Тоқаев әділетті Қазақстан құра ала ма?
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші президент сайлауы өз мәресіне жетті. Бір өкініштісі біздің елдің депутат, президент сайлауы өркениетті елдердегідей қызықты, тартысты өткен емес. Содан болар халықтың сайлауға деген белсенділігі төмен. Содан болар, «сайлауға бардың не, бармадың не, кімге дауыс бердің, бермедің не, бәрі бір биліктің дегені болады, біздің елде әділ сайлау болған емес» деп қолын бір сілтеп кететіндер көп...
Ұзын сөздің қысқасы, бұл жолғы жеңіс 82,5 пайызбен Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұйырды. Әрине, солай болуға тиіс қой. Өйткені мемлекеттің тізгіні өз қолында, Парламент Сенаты мен Мәжілісі төрағаларынан бастап, «Аманат», «Ақжол» секілді партиялар мен облыс, аудан, ауыл әкімдеріне дейін түн ұйқысын төрт бөліп қолдау көрсетіп, үгіт-насихатын жалаулатып, «жайылып жастық, иіліп төсек» болып жүрсе, аты да, заты да ешкімге белгісіз бес кандидаттың біреуі қара үзіп шығады дейсіз бе? Бес кандидаттың даусын қосып есептесек те, Тоқаевтың шаңына ілеспей қалыпты. Бұл «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегеннің нағыз өзі болды. Сол себептен де Қ.Тоқаевқа нағыз бәсекелес, қарсылас кандидаттың болмауы халықтың қарнын аштырды.
Өйткені елдің президентін сайлау – жай сайлау емес, мемлекеттің тізгінін ұстайтын, елдің қамын жейтін, ұрпақтың болашағын ойлайтын, халқын өркениетке бастайтын, керек болса алға қарай сүйрейтін көшбасшыны жаңылмай таңдаудың тамаша орайы.
Енді артымызға шегініс жасап, әңгімені әлқисадан бастап көрелік. Президент Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткіземіз деген үндеуі жарияланғаннан бастап саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар ұйқысынан мезгілсіз оянып, асығыс-үсігіс қимылдай бастады. Өздерінің бар екендіктерін жұртқа білдіргісі келіп кейбіреулері кандидаттарын дайындап, саяси додаға үкілеп қосып жіберді. Кандидаттар «сайлау» деген осы бір «саяси науқанның» хан-базарында өздерінің сайлау алды бағдарламаларын халыққа ұсынып, ел аралап үгіт-насихатын жасады. Әуелі десеңіз, теледебатқа да шығып үлгірді. Дебатқа Қ.Тоқаев өзі бармағанымен, Парламент Мәжілістің төрағасы Е.Қошановты жіберіпті, қалған жұртқа аты да, заты да онша белгісіз кандидаттар көгілдір экранда бой көрсетті. Әу баста қалың жұртты қатты алаңдатқан жағдай да осы еді. Бұл қоғамда, баспасөзде, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. «Жигули» есімі жыр болды, тағы бір кандидаттың «Президент болу менің мақсатым емес» деген сөзі елдің аузын аштырды.
Жасыратыны жоқ, жұрт арасында «Ана бес кандидаттан басқа елге белгілі, халқына жаны ашитын, Тоқаевқа бәсекелестер неге тіркелмеген? Теледебатқа Тоқаев өзі бармай сенімді өкілін жібергені несі? Жұрт біле бермейтін, танымайтын адамдарды қалай президент сайлаймыз? Қалай оған мемлекетті сеніп тапсырамыз? Бұл халықты сайқымазақ жасағанмен бірдей ғой. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысын босқа шашқанша, Тоқаевтың өзі президент бола салмады ма?» деген секілді ашыну мен ренішке толы сан сұрақтар халық арасында желдей есті, қардай борады. Қанша жерден қалай айтсақ та, бұл сайлаудың болатыны анық еді. Бұл халықаралық заң мен ережеге саятын саяси процесс, онсыз болмайды. Өйткені «Қазақстанда президенттік сайлау өткелі жатыр, қалай өтеді екен, заң бұзушылықтар бола ма, болмай ма» деген секілді шетелдік көздер, халықаралық саяси ұйымдар бізге қадалып тұрды. Міне, қалай өтсе де, өз миссиясын орындады. Бұл сайлауда халықаралық ұйымдардың 641 өкілі, еліміздің мыңнан аса бақылаушысы сайлау учаскелерінде төбе көрсетіпті.
Қысқасы, сайлауда елдің ертеңін, болашағын ойлайтын, мемлекеттің дамуына, гүлденуіне, халқының тұрмысының жақсаруына аянбай еңбек ететін, тер төгетін, жемқорлық пен әділетсіздікті тежей алатын батыл да, салихалы басшының болғаны дұрыс қой, бәріміздің де арманымыз осы емес пе? Осы алты кандидаттың қайсысы сіз бен біздің ойымыздан шығады? деген сұрақ қойылса, көбіміз ойланып қалатынымыз рас... Бірақ әділетті Қазақстан үшін дауыс береміз деп жүргендер көп болды.
Тоқаев бірінші рет президент болып отырған жоқ, бұл оның екенші рет басым дауыспен қайта сайлануы. Осы сайлауға дейін елді төрт жыл басқарды. 2019 жылы туған бала тәй-тәй басып, тілін шығарып, оң-солын танып балабақшаға барды. Білген адамға аз жыл емес. «Президент Қ.Тоқаев қазіргі сайлауалды бағдарламасындағы халыққа берген уәдесін сол кезде іске асыруға болар еді ғой?! Ел күткен саяси реформаларды жүргізіп, әділетті Қазақстанды құруға болатын уақыт болды ғой?! Оған не кедергі болды? Ел экономикасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты, жақсарды ма? Жұмыссыздық жойылды ма? Мемлекет тілінің хал-жағдайы қалай? Қандастар мәселесі неге шешімін таппай жатыр? Көші-қон неге тоқтап қалды?» деген секілді сұрақтарға, шыны керек, біз емес биліктің өзі дәл қазір тұшымды жауап бере алмайтын шығар. Егер елдің жағдайы керемет болса, кешегі «Қаңтар оқиғасы» не үшін болды?!
Несін жасырайын, 2019 жылы 19-наурызда экс-президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына үндеу жасап, өзінің президент өкілеттігін тоқтату туралы шешімін естігенде бір қуансам, кейін Сенаттың экс-төрағасы Қ.Тоқаев уақытша президент болғанда бір қуанып едім. Қуанғаным, билік ауысса, елде өзгеріс болып, бір жақсылық болады деп сендім. Сол кезде ФБ парақшама былай деп жазған екем: «Менің таңдауым – Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сайлауы болады дегеннен бері әлеуметтік желінің көрігі гулеп тұр. Әркім әртүрлі болжамдарын жасап әлек, ал кейбіреулері өз таңдауларын жасап да жатыр. Бәрінікі жөн, бәрінікі дұрыс. Өйткені әр адамның таңдау, сайлау құқығы бар. Бірақ шешуші кезеңде кімнің топ жарып шығатынын болжау әзірше қиын болып тұр. Себебі, президентке кандидаттардың есімі әлі белгісіз. Нұр Отан партиясынан басқа партиялардың белсенділігін әзірше көргем жоқ. Сондықтан мен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан басқа лайықты кандидатты көріп тұрғаным жоқ. Онда да оны Нұр Отан партиясы президентке үміткер кандидат ретінде ұсына қойған жағдайда ғана.
Президент Қ.Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында қазақ тілі туралы айтқан әңгімесі ел көкейінен шықты. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деді Президент. Ол: «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» («Egemen Qazaqstan.kz» , 2 cәуір, 2009 ж.), – деген еді.
Ақтауға барған сапарында президент Тоқаевтың: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» (Tengrinewis.kz. 12 сәуір, 2019 ж), – деп айтқан бір керемет сөзі бар еді.
Қазақ тілі мен қандастар тағдырына айрықша көңіл аударып, оны аяқсыз қалдырмайтынын айтқанда Қ.Тоқаевқа қалай қолау көрсетпейсің?! Әрине көрсетесің ғой
Көп адам бұл кісіні момын, жұмсақ мінезді адам, президентке мінез керек дегенді айтып жүр. Егер халық осы жолы Тоқаевты таңдап, қолдау көрсетіп, президентке сайлай алса мінез де, қатаңдық та пайда болады деп ойлаймын.
Менің бұл пікірімді оқып көбіңіз «жағынуды бастап кетіпсің» деп ойлап отырған шығарсыздар. Айта беріңіздер, егер Тоқаев президенттіке түссе, менің таңдауым осы кісі болмақ. Билік пен оның құрылымына батыл саяси реформа жасайтын адам болса, ол – Қасым-Жомарт Тоқаев болмақ. Өйткені, бұл кісі біріншіден, таза адам; екіншіден, қазіргі биліктің бүге-шігесін (оның мықты жерін де, әлсіз жерін де) жақсы біледі; үшіншіден, саяси дипломатияда тіс қаққан, үкіметті де басқарған адам. Қысқасы көргені мен көкейге түйгені көп, тәжірибесі мол, көп тілді білетін білімді адам. Сондықтан халық бұл кісіге сенім артып, қолдау көрсетіп 5 жылға сайлау керек. Бұл тақырыпты одан ары дәлелдеудің қажеті жоқ деп санаймын». (Ә.Ә. 14 сәуір 2019 ж.)
Осыдан кейін, көп өтпей Нұр Отан партиясының мүшесі Қ.Тоқаевты президентікке кандидат ретінде ұсынды. 2019 жылы 9-маусымдағы президенттік сайлауға арнаулы барып өз даусымды Қ.Тоқаевқа бердім. Сайлау бюллетендері толық саналып болмай жатып, Тоқаевтың қарсыласы, өзін оппозицияның сенімді серкесі санап жүрген Ә.Қосанов Тоқаевты жеңісімен құттықтап үлгірді. Ә.Қосановтың жақтастары оған наразы болды, «бізді билікке сатып кеттің, сенімімізді селге кетірдің!» деп жазғырды. Қосанов қанша жерден ақталса да, бәрібір жақтастарын сендіре алмады. Ол туралы кезінде ақпаратта көп жазылды.
Сол сайлаудың ертеңінде ФБ парақшама тағы мынандай жазба қалдырыппын: «Армысыздар, құрметті достар!
Екі ай бойы жұртты ала шапқын жасаған сайлау да өтті. Әркім сайлауға қатысып өз таңдауын жасады деп ойлаймын. Мен әу баста Қ.Тоқаевты таңдағам. Себебі, мына жүйеге, мына қоғамға оң өзгеріс әкелетін биліктегі сенімді адам осы кісі деп санадым. Көп адам Тоқаевты тұңғыш президенттің жақтасы, қуыршағы деп ойлайды. Соның айтқанын істеп, айдағанына көнеді, елге жаңа өзгеріс жасай алмайды, сол баяғы ескі сүрдекпен жүреді, деп алаңдайды. Бұл ой менде де болған. Бірақ менің санамда бір жылт еткен үміт ұшқыны болды. Бұл – Қ.Тоқаевқа деген сенімге алып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы жүздің ноқта баласы, жалайыр елдің текті ұрпағы болар. Өйткені мемлекетті дұрыс басқару тектілікке де байланысты. Сол себепті президент Тоқаев мына ескі жүйеге батыл саяси реформа жүргізеді деп сеніп отырмын. Қордаланып қалған халықтың әлеуметтік, қоғамдық мәселелерін оңтайландыруға бет бұрып, өзінің президенттік миссиясын абыроймен атқарып шығады деп сенелік. Қашанға дейін біреудің айтқанына көніп, жетегінде жүре бермек?! Сондықтан халқым! Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікте болғанымыз абзал. «Орнында бар оңалар» деп халқымыз бекер айтпаған» (10 маусым 2019 ж.).
Менің осы жазбаларымды оқып, «мынау нағыз жағымпаздың өзі екен ғой» деп қарғап-сілегендер де, «өте дұрыс айтқансың» деп қолдағандар да болды. Кімнің аузына қақпақ қоя аласың. Менің ол кезде Тоқаевқа сенгенім рас, ол қадамға үлкен үміт артқаным үшін мен кінәлі емеспін деп ойлаймын.
Одан да «сіздің Тоқаев билігіне деген сеніміңіз кейін неге өзгерді? Әлеуметтік желіде билікті көп сынап жүрсің» деген секілді сұрақтар қойылса оның жөні бөлек еді.
Президент Тоқаевқа Қазақстан халқына ант беріп, таққа отырған кезінде Астананың атын бірден «Нұр-Сұлтан»-ға өзгерте салған жоқ па?. Бұл өте асығыс жасалған саяси шешім болды. Халық қатты наразы болған А.Мәмин үкіметті отставкаға жіберудің орнына, оны сақтап қалды. Одан кейін президент Тоқаевтың «Біз елбасының сарабдал жолымен жүреміз!» деген сөзі бүкіл биліктің, депутаттапрдың, Нұр-Отандықтардың ұранына айналып кетті.
«Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады. Қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.
Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз» – деді президент алғашқы Жолдауында. Бұл ескі жүйемен, ескі арбамен аяңдап жүре береміз, асықпаған арбамен қоян алады дегенмен бірдей еді.
Ал мемлекеттік тіл туралы президент: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін»,-деді. Мұнысын құп көрдік.
Ал «Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп қадап айтты. Бұл – мемлекеттік тілдің пробламасын жиі көтере бермеңдер, тыныш жүріңдер, болашақты «ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» дегені ғой. Бұған да шүкір дедік. Ал Жолдауда шетелдегі қандастар мен көші-қон туралы бір ауыз сөз болмады.
Несін жасырамыз, «Қасіретті қаңтар» оқиғасы биліктегі біраз былықтың бетін ашты. Отыз жыл бойы қатқан мұз жарылды, сең қозғалды. Біраз лауазымды адамдар тұтқындалды, кейбіреуі қызметінен кетті. Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
«Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды» – деді мемлекет басшысы. Ол:
«Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше «Жаңа Қазақстанды» бірге өркендетейік, ағайын. Қастерлі Отанымыздың тұрығы мығым, абыройы биік бола берсін!», – деді.
Бәріміздің де аңсап, армандап жүргеніміз осы еді ғой. Лайым солай болсын деп жабыла елге жақсылық тіледік. Президентке іштей алғысымызды айттық.
Осыдан кейін 2022 жылы 22-сәуірде президент Қ.Тоқаев ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу туралы кеңес өткізді, жедел жұмыс тобын құрды. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынды. Маусым айында Конституцияға жалпыхалықтық референдум жүргізіліп, Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Бұл президенттің жедел шешімінің нәтижесі болса, тағы бір жағынан «Қаңтар оқиғасының» ұлы жеңісінен бөліп ала алмаймыз. Енді мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан құрамын» деп жатыр. Мұны алды уақыт көрсетеді.
Біздің елде Қазақстанның дамуына кедергі, аяғына тұсау болып отырған өте қатерлі төрт дерт бар. Ол – бюрократиялық, жемқорлық, жағымпаздық, әділетсіздік. Егер президент әділетті Қазақстан құрамын, оны орнатамын десе, алдымен осы төртеуін құрту керек. Назарбаев жүйесін шірік жүйеге айналдырған осы қауіпті төрт дерт еді.
Ұлттық идеология мен ұлттық жүйемізді қалыптастырып, оны мемлекеттік маңызды саясаттың біріне айналдыру керек. Болашақ жастарымыз ұлттық идеологиямен сусындап, озық білім-ғылымын алатын болса ертең еліміздің нағыз патриот жастары қалыптасады. Олар жер шарының қай жеріне барса да, өзінің қазақ екенін, қазақстандық екенін мақтаныш етіп жүретін болады.
Көші-қон саясатын жандандырып, шетелдегі қандастарымыздың елге оралуына мүмкіндік жасау керек. Шетелдегі қандастарымыздың елге оралуы, ҚР азаматтығын алуы жыл сайын қиындап кеті. Күні кеше «Abai.kz» ақпараттық порталында бір топ зиялы қауым өкілдерінің ҚР президенті Қ. Тоқаевқа, ҚР премьер-министрі Ә.Смаиловқа және ҚР премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі М. Тілеубердіге жазған ашық хаты жарияланыпты. Хатта:
«Екі жыл бойы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон тұжырымдамасының (Концепция) жобасы әлі талқылауда. Тұжырымдамада (Концепция) елге келген қандастарымызға 5 жылға дейін ҚР азаматтығы берілмейді делінген. Тель-Авив қаласының Бен-Гурион әуежайында шетелден келген еврейлерге бір күн ішінде Израиль азаматтығы беріледі.
Бірақ бұл көші-қон жобасы қазіргі саяси жағдайды ескермеген. Қазақстан 30 жыл бойы шетелден бір миллион қандасымызды қабылдады, бұл туралы «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларация, Қазақ ССР «Тәуелсіздік туралы» заңында және көптеген заңнамалар бар. Сондықтан қайтадан Концепция жасаудын қажеті жоқ. Оның орнына нақты қандастарды қабылдау Бағдарламасын жасау керек» деген нақты ұсыныстарын айта келіп, адам жаны ауыратын мынандай деректерді көлденең тартыпты.
«Биыл көрші елден келімсектер саны көбеюде (130 000 адам), оларға ықтиярхат, азаматтық алу оңай, қалаған қалаға, облысқа тұруға рұқсат, сөйтіп «жалпақшешейлік» көрсетудеміз. Алайда Түркіменстаннан келген қандастарымызға (700 аса адам) біз айтқан жерге ғана барасыз деп мәжбірлеудеміз. Еңбек министрлігі керек емес тағы да бір бюрократиялық кедергі, «қандас статусы» дегенді ойлап шығарып, азаматтық 5 жылдан кейін беріледі деп отыр. Бұл қазақ көші-қонына қиянат емес пе? Шетелде жүрген қандастарымыздың соңғы жылдары тарихи отанына қайтуы, олардың елге оралуы тым азайып кетті. Тәуелсіздік жариялағаннан кейін 1992 жылы Қазақстанға келген қазақтардың жоғары саны 105 896 адамдар болатын, 2012 жылы оралмандар саны 47 112-ге төмендеді, Жаңаөзен оқиғасынан кейін 2015 жылы тіпті 4 949 адамға дейін түсті. Ал өткен 2021 жылы Үкіметтің қабылдау квотасы бойынша 4 187 қандастар деген статус алған қазақтардың бар болғаны 2 420-сына ғана Қазақстан Республика азаматтығы берілді. Қалғандары өз тарихи отанына келіп азаматтық ала алмай, жәрдемақысыз қиналып жүр. Осы үрдіспен шетелдегі бүгінгі 6,5 млн қазақтың жыл сайын 2 420-ына ғана азаматтық беретін болсақ, олар Қазақстанға оралу үшін әлі 100 жыл уақыт керек екен» («Abai.kz» ақпараттық порталы. «Қорға талас – қазақ көшіне қиянат боп жүрмесін», 16 қараша 2022 ж.)
Бұл елінің қамын жеген, қандастардың тағдырына қатты алаңдаған зиялы қауым өкілдерінің жүрек сөзі. Алдағы күндері бұл мәселе әділетті Қазақстанның әділетті шешімін алады деп сенеміз.
Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz