуір шағаласы жайында бойтұмарынан айырылған көлден басқа, ешкім тіс жарып айтпайды.

Жағалау 3 шақырымға дейін созылған дейді білетіндер. Ары-бері аралап күні-бойы жүрдім. Көл маңында да, демалыс үйлерінің арасында да қоқыстар тау-тау болып үйіліп жатыр. Әне жардың шетінде аңғал-саңғал болып «Гүлнұр» демалыс орны қаңырап тұр. Ебі желінің кәріне ұшыраған сыңайлы. Кезінде Жоңғар әміршісін әскерімен қосып, Лаңкөлге тоғыта салған табиғат әміршісіне ашуға салса, шағын мекен-жай сөз болып па?

Күн батып барады. Шомылуды аңсап, кешті күткен Күнікей сұлуға мен де қызыға қарадым. Арқаннан ақырын сырғанап, көгілдір суға әп-сәтте тоғытып кетті. Өліра. Қызыл жиекпен көмкерілген көл беті әртүрлі. Бір жері ақ, бір жері көк, енді бір жері көгілдір. «Иә, сенің атың Алакөл!» деп айқайлағым келді.

Ауыл жаққа бет түзеп жағажайдың бір шетіне жеттім-ау. «Болашақ» демалыс орны. Шағын бірқабатты ұзынша үй. Жып-жинақы, емханадағы палатадай бір-біріне қарама-қарсы тізілген бөлмелер. Иелері Алматылық азаматтар екен, көл жаққа кетіпті. Нұргүл есімді көмекші қыз, қасыма келіп, бос бөлмелердің бар екенін айтып, қожайындарының жақында кеп қалатынын ескертті. Тез тіл табысып кеттік. Ол биыл заңгер мамандығын бітіріп, әзірге жұмыс табылмай, жазғы демалысында еңбек етіп, сәл болса да ақша тауып жүр. Кешегі сол маңдағы демалыс үйінің жетекшісінің айтқаны есіме түсіп кетті. Кесек тұлғалы орыс «Мен қызметкерлердің бәрін қаладан әкелем, ауылдың адамдарының қолынан түк келмейді» деп кергіді-ау. Айтпақшы әңгіме Нұргүл жайында еді ғой. Ол кезіндегі аудан орталығы болған Мақаншының тумасы болып шықты. Әсет Найманбайұлының мұражайына барсам деген ниетімді айттым. Шын жүректен қуанды, қажетті телефон нөмірлерін де жазып берді. «Ауылдастарым қалада жұмыс істеп жүр деп ойлайды, мені көлден көргеніңізді айтпай-ақ қойыңыз» деп өтінді. Сосын бір күрсініп алды да, мұңлы жанарымен көкжиекке көз тастап, әңгіме ауанын ауыстырды: «Алакөл ашуланады. Сіз келгеннің алдында ғана қатты жел соғып, айналаны төңкеріп кете жаздады. Адамдар жағасында арақ ішеді, қоқыс тастайды. Көл бұлқан-талқан болады. Бұл жер қасиет қонған өлке ғой». Бөлмеге жайғасып, бірден терезені аштым. Тамақтануға да зауқым соқпады. Көргендерімді ойға түйіп жатып, қалың ұйқыға кетіппін. Таң қылаң бергенде ояндым. Неше күн көлге барсам да шағала көрмеп ем. Сырттан даусы естіліп жатыр. Шаңқ-шаңқ етеді, бір кезде шиқылықтап тұрып, ішек сілесі қата дыбыстайды. Орыстардың күлегеш шағала дейтіндері осы екен-ау! Күлді ме, әлде жылады ма, кім білген?

«Үржарайым»

Бүгінгі түске дейінгі шаруамның үлкені биыл ашылған «Үржарайым» балалар лагері. Ол қоныстанған жағажайдың арғы басында екен. Сәті түсіп жолдан жөн сұраған адамдарым сол лагерде қызмет ететін болып шықты. Бірі - музыкант, бірі - психолог. Әңгіме-дүкен құрып, арқа-жарқа болып арғы-бергі төңіректі таныстырып келеді.

- Анау демалыс үйінде кезінде ғарышкерлер демалған. Бұл маң сондықтан жабық аймақ болған деседі. Терешкова да келген, - деді екі қабатты ғимаратты нұсқап. Бүгінде төбесінде көрінер-көрінбес «Алакөл» деп жазылыпты.

- Ал қасындағы көгілдір төбелі ақбоз үйдің иесі кезінде министр болған адам. Катері мен су мотоциклі ауласында тұрғанында қарағанда, келмеген сыңайлы. Тікұшақ қонатын алаңшасы да бар. Іргесіндегі демалыс орны да соған тиесілі.

Коттедж адам бойындай темірмен қоршалған. Дарбаза айқара ашық жатыр. Жанында кішігірім тоқалтамнан ыстық тамақтың исі шығады. Аспазшылар музыканттың айтқанын растады.

Ақыры лагерге де жеттік. Балалар сурет салып жатыр екен. Ағаштан жасалған үйлер қаз-қатарынан тізіліп тұр. Есік алдында Кеңес одағының белгісіндей боп ескі екі-үш автобус тоқтаған. Көңілге жылы тиер сүйкімді мекен. Бір маусымда 520 бала демалатын, оның 400-дейі тұрмыс жағдайы төмен және көп балалы отбасылардың балаларына арналған лагердің жаңа қонысқа көшкендері де биыл ғана. Сөзге жоқ болса да, іске бар жаңа басшының игі істерінің бірі. Әйтпесе, бұған дейінгі әкімқаралар балаларды Қабанбай ауылындағы Бейімбет Майлин мектебінде орналастырып жүріпті. Бірі қанша жыл отырса да бұта басын сындырмай, тек орнынан айырылып қалмауды ойлаған, бірі өз туыстарына жылы орын тауып берумен, одан қалса, орталықтан көшенің қақ ортасына қабаттастырып, «Барс» деп бадырайтып, АЗС ашумен айналысқан кезіндегі әкімдер әйтеуір лагер деген аты болса болды деген сыңайлы.

Ауыл балаларының арқалап жүріп сататын балшығын да осы маңнан таптым. Ақ дейсіз бе, қара дейсіз бе? Бірақ қарасына сұраныс көп. Оның ғылымдағы атауы күкіртті балшық. Үстіңізге жақсаңыз, сәлден соң кеуіп, теріңізді тартады. Сосын жуып шайып кетіру де кәдімгідей күш. Балшық қоймасына ұсақ балалар бірінен соң бірі келіп бөтелкелерін толтырып, илеуден тараған құмырсқалардай орталыққа аттанып барады. Солардың біріне ердім.

- Есімің кім?

- Бауыржан!

- Қанша тұрады?

- Мынау - 50 теңге, мынау - 100 теңге деді күн қақтаған балғын 0,5 литрлік және 1 литрлік бөтелкені нұсқап.

- Неше оқисың?

- Жетіні бітірдім

- Іні-қарындастарың бар ма?

- Төртеуміз, мен үлкенімін, - деді «үлкендерше» көзбен бір қарап.

- Қанша табасың?

- Бір жазда 100 мың теңгедей. 50 мыңын мамамдарға берем, 50 мыңына өзіме киім алам.

- Сен шынында да батыр болатын бала екенсің! Маған біреуін берші.

- Рахмет, апай! Ол ары қарай асығыс жүгіріп кетті.

Сөз соңында

Сәрсенбінің сәтінде қайтуға жиналдым. Таңғы бес. Қоштасып қайтайын деп көлге бардым. Ебінің желі соғып тұр. Кешегі моп-момақан, көгілдір көл көзден бұлбұл ұшқандай. 2-3 метрдей жағажайды бауырына басып, буырқанып жатыр. Толқын жарға дейін атылып кеп соғылып, қайта қайтады. Адамдарға бұл да бөгет болмапты. Етпетінен тізіліп жатыр. Көл құдды баласының құйрығынан ұрған анадай күшеніп келіп сарт еткізеді. Аспанға көз тастап шағалаларды іздедім. Көрінбейді. Көгершіндер ұшып жүр.

Түске дейін көлдің қабағы бір ашылмай қойды. Нұргүлдің айтқандары есіме түсті. Алакөл ашуланып тұрғандай көрінді. Әлде ренішін айтып қалғысы келді ме екен?

Жергілікті халық «Жарбұлақтың жұты да Ебі, құты да Ебі» дейді. Бүгінде Алакөлдің иесе де, киесі де, анасы да әкесі де, қамқоршысы да, қорғаны да осы Ебі желі ғана секілді. Әйтпесе, көздің қарашығындай сақтар, қасиет қонған Алакөлдің ала-құла тіршілік кешіп жатуын қалай түсіндірерміз?!

Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036