Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3209 0 пікір 6 Ақпан, 2013 сағат 11:16

Мегаполистің мега-қатерлерін қаперге неге алмаймыз?

Қалта телефоныма Алматыда 03-04 ақпан күндері сел жүру қаупі бар екені туралы SMS хат келіп түсті. 28 қаңтар күні түнгі сағат 22:38 шамасында тіркелген жер сілкінісіне қатысты келмеген құлақтандыру, енді, міне, "есік қағып тұр". Мұны ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың уәдесін орындағаны деп білеміз. Бәлкім, отандық байланыс операторлары да сыннан нәтиже шығарған болар. Десек те, сел қаупіне қатысты "үшбу хаттың" болжамы орындалмады. Құдайға шүкір делік! Мұндай төтенше апаттың бізге қажеті шамалы. Әйтсе де бірде еріп, бірде қайта жауған қар бұл сел қаупінің алдағы бір-екі ай көлемінде сейілмейтінін аңғартып отырғандай. Сондықтан да біз бүгін "Алматыға қатер қайдан келетінін" тағы да саралап, тек селді ғана емес, жалпы, Алматының "бас ауруына" айналған қауіптерді әңгімелеп көрелік.

 

Қалта телефоныма Алматыда 03-04 ақпан күндері сел жүру қаупі бар екені туралы SMS хат келіп түсті. 28 қаңтар күні түнгі сағат 22:38 шамасында тіркелген жер сілкінісіне қатысты келмеген құлақтандыру, енді, міне, "есік қағып тұр". Мұны ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың уәдесін орындағаны деп білеміз. Бәлкім, отандық байланыс операторлары да сыннан нәтиже шығарған болар. Десек те, сел қаупіне қатысты "үшбу хаттың" болжамы орындалмады. Құдайға шүкір делік! Мұндай төтенше апаттың бізге қажеті шамалы. Әйтсе де бірде еріп, бірде қайта жауған қар бұл сел қаупінің алдағы бір-екі ай көлемінде сейілмейтінін аңғартып отырғандай. Сондықтан да біз бүгін "Алматыға қатер қайдан келетінін" тағы да саралап, тек селді ғана емес, жалпы, Алматының "бас ауруына" айналған қауіптерді әңгімелеп көрелік.

 

Бірінші қатер - сел

Сел - мұздықтардың, қардың мөлшер­ден ар­тық еруінен, нөсерлі жауын-шашын­дар­дан, жер сіл­кінуден, тау өзендерінің ар­на­сынан асып-та­суы­­нан пайда болатын таби­ғаттың жойқын құбы­лы­сы. Рас, биыл­ғы қардың шамадан тыс көп түсуі қала хал­қын алаң­датып отыр. Алматы көшелерін­дегі көк­­тай­ғақ, жол жағаларындағы тау болып үйіл­­ген күр­сі қар, қаңтар мен ақпан ай­ларында күн­нің көзі лез­де жылып, қардың еруі аталған қа­уіп­тің иек ас­ты­нда тұрғанын көрсететіндей. Жалпы, сел жолын­дағы шө­гінділерді шайып, қатты тау жы­ныс­тарын бұ­зып, ағаштарды түбірімен қопарып, сал­мағы он­даған тонналық үйтастарды ағызып әкететінін, мұндай апат Қазақстан­ның Іле Алатауы, Жетісу Ала­тауы, Сауыр, Тар­бағатай, Алтай таула­рын­дағы Үл­кен Ал­маты, Кіші Алматы, Қаскелең, Есік, Тал­ғар, Текелі, Сарқант тағы басқа өзендердің алап­тарын­да жиі болып тұратынын жақсы біле­міз. Ал елімізде орын алған селдердің тари­хын білеміз бе? 1887 жылы жер сіл­кіну әсерінен Алматы қала­сын­да сел жү­р­ген. Соның салдарынан табиғи апат қалаға көлемі 440 млн м3 болатын ірі тастарды ағы­зып әкелген көрінеді. 1928 жылы қат­ты нөсер жа­уын салдарынан Іле Алатауы­ның терістік бет­кейінде 20-дан астам сел тір­­келіпті. Сонымен қа­тар 1921, 1941 жылдары Кіші Алматы, 1950 жылы Үл­кен Ал­маты өзендері тасып, қала халқы ай­тар­­лық­­тай зардап шеккен. Осындай қауіп-қатер­ден қор­ғану мақ­сатында 1966 жылы Медеу шатқа­лын­­да дүниежүзінде алғаш рет тауды бағыт­тап қопару әдісімен Медеу бөгеті салынған-ды. Осы бөгет бірнеше рет Алматы халқын су басу апатынан сақ­тап қалғанын білеміз. Десек те, биыл­ғы қалың қар лезде ерісе, Ме­деу бөгеті қала­ны сақтап қала ала ма? Бел­гісіз... Белгілісі - Алматы қа­ласымен өте­­тін ұзын саны 26 өзен бар. Олар тасыды деген сөз...

Екінші қатер - жер сілкінісі

Жоғарыда келтірген деректе сел жер сілкіну салдарынан да туындауы мүмкін екенін айттық. Алматы қаласы сейсмика­лық қауіпті аймақ екені белгілі. Соңғы кез­дері жиілеп кеткен жер дүмпулері үрейге үрей еселеп отырғаны тағы бар. Мамандар пікі­ріне сүйенсек, мұндай жер дүмпуі сал­дарынан қар көшкіні орын алуы да бек мүм­кін. Яғни бұл орайда қардың көп түсуі­нен ғана емес, жер сілкінуден де қауіптену­ге негіз бар деген сөз.

Алматы тарихында 1887, 1889, 1911 жылдары тоғыз бал­лдық жер сілкінісі болғанын білеміз. 1887 жыл­ғы зілзаладан 236, 1911 жылғы та­биғи апат­тан 44 адам қаза тапқан болатын. Он­дай тоғыз баллдық апат емес, 28 қаңтар­да­ғыдай 6,3 магнитуда болатын жер сіл­кі­нісі тағы да бір-екі рет қайталана қалса, селдің ас­тында қалмаймыз ба? Белгісіз...

Жанама салдарлар

Біз тура осындай "белгісіздердің" бел омыртқасында отырып, ару қаламыздың эко­логиясына бас ауыртпайтынымыз қа­лай? Ендігі мәселе осыған келіп тіреледі. Мә­селен, мамандар Алматы экология­сы­ның өзгеруіне әкелген бірнеше фактор­ды атап айтады.

Мысалы, Қапшағай суқоймасы. 1970 жылы су толтырыла бастаған бұл суқойма­ның Алматының экологиялық жағдайын өзгертіп жібергені жиі айтылып жүр. Алма­ты­дағы жауын-шашынның көптігіне Қап­ша­ғайдың булануы себепкер. Жасанды Қап­шағай көлінің қаладағы ауаның таза­лануы­на да өз кедергісі бар екен.  Мысалы, күн­діз таудан ескен самал жел Қапшағай көлі орналасқан алқаптың құмын суытып, кешкісін даладан қалаға қарай салқын жел есіп, қаланы тазартатын. Ал қазір бұл таби­ғи құбылыс өзгеріске ұшырап кетті. Бұл пі­кірді бүгінде Алматының құбылмалы, дым­қыл ауасына алаңдайтын ғалымдар­дың көпшілігі жоққа шығармайды. Жауын-шашынның көбеюі тағы да тасқын су қаупін күшейтетінін ескерсек, мұның да арты селге келіп тірелері сөзсіз. Екіншіден, біз Медеу шатқалындағы қираған қара­ғай­­лардың жырын айтқанымызбен, ар­тын­­ша-ақ ұмытып кеттік. 2011 жылы бол­ған табиғи апат салдарынан Іле Алатауы мем­­лекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ме­деу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде жал­пы көлемі 480 гектар аймақты құрай­тын (45 мың текше метр шамасында) ор­ман ағаштарын жайпап кетті. Бұл жағдай да Алматы экологиясына қатер төндіріп тұр­ғаны рас. Үшіншіден, қалада көліктер­дің санының шамадан тыс өсуі де Алматы үшін жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Дәл қазір Алматыда 540 мыңнан астам көлік құралдары тіркелген. Бұлардың қатары жылына 40 мыңға дейін көбейеді. Оған күнделікті сырттан келетін 200 мың шамасындағы автомобильдерді қосыңыз. Әрбір мың автомобильден күніне ауаға 3000 кг көміртек оксидтері т.с.с отынның то­лық емес жану өнімдері бөлінеді. Жыл сайын олар 280 млн тонна шамасында көміртек тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тотығын ауаға қосады екен. Мұның сыртында Алматыда қаншама жер үйлер әлі күнге көмірмен жылытылады. Оны да ойлай беріңіз... Тура осындай эко­ло­гиялық апатты жағдайда тұрған қала үшін қайтпек керек?

Маман пікірі

Ауа райының өзгеруі атом бомбасынан қауіпті

Мэлс Елеусізов, эколог:

- Алматының экологиялық жағдайына көңілім толмайды. Тауға шығып қарасаңыз, қаланың аспаны қап-қара болып тұрады. Негізінен, ауаны теректер тазалайды. Ал біз сол ағаштарды қырқып тастап жатыр­мыз. Қалада экологияны ластайтын қанша­ма көлік жүр. Оларға шектеу қою керек­тігі жөнінде бірнеше рет бастама көтердік. Элек­тротранспортты көбейтіп, зауыт-фаб­рикаларды қаланың сыртына шығаруымыз қажет­тілігі жөнінде де айтып келеміз. Жал­пы, біздің ел әлі күнге ауа райының өзгеруі атом бомбасынан да қауіпті екенін түсіне қойған жоқ. Мәселен, қазір 500 мың, асып кетсе 700 мың халық тұруы қажет Алматы қа­ласында 2 млн адам тұрып жатыр. Кеңес­тік кезеңде Алматы қаласы халқының саны 1 млн-ға жетсе, экологиялық пробле­ма туындайтыны айтылған еді. Сол расқа ай­налатын түрі бар. Сондықтан  мигра­ция мәселесін де реттеуіміз қажет.

2 миллиондық қаладан 2 млн текше метр қоқыс шығады

Қазір әлемге Лас-Вегас қандай таны­мал болса, лас Алматы (тура мағына­сын­да) да  сондайлық антибеделге ие. Олай ай­­­туымыздың себебі - аумағы 339,36 шар­­шы шақырымды құрайтын шаһарда рес­ми дерек бойынша 1,3 миллион халық тұра­ды. Ал бейресми ақпарат көздері тұр­ғын­дар санын 2 миллионға жуық деп есеп­­тей­ді. Осы 2 миллионға жуық тұрғыны бар қала­дан күніне 1200 тонна, жыл сайын 2 млн текше метр қоқыс шығарыла­ды екен. Яғни кеңестік кезеңнің жоспары бо­йынша 500 мың, асып кетсе 700 мың халық тұруы қа­жет Алматы кемерінен асып барады. Бұл да проблема үстіне проблема туындатып отыр­ғаны ақиқат. Десек те, қан­­дай жағ­дай­да болсын Алматының эко­ло­гиясын түзеуге салғырт қарамауды ой­ла­ған жөн секіл­ді. Әйтпесе сел қаупіне қа­тыс­­ты кел­ген SMS хат тағы да басқа қа­тер­лерді төн­діріп, маза­мыз­ды алуы бек мүм­кін.

Түйін

Ақындар жырымен, әншілер әні­мен тербеткен - ару Алматы. Бір кез­дері сұлу қыздың көйлегіндей жасыл же­легі көлбеңдеп, қос бұрымы сықыл­ды Үлкен һәм Кіші Алматы өзендері ши­ратылып жататын-ды. Алмасының дәмі тіл үйірер осы бір шәрді өз көзімен көргендерден еститініміз осы. Ал бүгін ше? Бүгін мемлекет бюджетінің 30 па­йы­зын құрайтын алып шаһар "темекіні бу­дақтата шегіп, көк түтіннен тынысы тарыл­ған дімкәс кісідей" күйге түскен. Сөйте тұра Алматыға сырттан ағылған ха­лық нөпірі толастаған емес. Керісін­ше, мега-қала кемерінен асып барады. Бұл жай онсыз да шешілмеген түйіні көп Алматының проблемасына тағы да жамау жамап жатыр. Сол себепті де Ал­маты қаласы әрдайым бұқара­ның назарында болғаны жөн. Біздің бар айтпағымыз да осы...

 

Лас Алматы

«Қазгидрометтің» бақылау нәтижелеріне сүйенсек, Алматы қаласы эколо­гия­сының ластануы еліміздегі барлық қалаларды басып озып, бірінші орында тұр. Тіпті дүниежүзіндегі 25 ластанған қаланың тізіміне де еніп үлгерген. Ол - ол ма? 20 миллион халқы бар Мехико, 17 миллион тұрғыны бар Тегеран мен Шанхай, 10-15 миллионның аралығында халқы бар Нью-Йорк, Лос-Анжелес, Лондон, Ыс­тамбұл, Токио һәм Мәскеу сияқты қалаларды да тазалықсыздық қырымен ба­сып озған.

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593