Жан қуаты мен тән қуатының теңдегі
Табиғатта бәрі теп-теңдікте сақталады:
- Жер - күнді өз орбитасымен айналады. Одан ауытқып кетсе, жер бетінде тіршілік те болмас еді...
- Ай - менің Аманхан Әлім досымның шабыты келген шақта шығады. Одан ауытқып кетсе, оның да сәтті жырлары тумас еді...
- 250 миллион жыл бұрын Жер планетасында Пангея деп аталатын біртұтас құрылық болыпты. Ол да тепе-теңдікті сақтау үшін ыдырап, қазіргі алты құрылыққа бөлініп кетіпті...
- Тіршілікте ешнәрсе мәңгілік өмір сүрмейді. Тепе-теңдік болуы үшін ескі мен жаңа үнемі алмасып отыруы тиіс екен.
АДАМ
Адам өмірі тепе-теңдіктен құралады:
- Жас кезде "тән қуаты" тау қопарардай болады. Бірақ қопармайды. Себебі, бұл кезде "жан қуаты" кемелденбеген.
- Жас ұлғайған соң "жан қуаты" кемелденіп, тау қопарар күйге келеді. Бірақ қопармайды. Себебі, бұл кезде оған тозған тән тосқауыл болады...
Қазақ сол үшін де ҚАМАЛДЫ ҚЫРЫҚ ЖАСТА АЛУ КЕРЕК деген сөзді айтады.
Бұл кез - тән мен жан қозғалысының орын алмастыратын, яғни теңелетін уақыты болса керек...
Енді тән - төменге, жан - жоғарыға бет алады.
Сөйтіп, кемеліне келген жан тәннің емес, Елдің қазынасына айналуға бет бұрады.
Тепе-теңдік болуы үшін "тозған тәнге" сәйкес "кемел жан" болуы керек екен.
Болмаса, теңдік бұзылып, жалпы хаос басталады.
Қазақ халқы осы заңды қатаң сақтап келген.
Оны біреу лайлап еді - халық өз бағдарынан, әріден келе жатқан жүрісінен жаңыла жаздады!
Адамдар "тозбайтын тән болады" дегенге сеніп қалса - "жан қуатын" керек қылмайтынын байқатты... Өмір жалған боп қалды...
Қалпына келтірейік о бастағыны!
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz