Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 3051 0 пікір 15 Қараша, 2022 сағат 13:39

Ұлы жаңалықтар уақыты

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы


VІ ЧЕМПИОНАТ. 1958 ЖЫЛ. ШВЕЦИЯ

Чемпион – Бразилия
Күміс жүлдегер – Швеция
Қола жүлдегер – Франция


«НЕ ОЙНАЙМЫН, НЕ ЕЛГЕ ҚАЙТАМЫН!»

1958 жылғы әлемдік доп додасын мамандар ерекше бағалайды. Оның себебі: бұл, біріншіден, шын мәнінде футбол тактикасына төңкеріс әкелген турнир болды, екіншіден, ойындардың мазмұндылығы жағынан бұған дейінгі чемпионаттардың бәрінен де асып түсті.

50-жылдардың аяғына дейін әлемнің үздік командалары негізінен 3 қорғаушы – 2 жартылай қорғаушы – 5 шабуылшы, яғни «дубль-вэ» тактикалық жүйесімен ойнап келді. Ал Бразилия құрамасы 1958 жылғы доп додасының алғашқы ойынынан бастап-ақ алаңға 4-2-4 жүйесімен шығып, қарсыластарын да, мамандарды да таң қалдырды (рас, арғы-бергі футбол тарихының айтулы білгірлері осы жүйеге ұқсас тактикалық орналасуды әлемдік додада алғаш 1954 жылы венгрлер қолданып еді дейді, дегенмен аталмыш схеманы тұтасымен жоғары деңгейде меңгерген тұңғыш команданың Бразилия екеніне олар да келіседі). Қақпада Жилмар тұрды, ортада бұрынғыдай жалғыз емес, екі бірдей қорғаушы орналасты (Беллини мен Орландо), ол екеуі тылды берік ұстағандықтан қос қапталдағы қорғаушылар (Де Сорди мен Нилтон Сантос) шабуылға жиі-жиі араласып жүрді. Артқы шеп қимылының әлдеқайда ширағанын бұрын өздері қанша көп гол соқса, соған жетеқабыл доп жіберіп алатын команданың жартылай финалға дейін қақпа құлпын берік ұстауынан байқауға болады. Алаң ортасын Диди мен Зито билеп-төстеді, ал шабуыл шебіне бас бапкер Висенте Феола әуелгі екі ойынға Жоэл, Алтафини, Дида және Загаллоны қойды.

Бразилиялық маман құрамда теңбіл допты қалауынша билететін шебер ойыншылар қанша көп болса да, тас-түйін боп жұмыла әрекет етпеген команданың алысқа бара алмайтынын ұқты. Сол себепті де, ол техникасы ғаламат, бірақ ұйымдаса әрекет етуі кемшін соғып жататын талай талантты футболшымен қоштасуға қиналған жоқ. Бапкерге өз талантын өзі қызықтап жүріп алатын жонглерлер емес, өзара қанаттасып ойнайтын ауызбіршілігі мол ұйымшыл ұжым қажет еді.

Жұлдыз-ойыншылардың жеке талантына емес, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін ұйымшыл ойынға сүйену – заманның өзі талап ете бастаған өзгеріс-тін. Зерттеушілердің пікірінше, футбол өзінің 30-жылдардың соңындағы деңгейін тек 1958 жылы ғана қайта қуып жетті. Себебі, сұм соғыстың кесірінен нөмірі бірінші спорт түрінің дамуы бірнеше жылға тоқтап, тіпті тоқырай бастаған болатын. Яғни бразилиялық кәнігі жаттықтырушының Швецияға жеке шеберлігі ғаламат таланттарды ғана ертпей, керісінше, бапкер тапсырмасын алаңда мүлтіксіз атқаратын, болашағынан үлкен үміт күттіретін жастарды таңдауы команданың ғана емес, футбол өнерінің де болашағын айқындап берді десек, қателеспеспіз.

Солардың бірі – Эдсон Аррантес до Насименто, немесе қысқаша Пеле деген есіммен танымал футбол королі еді. Ол әуелгі екі матчта қосалқы құрамда отырды. Англияны ұта алмаған соң, ардагер футболшылардың кеңесіне сүйенген Феола алғы шептегі үш жігітті ауыстырып, олардың орнына 17 жасар Пелені және Гарринча, Вава сынды шеберлерді шығарды. Кей деректер бойынша оны бұл қадамға Гарринчаның: «Не алдағы ойында мені алаңға шығарасыз, не елге қайтамын!» – деген талабы да жетелегенге ұқсайды. Қалай болғанда да, бұл шешім өзін жүз пайыз ақтады: аталған шабуылшылардың мықты ойынының арқасында бразилиялықтар КСРО құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді – екі голды да оң қапталда қалауынша ойнақ салған Гарринчаның пастарын пайдаланып, Вава соқты.

ЯШИН ОСЫЛАЙ ТАНЫЛДЫ

Айтпақшы, ФИФА-ға 1946 жылы қабылданса да, ұлттық құраманы бұған дейінгі екі әлем чемпионатына қатыстыруға жүрегі дауаламаған кеңес-орыс спортының басшылары өз футболшылары 1956 жылғы Олимпиадада алтыннан алқа таққан соң ғана, «е, ешкімнен кем емес екенбіз ғой» дегендей, дүниежүзілік додадан сырт қалмауға бел байлады. КСРО командасы іріктеу сынына алғаш қатысып отырғанына қарамастан бірден рекорд жасады: 1957 жылдың 15 тамызында Хельсинкиде Финляндия құрамасын 10:0 (!) есебімен ойсырата ұтты. Сырт алаңда! Әлем чемпионатының Еуропа аймағындағы іріктеу сындарында бұл көрсеткіш тек 40 жылдан соң ғана қайталанды (Лихтенштейн – Македония – 1:11). Әйтсе де, Швецияға берілер жолдама үшін тартыста орыс футболшыларының басты бәсекелесі финдер емес, поляктар еді. Өз алаңдарында бірін-бірі жеңген қарсыластар мәре сызығына бірдей көрсеткішпен жеткен соң, бейтарап алаңда (Лейпцигте) тағы бір кездесу өткізіліп, 2:0 есебімен жеңген орыстар финалдық турнирге шықты.

КСРО құрамасы шешуші сындағы алғашқы қадамын да сәтті бастады («D» тобы). Бразилия, Англия, Австрия командаларының тегеурініне төтеп беріп қана қоймай, топ жарып шығу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Ағылшындарды ұтуға да болатын еді, алайда 85-минутта төреші орыс құрамасының қақпасына өте күмәнді 11 метрлік белгіледі: қорғаушы Константин Крижевский ағылшын шабуылшысы Джон Хейнсті айып алаңының сыртында шалып жыққан болатын. Әділін айтқанда, Англия құрамасы да осал команда емес-ті. Алайда оларды әлем чемпионаты басталардан үш ай бұрын әуе апатына ұшыраған «Манчестер Юнайтед» клубының қасіреті күйретіп кетті. Бірнеше жетекші ойыншыларынан айырылған ағылшындардың топтан шыға алмауы соған да байланысты еді.

Австриямен ойын айдай әлемге Лев Яшиндей қақпашыны танытты. Алдыңғы кездесуде ұтылып қалған австриялықтар бұл ойынға барын салып кіріскен-ді. Алайда орыс қақпашысы қарсылас бағыттаған доптың бәрін қабыланша қақшыды. Тіпті екінші таймда белгіленген пенальтиді де дарытпады. Рас, соңғы турда бразилиялықтар Гавриил Качалин жігіттерінің әбден сілікпесін шығарды-ақ: әуелгі екі минуттың ішінде Гарринча мен Пеле бір-бірден қақпа бағанасының беріктігін сынап үлгерді! Ақыры 3-минутта Вава есеп ашты. Одан кейін Яшин өзінің әлемнің үздік қақпашысы екенін дәлелдеуге қайта кірісті. Нәтижеде Вавадан тағы бір гол жіберіп алғанымен, есептің ірі болмауына осы Яшин елеулі еңбек сіңірді.

Доп додасы алдында жұртшылық Оңтүстік Америка командаларынан Бразилияның емес, Аргентинаның мүмкіндігін жоғары бағалаған еді. Өйткені ол қатарынан екі рет құрлық кубогын жеңіп алған-ды: 1955 жылғы финалда Чилиді (1:0), 1957 жылы Бразилияны (3:0) ұтқан аргентиналықтар расында да күшті болатын. Өкінішке қарай, кейінгі табыстан соң, оның үздік футболшыларын итальян клубтары талап әкетті. «Өкінішке қарай» деген себебіміз, ол уақытта шетелдік кәсіпқой клубтармен шарт жасасқан ойыншыларды федерация ұлттық құрамаға қайта шақырмайтын. Маскьо, Сивори, Грилло, Анхелилло секілді жұлдыздар сөйтіп құрамадан сырт қалды. Швецияға осылай орташа құраммен келген аргентиналықтар сонда да «А» тобынан озып шығуға барын салды. Әйтсе де, олардың шамасы тек Солтүстік Ирландияны тізе бүктіруге ғана келді. Есепті бірінші болып ашса да, немістерге есе жіберуге мәжбүр болды, ал Чехословакиядан жеген таяқ (1:6) Аргентинаның әлі күнге ең ірі ұтылысы саналады.

БРИТАНДЫҚТАР ТҮГЕЛ ҚАТЫСТЫ

Ал «В» тобында енді жаңара қоюы неғайбыл ғажап рекордтың (6 ойында 13 гол!) авторы – сұрмерген Жюст Фонтэнге сенім артқан француздар жеңіп шықты. Олар бұл біріншілікте нағыз романтикалық ойын көрсетті. «Ең жақсы қорғаныс – шабуыл» деген ұстанымға сүйенген футбол нояндарымен ашық ойнауға батылы барған Парагвай құрамасы бірінші таймды тең аяқтағанымен (2:2), үзілістен соң қарсыласының қарқынына ілесе алмай, шашылып түсті: қорытынды есеп – 3:7!

Швециядағы чемпионатқа осыған дейінгі үш әлем чемпионының екеуі келе алмай қалды. Уругвайды құдайы қоңсысы – Парагвай жолда қалдырса, Италия уысында тұрған жолдамадан өзі айырылып қалды. Есесіне, тарихта бірінші және әзірге соңғы рет Ұлыбританияның төрт командасы да финалдық турнирге қатысты. Өйткені олар бұрынғыдай өздері бірігіп күш сынаспай, әрқайсысы әртүрлі топқа түскен-ді. Ағылшындар мен шотландықтардың күш-қуатынан ел хабардар еді, сондықтан олардың табысы пәлендей таң қалдыра қойған жоқ. Ал Италиямен бір топқа түскен Солтүстік Ирландияның айтулы қарсыласының азуында кететініне ешкім күмәнданбаған-ды. Алайда іріктеу сынының басты сенсациясы осы топта болды. Белфастқа белгіленген соңғы ойында италиялықтар үшін тең ойын да жеткілікті еді. Олар сол нәтижеге қол жеткізді де (2:2), және осы есеп бекітілгенде финалдық сынға берілер жолдама «Скуадра адзурраның» қанжығасында кетер еді. Бірақ ойынға қазылық етуге тиіс венгр Иштван Жолт Солт.Ирландия астанасына уақтылы ұшып келе алмай, амал жоқ, ысқырық жергілікті төрешіге сеніп тапсырылды да, бұған қарсы болған Италия делегациясының жетекшісі Отторино Барасси матч басталмай тұрып-ақ ФИФА өкіліне наразылық хатын табыс етіп үлгерді. Осы хатқа сүйенген ФИФА ойын нәтижесінің күшін жойып, матчты бір айдан соң қайтадан өткізуге қарар қабылдады. 1958 жылдың 15 қаңтарында бұл жолы дер кезінде ұшып келген төреші Жолт Солт.Ирландияның жеңісін тіркеді (2:1). Британдықтар кейін швед жасыл алаңдарында тәп-тәуір ойын көрсетіп, тіпті ширек финалға да шықты.

Ал Уэльс құрамасының бұл чемпионатқа келуі тіпті кездейсоқ еді. Олар іріктеу тобында Чехословакияға жол берген-ді. Ал Азия және Африка командаларының бәрі бірдей Израильмен ойнаудан бас тартқан соң, аталмыш аймақтың «жеңімпазы» – еврей елінің құрамасы болды. Бірақ бірде-бір ойын (!) өткізбеген команданы финалдық турнирге қалай жіберуге болады? Ары ойлап, бері ойлап, ФИФА ақыры Израиль мен Еуропаның төртінші іріктеу тобында өте жақсы өнер көрсеткен Уэльсті ойнатуға шешім қабылдады. Кардиффте де, Тель-Авивте де бірдей есеппен (2:0) жеңіске жеткен уэльстіктер, сөйтіп, ойламаған жерден Швецияға баратын болды. Мұнда олар «С» тобына түсті. Венгрия, Швеция және Мексика командаларының үшеуімен де тең ойнаған британдықтар өздерімен бірдей ұпай жинаған венгрлермен қосымша кездесу өткізіп, 2:1 есебімен ұтып кетті.

МҰРЫНМЕН СОҒЫЛҒАН ГОЛ

Жалпы, бұл біріншілікте командалар ұпайлары тең болып қалған жағдайда өзара тағы да қосымша кездесу өткізді. Аталмыш ереженің зардабын топтық турнирде-ақ үш емес, төрт ойыннан өткізуге мәжбүр болып, екінші сатыға шыққан КСРО, Уэльс және Солт.Ирландия құрамалары тартты. Қарсыластары төрт күн демалып, күш жинап алғанда, бұлар араға бір жарым тәулік салып, қалжыраған күйі алаңға қайта шығуға тиіс болды. Нәтижесі белгілі: ширек финалда орыстар Швециядан жеңілді, Солт.Ирландияны француздар талқандап тастады, ал Уэльс бразилиялықтардың тегеурініне 65 минут бойы шыдас бергенімен, ақыры тізе бүгуге мәжбүр болды. Қосымша кездесу өткізу дәстүрі мамандар тарапынан да, команда басшылары жағынан да аяусыз сынға ұшырады. Сөйтіп, келесі чемпионаттан бастап ұпайлары тең болған жағдайда қарсыластардың доп айырмасы есептелетін болды.

Германия құрамасында өткен әлем чемпионатының қаһармандарынан тек Ф.Вальтер, Х.Шефер, Х.Ран ғана қалған болатын. Мұндай ардагерлермен қатар У.Зеелер, К-Х.Шнеллингер сынды талантты жас ойыншылар да болды. Бірақ жартылай финалда немістер алаң иелерінен жеңіліп қалды. Рас, шведтер де күшті еді. 1957 жылы Швеция футбол федерациясы шетелдік клубтарда ойнайтын кәсіпқой футболшылардың да ұлттық құрамада ойнауына мүмкіндік берген соң, жасы қырыққа таяп қалған Нильс Лидхольм мен Гуннар Грен өз отандастарына көмек қолын созды. Ал «Миланның» тарихындағы үздік мерген Гуннар Нордаль бұл кезде доп тебуді доғарған еді. Дегенмен оның орнын басқан Леннарт Скоглундтың аты да бүкіл Еуропаға мәлім-тұғын. Ал Агне Симонссон тіпті ұлттық чемпионаттың бас мергені атанған-ды. Ол финалдық турнирде де 4 доп соқты. Оның бірін (Мексикамен ойында) жас шабуылшы... мұрнымен енгізді: қапталдан қатты тасталған доп абайсызда оның тұмсығына тиіп, бағытын өзгертті де, торға күмп берді, ал бет-аузы қызыл ала қан болған Симонссонның әлпетін ретке келтіру үшін дәрігерлер тура алты минут әбігерленді.

Шведтерді арқаландырған тағы бір себеп – өз жанкүйерлерінің қызу қолдауы еді. Оның үстіне, есеп 1:1 боп тұрған кезде төреші неміс қорғаушысы Эрих Юсковякты алаңнан қуды және көп ұзамай Фриц Вальтер жарақат алып, ойыннан шығып қалды. Сөйтіп, азшылықта қалған Зепп Гербергердің жігіттері тағы екі доп жіберіп алды. Финалға шыға алмай, көңіл-күйі онша болмаған Германия құрамасы 3-орын үшін матчта Франциядан ірі есеппен ойсырай ұтылды (Фонтэн төрт доп соқты).

ПЕЛЕ БҮКІЛ ГОЛЫН ШЕШУШІ КЕЗЕҢДЕ СОҚТЫ

Бірінші жартылай финалда қара күшке көбірек сенетін ұжымдар тайталасcа, екіншісінде көз қуантар әсем футболдың жақтаушылары бәсекеге түсті. Бразилия құрамасының бұл додаға қандай тактикалық жаңалықпен келгенін жоғарыда айттық. Плей-офф ойындары басталған соң, олардың қарқыны тіпті үдей түсті. Француздармен ойында олар 2-минутта-ақ есеп ашып үлгерді: Гарринча мен Пеле допты бір-біріне бере қақпақылдап алып келді де, болашақ футбол королі қайда жүгірерін білмей қалған қорғаушылардың арасынан Ваваға әдемі пас шығарып берді – 1:0. Бірақ француздар да қарап қалған жоқ: 9-минутта осы чемпионаттың сұрмергені Фонтэн есепті теңестірді. Бұл – Бразилия құрамасының осы чемпионатта жіберіп алған тұңғыш голы еді. Көп ұзамай Гарринча екінші допты қақпаға енгізіп еді, уэльстік төреші Гриффитс жоқ жерден офсайд ойлап тауып, голды есептемей қойды. Қаны қарайған Гарринча мен оның әріптестері дереу төрешіге дүрсе қоя беріп еді, команда капитаны Беллинидің: «Доғарыңдар! Біреуіңді алаңнан қуып шықсын дейсіңдер ме? Оған да керегі сол боп тұр ғой!» – деген айғайынан соң сап басылды. 35-минутта француздардың орталық қорғаушысы Робер Жонке ауыр жарақат алып, ойыннан шығып қалды. Соны күтіп тұрғандай Бразилия керемет шабуыл ұйымдастырды. Допты Диди тура орта тұспен алып келе жатты, Гарринча оң қапталда, Пеле сол жақ бетте онымен қанаттаса жүгірді, үнемі алда жүретін Вава тіпті айып алаңына еніп те қалып еді. Француз қорғаушылары осы үш шабуылшының біріне пас беріледі деген оймен солардың жолын кес-кестей берді де, Дидидің алды мүлдем ашық қалды. Жартылай қорғаушы көп ойланып жатпай қақпаны алыстан дәл көздеп, латынамерикалықтарды алға шығарды! Ал екінші таймда азшылықта қалған қарсыластарын Бразилия ойыншылары шемішкеше шағып тастады – 5:2 (Пеле «хет-трик» жасады).

Тура осындай есеппен бразилиялықтар финалда Швецияны тізе бүктірді. Осыған дейінгі барлық ойындарға қатысып келген оң қапталдағы қорғаушы Ньютон Де Сорди жартылай финалда жарақаттанып қалғандықтан, шешуші матчта оның орнын Джалма Сантос басты. Қызық болғанда, ақтық бәсекенің есебі осы Джалма мен оның тектес серігі Нилтон Сантосты жас балаша алдап өткен Лидхольмнің тамаша соққысынан соң ашылды. Сөйтіп, осы чемпионатта тұңғыш рет бразилиялықтар қарсыласынан бірер сәт ұтылып тұрды. Алайда арада бес минут өткен соң-ақ Вава таразы басын теңестірді, ал бірінші таймның соңына таман тіпті өз командасын алға шығарып та үлгерді. Ойынның екінші бөлігінде болашақ даңқты бапкер Марио Загалло есепті еселей түссе, ол кезде әлі 18-ге де толмаған Пеле тағы екі доп соқты. Жалпы финалдағы бес голдың үшеуі Гарринчаның пастарының арқасында соғылды. Сөйтіп, 28 жыл күткен қуаныш – Нике құдайы бейнеленген алтын кубок Бразилияға аттанды.

Ойын нәтижелері

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

35 ойын өткізілді, 126 доп соғылды (орта есеппен 3,60 гол).

«А» ТОБЫ

Германия – Аргентина – 3:1, Чехословакия – Солт.Ирландия – 0:1, Германия – Чехословакия – 2:2, Аргентина – Солт.Ирландия – 3:1, Аргентина – Чехословакия – 1:6, Германия – Солт.Ирландия – 2:2. 2-орын үшін қосымша матч: Солт.Ирландия – Чехословакия – 2:1 (қосымша уақытта)

«В» ТОБЫ

Франция – Парагвай – 7:3, Югославия – Шотландия – 1:1, Франция – Югославия – 2:3, Парагвай – Шотландия – 3:2, Парагвай – Югославия – 3:3, Франция – Шотландия – 2:1

«С» ТОБЫ

Швеция – Мексика – 3:0, Венгрия – Уэльс – 1:1, Мексика – Уэльс – 1:1, Швеция – Венгрия – 2:1, Швеция – Уэльс – 0:0, Мексика – Венгрия – 0:4.

2-орын үшін қосымша матч: Уэльс – Венгрия – 2:1

«D» ТОБЫ

Бразилия – Австрия – 3:0, Англия – КСРО – 2:2, Австрия – КСРО – 0:2, Бразилия – Англия – 0:0, Бразилия – КСРО – 2:0, Австрия – Англия – 2:2.  2-орын үшін қосымша матч: КСРО – Англия – 1:0

ШИРЕК ФИНАЛ

Германия – Югославия – 1:0, Франция – Солт.Ирландия – 4:0, Бразилия – Уэльс – 1:0, Швеция – КСРО – 2:0

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Бразилия – Франция – 5:2, Швеция – Германия – 3:1

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Франция – Германия – 6:3

ФИНАЛ

Бразилия – Швеция – 5:2

29 маусым. Стокгольм. «Росунда» стадионы. 49 737 көрермен. Төреші Гиг (Франция).

Бразилия: Жилмар, Дж.Сантос, Беллини, Орландо, Н.Сантос, Зито, Диди, Гарринча, Вава, Пеле, Загалло.

Швеция: К.Свенссон, Бергмарк, Густафссон, Аксбом, Берьессон, Лидхольм, Парлинг, Хамрин, Грен, Симонссон, Скоглунд.

Голдар: Лидхольм, 4 (0:1), Вава, 9 (1:1), Вава, 32 (2:1), Пеле, 55 (3:1), Загалло, 68 (4:1), Симонссон, 80 (4:2), Пеле, 90 (5:2).

Сұрмергендер: Фонтэн (Франция) – 13 доп, Ран (Германия), Пеле (Бразилия) – 6 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048