Өлеңнің иесі – ақын, киесі – халық
Қазақы пошым
Бірде олай,
Бірде былай.
Бірде малай,
Бірде Құдай.
ХХХ
Асыл мұрат – мендегі жасыл құрақ...
Көл жасадым көзімнің жасын құрап.
Миығымнан кетпеген мысқыл көшіп,
Иығымнан кетпеген басым құлап...
ХХХ
Ерте тұрдым: бал жалғадым,
Өз еншімді олжаладым.
Жеті күнмен жетектесіп,.
Етігіммен жол жасадым.
ХХХ
Сыртым сылақ, ішім құрақ,
Өңім – өзім, түсім жырақ...
Жорта өмір кешіп келем
Жоқтан-бардан мүсін құрап.
ХХХ
Жылатсаң да өзің біл,
Құлатсаң да өзің біл,
Жұбатсаң да өзің біл:
Мен – құлымын сезімнің!
ХХХ
Торға түскен шер кеуде
Тот басқандай қаңсиды.
Тастандыны көргенде
Тас жүрек те шаншиды...
ХХХ
Жазмышыма қол салма,
Ей, жалдаптың қасабы!
Жасамыстау болсам да
Махаббатым жас әлі!
ХХХ
Кеуде – көрік,
Көз жасық,
Көңіл алаң:
Жеткіншегім жетесіз,
Жебір аман.
Таққа мінген қазақтың тақымы тар,
Атқа мінген қазақтың көбі надан.
ХХХ
Ақын адал туғаны үшін жазалы,
Елден бұрын емексиді ажалы.
Жүз жыл, мың жыл қуғын-сүргін көрсе де
Құлпытасқа жазылады ғазалы!..
ХХХ
Қара бастың қамы бітпей қарғадай,
Байқаусызда бастан бақтың ауғаны-ай...
Еріккеннің ермегіне айналған
Елік пе едің, желік пе едің, жалған-ай?
ХХХ
Тарайды тамыр бойлап шер-шеменім,
Таба алмай жанға тыным теңселемін.
Не болмақ көгімдегі сөнсе күнім?
Не болмақ кеудедегі өлсе өлеңім?..
ХХХ
Асыл мұрат – мендегі жасыл құрақ...
Көл жасадым көзімнің жасын құрап.
Миығымнан кетпеген мысқыл көшіп,
Иығымнан кетпеген басым құлап.
ХХХ
Түсінбей өтерсің сен мені:
Ақынның шеңбері
Әлемнің жер, көгі!
Ақынның өрнегі
"Әркімнің" ермегі.
Шер буған кеудені
Есіркеу ем бе еді?
Мүсіркеу жөн бе еді?
Көктегі көңілді
Көк соққан жерледі.
...Түсінбей өтерсің сен мені.
ХХХ
Қайран, баба!
Қайран, дала!
Қайран, ел..,
Қанға сіңген қасиеттің қайнары ең!..
Ұлы күндер енді қайтып келер ме,.
Ұлы жұртта ұлысам да айға мен?..
ХХХ
Кеткім келеді бір жаққа...
Қайда барамын?
Жұлдызға көзім телміріп,
Айға қарадым.
Қаһанды қашан ішімнен сайлап аламын?
Жаһанды қашан күшіммен жаулап аламын?!
Маңдайымнан аққан тер
Таңдайымды жібітті.
Сенделіспен өткен күн
Серік етті үмітті.
Мынау фәни жалғанда
Ет-жүрегі езіліп
Кімдер мені еске алды?
Кімдер мені ұмытты?..
ХХХ
Қыс қойнауға тығылды,
Жаз жайлауға ұзарды.
Атқан таңым ұялды,
Батқан күнім қызарды.
Ай табағы дөңгелеп аспантөрдің төсінде,
Қаз дауысты қайтқан құс қайталады музамды.
ХХХ
Жата берсең – жамбасыңнан шірисің,
Құрдымға еніп,
Құмға сіңіп құрисың...
Көзмоншағың көгенінен жамырап,
Көне жұртта көштен қалған бір үйсің.
Сергек жүрсең, сезінесің күн исін,
Саяқ жүрсең, саған басын кім исін?!
Енді қашан емешегің езіліп,
Енді қашан жүрегіңмен жібисің?
ХХХ
Аққу – мұңым, қаз – арманым,
Өлең, өлме!
Ән, жаса!
"Ғасырнама" жаза алмадым,
"Ғашықнама" болмаса...
ХХХ
Құлдық ұрған Жәми жан
Алла сөзі – кәлимаң һәм қағидағаң.
Калам жақтың ашылады қақпасы,
Адамзаттың әні болса Ар, Иман!
ХХХ
Орындалмас тілектің
Омырауын боя, Таң.
Ұйықтап жатқан жүректің
Қайсыбірін оятам?..
ХХХ
Бәйтеректей сая болмайды,
Байлаулы атта жая болмайды.
ХХХ
Жайшылықта бәрі жақын,
Қайшылықта бәрі жау...
Қазақ болып бұл қазақты
Қасірет қой танымау?..
ХХХ
Түндік жауып,
Көріп пе түс қашқанды:
Алматыда бір күнде қыс басталды.
Аспан жайып сыпыра,
Елгезермен
Ұн елеген анама ұқсастанды.
ХХХ
Көңіл кірі – құмалақ,
Бақыр баста күнә көп...
Елдің сөзі – ебелек,
Көптің көзі сұғанақ.
ХХХ
Кешегінің қазағы:
Салт жүрісті, сабау қамшы.
Бүгінгінің қазағы:
Шалт жүрісті, жадау-жалпылы.
ХХХ
Тілден бұрын Діл сөйлесе,
Ол – адамның сұңқары!
Ділден бұрын тіл сөйлесе,
Ол – адамның сұмпайы.
ХХХ
Өзгермейтін даланың дара заңы:
Тән семірсе – басталар жан азабы.
Екеуінің есебін таба алмасаң,
Өз-өзіне оқи бер жаназаны.
ХХХ
Ел мен елді ер қосар,
Асқынған дертті ем басар.
Ай мен күнді күндесе,
Көктің де көзін шел басар.
ХХХ
Қанатың қайда, құсым-ау, қанатың қайда?
Күтпейтін жұмыс,
Бітпейтін бір іс қала тұрмай ма?
...Кезекке тұрып.
Кәнеки, кешігіп жүрсек
Пенденің бәрі түбінде баратын жайға...
ХХХ
Пақырым көп те парқым аз,
Жатырым көп те жалпым аз.
Алты алаштың баласы–
"Әуелеп ұшқан алты қаз"...
ХХХ
Жаныңда ақын жүрсе,
Көзіңе періште елестейді...
ХХХ
Онбесінде балқымаса – айға сын.
Көңілдің де кір шалады айнасын.
Тас орнына ар мен алтын тап келсе,
Таразының таңдар едің қай басын?
Исраил Сапарбай
Abai.kz