«Ақмаржан» деп ән салғанмен, күрішті ұмыттық
Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап Сыр өңірінің жұрты егіншілік кәсіпке шындап бет бұрды. Әсіресе күріш дақылын өсірудің қыр-сырына қанықты. Содан бергі тіршілік ауаны аталмыш дақылға тікелей қатысты болып тұр. Баз бір жылдарда одан өнім алу жөнінен рекордқа негіз қалаған аймақ қазір сол шақты күрсіне еске алады. Өйткені жергілікті күрішшілер талай мәрте тығырыққа тіреліп, одан шығатын түйінді тарқатуға шамасы келер емес. Бір-бірінің үстіне жамала түскен қордаланған мәселелер қашан өз шешімін табады? Қыстың көзі - қырауда да диқандар алаңсыз жүрмейді. Себебі күзгі жиын-терімнен жиналған астықты өткізуі тиіс. Өкінішке қарай, бұл жөнінен мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жасалып отырған жоқ. Әркім өз шаруасын өзі атқаруға мәжбүр. Мәселен, бидайдан жиналған дәннің белгілі бір бөлігін мемлекет сатып алады. Алайда елімізде дәнді дақылдар жөнінен одан кейінгі орынға ие болып отырған күрішке мұндай жәрдем көрсетілмей отыр. Айналып келгенде, бұл күріш шаруашылығын құлдыратуға әсерін тигізді. Бүгінгі күні аталмыш өнімді делдалдар диқандардан келісін 30 теңгеден сатып алуға құлшыныс білдіреді. Қаншама маңдай тері төгілгеннен кейін бұл баға күрішшілерге өте қолайсыз.
Былтыр облыста 70 мың гектар алқапқа күріш егісі орналасты. Осыдан он шақты жыл бұрын осындай алқап 100 мың гектарға жетіп жығылатын. Сонда жылдан-жылға күріш егісінің көлемі кеміп келеді деген сөз. Әрине, оның себебі де түрліше. Әуелгісі шаруашылықтардың қаржылық жағдайына қатысты екені даусыз. Кешегі кезеңде ірі құрылымдар ұсақталып кетті. Соның салдарынан қолында қаржысы, техникасы жоқ диқандар саны артты. Одан кейінгісі іргелі шаруашылықтардың өзі мемлекет қолдауынсыз еңбек ете алмайды. Сосын тағысын тағылар... Әйтеуір, әлеуметті әрі-сәрі етіп жүрген жайлар аз емес. Одан қалды өндірген өнімді өткізе алмай тағы да әуреге түсесің.
Оразбек Ахметов, Жалағаш ауданындағы «Жер-Ана» шаруа қожалығының төрағасы:
- Қазіргі күні қолдағы күріш өнімін өткізе алмай отырмыз. Өйткені оның бағасы бізге қолайлы болмай тұр. Делдалдар арзан сұрайды. Келісін бар-жоғы 30 теңгеден асырғысы келмейді. Аталмыш дақылдың өзіндік бағасының өзі одан екі есеге артық. Ендеше, жоғарыдағы жағдай бойынша өнім өткізсек, біз ұтылып қаламыз. Бір қызығы, бидай жемінің келісі одан қымбат болып тұр. Мемлекет тарапынан шаруалардан күріш қабылдайтын арнайы мекеме болмаса, жылма-жыл көрген күніміз осылай жалғаса береді.
Сыр бойы диқандары еліміздегі күріш өндірісінің 85-90 пайызын еншілейді. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш өніммен Қазақстан халқын толықтай қамтамасыз етуге шамасы келеді. Алайда сырттан келген аталған өнімдер базарды жаулап алған. Әсіресе Қытайдан келген күріш өнімін еліміздің қай қаласынан да кездестіре аласың. Әрине, оның бағасы өте арзан. Өкінішке қарай, бұл өнімнің сапасы сын көтермейтіні жайында талай әңгіме айтылып жүр. Оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Ал біздегі күріштің одан біршама қымбат болатын жөні бар. Оның басты себебінің бірі - тұқым мәселесі. Соңғы 30 жылдан бері Сыр өңірінде сорт жаңартылмай келеді. 1983 жылы өндіріске енгізілген ақмаржан сорты сырттан алып келген талай сорттармен жалғыз «алысып» жүр. Егеменді ел болғалы бері ешқандай жаңа сорттың енгізілмеуі күріш шаруашылығы саласына деген көзқарастың селқостығын аңғартады. Жергілікті ғалымдар бұл бағытта ізденістер жасап жүр. Жаңасын тәжірибе жүзінде зерттеп те көрді. Дегенмен оны өндіріске енгізуге келгенде қол қысқа. Қаржы тапшылығы қыспаққа алады.
Аппаз Камаладдин, Сырдария ауданындағы «Мәді қажы» ЖШС төрағасы:
- Біздің өңірдің негізгі кәсібі - күріш шаруашылығы. Жергілікті диқандар суармалы егіншілікпен айналысады. Күріш үш-төрт ай бойы суда тұрады. Кезінде 200 мыңнан астам жер инженерлік жүйеге келтірілген. Оны төрт жыл сайын қалпына келтіріп, күрделі жөндеуден өткізіп тұрған артық емес. Десе де, соңғы 20 жылда мұндай жұмыстар атқарылып жүрген жоқ. Соның кесірінен қаншама жер айналымнан шығып қалды. Әбден азып-тозып кетті. Кезінде бұл мәселеге Дүниежүзілік банк те назар аударған. Жапондар да қаржысын салуға ниет танытып еді. Өкініштісі, немқұрайдылық салдарынан барлығы аяқсыз қалды. Сондай-ақ тұқым шаруашылығын да аздырып алдық. Маржан сорты потенциалын жоғалтты. Оны көзіміз көріп отыр. Рас, көп жағдайда мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетілуде. Түрлі жеңілдіктер жасалып, субсидия берілуде. Бірақ ол біздің түйткілімізді түбегейлі шешкен жоқ. Күріш бағасы да көтерілмей келеді. Делдалдар арзан алуды қалайды.
Жылма-жыл Сыр еңбекшілері 280-300 мың тоннаға жуық өнім жинайды. Оны өткізуге келгенде қиындық көлбеңдеп шыға келеді. Оны арнайы қабылдап алатын арнайы мекеменің жоқтығы талайдың еңсесін езіп жүр.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Жақын күндері облыс орталығында республикалық деңгейде ауыл шаруашылығына қатысты жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы басқосуда аграрлық саланың талай түйткілін тарқатуды көздейміз. Сыр өңірі, негізінен, ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақ саналады. Сондықтан бұл өңір тұрғындары үшін басты мәселе екені белгілі.
Өркениетті елдерде күріш шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп отыр. Еуропада орын тепкен Италияда 250-300 мың гектарға күріш егіледі. Олардың өнімін Еуроодақтағы барлық мемлекет сатып алады. Бағасы да арзан емес. Әйтсе де италиялық шаруаларға қолдау мақсатында оның бағасына ешкім бас ауыртып отырған жоқ. Өкініштісі, біздің елімізде күріш шаруашылығына осындай қамқорлық жасалмай жүргені қынжылтады.
Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы
"Алаш айнасы" газеті