Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3351 0 пікір 14 Ақпан, 2013 сағат 03:59

Шегебай Нұрсейітов. Шеген бидің жатқан жері қайда?

 

Тамыз айында Ақтөбе қаласының тұрғыны Баянғали Құлтаевтың «Қазақ тілі» газетіне жазған мақаласын оқығаннан соң, бұрынғы туған жерімдегі қариялардан естіген әңгіме есіме оралды: Мен Шынпейісұлы Шегебай 1946 жылы 15 қыркүйекте Шеген «әулие» мазары қасында, Шеген көлінің жағасындағы жайлауда дүниеге келіппін. Қазақ баласын ырымдап, жақсы адамдардың атын немесе соған ұйқастырып қояды. Мені де Шеген «әулиенің» қасында туғандықтан ұйқастырып Шегебай - деп, әжем Алтынкүл марқұм қойды - деп анам Несібелі айтып отыратын. Анам 2007 жылы 87 жасында дүние салды.

 

Тамыз айында Ақтөбе қаласының тұрғыны Баянғали Құлтаевтың «Қазақ тілі» газетіне жазған мақаласын оқығаннан соң, бұрынғы туған жерімдегі қариялардан естіген әңгіме есіме оралды: Мен Шынпейісұлы Шегебай 1946 жылы 15 қыркүйекте Шеген «әулие» мазары қасында, Шеген көлінің жағасындағы жайлауда дүниеге келіппін. Қазақ баласын ырымдап, жақсы адамдардың атын немесе соған ұйқастырып қояды. Мені де Шеген «әулиенің» қасында туғандықтан ұйқастырып Шегебай - деп, әжем Алтынкүл марқұм қойды - деп анам Несібелі айтып отыратын. Анам 2007 жылы 87 жасында дүние салды.

Шеген көлі Қызылордадан Алматыға бара жатқан жолдағы №14 бекеттен (разьезден) 10-12 шақырымдай жерде орналасқан. Көл негізінен үш бөліктен тұрады. Шығыс жағы - «Қошқарсойған»,  батыс жағы  - «Дайрабай», ал орта бөлігі Шеген деп аталды. Көлдің ұзындығы шамамен 7-8 шақырым, ал ені 3-4 шақырым болады. 1960-62 жылдарға дейін көл сулы, деңгейі толық, «Бірінші мамыр» балық қолхозының балықшылары балық аулайтын. Кейін Сырдария өзенінен басталатын Көксу өзегінің суы тартылып, Шеген көліде кеуіп қалды. Соңғы жылдары өзектен бірде су жүреді, бірде жүрмейді. Сол себепті көлдің суы бірде бар, бірде сусыз ойпат болып жатады.
Көлден балық аулайтын «Ақтоған» атты балықшылар ауылы болған. Көлден су кеткен соң ауыл халқы көшіп, орында 2-3 үй-ғана қалды. Міне, осы Ақтоған ауылда менің балалық шағым өтті. Ауылда бастауыш мектеп, дүкен, медпункт және балық қабылдайтын пункт болатын. Ауылдың жиыны кішкене мектепте немесе балық өткізетін пункте өтетін.

Қыс кезінде ауыл ақсақалдары бір үйге жиналып,  тарихи әңгімелер айтатын. Кейде ауылға келген жыраудан жыр тындайтын. Осындай кешкі әңгіме бірде біздің үйде болды. Ауыл ақсақалдарының алды 75 жас шамасында болатын. Солардың үлкені Үдербайұлы Жолаушы, ал Құдайбергенұлы Ізім, Жолманұлы Әбдірайым, Айтмұратұлы Оспан, Дүйсенбайұлы Байсынның жастары 70-60 шамасында болатын.
Бұрынғы заманда (ХVIII-XIX ғасырда) Шеген көлінің орнында қалың жыңғыл мен сексеуіл өскен ойпат болған екен. Бұл маңды қыпшақ ағайындар қыс қыстайды екен. Сол қыпшақтан Жұмаш деген кісі болыс сайланғанда ақын Бұдабай былай жырлаған екен:

«Жалғыз жал, Ноғай қора қонысыңыз,
Болыпты Жұмаш мырза болысыңыз» - деп.

Біздің үйде әңгіме құрап отырған кісілер осы қыпшақ ағайындар еді. Менің әжем Алтынкүл руы қарақыпшақ Құдайбергеннің қызы, қонағымыздың бірі Ізімнің апасы. Сол себепті олар «апама сәлем береміз» - деп жиі келіп тұратын.

Сол жолы әңгіме Шеген «әулие» туралы болды. Шегеннің бұдан 1,5-2 ғасыр бұрын өмір сүргендігін, елінде сыйлы, би әрі көріпкел әулие болғандығы туралы айтылды. Қайтыс болғаннан кейін Түркістанға жерлеуге алып бара жатқанда ат-көліктері мерт болып, мүрде бұзылатын болған соң осы жерге жерлеп кетеді. 2-3 жыл өткеннен кейін қайтып келіп, саздан кесек кірпіш құйғызып, биік «сұпы» бейіт тұрғызады. Бейіт 20 ғасырдың басына дейін тұрғандығы  айтылды.
Сырдария өзені бір уақыт сол жағалауға қарап, ал бірде оң жағалаудан асып ағады. Оң жағалауға аққан кезінде «Көксу» өзегі пайда болады. Көксу Жантақты, Ерімбет, Қаражыңғыл, Батпақты көлдері арқылы Ақтоған өзегімен Шеген бейті жанындағы сайға құйған. Мазар қасындағы  сайда үлкен көл пайда болады. Жергілікті халық көлді Шеген әулиенің атымен атаған. Жылдар өткен сайын көл суы молайып, Шеген «әулие» бейітіне жақындайды. Көктемгі қар суымен, көлдің ыза суының әсері бейітті құлатады. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарында бейіттің орнында шеңгел өскен төбе болды. Үлкен кісілер қасынан өткенде құран бағыштап тұратын. Кейін балықшылар ауылы көшкен соң бейіттің орнын білетіндер азайды. Біздер Астанаға қоныс аударып кеттік.
Қазақ тарихында әр дәуірде өмір сүрген аттас адамдар көп болған. Шеген атты бізге белгілі екі кісіні білеміз. Соның бірі - XVII ғасырда өмір сүрген кіші жүздің биі Шеген болса, екіншісі 1791 жылы туған Шеген Мұсаұлы, батыр, би болған,Торғай өңірінде өмір сүріп, шамамен 1848 жылы дүние салған. Бұл екі кісінің өмірлері ұқсас, екеуі де би, батыр болған. Қайтыс болғаннан кейін Түркістанға апара жатып жолда жерлеген және жерленген жерлері белгісіз. Сондықтан, мен айтып отырған Шеген «әулие» мазары кімдікі деген сұрақ туады?

Тарихи әңгімелерге қарағанда, Шеген Мұсаұлын бір көлдің жағасына жерлеген. Көл Қаратаудың баурайында болған көрінеді, Ал біз айтып отырған  көл Қаратаудан алыста.  Мен айтып отырған Шегеннің бейіті далада болған. Ол кезде көлде, Сырдарияны бойлап салынған темір жолда болмаған. Көл кейін пайда болып, Шеген «әулие» атымен аталып кеткен. Сонымен қатар, сол кездегі Ақтоған ауылында тұратын қариялар олардан бар болғаны 40-50 жыл бұрын өмір сүрген ағайындары Шеген Мұсаұлы туралы білмейді деу қате болар еді.
Осы сұрақ  төңрегінде өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім. Мен естіген жоғарыда айтылған  деректерге  сүйенсек,  бұл  жерде  кіші жүздің    Шеген   биінің мазары  болған.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             
Еліміз егемендік алып, өткенімізді түгендеп, жақсылар мен жайсаңдарымызды ардақтайтын күн туғанда Шеген бабаның жатқан жерін анықтап, белгі қою керек  деп  ұсыныс  білдіремін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408