Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3059 0 пікір 11 Ақпан, 2013 сағат 09:58

Тұрсын Жұртбай. «Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашанда кiрген емеспiн» (жалғасы)

3.

Тергеу ісінің келесі томында сахнаға қайтадан Д.Әділев пен Ә.Байділдин шыққан. Онда 1930 жылы 12 желтоқсан күні Мұхтар Әуезовтің өз қолымен Голощекиннің атына жазылған хаты, 1931 жылғы 20 және 28 қыркүйек күнгі қосымша жауаптарының хаттамалары, 1931 жылғы 29 қазан күнгі тергеушіге берген арызы тіркелген. Мұндағы көрсетінділердің дені ұзына мазмұны жағынан бірін-бірі қайталайды. Дегенмен де әр сөздің астарын іздесе одан қазақ ұлтының тағдыры мен руханиятына қатысты шешуші оқиғалардың сорабын аршып алуға болады. Солардың ішінен «Алқа» әдеби үйірмесіне қатысты жауаптар нақтылана қамтылған. Тергеудің негізгі бағыты Ә.Байділдиннің: М.Әуезовтің Колчакқа, «Алашордаға», Ташкенттегі астыртын ұйымға, кеңес өкіметіне қарсы идеологиялық бүлдірушілік әрекеттеріне, көркем әдебиеттегі ұлтшылдық пікірді насихаттауына байланысты көрсетіндісіне орай қақпайлана жүргізілген.

3.

Тергеу ісінің келесі томында сахнаға қайтадан Д.Әділев пен Ә.Байділдин шыққан. Онда 1930 жылы 12 желтоқсан күні Мұхтар Әуезовтің өз қолымен Голощекиннің атына жазылған хаты, 1931 жылғы 20 және 28 қыркүйек күнгі қосымша жауаптарының хаттамалары, 1931 жылғы 29 қазан күнгі тергеушіге берген арызы тіркелген. Мұндағы көрсетінділердің дені ұзына мазмұны жағынан бірін-бірі қайталайды. Дегенмен де әр сөздің астарын іздесе одан қазақ ұлтының тағдыры мен руханиятына қатысты шешуші оқиғалардың сорабын аршып алуға болады. Солардың ішінен «Алқа» әдеби үйірмесіне қатысты жауаптар нақтылана қамтылған. Тергеудің негізгі бағыты Ә.Байділдиннің: М.Әуезовтің Колчакқа, «Алашордаға», Ташкенттегі астыртын ұйымға, кеңес өкіметіне қарсы идеологиялық бүлдірушілік әрекеттеріне, көркем әдебиеттегі ұлтшылдық пікірді насихаттауына байланысты көрсетіндісіне орай қақпайлана жүргізілген.

Бұл - «өз заманының сұрқылтайы» (М.Әуезовтің сөзі) Ә.Байділдин мен М.Әуезовтің түрмедегі бетпе-бетсіз шарпысуы мен қарпысуы, еркіндіктегі еркін ойдың түрмедегі булығуы. Күндері түрмеде өтіп жатқан «күндестердің» жоғарыдағы көрсетінділердің мәтініне орай салғыласуға пара-пар арбасуы соны аңғартады. А.Байтұрсынов пен М.Тынышбаев тобының тергеу ісін өзара ұштастыру бағытында тергеушілер Мәскеуден алдыңғы топтың ісін алдырып, ондағы көрсетінділерді кейінгі топтың мүшелерімен байланыстыруға тырысқан. Оған жарты жылдан астам уақыт кеткен. Өйткені, 1930 жылдың желтоқсанынан бастап 1931 жылдың қыркүйегі аралығында айыпкерлер сұрақ-жауапқа сирек тартылған, тіпті кейбіреулері мүлдем «ескерусіз қалған». Соның бірі - Мұхтар Әуезов.

Белгісіздік қашанда адамның жанын жегідей жеп, жүйкені тоздырады. Ал түрме кiмдi де болса түршiктiредi. Сондықтан да алты ай бойы сұрақ-жауапсыз отырған Мұхтар Әуезов өз тағдыры үшін алаңдап, тергеушiлерге ресми мәлiмдеме жасауға мәжбүр болды (Мұхамеджан Тынышбаевті және басқаларды айыптау туралы №06610 іс, І том, 602-605 беттер). Бұл мәлімдеме М.Әуезовтің барлық жауаптарының жиынтығы есепті және Голощекинге жолданған хатпен мазмұндас, оның түрмеде ұстанған бағытын анық танытатын болғандықтан да, ішінара анықтамалық сыпаттағы түсінік бере отырып көрсетіндіні толық келтіреміз. Ал «түрме тарихына» қатысты қалған «идеологиялық әфсаналық салыстыруларды» өзге жауаптарға орай жүргіземіз. Сонымен, тұжырымдала баяндалған Мәлімдеменің мазмұны төмендегiдей:

«ПП ОГПУ-дiң (Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың өкiлеттi өкiлдiгiнiң - Т.Ж.) тергеу iстерi жөнiндегi прокуроры Столбов жолдасқа және ОСО-ның (ерекше тергеу бөлiмiнiң) тергеушiсi Попов жолдасқа тұтқын Әуезов Мұхтардан Мәлiмдеме:

26/Ү- 31 ж. Алматы қаласындағы өкiлеттi уәкiлдiктiң (полпредства) жанындағы түрмеде қамауда жатқаннан бергi уақыттың iшiнде сұрақ-жауап алуға мен бiр-ақ рет шақырылдым. Бұл сұрақ-жауаптың кезiнде Попов жолдас: менiң жекелеген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанымды, менiң қандай әрекеттерiм үшiн ұсталғаным бұдан кейiнгi тергеу барысында нақты көрсетiлетінін мәлiмдеген едi. Ташкенттегi тергеушi де менiң қандайда бiр нақты айыбымды ашып көрсетпеген болатын. Қазақстанның 10 жылдық мерекесiне орай өткен салтанатты мәжiлiстегi Голощекин жолдастың жасалған баяндамасында келтiрiлген Байдiлдин мен Аймауытовтың куәлiгiне орай түсiнiк беруге шақыруын өтiнiп Попов жолдастың атына жазған арызым да ескерiлмей, аяқсыз қалды».

Мұндағы сілтеме жасалып отырған жайлар, «Айыптау қорытындысында» қамтылған Голощекиннің салтанатты мәжілістегі баяндамасында айтылып, баспасөзге жарияланған:

«Тергеу кезінде Аймауытов: Екiншi съезд кезiнде тек қана қазақ уәкiлдерiнен тұратын кеңес шақырылғанын, оған Әуезов төрағалық жасағанын, ... онда отаршылдармен күрес туралы мәселе қаралып, ұлттық мүдденi көздейтiн шешiм қабылданғанын мойындады»,- деген сөзi.

Екіншісі, Ә.Байділдин дайындаған «Советская степь» газетіндегі:

«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi...»,- деген әшкере пікір.

М.Әуезов (жалғасы): «Байдiлдин болса осы көрсетуiнде маған қарсы ойдан шығарылған қисынсыз бiрнеше айып тағыпты. Ол бiр кезде баспасөз беттерi арқылы жылдар бойы маған қарсы ашық түрде жапқан жаласы мен көкмылжың көкезу көпiрмесiн (насквозь демагогическую травлю) түрмедегi көрсетiндiлерiнде одан әрi жалғастырып отыр».

«Ашық түрде жапқан көп жаласының» біреуін ғана келтіреміз.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiрақ та бұл екi оқиға (Сәдуақасовтың басмашыларға қосылуы туралы ойы мен менiң мақалама байланысты жағдайлар) осы кездегi бiздiң - Әуезовтiң, Сәдуақасовтың және менiң iс-әрекеттерiмiздi толық айқындап бередi. Әуезовтiң сол кездiң өзiнде-ақ (21-жылдың қарашасы) астыртын байланысы барлығын, дәлiрек айтсақ, алашордашылардан қол үзбегендiгi және контрреволюциялық жоспары болғандығы анық едi. Сәдуақасов екі ортада теңселiп жүрдi де, алашордашыларға қарай бейiмделе бастады, ал мен азды-көптi болса да партия ұйымының бағытын ұстадым».

М.Әуезов (жалғасы): «Оның әдебиет туралы мақалаларының барлығы тек қана бiр-ақ мақсатпен - партияда жоқ әдебиетшiлердiң, оның iшiнде менiң есебiмнен өзiне саяси бедел жинау үшiн жазылды. Ол қысылып-қымтырылмастан-ақ, менiң «Қаракөз» атты пьесамның сыйлық алуы: Сәдуақасовтың тамыр-таныстарының арқасы - деп жала жапқан болатын, шын мәнiнде бұл сыйлықты құрамында Жандосов, Майлин, тағы да басқа мүшелерi бар комиссия берiп едi. Ол өзiнiң баспасөзде жарияланған арандатуларында мен туралы сұрқылтайланғаны сондай, мен тек қана ақша үшiн жазады дегенге дейiн барды, сөйте тұра бiрде-бiр нақты деректi келтiрмейдi, әншейiн, партияда жоқ Әуезов туралы не айтса да жарасады дегендi желеу етiп, сыпыра жамандап, жаттанды тұжырымдар жасайды».

Қазақ қаламгерлерін жанықтырып, қызыл кеңірдек дауды өршіткен 1925 жылғы 18 маусымдағы БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің «Партияның көркем әдебиет саясаты туралы» қаулысы. Соны жүзеге асыру барысында түрлі шаралар қолданды. Ал бұл қаулының нәтижесінде - Қазақ Пролетар Жазушыларының Ассосациясы құрылды. Соның нәтижесінде қазақ жазушылары: пролетариатшылдар - С.Сейфуллин мен С.Мұқанов; жолбикелер - Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, ұлтшылдар - М.Жұмабаев, М.Әуезов деген жік-жікке бөлінді. Сол екпінмен ұйымдастырылған сақналық шығармаларға арналған жабық конкурста «пролетариат әдебиетінің иісі де жоқ «Қаракөз» пьесасына бас бәйге берілді. Бұл баспасөзде шулы дау-дамай туғызды. Бұл тұстағы Ә.Байділдиннің баспасөздегі байбаламын есепке алмай-ақ, жазушы С.Сейфуллин құрастырған «Құс жолы» атты жинақтағы Жұмабай Орманбайұлының «Қаракөз» атты мақаласының тек бәйгеге қатысты тұсынан үзінді келтірсек, мәселенің басы ашылады ғой деп ойлаймыз. «Саяси бағыты теріс, байлардың қиялы, солардың әдебиеті» болып табылатын «Қаракөзге» бәйге неге берілді?»

Ж.Орманбайұлы, («Қаракөз», «Құс жолы» жинағынан): «Пьесеге бәйге жарияланды. Бәйгенің басына комиссия сайланды. Сонда біздер шет қалаларда жатып: «Бәйгені Мұхтар, Жүсіпбектер алады»,- дедік. «Комиссия оларды жақсы біледі. Оларға бәйге шапса да, шаппаса да береді. Олар бәйгеге кітап жазарда бәйгені алатын болып комиссиямен келісіп жазады; басқалар бәйгеге түсіп әуреленбесе де болады»,- дедік. Осыны айтушы жолдастардың осы күні бәрі тірі, «Қызыл Қазақстан» журналында бір жолдас: «Бәйгенің қарақшысы - пролетариат үстемдігі. Кімде-кім бәйгеге түсетін болса - сол қарақшыны көз алдынан кетірмей, нысана қылып жазсын. Сонда ғана бәйгеден келеді. Ол нысананы көрмеген, білмеген жортақыларға бәйгені бермеу керек»,- деді. Анығында осы жолдастыкі дұрыс еді. Бірақ жоғарыдағы сәуегейлердің пікірі де далаға кеткен жоқ. Өтірік болса -айтушының жаны шықсын. Бәйгеге түскен 30 кітап қаралмай қалып, Мұхтар «Қаракөзді» жаза салып, бәйгені алды. Бәйге емес, комиссияның жай бере салған ақшасын алды. «Қаракөз» басылып шықты, сахнаға қойыла бастады. Көргеннен кейін көруші жұрт: «Бәйгені «Қаракөз» алған жоқ екен, Мұхтар алған екен! Мұхтардың сүйкімділігі алған екен!»,- десті. Осыны айтушылар да тірі. Әлі де айтады... Пролетариат қарақшысының басында отырғандар, «Қаракөзді» байлардың қарақшысына шауып келсе де бәйге берді. Бұл арада комиссия өте қателесті. Қателескенде - әдейі қателесті. Бәйгені емес, Мұхтарды сыйлап ақша берді. «Қаракөзге» бәйге бердік дегенге ұялмаған комиссия мүшелерінің беттерінің қалыңдығын айтсаңдаршы. Болмаса - ұялмақ түгіл өліп қалатын жұмыс қой»,- деп жазды.

Сол бәйгеде бірінші, екінші орын алған Мұхтардың «Қаракөзі» мен Жүсіпбектің «Шерниязынан» шоқтығы биік туынды әдебиет тарихына әзірге белгісіз.

М.Әуезов (жалғасы): «Тiптi баспасөз бетiнде маған қарсы ешқандай негiзсiзден негiзсiз шабуыл жасап, қуғындаған адамның өзi әшкереленiп, қара бет болғаннан кейiн, әрине, қиялына ерiк бередi, өзiнiң iс-әрекетiн ақтау үшiн жалғыз-ақ жол қалғанын бiледi, ол - өзi қуғынға ұшыратқан адамдардың үстiнен жала жабу, қаралау, контрреволюционер едi-мiс, қазақ буржуазиясының көсемi еді-мiс деп кiнә тағу деп түсiнетiнi анық».

«Қарсы барлаушы» Ә.Байділдиннің бұл «тәсілі» құпия мекемеге де мәлім болыпты. Тергеушілердің Ә.Байділдинге берілген:

«Осындай міңкілшілдердің қатарына баспасөз бетінде Байтұрсынов пен Дулатовты жиі сынап жазатын сыншы Байділдинді қосуға болады. Астыртын контрреволюциялық ұйымның жетекшілерінің бірі бұл адам туралы: «...Байділдин күндіз Байтұрсыновты сынайды, ал кешке қарай Байтұрсыновтың және тағы басқа да алашордашылардың құпия жиналысына қатысады» - деп көрсетті»,- деген мінездемесі соған дәлел.

М.Әуезов (жалғасы): «Маған қаратыла қолданылған мұндай теңеулердiң әдiлетсiз әрi оған мүлдем сенуге болмайтынын мен өте жақсы бiлемiн. Өйткенi мен ешқашанда контрреволюционер болғамын да жоқ, болмаймын да. Менiң идеологиялық тұрғыдан алғанда ұстамсыз жазылған шығармаларым болды, алайда контрреволюционер болатындай, кеңес құрылысын жоққа шығаратындай дәрежеде жазылған бiр де бір шығармамды ешкім атай алмайды. Ал менiң 1928 жылдан басталған оқытушылық және ғылыми-зерттеу жұмысымның негiзi толықтай қалыптасқан маркстiк көзқарасқа құрылды».

Ә.Байділдиннің ««Алашорда әдебиетшілерінің идеологиялық ықпалы» туралы» 12 парақ (24 бет) сыни пікірінен: «...1922 жылдан бастап «Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңіл бөлді, ескі әдебиеттің үлгілері, пьесалар, өлеңдер, әңгімелер, фельетондар т.т. олардың көзқарастарын көпшілікке таратудың таптырмайтын тәсілі болды (бұл туралы толығырақ айтылған 25/ҮІІ - 1/ҮІІІ - 29 аралығындағы және 23.Х. 29 ж. күнгі көрсетіндімді қараңыз). Ахмет Байтұрсынов жазушыларды бұл майданға белсене қатысуға шақырып: «Қазақ жазушылары өзінің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек»,- деп үндеу тастады («Партия» (?) журналының 1920 жылғы №5-6 санында жарияланған «Ложка дегтя в бочке» атты мақаладан алынған қиындыны қараңыз). Сол үндеуге қосылған М.Әуезов пен Д.Ысқақов өздерінің 1923 жылғы мақалаларында («Шолпан» мен «Сана» журналдарының 1923 жылғы сандарындағы олардың сын мақалаларын қараңыз) әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғысынан түсіндірді. Аймауытов, Кемеңгеров, Сәрсенбин де 1924-1925 жылдары жазған мақалаларында («Ақжол» газетінің 1924-1925 жж. тігіндісін қараңыз) тура сол жолды ұстанды. Алашордашыл бұл жазушылар өздерінің осы мақалаларында әдебиет мәселелерін ұлтшылдық тұрғыдан талдап қана қоймай, коммунист жазушыларды (Сейфуллинді, Мұқановты...) үнемі мұқатып отырды...».

Бұл айғақтардың мақсаты мен мазмұны түсініктемесіз де түсінікті шығар деп ойлаймыз.

М.Әуезов (жалғасы): «Қандайда бiр нақты саяси қылмыс жасағаным туралы күдiк те, ол туралы жүргiзiлiп жатқан тергеу iсi де менi бұған сендiре алмайды. Менiң үстiмнен тергеу жүргiзуге тек қана Байдiлдиннiң ойдан шығарған жаласы жеткiлiктi болады деп ойламаймын. Сондай-ақ, 1921 жылғы Бүкiлқазақстандық II съездiң тұсында тек қана қазақ қызметкерлерiнiң басын қосқан мәжiлiстi өткiздi деген мен туралы айтылған Аймауытовтың сөзi де (Голощекин жолдастың жоғарыда көрсетiлген сөзiнде келтiрiлген), жауабы да шұғыл түрде анықтауды қажет етедi (Бұдан кейінгі төрт жол қарындашпен танылмайтындай етіп өшіріліп тасталған - Т.Ж.)».

Әбдірахман Байділдин «1921 жылғы Бүкiлқазақстандық II съездiң тұсында тек қана қазақ қызметкерлерiнiң басын қосқан мәжілістің» мәнісін былай түсіндіреді.

Ә.Байділдин (жалғасы): «...М. Әуезов аса маңызды мәселелердi талқылау үшiн съезге келген барлық қазақ уәкiлдерiн төтенше жиналысқа шақырып, төтенше жиналыстың қайда, қай уақытта өтетiнiн хабарлады. Уәкiлдердiң барлығы да айтылған мезгiлде жиналды. Тек Меңдешев, Мырзағалиев сияқты, тағы да басқа жауапты қызметкерлер ғана жайбарақаттық танытты. Олар арнайы шақыру жiберiлгеннен кейiн барып келдi. Жиналысты М.Әуезов ашып бас қосудың мақсатын түсiндiрдi. Ол: «Бiз жергiлiктi жерлердегi, әсiресе, қазақ тұрғындары арасындағы жағдайдың хал-ахуалы туралы өзара пікір алысып, соның негiзiнде жалпы шешiм қабылдау үшiн жиналдық»,- дедi. Мәжiлiсте: жергiлiктi жерлердегi жағдайлар туралы мағлұмат тыңдалды. Әрбiр уәкілдіктер өздерiнiң арасынан шешендердi алға шығарды, олар жиналған жұртқа тұрған жерлерiндегi хал-ахуалды баяндады. Алғашқы мағлұматты Әуезов жария еттi. Ол Семей Губерниясындағы, оның iшiндегi қазақ ауылдарындағы жұмыстың самарқаулығына тоқталды. Қазақстанның кейбiр губернияларына төнiп келе жатқан аштық қаупi барын ескерттi. Жергiлiктi жерлердегi жағдайды күдер үздiре суреттей келiп, Әуезов: «Мұның барлығы алдымен өзiмiздiң самарқаулығымыздан, салақтығымыздан, тәжiрибе бөлiсудiң жоқтығынан, ең бастысы - отарлаушылардың кедергiсi мен бүлдiрушi әрекетiнен болып отыр»,- деп тұжырым жасады.

Бұдан кейiн өзге губерниялардың хабары тыңдалды. Олардың барлығы Әуезов баяндаған жағдаймен астасып жатты. Олар iстiң өте нашар жүргiзiлетiндiгiн айтып шағынды. Сондықтан да өкiлдердiң сөзiнде тың пiкiрлер өте аз болды. Тек Меңдешев қана өзгеше ұсыныс енгiздi. Ол:

«Жергiлiктi жерлердiң өкiлдерiнiң пiкiрлерiн қостаймын. Отарлаушылардың жұмыс iстеуге кедергi келтiретiнi де рас, бiрақта жергiлiктi ұлтшылдардың да тосқауылы жайында тiс жармағандарыңызды да мақұлдамаймын»,- дей келiп, осы мәселенi жиылыс қортындысында атап өтудi ұсынды.

Бұған кейбiреулер қарсы шықты, бiрақ та ол көпшiлiк дауыспен қабылданды. Сөйтiп, тиiстi тұжырым жасалды. Әуезов жиналысты кiрiспе сөзiнiң рухындағы сарынмен қорытты».

М.Әуезов (жалғасы): «Тергеу iсiнiң аяқталып келе жатқанына қарамастан менiң тұтқындалуыма себепшi болған нақты әрекетiм туралы бiр ауыз сөз естiмеуiме, сондай-ақ түрмеде осыншама ұзақ уақыт қамауда отыруыма байланысты менi сұрақ-жауапқа шақырып, менi жазаға тартқан оқиғаның мәнiсiн көрсетуiңiздi сұраймын. Мұхтар Әуезов».

Мұхтар Әуезовтiң бұл жолғы мәлiмдемесi барынша батыл әрi сенiмдi түрде баяндалған. «Адам үш күннен кейiн көрге де үйренедi». Алғашқы кездегi көңiлдiң алабұртқаны мен алаңдауы басылып, ендi тiкелей шарпысу мен қарпысуға бекiген сыңайы танылады. Тергеушiнiң «жекелеген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанын» меңзеуi - олардың арасына сенiмсiздiк тудырып, өзара кiнәластыруды қарастырған аярлық екендiгiн Мұхтар да түсiнген. Голощекиннiң баяндамасындағы Жүсiпбек Аймауытов арқылы «әшкереленiп шығуы» сондай айла екендiгiн де аңғарған. Берiлген жауаптар да соны растайды. Оқиғаның барысына қарай екеуi бiрiнiң атын бiрi атағаны болмаса, жастық шақтан басталған достық көңiлдерiне шiркеу түсiретiндей жаңсақ жала мен әбес сөз айтпаған. «Аймауытовтың сөзi де, жауабы да шұғыл түрде анықтауды қажет етедi»,- деп уәж айту арқылы Мұхтар тергеушiлердiң бопсасының бетiн қайырып тастаған. Мүмкін, қарындашпен батырыла сызылған төрт жолда ет қызуымен жазылып, іле суынған сәтте өшірілген емеуірін сөздер болған да шығар. Біз парақты күнге қаратып, жазудың ізін сораптағанымызда «ұлтшылдық» деген сөздің бұлдырын аңғарып қалдық.

Мұхтар Әуезов өзінің 1931 жылғы 26 мамыр күнгі көрсетіндісінде айтылғанындай, «тергеу ісі аяқталып келе жатқан жоқ», қайта екінші тыныс алып еді. Мамыр мен қыркүйек айларының аралығында «Айыптау қорытындысын» дайындау үшін тергеушілер үкімі шығарылып, Мәскеуге бекітуге кеткен «Қазақ ұлтшылдарының...» тергеу ісін алдырып, онымен толық танысып шығып, айыпталушылардың бұрын «ұмытып» кеткен, не қамтымаған жайларын қайтадан «естеріне түсіріп», тергеуді жаңа бір қырынан жүргізеді. Бұл жолғы сұрақтардың «деректері» алдыңғы істен көшірме ретінде, яғни, бұлжытпайтын айғақ есебінде алынған. Сондықтан да әр жауапқа қысқаша ғана тоқталып, сұрақ ретінде ұсынылған көрсетіндіден үзінді келтіріп, сол оқиға баяндалған бірінші кітаптағы тарауды көрсетумен ғана шектелеміз.

«1931 жылдың 20 қыркүйек күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы:

«Ташкентке мен 1922 жылдың желтоқсан айында келдім, сол жылдан бастап «Шолпан» журналының редакциясында қызмет істей бастадым. Мен Ташкентте өз таныстарымның ішінен «Шолпан» журналында істейтін тек Мағжан Жұмабаевті ғана кездестірдім. Бұрынғы алашордашылар туралы көпшілігі, оның ішінде Жұмабаев та теріс пікірде болды. Ал менің өз жеке басым бұрынғы алашордашылармен ешқандайда ортақ мүддем болған жоқ. Бұрынғы алашордашылар Жұмабаев екеумізді жақтырмайтын, «жазғыштар» деп кекететін».

Әрине, «Алашордамен» байланысын жоққа шығаруы заңды. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев та олар туралы дәл осылай жауап берген («Абылайша тіккен ақын» тарауын қараңыз)

Д.Әділев (жалғасы): «1923 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қазақ комиссиясы мен Оқу-ағарту институтына оқытушы, біраз уақыт директор болып істедім. Ұйымға қайта мүшелікке алындым. Оның жаңа құрамында Мұхтар Әуезов пен Мағжан Жұмабаев болды-ау деймін. Ташкентте мен оқу-ағарту комисариатының жанындағы ғылыми орталық пен қазақ ағарту институтына оқытушы боп орналастым. Онда Досмұхамедов, Әубәкір Диваев, Жұмабаев, Жандосов, Соколовский, Мұхтар Әуезов жұмыс істейтін. Мұхтар оған дейін Орталық комитеттің Президиум мүшесі болған» (бірінші кітаптағы «Дала қашқыны» тарауын қараңыз).

М.Әуезов (жалғасы): «Ташкентте ұйымдастырылды-мыс делінетін астыртын ұйымға мүше болуды былай қойғанда ол жөнінен мүлдем хабарсызбын, естігемін де жоқ. Мені астыртын ұйымның мүшесі болды деп көрсеткен Әділевтің көрсетіндісі мүлдем жалған. Өйткені мен ешқандай ұйымға кірген емеспін».

Бірінші кітаптың «Кәрі көсем» және «Бәйбіше - тоқал» трагедиясы» тарауларында Мәскеуде тұратын, жұмыссыз болғандықтан да қаржыдан қиналып жүрген Ә.Бөкейхановқа демеу ретінде ең жақын әріптестері қаржылай көмектесуді ойластырғаны барынша қамтылған. Олардың бұл мақсатын тергеушілер: «Астыртын ұйымның мүшелік жарнасын жинады»,- деп түсіндірген. Бұл сұрақ ату жазасына бұйырылған Х.Ғаббасовпен байланыстырыла М.Әуезовке де қойылды.

«Х.Ғаббасовқа тергеушінің берген сұрағы: Тағы кімге көмек бердіңіз?

Жауап: Әуезовке 70-80 сом аудардым. Одан қаражатқа өте қат боп жүргені туралы хат алдым. Біз 10 теңгеден жиып бердік. Одан басқа ешкімге ақша бергемін жоқ.

Сұрақ: Сіздердің араларыңызда жер мәселесі туралы сөз қозғалды ма?

Жауап: Жоқ».

М.Әуезов (жалғасы): «Ленинградта оқып жүрген кезімде ескі танысым, менімен ауылдас семейлік Халел Ғаббасовқа қаражат жағынан қысылып жүргенімді ескеріп, ақшалай көмек көрсету туралы хат жазғаным рас. Оны кейін қайырып беретіндігімді де ескерттім. Бұл 1927 жылы болатын. Жаңа ғана үйленгемін, әйелім екеуміз Ленинградта тұрдық. Университеттің соңғы курсында оқитынмын. Ғаббасов маған 125 сом жіберді. Бұл менің Ғаббасовқа жеке өзімнің қайтарып беруге тиісті қарызым деп есептедім. Ұмытпасам Ғаббасов жіберген ақшаны 1928 жылдың басында алдым. Менің ол қарызымды Ғаббасовқа қайырудың реті келмеді. Студенттік жағдайда жүрген менің ақшам болмады. Ал мен Ташкентке келіп, қызмет істей бастағанда Ғаббасов тұтқынға алынды да, қарызымды қайтара алмадым. Ғаббасовтан қарызға ақша алғанда мен қайдағы бір ұйымның бар екенін, Ғаббасов ол ақшаны сол ұйымнан алғанын білгемін жоқ, бұл жөнінде ол хат та жазған жоқ, ауызша да айтпады. Егерде ол ақшаны таныстарынан жинаса, оны да маған айтқан емес. Мен өзімнің жеке танысым ретінде тек қана Ғаббасовтан ғана қарыз сұрадым, алған ақша үшін мен тек қана Ғаббасовтың өзіне қарыздармын деп ойладым».

Бұдан кейін алдыңғы ретте «Алқа» үйірмесіне байланысты Ж.Сәрсенбиннің көрсетіндісіне орай берілген жауабы келтірілген. Ташкенттегі «ақтардың «Ақ жолы» атанған басылым да назардан тыс қалмаған.

М.Әуезов (жалғасы): «Ақ жол» газетіне менің қатысым аз, тек бір-ақ рет «Кім кінәлі» атты әңгімемді жариялады. Мен негізінен «Шолпан» журналында қызмет еттім».

Бұдан кейін Мұхтар мен оның «заман сұрқылтайы» Әбдірахманның көрсетінді жүзінде, яғни, ақ қағаздың бетіндегі шарпысулары басталады. Байділдиннің «Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымы жөніндегі іске» байланысты:

«25/ҮІІ-І/ҮІІ №-1929 жыл. Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚАСР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады... 1922 жылдың басында, мен қазақ өлкелік «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жүрген кезімде, маған алашордашыл ұлтшыл Байтұрсыновтың нағыз контрреволюциялық бағыттағы бірнеше мақаласын жариялауға тура келді. Біз ол кезде ұлтшылдардың ықпалында жүр едік. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың ықпалымен мен көптеген ұлтшылдармен байланыста болдым. Әлі есімде, 1922 жылы Орынбор қаласында ұлтшылдардың кеңесі өтті»,- деп басталатын қырық және тоқсан беттік ұзақ-ұзақ «толғауларын» толықтай келтірудің еш мүмкіндігі жоқтығы түсінікті.

Тек оқырманды оқиғаның ішіне қайтадан кіргізу үшін ғана бұл үзіндіні алып отырмыз. Ал оның психологиялық желісі бірінші кітаптың «Жер жегісі», екінші кітаптың «Заманының сұрқылтайы» тарауларында жеріне жеткізіліп баяндалған. Сонымен қатар оқиғаны ретімен баяндау үшін М.Әуезовтің жауабының кейбір тұстарын Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне қиыстырып ілгерінді-кейінді қайталап пайдаланамыз.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Х партсъезге арнап Байтұрсынов ұлт мәселесі жөнінде бағдарлама жазды. Байтұрсынов жасаған платформаның көшірмесі менің қолыма түсті, олар мұны ұлтшылдар мен коммунистердің арасына таратты. Бұл құжаттың көшірмесі өзге документтермен бірге Орал қаласында жоғалып кетті. Байтұрсынов жазған бұл платформаны маған не Сәдуақасов, не Әуезов берді. Платформаны жазған сол кездегі партия мүшесі Байтұрсынов. Маған, Байділдинге берілген жоғарыда айтылған құжатқа Сәдуақасовтың, Бөкейхановтың, Досовтың, Әшімовтің, Омаровтың және Байтұрсыновтың қолы қойылған болатын. Мендегі тура сол құжаттың көшірмесі еді. Бұл құжат партиялық ұстанымдарға қарама-қайшы келетін, ол құжат партия және кеңес құрылымында ұлттық көзқарасты жүзеге асыруға бағытталған. Кеңестердің екінші құрылтайы кезіндегі қазақ өкілдерінің алдында жасаған Әуезовтің баяндамасы осы платформаның негізіне құрылды».

М.Әуезов (жалғасы): «Партияның Х съезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ».

Ә.Байділдин (жалғасы): «Ташкенттен Иса Тоқтабаев пен Бариев деген біреу келді. Рысқұлов өзінің ұлт мәселесі жөніндегі тезистерін тықпалап жүргені есімде. ХІ немесе ХІІ партия съезінің қарсаңындағы Өлкелік комитеттегі мәжілісте ол осы тезистерінің негізінде сөйледі. ІІ партконференцияда менің де сөйлегенім есімде, менің сөзімді Авдеев Рысқұловтың жылжымалы тезисі деп бағалады. Бұл тезистер басшылыққа алу үшін партия мүшелеріне таратылып берілді».

М.Әуезов (жалғасы): «Ұлттық белгісіне орай Шығыс Өлкелік партия комитетін құру туралы ұсынысы жөнінде ештеңе білмеймін. Орынборда өткен Өлкелік комитеттің кеңейтілген мәжілісінде Рысқұловтың сөйлеген сөзін естідім. Алайда онда Күншығыс Коммунистік Партиясын құру туралы мәселе көтерілген жоқ. Ол мәселе жөнінде өз басым жарыссөзге шыққамын жоқ».

Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы кезде кәдімгі, бірақ өте мәнді оқиға болды. Ташкенттен Мәскеуге кетіп бара жатқан Н.Төреқұлов, Г.Сафаров және С.Қожановтар жолай Орынбор қаласына тоқтады. Олар 12 партсъездегі партия бағдарламасының ұлт мәселесі жөніндегі жобасына толықтыру енгізуді талқылау мақсатымен қазақтың жауапты қызметкерлерінің кеңесін өткізді. Бұл кеңеске мен қатысқаным жоқ, ол туралы мағлұматты Әуезовтен естідім ғой деймін, сонда (кеңесте) қабылданған жобаның бір данасын да сол берді, Әуезов жобаны беріп тұрып: Бұл жобаның қарарын жасауға Ахаң да, яғни Байтұрсынов та белсене қатысты,- деді. Мұның бір данасы менің қағаздарымның ішінде бар. Бұл жобаның ішінде жергілікті ұлтшылдықтың күрес мүддесін қорғайтын бірнеше бап бар еді».

М.Әуезов (жалғасы): «Ұлтшылдық туралы мәселеге келсем, оның (Байділдиннің - Т.Ж.) мені жазғыратындай ешқандай айғағы жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені оның өзі барып тұрған ұлтшыл болатын. Газетте жүргенде ұлтшылдық туралы онымен пікір алысатындай қажеттілік туған жоқ».

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бұл мәжiлiсте талқыланған екiншi мәселе - С.Сәдуақасовтың мәлiмдемесi болды. Ол отарлаушылардың өзiнiң соңынан шам алып түскенi және облыстық бақылау комиссиясының сергелдеңге салғаны туралы мәлiмдеп, мәжiлiске қатысушылардың осы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрiп, тиiстi көмек көрсетуiн өтiндi. Мәжiлiс те қолдау керек деп шешiм шығарды (Бұл жиналыстың протоколы менде сақталған едi, ГПУ тергеушiлерi алып қалды). Мiне, бүкiлқазақтық көлемдегi сәдуақасовшылдық осылай қалыптасты. Алайда осы бағыттың басты рухтандырушысы - С.Сәдуақасовты бұл шешiм де қанағаттандырмады. Қанша өрекпiгенiмен де съезден соң оның ұнжырғасы түсiп кеттi. Өйткенi ол, бұрынғыдай Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң төралқасының мүшелiгiне өтпей қалды және жауапқа тарту әрекетi жалғаса бердi, өзiн қанағаттандыратын үлкенді-кiшiлi қызмет орыны ұсынылмады. Осының барлығы жанына батып, не iстерiн білмей теңселдi де жүрдi. Күнi бойы қабағын ашпайтын, ал кешке Әуезовтiң бөлмесiнен шықпай, онда ұзақ отыратын».

Бұл мәжілістің жай-жапсары бірінші кітаптың «Жер жегісі», екінші кітаптың «Заманының сұрқылтайы» атты таруында және осы тараудың орта тұсында талданған болатын.

М.Әуезов (жалғасы): «Қазақ қызметкерлерінің мәжілісі 1921 жылы ІІ кеңес құрылтайынан кейін өтті. Құрылтай өткен залға барлық қазақ коммунистері жиналды. Семейден сайланған өкілдердің тапсыруы бойынша Сәдуақасовты ақтап алу туралы мәселе қойдым. Семейге барған кезінде губернияны Қазақстанға қосу барысында жүргізген саясаты мен көрсеткен мінезі үшін ұлтшыл ретінде айып тағылды. Бірақ оның бұл ұлтшылдығы Семей губерниясындағы отаршылдық өктемдіктің жанында жай ғана көлеңке сияқты еді, қазақ тұрғындарымен ешқашан санасып жұмыс істелген жоқ. Жиналыста отаршылдықпен күрес туралы мәселені өз басым күн тәртібіне қойғамын жоқ. Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті. Ол тіпті: «Қаракөз» пьесасына сыйлықты Сәдуақасовтың жең ұшынан жалғасуымен алды, - деп те жазды. Ал нағында сыйлық арнайы құрылған сынақ комиссияның шешімімен берілді. Мұны Байділдиннің өзі де жақсы біледі».

Смағұл Сәдуақасов Қазақстанның құрамына өтуден бас тартып, уақытты соза берген Семейдің губком мүшелерін тарқатып, төрағалық міндетті бір айдан астам уақыт бойы өзі атқарды, басқару жүйесі толықтай Қазақ Өлкесінің қарамағына көшкен соң орнына Мұхтар Әуезовті қойып өзі Орынборға қайтқан болатын. Мұны кешіре алмаған «коммунист колонизаторлар» (Смағұл Сәдуақасовтың сол мәжілісте қолданған саяси термині) құрылтай кезінде қатты сынға алып, орталықтан арнайы нұсқау келгенше барлық жұмыстан уақытша шеттетілген болатын.

Ә.Байділдин (жалғасы): «... Соңғы күдігімді мына жағдай, "Еңбекші қазақ" газетінің №1 санын шығарған кездегі оның іс-әрекеті дәлелдей түсті. "Еңбекші қазақ" газетінің №1 санында Қазақ Төңкерісінің 4 жылдығына арналған менің бас мақалам жарияланды. Ол мақаланы мен 10 күн бойы жаздым (Ол менің өмірімдегі жазған 1-мақалам еді), онда мен өзімнің сол кездегі көңіл-күйімді жеткіздім. Онда Ұлы Қазан Төңкерісінің ұлы маңызы, оның жеңістері, Қазақстан республикасының табыстары, Қазан Төңкерісінің төлі боп келетін Қазақстан Республикасы, оған қарсы күрескен алашордашылардың ақымақтығы, тағы да басқа жайлар туралы жазып едім. Мақаламның соңын: "Жасасын Ұлы Қазан Төңкерісі! Жасасын кеңес өкіметі! ҚССР жасасын!»,- деген сөздермен аяқтаған едім.

Менің бұл мақалам сол кезде Орынборда тұратын алашордашылардың ренішін туғызды. Олар менен дәл осындай мақаланы күтпеген тәрізді. Ол аздай, менің бұл мақалам өзімнің коммунист жолдасым, жауапты қызметкер Әуезовтің де наразылығын тудырды. Газет шыққан күні ол мені шақырып алды да жеріме жете ұрысты. Ол менен: «Неге газеттің жауапты редакторына №1 санның материалдарын көрсетпедің, неге келіспедің, өзіңнің мақалаңды алдын-ала маған неге оқытпадың, бұл мақалада сен неге Қазан Төңкерісін жөн-жосықсыз даурыға «жасасындатқансың», «Алашорданы» жамандап нең бар еді»,- деп ұрысты да, түсініктеме беруімді талап етті. Ол бұған қоса: «Бұл мақалада айтылғандардың бәрі де құр көкмылжың қызыл сөз. Егерде «Алашорданың» атына қатысты тағы да осындай пікір білдіретін болсаң, онда сені редакция алқасының мүшелігінен шығаруды талап етемін, не өзім кетемін, мұндай газетте жұмыс істей алмаймын»,- деді.

Менің мақалам туралы Әуезовтен дәл осындай көзқарасты күткен жоқ едім. Керісінше, мені қолдайтын шығар, сөйтіп менің көңіліме қанат бітірер, өйткені бұл менің тұңғыш мақалам еді ғой, әрі анандай маңызды тақырыпқа арналып отыр - деп ойлағанмын. Алайда ол күткенім болмады, жоғарыда айтқанымдай, керісінше боп шықты. Сондықтан да мен шыдай алмадым да Әуезовпен ұрысып қалдым. Мені шамдандырғаны менің мақаламды жақтырмағаны емес, Қазан Төңкерісінің маңызы туралы жазғандарымды мазақтауы еді және оның ескі «Алашордашыл» көзқарасынан бас тартпағандығы, әрі «Алашорданың» көсемдерімен байланысын үзбегендігі жыныма тиді. Ол орнынан тұрды да өзін оңаша қалдыруды өтінді. Мен шығып кеттім.

Мен бұл оқиға туралы редакция алқасының мүшелері: А.Асылбековке, Алдоңғаровқа, Нұрмұхамедовке, сол кездегі обкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасарына (аты-жөнін ұмыттым, ұлты латыш болатын) айттым. Соңғы аталған адам бізді обкомға шақырып алды да, әңгімелескен соң, екеуіміздің де кінәлі екенімізді айтты. Маған: «Газет материалын Әуезовпен келіспегенім үшін айыптысың»,- деді. Бұл мәселе бізді бірден татуластырып кете қоймады. Біраз уақытқа дейін бір бірімізге қырын қарап жүрдік. Мен оның келісімінсіз-ақ №2 санды шығардым. Содан кейін біздің қарым-қатынасымыз қалпына келе бастады».

М.Әуезов (жалғасы): «Мен 1921 жылдың аяғында «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Бірақ орнығып істегемін жоқ. Барлық жұмысты Байділдин жүргізді. Іс жүзіндегі редактор сол болды, қызметкерлерді де өзі жұмысқа алды. Газетте сондай сұрықсыз, әдеби тұрғыдан алғанда ешқандай сын көтермейтін дүмбілез мақалалар жарияланып жатты. Онымен ешқандай да принципті әңгіме болған жоқ, мен оған газеттің техникалық тұрғыдан нашарлап кеткенін, газетті өзінің ойы таяз, мән-мағынасыз шұбалаңқы мақалаларымен толтыра беретінін сынадым. Орнығып жұмыс істемегендіктен де өзімнің редакциядағы қызметтен кететінімді мәлімдедім».

Ә.Байділдин (жалғасы): «Тоқжігітов, Орымбаев, Ыдырыс Мұстамбаев, Мұхтар Әуезов және Аймауытов алашордашылардың нұсқауы бойынша коммунист болды. Ол кандидатуралар Семейде талқыланды. Ол туралы маған Нахимжанов айтты. Қазақтардың астыртын ұйымы қазір де жұмыс істейтін болуы керек, бірақ мен олармен 1923 жылдан бастап байланысымда үздім» - деп көрсетті».

М.Әуезов (жалғасы): «Байділдиннің көрсетіндісіндегі: мен және басқалар «Алашорданың» тапсырмасымен коммунист атанды - деуі шындыққа жатпайды. Өйткені бұрынғы алашордашылардың бізге ешқандай ықпалы болған емес. Мен партияға губкомның қызметкері Кожевник пен (танылмады - Т.Ж.) ...дің кеңесімен және кепілдік беруімен өттім. Менің партияға өтуім соған дейін Колчакқа қарсы жүргізген астыртын жұмысыммен тікелей жалғасып жатты».

Жауабының соңында М.Әуезов кеңес өкіметіне кірімді жолды таңдаған. Сөйтіп, өзінің көрсетіндісін:

М.Әуезов (соңы): «Қалған сұрақтар бойынша бұрынғы берілген жауаптарымды мақұлдаймын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына мүше болған емеспін және ұлтшылдық бағдарлама менде болған емес. Ғылыми марксизмді және кеңес құрылысын оқығаннан кейін артта қалған елдер үшін кеңес жүйесі бірден-бір ынталы құрылым екеніне көзім жетті. Менің көзқарасым түбірімен өзгерді, педагогикалық және оқытушылық қызметім тек маркстік көзқарасқа негізделді»,- деген бейресми сенімхатпен аяқтайды.

Жауаптың соңына:

«Хаттама маған оқылып берілді - Әуезов. Жауап алған - Попов»,- деп екі жақ та растап қол қойған.

Тергеудің бұл хаттамасы машинкаға басылған. Бұл өте сирек кездесетін жай.

Талант пен төзiмдi таразылайтын тез - түрме емес. Ол жүйкесi темiрдей қатты, ерiк-күшi мықты, парасат пайымы терең деген талай-талай тұлғалардың рухын диiрменге үгiткен қиыршықтай етiп уатып жiбергенiн бiлемiз. Осыдан кейін, арада бір апта өткен соң, 1931 жылы 28-қыркүйек күні хатталған төмендегі жауап Мұхтар Әуезовтiң өз қолымен қағазға түсiрiлмеген. Оны тергеушiлердiң бiрi жазған. Тергеу iсi аяқталып келе жатқанда және М.Әуезовтің соңғы жауабы болғандықтан да ресмилiктi сақтауды қажет деп таппаған сияқты. Жалпы осы тергеу барысында Смағұл Сәдуақасовты, Сұлтанбек Қожановты, Тұрар Рысқұловты қалайда қылмысты етiп шығаруға тырысқан есекдәмелi пиғыл аңғарылады. Әсiресе, 1921 - 1922 жылдағы осы үшеуiнiң әрбiр әрекетiн тәптiштеп сұрап отырған.

Мұндай сұрақ 28-қыркүйек күні Ә.Байділдиннің төмендегі көрсетіндісінің негізінде Мұхтарға арнайы қойылды.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Сол кезде Мәскеуден Ташкентке поезбен кетiп бара жатқан Рысқұлов жолдас Орынборға аялдады. Ол белсендiлердiң мәжiлiсiнде ұлт мәселесi жөнiнде баяндама жасады. Адамдар өте көп жиналды. Мәжiлiс обкомының үйiнде өттi. Бұған қазақ белсендiлерiнен басқа орыс қызметкерлерi де қатысты. Баяндамашы өзiнiң сол кездегi аян көзқарасын баян еттi. Ол: партияның ұлт мәселесi туралы бағдарламасының маңызын, мәнін айтып, содан кейiн мұны өзiнше дамытып, түсiндiрдi. Соның iшiнде Шығыс елдерiнiң компаниясын құру туралы пiкiр қозғады. Баяндамадан соң жарыссөз басталды. Рысқұлов жолдасты мақұлдап Әуезов, Нақыпжан, т.б. сөйледі, ал, Әйтиев, Саматов және бiр еуропалық жолдастар қарсы шықты. Мен бұл жиналыста сөйлегемін жоқ».

Оған Мұхтар:

«...Партияның Шығыс бөлiмшесiн құруды көздеген мәселеден хабарсызбын, Орынбор қаласындағы Өлкелiк комитеттiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде Рысқұловтың сөйлегенiн бiлемiн, бiрақ партияның шығыстық комитетiн құру туралы мәселе көтерiлген жоқ. Жеке басыма келсем, Рысқұловтың нұсқауы бойынша сөйлеген емеспiн. Қалғандарын өзiмнiң жауабымда айтқанмын. Қазақ ұлтшылдарының ұйымына ешқашанда кiрген емеспiн»,- деп жауап берді.

Зады бұл екi жылға созылған тергеудiң соңғы сұрақ-жауабы болса керек. Өйткенi әлгi жазудың астына:

«Протоколдi оқып шықтым. Мұхтар Әуезов»;

«1931 жылдың 28 қыркүйегi күнi тергеудiң аяқталғаны туралы маған хабарлады. Мұхтар Әуезов»,- деп қолын қойыпты.

(Жалғасы бар)

ABAI.KZ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385