Қазақстан терроризм деңгейі бойынша аса қауіпті елдер антирейтингінде соңғы 93 орында
Жыл сайын Экономика мен бейбітшілік институты (IEP) құрастырған Әлем елдеріндегі терроризм деңгейі бойынша антирейтингте 135 мемлекеттің ішінде Қазақстан 93-ші орынға жайғасты – бұл өте жақсы көрсеткіш, себебі біз тізім бойынша соңғы орында тұрмыз (барлығы 93 орын).
Рейтингтегі индекстің мәні неғұрлым жоғары болса, соғұрлым елде қақтығыстар мен террористік актілер жиі кездеседі деген сөз. Ал мемлекетте экстремистік құқық бұзушылық тіркелмей, террозим қаупі жоқ болса оның индексі нөлге тең болады. Қазақстанның индексі 2021 жылы нөлдік көрсеткішке жетіп отыр, яғни бізде терроризм қаупі жоқ (2019 жылы индекс – 0.901).
Жалпы 2021 жылы әлем бойынша терроризм құрбандарының саны 1,2%-ға азайып, 7142 адамды құраған, бірақ террористік шабуылдар көрсеткіші 2020 жылы тіркелген 4 458 жағдаймен салыстырғанда 17%-ға артып, 2021 жылғы көрсеткіш 5226 болды. Антирейтингтің көш басында тұрғандар – Ауғанстан, Ирак, Сомали елдері.
Алайда жергілікті құзырлы органдардың ақпаратына сенсек, елдегі экстремизм мен терроризмге байланысты тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны бір жылда 20%-ға артқан.
Қазақстанда 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында экстремизм мен терроризмге байланысты 139 құқық бұзушылық тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8 пайызға көп. 2021 жыл құқық бұзушылықтың бұл тірінен антирекордты жаңартты. 2017 жылдан 2020 жылға дейін көрсеткіш тұрақты түрде азайып отырған.
Өңірлік бөліністе экстремизм мен терроризмге байланысты ең көп құқық бұзушылықтар Түркістан облысында тіркелді: 18 жағдай — өткен жылмен салыстырғанда 18,2%-ға аз. Жамбыл облысы мен Шымкент тіркелген 16 жағдаймен үштікті жауып отыр.
Қызылорда облысы үздіктер қатарында. Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарында 1 ғана оқиға тіркелсе, біздің облыста небәрі 3 жағдай тіркелген.
Аталмыш топтағы тіркелген құқық бұзушылықтар көбіне әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздырумен байланысты: өткен жылдағыдай барлығы 48 жағдай тіркелді.
Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға шақыру, сондай-ақ экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметіне тыйым салынған, не болмаса мекемені жою туралы сот шешімі шыққанына қарамастан, қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге де ұйымның қызметін ұйымдастыру мен оған қатысу сынды қылмыс түрлері де «танымалдылыққа» ие.
Материалды «Нұрлы Бағдар» Қоғамдық Қоры мен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы бірлесіп дайындады.
Abai.kz