Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әлем чемпионаты 2832 1 пікір 16 Қараша, 2022 сағат 13:46

Ұрланып-табылған кубок

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты


VІІІ ЧЕМПИОНАТ. 1966 ЖЫЛ. АНГЛИЯ

Әлем чемпионы – Англия
Алтындатылған жүлденің иегері – Германия
Күміс жүлдегер – Португалия
Қола жүлдегер – КСРО

Ұрыны Сотқар ұстап берді

ФИФА ережесіне сәйкес, дүниенің дүлдүлдері сарапқа салатын гректің Жеңіс құдайы Нике бейнеленген алтын кубокты жеңіп алған ел оны үш жарым жыл өз қолында сақтайды да, әлем біріншілігінің финалдық турниріне жақын қалғанда кезекті доданы ұйымдастырушы елге табыстайды. 1966 жылдың қаңтарында VІІІ чемпионаттың жеребесі тартылған сәтте де сол кездегі әлем чемпионы – Бразилия кубокты Англия футбол қауымдастығына салтанатты түрде тапсырған еді. Масқара болғанда, чемпионат басталардан үш жарым ай бұрын, яғни 21 наурызда сол ат басындай алтынды... біреу ұрлап әкетіпті! Және жеті түнде емес, тапа-тал түсте-ақ алты бірдей полицейдің көзін бақырайтып қойып, Вестминстер сарайынан алып кеткен!

Die undatierte Reproduktion zeigt das offizielle Poster zur VIII. Fußball-Weltmeisterschaft, die vom 11. bis 30. Juli 1966 in England ausgetragen wird.

Әрине, мұндай хабар құлағына тиген Скотланд-Ярд (Лондон полициясын осылай атайды) түгелдей жоқ іздеуге аттандырылды. «Алтын Никенің» ұшты-күйлі жоғалатынына көп адам күмәнданды, өйткені тұрпаты күллі әлемге әйгілі мұндай мүсінді шекарадан алып өту еш мүмкін емес-ті.

25 наурыз күні Англия футбол қауымдастығының президенті Мейерс мырзаның атына құпия қапшық келеді. Онда алтын кубоктың кварцтан және оникстен жасалған тұғырының сынықтары және бір жапырақ қағаз бар екен. Хатта беймәлім біреу «Никені аман-сау алғыларың келсе, 15 миллион фунт стерлинг дайындай беріңдер» депті. Мейерс дереу сынықтарды химиялық тексеруге жібереді. Зерттеушілер олардың расында да кубок тұғырынан алынғанын дәлелдейді. Бұдан соң іздестіру жұмыстары бұрынғыдан да күшейтіліп, Лондонның тінтілмеген бұрышы қалмайды. Сөйтіп, ертесіне, яғни 26 наурызда Эдвард Блетчли есімді күдікті қолға түседі.

Бірақ қолды болған алтын кубокты жердің астындағыны білетін қауіпсіздік қызметкерлері емес, Пиклз (Сотқар) есімді... ит тауып алыпты! 27 жастағы Дэвид Корбетт итімен бірге көшеге серуендеуге шыққанда мұндай таң қаларлық табысқа жетуді ойламаған да шығар. Әр бұтаның түбіне бұтын көтеріп жүрген Сотқар аяқ астынан бір ағаштың түбін тырналап қазып, бір қорап алып шығыпты. Барып көрген Корбетт шалқасынан түсе жаздаған: ескі қораптың ішінде «Алтын Нике» жарқырап жатса керек!

Шамасы, ұры сасқанынан олжасын қайда тығарын білмей, тығырыққа тірелген де, сосын ешкім байқамас деген үмітпен елеусіздеу жерге жасыра салған. Дереу полицияға хабарласқан Д.Корбетт лезде бүкіл Ұлыбританияға танымал адам болып шыға келеді. Әу баста «тапқан адамға» деп уәде етілген 6 мың фунт стерлингті қалтаға басқан ол сонымен қатар иті екеуі доданың барлық ойындарына тегін кіруге рұқсат алады. Ит тіпті «Мұрны мұздай ізкесер» көркем фильміне басты рөлге түседі. Хайуанаттарды қорғау қоғамы Д.Корбеттің итіне арнайы сыйлық тапсырады. Доданың ашылу салтанатында Ұлыбритания премьер-министрі Г.Уилсон мойындағандай, «егер кубок табылмағанда бүкіл британ жұртшылығы әлем алдында масқара болар еді».

Ал қылмысы дәлелденген Эдвард Блетчли чемпионат басталардан екі күн бұрын екі жылға сотталды. Сот мәжілісі дәп бір Англия кубогының финалындай сұмдық аншлагпен өтті. Залда ине шаншар орын болмағаны өз алдына, іштегі дауыстың жетер жеріне дейінгі дәліз бен далада да жұрт иін тіресіп тұрды. Қылмыскердің қайта-қайта өтінуі бойынша, кейін ол отырған камераға телевизор қойылып, біріншілік ойындарын көруіне мұрсат берілді. «Финалға кімдер шығады?» деп сұраған журналистерге ол «Англия мен Бразилия шығады, менің отандастарым жеңеді» деп жауап беріпті. Егер Англия чемпион болса, мемлекет басшыларының мейірімі түсіп, мерзімінен бұрын босатар деп үміттенсе керек. Бірақ шілденің соңындағы тамаша табыс ағылшындардың басын шыр айналдырғаны сонша, олар түрмедегі сорлыны сол күйі ұмытып та кетті.

Бразилия мен Италия сәтсіздікке ұшырады

Табылған кубоктың Англияның өзінде қалатынына сенімділер көп болғанымен, чемпионаттың беташар матчында ағылшын арыстанының Уругвайға тісі батпады (0:0). Баспасөзден, мамандардан, жалпы жанкүйер қауымнан естімеген сыны қалмаған бас бапкер Альф Рамсей одан қорытынды шығарып, кейінгі ойындарды сәтті өткізді де, «А» тобында бірінші орын алды. Екінші тұғырға Уругвай табан тіреді.

Ал «В» тобынан сол кездегі Еуропа чемпионы Испанияны және Швейцарияны жолда қалдырған Германия мен Аргентина озып шықты. Бұл – даңқты футболшы және бапкер Франц Беккенбауэрдің алғашқы чемпионаты еді. 20-дан енді ғана асқан жартылай қорғаушының (иә, иә, Англия алаңдарында ол ортаңғы шепте өнер көрсетті) таланты жағынан өзге үзеңгілестерінен оқ бойы озық тұрғаны мамандардың көзіне бірден шалынды. Ол әдетте таяу маңдағы әріптестерімен допты қысқа пастар арқылы қақпақылдап әкеліп, қақпашымен жекпе-жек шығуға әуес еді. Турнирдегі төрт голының үшеуін осылай соққан даңқты неміс командаластарына да талай ұрымтал сәттер ұйымдастырып беріп жүрді.

«С» тобында күтпеген жерден екі дүркін әлем чемпионы – Бразилия құрамасы сәтсіздікке ұшырады. Дегенмен мұның нақты себептері де бар еді. Біріншіден, бас бапкер Висенте Феола Англияға негізінен 30-дан асқан «шалдарды» (Гарринча, Беллини, Джалма Сантос, т.б.) алып келді, ал Жаирзиньо бастаған жастар әлі тәжірибесіз еді. Екіншіден, бүкіл команданың ойынына серпін беретін Пеле жарақат алып, өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Үшіншіден (және ең басты себебі), Феола Еуропа футболында болып жатқан анағұрлым алға басушылықты аңғарған жоқ. Қарт құрлықтағы үздік командалар ортаңғы шепке ерекше маңыз беріп, футболшылардың күш-қуаты мен төзімділігін нығайтып, ойынды жылдам қарқында өрбітуді үрдіске айналдыра бастаған-ды. Ал бразилиялықтар өздерінің допты ұршықша үйіретін ғаламат техникасына сеніп, мұндай өзгерістерге көңіл де аудармады.

Олардың өгізаяңы болгарлармен ойында байқалған жоқ. Екі голдың да айып соққысы арқылы соғылғаны, ойын жағынан бразилиялықтардың ешқандай қауіпті сәт жасай алмауы әлем чемпиондарын түк те алаңдатпады. Пеле болгар қорғаушысы Д.Жечевтің құрсауынан босап шыға алмады, Гарринча да оң қапталда әдеттегідей ойнақ сала қойған жоқ. Есесіне, Венгриямен және Португалиямен болған кездесулерде команда дайындығының мүлде төмен екені айқын аңғарылды. Әсіресе венгрлермен ойын Бразилия құрамасының ең бір масқараға ұшыраған матчы болды. Жечевтің «арқасында» аяғында сау жер қалмаған Пелені бапкерлер бұл ойынға қатыстырмаған еді. 2-минутта-ақ үш қорғаушыны һәм қақпашы Жилмарды алдап өткен Ференц Бене есеп ашты. Көп ұзамай венгрлердің айып алаңына таяу маңнан ойын ережесі бұзылып, футбол королінің орнына шыққан Тостао таразы басын теңестірді. Ал екінші таймда сілесі қатқан әлем чемпиондарын құр аттай қутыңдаған венгрлер талқандап тастады. Қалған екі гол да Бененің тікелей қатысуымен соғылды. Әуелі ол өзімен қанаттаса жүгірген Янош Фаркашқа керемет пас тастады: шабуылшы әуелеп келген допты жерге түсірместен торға дөп қадады – 2:1. Арада сегіз минут өткенде алаңда білгенін істеген Бенені бразилиялықтар өз айып алаңында шалып жығып, әрең тоқтатты. Пенальтиді Кальман Месэи мүлтіксіз орындады – 3:1!

Дегенмен Бразилия үшін әлі де үміт бар еді. Соңғы турда олар Португалиямен кездесті. Өкінішке қарай, бұл матчта еуропалықтар өте дөрекі ойнады. Ойынның бастапқы бөлігінде-ақ олардың қорғаушысы Жоао Мораиш (қасақана ма, кім білсін) Пеленің жаңа ғана жазылып біткен аяғын тағы жарақаттады. Екі дәрігердің иығына сүйеніп, алаңнан сүйретіліп шығып бара жатқан футбол королінің түрі өте аянышты еді. Ойыншы алмастыруға рұқсат болмағандықтан (мұндай мүмкіндік тек 1970 жылы ғана пайда болды) ол екінші таймда алаңның шетінде ақсаңдап жүрді де қойды. Португалияның атақты шабуылшысы Эйсебио бұл кездесуде екі гол соқты және Антонио Симоэшке тамаша пас шығарып берді.

Мамандар да, жанкүйерлер де «D» тобынан КСРО және Италия құрамалары шығады деп болжаған-ды. Орыс футболшылары сол үдеге сай өнер көрсетті: үш ойында да жеңіске жетіп, бірінші орынға нық табан тіреді. Ал Италия чемпионатты сәтті бастағанымен, кейінгі ойындарда білгенінен жаңылды. Егер олардың сол кезде Еуропадағы үздік ұжымдардың бірі саналатын КСРО-дан ұтылуына түсіністікпен қарасақ, әлемдік доп додасына бірінші мәрте қатысып отырған Корей Халық-Демократиялық Республикасы (КХДР) құрамасынан жеңілуін нағыз сенсация демеске лаж жоқ.

Эйсебио – КХДР – 5:3

Үшінші рет әлем чемпионатына қатысқан КСРО құрамасы үшінші рет ширек финалға шықты. 1958 және 1962 жылдары орыс командасына бұл сатыда үнемі алаң иелері (Швеция мен Чили) жолығып, жолы болмай жүрген-ді. Бұл жолы бас бапкер Николай Морозовтың жігіттеріне чемпионатты ұйымдастырушы елдің өкілдері тап келген жоқ, дегенмен бразилиялықтарды еліне ерте қайтарған Венгрия да осал қарсылас емес-ті. Венгрлер бұл жолы да өте керемет ойын көрсетті, бірақ КСРО футболшылары қорғаныста өте сақ та сауатты қимылдады, оның үстіне, Бене мен Альберт гол соғар бірнеше ұрымтал сәтті уыстан шығарып алды. Ара-тұра жылдам қарымта шабуылға шығып отырған орыстар болса, өздерінің санаулы мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ. Игорь Численко мен Валерий Поркуян бір-бірден гол соқты. Қаны қарайған Фаркаш пен оның серіктері кеңес құрамасы қақпасының алдын одан әрмен шаңдатуға көшті. 58-минутта Бене бір доп соқты, ал одан кейінгі соққының бәріне әлемнің үздік қақпашыларының бірі Лев Яшин тосқауыл болды.

Мозамбиктен шыққан «қара маржан» – Эйсебио Португалия құрамасын топтан алып шығып қана қоймай, оны ширек финалда да құтқарып қалды. Ойынның 24-минутында КХДР командасы 3:0 есебімен ұтып тұрды! Бүкіл Азия мен Африка командалары чемпионатқа бойкот жариялағанда (екі құрлыққа финалдық турнирден ортақ бір-ақ орын бергендіктен), солтүстік корейлері оған қосылмай, Австралиямен ойнап, оны екі кездесуде де ұтқан болатын. Әуелде ешкім көзге де ілмеген азиялықтар Англияға келген соң тіпті еркінсіп, «D» тобында екінші орынға ие болған-ды. Бірақ ширек финалда көп ұзамай іске Эйсебио кірісті де, суперсенсация болмай қалды. Ол қатарынан төрт доп соқты, бесіншісін Жозе Аугушту қақпаға енгізді.

Англия – Аргентина матчында төрешілердің алаң иелеріне аздап іш тартатыны байқалып қалды. Кездесу өте дөрекі болғаны сондай, төреші ысқырығы минут сайын естіліп, ойын қайта-қайта үзіліп қала берді. 38-минутта аргентиналықтардың капитаны Антонио Раттин төрешіге бірдеңені түсіндірмек болып еді, ол... дереу Раттинге алаңның сыртын нұсқады!Бұл – «Уэмбли» стадионында өткен ойындар тарихындағы тұңғыш алаңнан қуылу еді! Футболшы, әрине, біраз уақыт алаңнан кетпей қойды, өйткені, біріншіден, не үшін қуылғанын түсінген жоқ, екіншіден, төрешінің ым-ишарасын да ұқпады (осы кикілжіңнен кейін ФИФА төрешілерге алаңнан қуылған ойыншыға қызыл карточка көрсетуді тапсырып, ережеге енгізді). Онсыз да дөрекі ойын бұдан кейін тіпті өршіп кетті. Неміс төрешісі Крайтляйн ойын тізгінін қолынан шығарып алды. Әбүйір болғанда, басқа ешкім алаңнан қуылған жоқ. Ал азшылықта қалған Аргентина командасы 78-минутта доп жіберіп алып, ұтылып қалды. Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Альф Рамсей аргентиналық футболшыларды «хайуандар» деп атады (дөрекілік жағынан өз жігіттерінің де қалыспағаны оны еш ойландырмаған секілді), ал бұл сөз екі ел арасында қарым-қатынастың ушығуына апарып соға жаздады. Содан бері аталған ел құрамаларының әр кездесуі тартысқа ғана емес, жанжалға да толы болып келеді. 80-жылдардың басында британ әскерлері Аргентинаға тиесілі Фолкленд (Мальвин) аралдарын басып алған соң, бұл шиеленіс тіптен үдей түсті.

Немістердің жеңісіне де ағылшын төрешісі ептеп өз үлесін қосты. Рас, бірінші тайм еуропалықтардың басымдығымен өтті. 11-минутта олар есеп ашты. Таймның соңына қарай ойын тізгінін уругвайлықтар өз қолына алды. Олар немістердің қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді, ал доп айып алаңының ішінде Шнеллингердің қолына тигенде, төреші Финни пенальти белгілемеді. Бұдан соң ойын арқауы қазының ысқырығына бағынбауға айналды. Екі команданың өкілдері де дөрекілікке ұрынды. Немістер жағы төрешіге байқатпай тиіссе, уругвайлықтар ашық егеске көшті. Мәселен, Эммерих қазының көзін ала бере Троченің аяғынан аямай теуіп еді, уругвайлық қарсыласына дереу қарымта қайтарды. Финни болса, тек қарымта оспадарлықты ғана байқады ма, әлде басқа себебі бар ма, алаңнан Трочені ғана қуып шықты. Арада бес минут өткенде тағы бір ойыншысы алаңнан қуылған соң, уругвайлықтар матч соңына қарай қарсыласуды тоқтатып, қақпасына және үш доп жіберіп алды.

Дүдәмал голдың дауы

Жартылай финалға басынан осындай біраз хикаялар өткеріп, әупіріммен шыққан Германия құрамасы КСРО футболшыларынан басым түсті. Ойын тең дәрежеде өтті. Немістер тағы да дөрекілікке ұрынды. ХХ ғасырдың соңында бірнеше жыл Украина құрамасын жаттықтырған болашақ бапкер, ол кездегі тынымсыз жартылай қорғаушы Йожеф Сабоның аяғын олар кездесудің 7-минутында-ақ жарақаттады. Алаңда ары-бері жүргені болмаса, ол ойынға толыққанды араласа алмады. 44-минутта өзін қайта-қайта шалып жыға берген Халлерге ызаланып, шыдамсыздық танытқан шабуылшы Численко алаңнан қуылды. Екінші таймда Анатолий Банишевскийді неміс қорғаушыларының бірі өз айып алаңында итеріп құлатты, бірақ төреші оған көңіл аударған жоқ. Күшті қарсыласпен 9-ақ ойыншымен ойнаған КСРО құрамасы тізе бүгуге мәжбүр болды.

Әйтсе де, жартылай финалға шығуының өзі КСРО командасы үшін сол күйі қайталанбаған тамаша табыс ретінде тарихта қалды. 3-орын үшін болған матчта олар Португалиядан ұтылды, дегенмен қола жүлдеге ие болды. Себебі, осы чемпионаттан бастап ФИФА әлем чемпионына – алтын медаль, 2-орын алған командаға – алтындатылған медаль, 3-орын алған командаға – күміс медаль, ал 4-орын алған командаға – қола медаль тапсыратын жүйеге көшті (1990 жылға дейін).

Екінші жартылай финал (Англия – Португалия), керісінше, өте әдемі ойын болды. Француз төрешісі Швинтенің ысқырығы алғаш рет тек ойынның 22-минутында ғана естілді! «Онда да ысқырмай-ақ қоюға болатын еді, бірақ менің де алаңда бар екенімді білдіргім келді» деп әзілдеді кейін төреші. Бұл екі ғажайып ойыншының – Бобби Чарльтон мен Эйсебионың жұлдызды матчтарының бірі болды. Ағылшын екі, ал португалдық бір доп соқты. Сөйтіп, ұзын-ырғасы 9 доп соққан Эйсебио біріншіліктің ең мерген ойыншысы атанса, Б.Чарльтон өзінің інісі Джеккимен және Гордон Бэнкс, Бобби Мур, Алан Болл, Джеффри Херст сынды әріптестерімен бірге финалда да жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.

Ал Херст финалдық матчта үш доп соққан тарихтағы бірден-бір ойыншы саналады. Оның 100-минутта соққан голын (доп маңдайшаға соғылып жерге түскен-ді) немістер әлі күнге дейін мойындамай келеді. Олар «доп қақпа сызығынан ары емес, бері түсті» деп дәлелдеуден танбайды. Сол сәтте бас төреші швейцариялық Динсттің өзі де бір шешімге келе алмай, қапталдағы қазы Тофик Бахрамовқа жүгінген-ді. Кеңестік әзербайжан төрешісі «гол болды» деген байлам жасады да, немістердің қарғысына қалды. Арада қырық жылға жуық уақыт өткенде барып заманауи техниканың көмегімен Бахрамов шешімінің дұрыс екеніне бүкіл әлемнің көзі жетті. Демек, Англия – ешқандай да кездейсоқ емес, нағыз чемпион деген сөз. Яғни әу баста «Алтын Никені» ұрлап алған ағылшындар араға төрт ай салып оны заңды түрде иеленді.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

32 ойын өткізілді, 89 доп соғылды (орта есеппен 2,78 гол).

«А» ТОБЫ

Англия – Уругвай – 0:0,  Франция – Мексика – 1:1, Уругвай – Франция – 2:1, Англия – Мексика – 2:0, Уругвай – Мексика – 0:0, Англия – Франция – 2:0

«В» ТОБЫ

Германия – Швейцария – 5:0, Аргентина – Испания – 2:1, Швейцария – Испания – 1:2, Германия – Аргентина – 0:0, Аргентина – Швейцария – 2:0, Германия – Испания – 2:1

«С» ТОБЫ

Бразилия – Болгария – 2:0, Венгрия – Португалия – 1:3, Бразилия – Венгрия – 1:3, Болгария – Португалия – 0:3, Бразилия – Португалия – 1:3, Болгария – Венгрия – 1:3

«D» ТОБЫ

КСРО – КХДР – 3:0, Италия – Чили – 2:0, КХДР – Чили – 1:1, КСРО – Италия – 1:0, Италия – КХДР – 0:1, КСРО – Чили – 2:1

ШИРЕК ФИНАЛ

Англия – Аргентина – 1:0, Германия – Уругвай – 4:0, Португалия – КХДР – 5:3, КСРО – Венгрия – 2:1

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Германия – КСРО – 2:1, Англия – Португалия – 2:1

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Португалия – КСРО – 2:1

ФИНАЛ

Англия Германия 4:2 (қосымша уақытта)

30 шілде. Лондон. «Уэмбли» стадионы. 93 000 көрермен. Төреші Динст (Швейцария).

Англия: Бэнкс, Коэн, Дж.Чарльтон, Мур, Уилсон, Стайлз, Болл, Б.Чарльтон, Хант, Херст, Питерс.

Германия: Тилковски, Хеттгес, Шульц, Вебер, Шнеллингер, Беккенбауэр, Оверат, Халлер, Зеелер, Хелд, Эммерих.

Голдар: Халлер, 12 (0:1), Херст, 19 (1:1), Питерс, 78 (2:1), Вебер, 90 (2:2), Херст, 100 (3:2), Херст, 120 (4:2).

Сұрмергендер

Эйсебио (Португалия) – 9 доп, Халлер (Германия) – 5, Херст (Англия), Бене (Венгрия), Поркуян (КСРО), Беккенбауэр (Германия) – 4 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048