Мырзан Кенжебай. Жатты жарылқау – өзіңді өзекке тебу болмасын
Өзі ақыры қайырын бергей Қазақ Елі ең әуелі өзін емес, жөнінен әлемде алдына жан салмай келеді. Бұл ретте өз елінде үйсіз-күйсіз қаңғырып жүргендер де қазақ, кемпір-шалымен, бала-шағасымен бір не екі бөлмелі жатақханаларда тұрып жатқандар да, қазақ қыздары кім көрінгеннің кафесінің күндіз еденін жуып, кешке қожайындарының әртүрлі талап-тілегін орындап, ал атанжілік ұлдары арба сүйретіп, көше сыпырып жүрген де тек қазақтар деп әлеуметтік, тұрмыстық жағдайды қоздатпай-ақ қоялық. Әңгіме біз елімізде өзгенің ұлттық салт-дәстүріне, тілі мен дініне қандай қамқорлық жасасақ, өзгелердің, атап айтқанда орыстардың Ресейде сонда тұратын қазақтарға дәл біздегідей қамқорлық жасауын талап етуге де жүрегіміз дауаламайтыны туралы болып отыр. Оның есесіне, қазақтың ірілі-уақты басшыларының екі сөзінің бірінде Ресеймен арамыздан қыл өтпейтін достық, орыспен бауырластық туралы «жан тебірентерлік» сөздерін тыңдап болған соң, көшеге шығып орыс біткенді құшақтап сүйе бергің келеді сүйе бергің келеді. Тіпті, мектеп, университеттердің тарих оқулықтарында Ресейдің қазақ ауылдарына әсіресе, батыс аймақтарымызға жасаған небір қанды шабуылдары тұрмақ, бір қазақтың маңдайынан шерткені туралы ләм-мим жоқ. Бұл мәселені де қоздатпай қоя тұралық.
Өзі ақыры қайырын бергей Қазақ Елі ең әуелі өзін емес, жөнінен әлемде алдына жан салмай келеді. Бұл ретте өз елінде үйсіз-күйсіз қаңғырып жүргендер де қазақ, кемпір-шалымен, бала-шағасымен бір не екі бөлмелі жатақханаларда тұрып жатқандар да, қазақ қыздары кім көрінгеннің кафесінің күндіз еденін жуып, кешке қожайындарының әртүрлі талап-тілегін орындап, ал атанжілік ұлдары арба сүйретіп, көше сыпырып жүрген де тек қазақтар деп әлеуметтік, тұрмыстық жағдайды қоздатпай-ақ қоялық. Әңгіме біз елімізде өзгенің ұлттық салт-дәстүріне, тілі мен дініне қандай қамқорлық жасасақ, өзгелердің, атап айтқанда орыстардың Ресейде сонда тұратын қазақтарға дәл біздегідей қамқорлық жасауын талап етуге де жүрегіміз дауаламайтыны туралы болып отыр. Оның есесіне, қазақтың ірілі-уақты басшыларының екі сөзінің бірінде Ресеймен арамыздан қыл өтпейтін достық, орыспен бауырластық туралы «жан тебірентерлік» сөздерін тыңдап болған соң, көшеге шығып орыс біткенді құшақтап сүйе бергің келеді сүйе бергің келеді. Тіпті, мектеп, университеттердің тарих оқулықтарында Ресейдің қазақ ауылдарына әсіресе, батыс аймақтарымызға жасаған небір қанды шабуылдары тұрмақ, бір қазақтың маңдайынан шерткені туралы ләм-мим жоқ. Бұл мәселені де қоздатпай қоя тұралық.
Әрине, көршіңмен тату, достық қатынаста болғанға не жетсін?! Әттең, Қазақстан мұндай көршілік саясатта ата-бабамыздан қалған «әркім силағанның құлы» деген қағиданы ұстанбай, күштінің ыңғайына жығыла беретінін көре тұра көрмедім деу де күнә болар еді. Қазақстандағы қазақтардың саны 70%-ға жақындап тұр деген кейбір мәліметтерге сенбей, ресми түрде 64% дегенге жүгінгеннің өзінде қазір 20%-дың о жақ бұ жағындағы орыс ұлтының балаларына арналған мектеп қазақ мектептерінен әлдеқайда көп. Қазақ балабақшалары орыс балабақшаларынан әлденеше есе аз. Қазақстанда іс қағаздары негізінен орыс тілінде. Қазақстанның кез-келген ауылдары мен қалаларын орысша басылымдар қардай борап басып салған ал телеарналар түгелге жуық күндіз-түні орысша хабар таратады.
Енді «Мәңгілік достық туралы келісім-шарт» жасалған, қазақтар «бауырлас», «братан» деп атайтын Ресейдегі қазақтардың тек қазақ тіліндегі мектеп мәселесі туралы ойланып көріңізші. Ресейдің Астрахань (Хажы-Тархан), Орынбор, Саратов (Сарытау) Самар, Омбы, Қорған, Тюмень (Түмен) облыстарында, Алтай өлкесінде, Қалмақ Республикасында қарақұрым қазақ өмір сүріп жатыр. Біз сонау бір замандарда Ресейдің қарамағында қалып қойған Астрахань-хажы Тархан, Орынбор, Саратов-Сарытау сияқты атамекендерімізді қайтарып бер деп дау шығармақ түгіл, мыңқ еткен дауыс шығарған емеспіз. Егер Ресей сол жақта күн кешіп жатқан қазақтарға ең болмаса әр жерден бір-бір мектеп ашып, аптасына екі-үш сағат болса да радио, теледидар хабарларын беріп Қазақстандағы орыстардікіндей кәрһәлләзи жағдай жасап қойса, бұлайша өкпе артпақ түгіл басымызды иер едік қой. Қандай саясат екенін қайдам, әлде ғасырлар бойғы Ресей езгісінен қанымызға сіңіп қалған құлмінез бе әйтеуір ресейдің осы өктемдігін айтуға батылымыз бармай, Өзбекстан мен Қытайдағы жүздеген қазақ мектебінің бүгінде біртіндеп азайып баратқанын өршелене қайталаймыз. Неге өйтетінімізді әркім өзінше түсіне жатар. Ал орыстан өзге ұлттардың, оның ішінде қазақтардың ұлттық тілінде білім алуына кедергі жасап, біртіндеп орыстілді ұлтқа айналдыруға бағышталған алғашқы қаулы 1938 жылдың 13-ші наурызында шықты. Сол күні КСРО ХКК (Халық Комиссарларының Кеңесі) мен ВКП (б) Орталық Комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстар мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» қаулы күшіне мінді. Міне, сол қаулы бүгінде тәуелсіз атанған Қазақстанда әлі де күшін жоймаған сияқты. Өйткені, бүкіл қазақ мектептерінде орыс тілі әлі де міндетті түрде оқытылатын пән деп қабылданған.
Ал, 1940 жылдан бастап орыс тілі қазақ мектептеріндегі бірінші сыныпта оқу жылының екінші жартысынан бастап қазақ тілімен бірдей оқытыла бастады. Сөйтіп, оқушылар аз ғана уақыт ішінде қос тілді болып шыға келді. Осының өзі-ақ ұлттық мектептің бірте-бірте беделсіз, екінші, үшінші орындағы «қажеті шамалы» мектепке айналуының басы болды. Оның үстіне, бұдан былай ұлттық мектептер «қалған-құтқан» қағидасымен қаржыландырылатын болды. Ал 1961, 1966, 1978, 1983, 1988 жылдары Мәскеу тарапынан орыс тілін білуге, орысша сөйлеуге міндеттеген толып жатқан нұсқаулар мен пәрмен, бұйрықтар бергеннен кейін әсіресе, қазақ тілінің басынан бағы тая бастады. Ол тіршілікке қажетсіз тілге айнала бастады. Соған қарамастан, Армения, Грузия, Латвия, Литва, Эстония мен Орта Азиядағы Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Тәжікстан республикаларының басшылары өте тиянақты, өте шебер ұлтшыл саясат жүргізуінің арқасында бұл елдерде орыс тілі оншалықты үстем тілге айналып кете қойған жоқ. Тіпті, армяндар мен грузиндер жас ұрпағын өз әліп-биімен мектептерде оқытты. Оларда әлі де солай. Сол жылдары Мәскеуден шығатын орталық газеттерде мынадай оспадарсыз мақала жарияланды. Онда өзбек деген халық ешқашан өзге идеологияға, ешқандай коммунистік идеологияға бейімделмейді, олар әрдайым өз тілін, өз үрдістерін, дінін бірінші орынға қояды. Олардың музыкалық ансамблінің аты «Ялла!» Бұл «Я, Алла!» дегеннен алынған, оның атын дереу өзгерту керек деп жазылған болатын. Ақыры, Мәскеу өзбек басшыларына бұл айтқанын да орындата алмады. Ол аз десеңіз, Өзбекстан басшылығы сол кезде Ташкент мемлекеттік университетінің В.Ленин атын алып тастап, оны Ұлықбек атындағы деп өзгертті. Өзбекстан басшылары осының бәрінде өте шебер, өте айлакер саясат ұлттық саясат жүргізді. Тіпті, қазақ, татар, қарашай, қарақалпақ сияқты қоңыр өңді қаракөз атаулының көбін ұлтым өзбек деп жазылуға көндірді. Бұл өзбек ұлтының саны көп, мерейі үстем болуы үшін жасалған өте тиімді саясат болды. Ал біз күні бүгін де өз елімізді қазақтың санын азайтып жазуға құштармыз. Сол Кеңес заманында университет дәрісханаларында өзбек жігіттері басынан тебетейін, қаракөз арулары орамалы мен тақиясын тастаған емес. Әлі де солай.
Бұның бәрін айтып отырған себебіміз, сол кезде орыстандыру саясатының қармағына ең бірінші қылмойыннан ілінген ұлт қазекемдер болды. Қазақстан басшылары Мәскеудің орыстандыру саясатын өздерінің тілімен айтқанда «аса зор өрлеу үстінде, толағай табыстармен» жалғастырды. Кейін 1970 жылдардан бастап қазақ мектептері жаппай жабыла бастады. Ал КСРО құлаған 1991 жылы Өзбекстанда (құрамындағы Қарақалпақ АССР-ін қоса алғанда) 700-ден астам қазақ мектебі болды.
Иә, жатты жарылқау, өзін өзекке тебуден қазақ қашанда алдына жан салмайтынын әлгіде айттық. Сонау жылдары тың игеру басталғанда мына жағы Моңғолия, мына жағы Қытай қазақтары біз де елімізге барып, ата-баба мекенінде еңбек еткіміз келеді деп хат жазғанда да біздің басшылар олардың бұл жүрекжарды ұсынысын құптай қоймады. Оның есесіне Ресейдің түкпір-түкпірінен кісі өлтіріп, әйел зорлап, ұрлық істеп сотталып, жазасын өтеп жүрген, араққа салынған азғындар үйір-үйірімен, вагон-вагонымен әкеліп тоғытылып жатқанда не Қазақстан басшылары, не солардың қосшылары бір ауыз «Бұл қалай?» деуді білге жоқ. Оның орнына, Қазақстан басшылары соларды отарбалар эшелонынан үкісі бұлаңдаған бұраңбел қыздарымыздың қолына нан-тұз бен гүлшоқтарын ұстатып қарсы алдырды. Олар сол бойда қаракөз қыр сұлуларын бетінен шолпылдатып сүюді бастады да, артынан... Иә, сонан кейін қазақ қыздары орыстарға күйеуге тиюі сәнге айналды. «Интернационал отбасы» деген отбасылар көбейді. Әрине, орысқа күйеуге шыққан қазақ қызынан туған бала да, әкесі-қазақ, анасы - орыс бала да орысша тілі шығып, орыс мектебіне барды. Сонда «интернационализм» дегеніміздің өзі орыстандырудың бүркеншігі екенін жәй халық білмесе де Қазақстан басшылары жақсы біліп отырды. Кейін тың өлкесіндегі кеңшар (совхоз), ұжымшар (колхоз) дегендер біріктіріліп, үлкейтілгесін қазақ ауылдары жойылып, ондағы қазақ мектептері күн санап жабыла бастады. Яғни, қазақ жастары ұлттық тәрбиеден, ұлттық санадан ажырап, әлдебір дүбара, мәңгүрт ұрпаққа айналды.
Бір ұлтты жоқ қылу үшін оған қос тілділікті енгізудің өзі-ақ жететінін Дэвид Кристал деген ағылшын ғалымы дәлелдеген. Ал ғұлама ақын Әбубәкір Кердерінің өлеңінде «тілі екеудің -діні екеу» деген жол бар. Әулие демей көріңізші! Осы күні қазақ көресіні қазақша сөйлемейтін, сөйлесе тең жартысын орысшалап сөйлейтін министрлер мен атқамінерлерден көріп отырған жоқ па?! Ал елін сатып, байлықты, қаржыны қоржындап қымқырып, шетел асып кеткендер мен қашып кеткендер түп-түгел орысша оқығандар емес пе? Демек, екі тілді адамға ұлтың да, дінің де, отаның да, тіпті, ата-ана, тума-туыс та түк тұрмайтын болғаны ғой! Осы қасіреттің бәрі қазақты өз тілінен айырудың, сосын екі тіл білуге міндеттеудің кесірінен болды. Бір ұлтты ешқандай соғыссыз жойып жіберу үшін оған қос тілділік енгізудің өзі-ақ жететінін осы тәжірибе көрсетіп отыр. Оны қазір әлем жұртшылығы біледі. Тек Қазақстан ғана екі тілді азсынғандай енді өз ұрпағын сәби шағынан бастап үш тілде сөйлету дегенге көшіп барады. Кейбір жоғарыдағылар мен жәреуке, жағымпаздар егер қазақтар үш тіл білсе, ертең дүниежүзінің мемлекеттеріне басшылық жасайды, әлемдегі ең озық ұлт болады деген естіген адамның ұялмаған жері қалмайтын сөзді айтатын болды. Бұл не әдейі есуас, болу, не шынымен есуас, не өздерінен басқаны есуас деп ойлайтын адамның сөзі. Әйтпесе, «көп тіл білу пайдалы» деп қазақтарға ұқсап шуылдап жатқан не орысты, не ағылшынды көрген ешкім жоқ.
Сонымен, уақыт, мына заман бізден нені талап етуде? Біз қазір әлі де болса Қазақ Елі деп атауға өзіміз жүрексіп отырған Қазақстан Республикасында тұратындардың Аллаға шүкір, «салулы төсек, салқын жай» дегендей бүкіл жағдайын жасап отырмыз. Құдай айдап, солтүстіктен бес-алты чукча келсе оларға да бұғының терісінен чум тұрғызып, балықтың шикі бауырынан бесбармақ жасап беруге де дайынбыз. Бес-алты үй орыс тұратын ауылда орыс мектебін ашып қойдық. Алматыдағы бір ғана 5-ші шағын ауданда 2 орысша мектеп бар.
Ал Ресейде ше?
Бір ғана мысал: Ресейдің Алтай аймағындағы Благовещенск ауданының Кирей (Керей шығар?) ауылындағы қазақ балалары 50 шақырым жердегі Байқамыт селосына қатынап оқиды екен. Әнебір жылдары ондағы бастауыш сыныпта қазақшаға болар-болмас қана сағат беріліпті. Қазір елді мекендер біріктіріліп, ірілендіріліп жатқандықтан шалғай, шағын ауылдардағы қазақтар енді Орлеан деп аталатын мекенге көшіп келіп, қазақтар көбейе түскен. Соған қарамастан, мұнда тек орысша мектеп қана бар дейді. Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес әр ұлт өзінің тілін, мәдениетін, дінін, үрдістерін сақтауға хақылы. Алайда, бұл тек қағаз жүзінде ғана болғандықтан мұнда қазақтар өз ұл-қыздарына ұлттық тәрбие беріп, ұлттық тілін үйретуге еш мүмкіншілік жоқ. Бұл осыдан 2 жыл бұрынғы жағдаят. Қазір естуімізше бүкіл Ресейде Ресей қазақтарына арналған бірде-бір мектеп қалмапты. Осы жағдаятты айтып қазақтар жергілікті биліктен бастап Мәскеуге дейін шағымданған. Алайда, мәскеудегі шенділер осы мәселе сөз бола қалғаннан-ақ ашу-ызасы қозып кететінін ашықтан-ашық көрсетеді екен. Олардың осындай суық райын аңғарған жергілікті білім мекемелері «бәледен машайық қашқандай» күйді дұрыс көретін сияқты. Мысалы, Самара облысындағы (қазақтың Самар деген атамекені!) сегіз мектептің директоры Ресей қазақтары ұлттық-мәдени ұйымдарының қазақ тілі мұғалімдерінің білімін жетілдіру курсын ашайық деген ұсынысына жауап беруден бас тартқан. Бұл туралы кезінде осы ұйымның басшысы Тоқтарбай Дүйсенбаев деген азамат «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында да мәлімдеген еді.
Мұның бәрі не үшін жасалып отыр? Өйткені, қазақты ғасырлар бойы билеп-төстеп үйренген, қазақтың құлмінез жан-дүниесін әбден жете біліп, әккіленіп алған Ресей қазақты ең әуелі тілінен айырса, қалған жағын уыста ұстап отыру оңай екенін жақсы біледі. Яғни, өз тіліңді үстем қылу арқылы-ақ өзгені табаныңа түсіруге болады. Ресейде тұратын тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева мынадай мысал келтіреді. Бірде Омбыдағы қазақ балаларына жүргізілген сұрақ-жауап кезінде балалар өзінің ұлты қазақ екенін айтуға ұялыпты. Бұл неліктен деп ойлайсыз? Өйткені, орыс мектебінде оқитын балаларға тек орыс тілінде сөйлеу ғана үйретіліп қоймайды. Қалай десеңіз де, ондағы ұстаздар балаларға ылғи, сөз арасында орыс деген ұлтты басқалардан білімді, басқалардан күшті, басқалардан ақылды, әрі мейірімді де қайырымды, басқаларға қамқорлық жасаушы, неше түрлі бәледен құтқарушы деген сияқты небір асыл қасиеттің бәрін орыстың басына үйіп-төгіп үлгі етіп көрсетеді. Тіпті, қазаққа беті-қол жуып тамақ ішу, тазалық сақтау дегендерден бастап, түгел қазақтың көзін ашқан орыс ұлты дейді. Бірде-бір сабақта қазақ халқының адамгершілігі, батырлығы, кезінде қазақтар бүкіл шығыс мәдениетімен шығыс ғылымынан сусындағаны, ғылым мен мәдениет Ресейге де, бүкіл Еуропаға да Шығыстан - арабтан, парсыдан, қытайдан барғаны туралы ләм демейді. Сонда ұлтым қазақ деуге әлгі балалар ұялмағанда кім ұялсын?! Сонау Омбы түгіл Қазақстанда орыс мектептерінде оқитын ұл-қыздарымыздың өзі қазақты орыстан көп төмен, әлдеқайда артта қалған деп ойлайтыны шындық! Өйткені, қай орыс мектебінде де тек орыс тілі оқытылып қана қоймай, орыс мұғалімдері орыстың ұтыры келгенде «артықшылығын» көрсетіп отыруға тырысатынын өзіміз де көргенбіз. Неге екенін қайдам қазақ мектебінде оқысақ та (қазіргі Ақтөбе облысының Шалқар қаласында) сол кезде орыс тілі, орыс әдебиеті, еңбек, сызу, шет тілі пәндерінен, трактор немесе шоферлік сабақтарын орыс мұғалімдері берді.
Ал бұдан біраз бұрын бір ғана Омбы қаласында 30000-нан астам қазақ тұратын. Қазір одан әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Бірақ сонша қазақ тұратын сол Омбы қаласында бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Бүгінде Ресей үкіметінің онда тұратын қазақтардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға ықыласы болмақ түгіл қарсы екеніне, олардың бұл пиғылы алдағы уақытта да өзгермейтініне көзі жеткен, орыс тілі мен үрдістерінің үстемдігін ұдайы сезіп отырған ресейлік қазақтар балаларына қазақылықты үйрету, ұлттық нышанын сақтауға тәрбиелеу пайдасыз екенін көріп-біліп отырғандықтан не болса да балаларын орыс мектептеріне беріп, орыстың тәрбиесіне тапсыруға амалсыз көнген. Олар өздерінің бұл жағдайына Қазақстан билігі тарапынан еш көмек жоқтығына да көндігіп, көзі жеткен. Ал Ресейдегі қазақтар саны ондағы удмурт, марий, кабардин, осетин, бурят, еврей, якут, қалмақтардан әлдеқайда көп. Сөйте тұра, олардың бәрінің де азды-көпті мектептері, ұлттық мемлекеттік нышандары, ұлттық ерекшеліктерін сақтау мүмкіншілігіне қажетті шаралары бар. Ал қазақтар ше? Әзірге қазақ тілі мен мәдениетіне, ұлттық салт-дәстүрін сақтап қалуға тек Өзбекстан мен Қытайда ғана біршама жағдайлар жасалған. Алайда, батыс елдерінің құйтырқы саясаткерлері, мәдениеттанушы деп аталатын жымысқылары мен көпсөзді философсымақтары рухани да, сан жағынан да құлдырап баратқан өз елдерін аман сақтап тұру үшін ойлап тапқан бүгінгі «жаһандану» (глобализация) заманында бұл екі ел де енді қазақтың емес өз қамын жасауға кірісті. Енді олар да қазақ мектептері мен мәдени орталықтарын шектей бастады. өйтпегенде ше? Қазір әр ұлт өзін, өз ұлттық мемлекетін аман сақтап қалуға бар күшін салатын заман туып тұр. Қазаққа да ойланар кез келді!
ABAI.KZ