Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5131 0 пікір 18 Ақпан, 2013 сағат 10:25

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, академик: Алдына мақсат қойған адам бәріне жетеді

 

 



- Өткен жыл сіз үшін табысты болды. Мем­лекеттік сыйлық алдыңыз. Бұл сіздің адал еңбек, маңдай теріңізге берілген баға іс­петтес...

- Иә, сыйлық алдым. Бірақ еңбекті мұ­нымен өлшеуге, бағалай салуға болмайды. Мәселен, әл-Фарабидің еңбегін ештеңе­мен өлшей алмайсыз. Мысалы, шақырым­мен, таразымен еңбектің өлшей аласыз ба? Жоқ. Айналып келгенде, ұлттың парасаттылығы осындай өлшеуге келмейтін нәрсені бағалай білуде. Мысалы, Кант. Оның еңбегін қалай өлшеуді білмейсіз. Бірақ Кант екенін білесіз. Біздің жұмысымыз да осындай. Мұны да біреу ұғады, біреу ұқпайды...

- Бәсекелестеріңіз көп болды ма?

- Әрине, көп болды. 12 жұмыс түсті. Бі­рін­ші сынақтан соң 4 жұмыс қалды, одан кейін екі жұмыс...Осы жерде айта кететін жағ­дай, соңғы уақытта ғылымды бағалауға Президентіміз ерекше көңіл бөліп отыр. Әсіресе, еңбектің сапасы жоғары бағалана бастағаны қуантты.
Біреулерден сырттан соғылатын телефон арқылы шешіледі деп жатады.Өз басым ешкімге хабарласқан жоқпын, ешкім де маған хабарласқан жоқ. Шүкір дейтініміз, менің атыма шетелдерден көрнекті мате­матиктер - 12 адамнан пікір түсті. Олардың сөзін тастау мүмкін емес қой.

- Осы сыйлықтан соң шетелдердегі әріп­тестеріңіз қызметке шақырған жоқ па?

- Шетелдерден шақыру сыйлыққа байланысты емес, шақыру бұрын да бол­ған. Есесіне, әлі күнге өз елімде Мемлекеттік сый­лық алмағаныма таңғалғандар болды. Шақырулардың барлығынан өзім бас тартқан соң, қазір қойды.
Мен үшін Қазақстанның өзінде де қызмет істеу жаман емес. Бұрын елден түрлі жағдайда кетіп қалу оқиғалары болған. 1995 жылы мен де кетіп қалғанмын. Жаман бол­ған жоқпын. Қазір базардан қайтқан адамбыз. «Ар­ты­мызда не қалады?» деген сұрақ ойға қал­дырады. Сондықтан туған жерде түпкі­лікті қалып, қызмет жасауды дұрыс деп шештім. Өмірге бейімделіп, амалсыз кейбір нәрсе­лерге мойынсынуды үйрендім. Амал­сыз...

- Адалдық демекші, соңғы жылдары ұзақ уақыт шетелдерде белгілі университеттерде дәріс оқыдыңыз, небір айтулы сыйлықтар алдыңыз, осының өзі дамыған елдерде даңқты ғалымдардың еңбегін жоғары бағалай­тын­дығына көз жеткізген боларсыз...

- Әрине, дамыған елдерде нақты ғы­лымға назар аудару мен еңбекті бағалауда алалау деген атымен жоқ. Қайта кім ғылымға барынша үлес қосып келеді, сол лайықты сый-құрметке ие. Мысалы, Германия пре­зидентінің қолын қысып, ғылым саласын­дағы әлемге әйгілі сыйлықты 40 жасымда - 1995 жылы алдым. Александр фон Гум­больдт қоры беретін халықаралық сыйлық Германия ғалымдарымен бірлесе жұмыс істеген, осы салада жетістіктері әлемде мо­йындалған ғалымдарға азаматтығына қарамастан беріледі. Құны 60 мың евро тұратын сыйлыққа жыл сайын 100 адам ұсынылады. Онда да тек болашағынан үміт күттіретін жастар.
Міне, ғылымға қамқорлық деп осыны айтыңыз. Бұл қаражатқа отбасыммен Германияда екі жыл тұрдым. Балаларым сол жерде мектепте оқыды, бақшаға барды. Біреу маңдай тер еңбегіңді бағалап отырса, құрмет көрсетіп жатса, ол жерден қалай кетіп қаласың, сол құрметке лайықты неге еңбек етпеске?

Александр фон Гумбольдт деген азамат өте бай кісі болған. Ешкім өкпелемесін, «Өзбек байыса үй салады, қазақ байыса қатын алады» деген әзіл-шыны аралас сөз өзін-өзі дәлелдеген. Ал немістеріңіз байыса, елдің игілігіне қаражатын аямай төгеді екен. Американы аралап, алғашқы болып Аме­риканың картасын жасаған да - Гумбольдт. Бүкіл байлығын бала-шағасының аузынан жырып, ғылымды дамытуға қалдырған. Даңқ­ты сыйлығын беру арқылы неміс жастарының олардан терең дәріс алып, ғылым­ға бет бұруына дәнекер болады. Болашақты ойлау дегеніміздің өзі - осы.

Италияда мұсылмандардан шыққан жалғыз Нобель сыйлығының иегері Абду­салам деген азамат бар. Ол да ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасап жүріп, Италиядан жоғары физика институтын ашқызған. Мұнда да әлемнің даңқты ғалымдарын шақыртып, дәріс оқытады. Осындай тамаша тәжірибе көп. Тек бұл мәселе біздің де қалталы аза­маттарымызды ойландырып жатса, әрине қуануға болады.

- Мұсылмандар дегенде, сіздің Иран пре­зидентінің де қолынан сыйлық алғаны­ңызды естіген едік?

- Иә, имам Хомени ақпан айында билікке келген. Елдегі ұлы төңкеріс күні Иран жұрты 10 күн демалады. Олардың ха­лықаралық әл-Хорезми атындағы сыйлығы да халықаралық аренада белгілі. Ғылым-білімнің барлық саласы бойынша ірі же­тістіктерге жеткен, осы салаға еңбек сі­ңір­ген, жаңалық ашқан әлемнің озық ойлы азаматтарына жыл сайын беріліп келеді.

Хорезми - мұсылман қауымынан әлемде тұңғыш шыққан ғалым. Ибн Сина, Омар Хаям бәрі осыдан кейін тұрады. Халиф әл-Момонның «Даналықтар үйі» - біздіңше Ғылым академиясы болған. Ағайындылар екі бағытты, екі көзқарасты ұстанған. Інісі бағытын соғысқа ғана арнағанды жөн көр­ген, «мұсылмандар соғысуы керек» деп есеп­теген. Ал ағасы «біз әлемді тек ғылым­мен бағындыруымыз керек» деген.
Осы соңғы ұсыныс шын мәнінде мұ­сылмандар үшін әлі күнге маңызын жой­ған жоқ. Әсіресе, қазақ үшін ғылымды игеру­дің жөні бөлек. Осы салада білікті, білімді, іс­кер азаматтар көбейгенде ғана көркейетіні­­міз анық.
Айтып отырмын ғой, жер шарында осын­дай санаулы мемлекет бар. Олар бүкіл мақсат-мүдделерін ғылымды дамытуға арнап қойған. Айталық, шведтердің Но­бель сыйлығын алу деген - ақырет. Мұның барлығы - мықты идея.

- Осындай тың идеялар Қазақстан тә­уелсіздік алған жылдардан бері қолға алын­ды ма, алғашқы қадамдар жасалды ма?

- Жасыратыны жоқ, осы бағытта белгілі бір жұмыстар жүргізілді, белгілі бір ны­шандар болды. Өкінішке қарай, бұл мә­се­ленің бәрі іске аспады. Оның себебі бар: ғы­лымды ғалымдар емес, шенеуніктер ше­шетін қоғамда осылай болады. Біз ғылымды саясатпен араластырып жібереміз. Жа­рамсыз жарнама жасауға әуеспіз. «Ай­да­ғаның бес ешкі, ысқырығың жер жара­ды­ның» кері бұл. Айталық, шетелге барып бо­лымсыз сыйлықты алып келетіндер де кө­бейді. Тіпті бұл өнер адамдарының ара­сында да халықаралық сыйлықты алуға әуестер тобы пайда болды. Сөйтіп, кейде біз өзімізді-өзіміз алдап, өзіміздің көңілі­міз­ді өзіміз жұбатып жүрміз. Бірақ жұрт қа­зір са­уатты ғой. Мәселен, халықаралық же­ңіл-желпі қор көп. Соларға 10 мың АҚШ дол­ларын берсең, қалаған сыйлыққа қолы­ңызды жеткізеді. Осылайша «ақымақты ал­дау­дың» кебін киіп жүрміз.

Біз атышулы «Борат» фильмі шыққанда қандай намыстандық? Бірақ уақытша ғана. Боратшылдыққа қарсы тұру үшін, біз ең алдымен, өзімізді-өзіміз алдаудан безін­ге­німіз жөн. Өзіңді ешкім танымайтын ел­дің сыйлығын алып келу - күлкілі. Ал күлкі традегиямен аяқталады. Сондықтан біз дін, мәдениет, өркениет деген секілді уақытша шаралар өткізіп, уақыт өлтірмеуіміз керек. Бұл әдеттен арылмасақ уақыт бізді өлтіруге даяр тұр. Қандай жиынға қандай қонақ кел­се де айтатыны Кот Леопольд айта­тындай: «Ребята, давайте жить дружна!» деген жат­танды сөз. Сенбесеңіз, сол басқосулардың нәтижесін ой елегінен өткізіңізші? Осы орайда Елбасының өзі қажеті жоқ жиын­дарды тоқтатуға ұсыныс жасады емес пе. Ендеше, ойланайық!

- Барлығы сыйлықтан шығып кетті ғой. Біз үшін әлемді аузына қарататын сыйлық тағайындауға әлі кеш емес пе?

- Жоқ, ғылымда еш нәрсе де кеш бол­майды және ол қай кезде де өзекті. Мысалы, «өнер өлмейді» деп келдік қой. Қазір бұл сөзді ғылым ауыстырды деуге болады. Сон­дықтан Махмұд Қашқари, Шоқан Уә­ли­ханов атындағы халықаралық сыйлық тағайындап, әлемді аузына қаратқан ғалым­дарды шақыртып, жоғары оқу орындарында дәріс оқытып, сыйлығын беріп жатсақ, бұл - еліміз үшін зор мәртебе. Нағыз жарнама осы болмақ. Артисті алдауға болады, ал ғалымды, ғылымды алдай алмайсыз. Ең алдымен Түрік дүниесіне ортақ халықаралық сыйлық жасап алсақ, ары-қарай ілгерлеуіміз оңай.

- Бұл үшін не істеу керек?

- Түк істеудің керегі жоқ. Тек ақыл ке­рек. Мысалы, Хорезми сыйлығының қара­жаты қанша екенін білесіздер ме? Бес мың доллардай ғана. Бұл даңқты ғалымдар үшін түк те емес. Әңгіме ақшасында емес, әңгіме - халықаралық деңгейінде, назарда. Ең ал­дымен соған лайықты адам болуы тиіс. Ғылымы мен білімін, ғалымдағы ғажайып жаңалықтарын білетін елдің ғана сыйлығын мықтылар алады. Олар біздегі кейбір аза­маттар секілді 5-10 мың долларға сыйлықты сатып алуды өлім деп біледі.

Бір қызық айта кетейін, шетелдерде қарапайым қонақүйлер қыста босап қа­латындықтан, оларға жұмсалған шығынды жабу үшін «халықаралық мерекелер, салта­наттар» ұйымдастырылады. Халықара­лық сыйлық тапсыру рәсімі деп шақы­рып, келген қонақтардың есебінен ғимаратты 4-5 ай ұстау шығынын өтеп алады. Соған бар­ған біздің қазақтар мәз, «сыйлық алдық» дейді масаттанып. Содан қоғамға, Қазақстанға келген пайда қандай? Сұрап көріңіздер­ші? Олар осы арқылы шығынға батқан бір байдың тұрмысын түзеп келгенін байқа­май қалады. Сондықтан сөзге тоқтауды үйре­не­йік, сөзге тоқтататын азаматтарымыздың кеңесіне құлақ асайық. Біреуге ойда-жоқта демеуші болғанша, соған жұмсаған қа­ражатты ел ішінде иігілікті жұмыстарға ар­насақ, нұр үстіне нұр болар еді. Айнала­дағы алаяқтыққа жол беремес үшін де ғылым керек...

Мәселен, әл-Хорезмиді жұрт неге мо­йындайды? «Альгоритм» деген сөз Хорез­миден шыққан. Мына компьютеріңіз аль­горитмнен құралады. Неге? Оның кітабын бірінші оқығандар таңғалған. Өйткені ғұ­ла­маның идеялары өмірлік маңызы бар идея­лар болып шықты, әлемге қызмет ете бас­т­ады. Мысалы, Рим санымен ХІІ мен ХІІ кө­б­ейтіп көріңізші? Осыны оқыған Еу­ро­па­ның монахтары жағасын ұстаған. Осындай өтірік айпайтын, алдамайтын, на­ғыз ғылым адамдарына ұсынылған сый­лықтың ха­лықаралық беделге ие болуы оңай.

- Бізде ғылымнан бұрын басқа салалар бойынша әлемді аузына қаратуға ниеттілер көп. Менің айтайын дегенім, ғылымнан бөлек жер шарына танылуға жол жоқ па?

- Айтыңызшы, сол жолды тапқан адам бар ма? Жоқ. Кешіріңіздер, біреулер өз өне­рімізбен, музыкамызбен танытамыз деген пікірді айтып қалады. Шырылдаған шын­дықты айтайықшы, қазақтың қара дом­бы­расы өзінен басқа ешкімге қажеті жоқ. Ті­ліміз де сондай...Сондықтан өзіміз игеруге, білуге тиістіні игеріп, біліп жүргеніміз орын­­ды. Айталық, тіліміз бай-бай дейміз, сол бай тілді бәріміз меңгеріп кеттік пе? Ту­ған тілін кім кедей деп айтады. Ешкім. Ал дом­бырамен, тілмен әлемді таңғалдыру деген - бос сөз. Осындай ұсақ-түйек жасан­ды жарнамамен қазақ пен қырғыз ғана айналысып келеді. Жақында қырғыз президенті «адамзат қырғыздан таралған» деген пікір айтып қалды. Адам ұялатын сөз. Сол сияқты қазақтар Шыңғыс ханды қа­­зақ деуден танбай келеді. Ал адамзат қырғыз­­дан шықты, Шыңғыс хан қазақ делік. Сонда
не шықты? Одан да елдің тұрмысын түзеуге, ғылымын дамытуға күш салайық. Демек, бос сөзден іске көшу керек. Қазаққа пайда әкелетін осы ғана.

Ағылшындардың мақтанғанын көрдіңіз бе, неміс те, француз да сондай. Соған қара­мас­тан, ағылшын тілінсіз әлемді аралай ал­майсыз, немістің көлігінсіз жер бетін елес­тете алмайсыз, француздың иісмайла­рын­сыз деген секілді. Бізге де осындай бір­деме жасау керек. Нақты технология, нақ­ты ғылым, нақты бизнес жасасаңыз, жер шарының кез келген мемлекеті сізді мо­йындайды. Біз енді осыған бет бұрғанымыз дұрыс.

- Сіз шетелдердің мықты универси­тет­терінде ұзақ жылдар бойы дәріс оқыдыңыз. Мықты тәжірибе жинақтадыңыз, жастардың беталысы туралы не айтар едіңіз?

- Біздің студенттердің білімі олардың жастарымен салыстырмалы түрде айтқанда еш кем емес. Біздің жастарымыз шетелге барса, бірден оқуға түсіп кетеді. Неге? Өйт­кені емтиханның 70 пайызы математика. Кеңестік оқу жүйесінің мықтылығы осында және әлі күнге сол екпінмен келеміз. Мұның жемісін көріп жүрміз.

Алайда әңгіме басқарып отырған аза­маттарға байланысты. Айталық, жүз қой­ды бір арыстан басқарса не болады, бір арыс­танды жүз қой басқарса не болады? Мәселе осында. Біздің мықтыларымыздың барлығы далада қалып жатыр. Оларды пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Бір ғана мысал. Шет­елдерде білім алушы жастарға елге келіңдер дейміз? Келді, ары қарай не болды? Түк те жоқ. Себебі ары қарай жүйе дұрыс құрыл­маған. Мысалы, «Мерседес» алдық. Бірақ оның әйнек сүрткішінің орнына «Запо­ро­жецтің» сүрткішін салдыңыз, дөңгелегінің орнына арбаның дөңгелегін салсаңыз, не болады? Күлкілі емес пе? Біздегі жағдай да осы секілді әңгіме.

- Білікті жастар ой-арманын іске асыра алмайды дейсіз ғой...

- Оның қисық болатын себебі, жүйенің өзі қисық. Менің ылғи айтатын бір мақа­­-лым бар, соны тағы қайталаймын: «Есек ар­­баны сүйреуі керек». «Есектің еңбегі адал, еті арам» деген де сөз бар. Бізде керісінше, жағ­дайлар жиі ұшырасады. Мына техно­ло­гия дегеннің еңбегі адал, бірақ жұртқа жақ­пайтын да осы. Өйткені қиын, түсін­бейді. Дегенмен мемлекетті алға сүйрейтін да тү­бінде осы. Техноградтық ғылым адамның басы секілді. Тек уақыт жоғалтпау керек.

- Осыдан біраз уақыт «Болашақ» бағдар­ламасымен оқып келген қыз-жігіттердің бі­разы шетелде терең білім алып келгендігін, алайда оларға ұсынылған қызметтің жала­қысы төмендігін айтып, жоғарыдағыларды ойға қалдырды. Осыған көзқарасыңыз қа­лай?

- «Болашақ» - өте дұрыс бағдарлама.Оның құрылуына үлес қосқан адамның бірі - мен. Жоғары Кеңестің алғашқы депута­­ты болдым. Сонда менің сайлауалды бағдар­ла­мам­ның бірінші пункті жастарды қолдау еді. «Болашақтың» алғашқы бағдарламасын мен жазып Сенбаевқа ұсындым. Ол кісі Елбасына жеткізіп, ақыры сәтті іске асты. Бұл үшін Президентке айтар алғыс шексіз. Біріншіден - шетелде оқып келудің пай­дасы зор. Елге келген соң, оларға көмектесу үшін айрықша бағдарлама жасауды ұсы­-нып жүргендер бар. Мұны өз басым түсіне алмадым. Шын мәнінде білімді жас бәсекелестік жағдайында қызметті өзі табуы тиіс. АҚШ-та немесе Батыс Еуропада жо­ға­ры білім алсаңыз да сіздің ұтатыныңыз өз бі­ліміңіз емес пе? Осылай болуы керек. Мұ­ның барлығы студенттің кінәсі емес. Бұ­ған осы саланы басқаратындар кінәлі. Айта­­лық, жұмысқа орналастыруға дейінгі тамыр-таныстықты тоқтатпайынша, іс алға бас­пайды. Адамда ұят деген болуы керек. «Сен мықтысың, сенің де балаң мықты болады» деген теория жоқ. Бәсеке бәріне бірдей болуы тиіс.

Қараңызшы, былтыр мен ауылға барып қайттым. Мектепте компьютер толып тұр. Бірақ жарық жоқ. Осы секілді түкке тұр­майтын мәселемен
тоқтап қалатын шаруа бізде көп. Ғылым жүйелілікті ұнатады. Жү­йесіз нәрсе жүйкеге тиеді, жұмысқа кедергі келтіреді.
Елбасымыз өте дұрыс, өте орынды мә­селелерді көтереді, нұсқау береді. Прези­денттің дұрыс бағытын ілгерілетуде бас­қа­ру­шы орындар ұдайы бүйректен сирақ шы­ғаруға құмар.

- Сіз ҚБТУ-да дәріс беріп жүрсіз. Сту­денттердің қарым-қабілеті қандай?
- Жалпы, Кембридждің аты мықты. Қазақта «Ата атымен қыз өтеді, мата атымен боз өтеді» деген мақал бар. Бірақ Кембриджді бітіргендердің президент болғанын көрдіңіз бе? МГУ бітіргендер президент болып жа­тыр ма? Әңгіме онда емес, мәселе адам­ның өзінің басында. Сіз талапты, еңбекқор бол­саңыз, бәрін алып кетесіз.Қазір жұмыс іс­тей­тін адамға барлық жағдай бар. Осы жа­ғы­нан алғанда мен Назарбаевқа тағы да рақметімді айтар едім. Алдына мақсат қойған адам бәріне жетеді.
Бұл оқу орнында көзінде оты бар қыз-жігіттер көп. Соған ризамын. Бұлардың арасынан елге адал қызмет етуге ынтық жастардың аз болмасы анық.

- Мектептерде 11 сыныпқа дейін оқыты­латын математика пәні екені анық. Шет­елдерге байқауларға барып, жүлде алып жат­қандар да көп. Осыған қарап елімізде мате­ма­тика ғылымы қаншалықты дамыған деп ойлайсыз?

- Мынадай парадокс бар. Жыл сайын балалардың бәрі математиканы оқиды, қазақ тілінде оқиды. Алайда қазақ тілін оқып бәрі қазақша сөйлеп кетіп жатқан жоқ. Математика да сондай. Математика - құрал. Оны үйреніп алып, басқа жаққа ке­тіп қалатындар да бар. Енді жеңімпаздар ту­ралы айтсақ, бәрі ебін тауып елден кетіп қа­лады. Сонда біз математиктерді шетелге да­йындап жатқан болып шығамыз. Айна­лып келгенде, мен сұмдық математик де­гендерге қарамаймын. Негізінен, ғылымға келген­дердің барлығы ауылдан келген, орташа оқыған, онша тіл білмейтін балалар. Мә­селен, спортқа барған байдың баласын көріп пе едіңіз? Жоқ. Математика да сондай, элиталы емес.
Сондықтан «жеңімпаз болдық» деген сөз де салыстырмалы нәрсе. Онда тұрған не бар. Одан да біз «енді 10 немесе 30 жылдан кейін қандай боламыз?» деген сұрақтарға жауап іздейтін мәселені алдыңғы орынға қоюымыз керек.

- Бұған тоқталып отырғаным, соңғы кез­дері дарынды балаларға арналған мектепер ашылып жатыр. Атынан ат үркеді. Дегенмен осы білім ордаларында біліктілігі жоғары ұстаздар қалыптаса қояр ма екен?

- Бұл күдігіңіз рас. Менің де күмәнім бар. Атына затына сай қылу үшін бе, әйтеуір құйылып жатқан қаражат та көп. Шіркін-ай деймін, осы қаражатты менің ауылым­дағы №45 мектепке берсе ғой. Қазіргі аты - «Ақ орда». Мыжырайып тұр. Мұндай мектеп көп. Осыларды жөндесек, ауыл баласының рухы көтерілер еді, оқуға құлшынысы артар еді. Осыған дейінгі даңқты ғалымдарымыз сол мектептерден шыққанын қалай ұмытуға болады? Сондықтан елімізде іргелі мек­теп­терді анықтап, білім сапасын тексеріп, қаражатты соларға құйған жөн. Таза бәсекенің жоқтығы осыдан көрініс береді.

Қомақты қаражат құю арқылы кез кел­ген нәрсені көркейтуге болады. Бұл жер­де көп ақша салынған білім ордасының күштеп болса да дамитыны даусыз. Сонда өз екпінімен-ақ ілгерілеп келе жатқан білім орда­сының кінәсі не? Қазір қарап отыр­саңыз, елімізде ерекше көзге түсіп жатқандар - мамандандырылған математика мек­тептері мен қазақ-түрік лицейлері. Ашыл­май жатып «Кембридж болдық» деуге негіз бар ма? Жоқ. Демек, үздік мектептерді қар­жы­ландыру арқылы өзгелерін де биікке кө­теруге болады. Мықты мектепті де, универ­ситетті де шәкірттеріне қарай анықтайсыз. Осыны ойлау орнына жасанды жарнамаға әуестігімізді қоймаймыз.

Мен қазақтың көркейіп, өсіп-өнуіне шын жүректен тілектеспін. Бірақ әрнәрсені жөнімен істеп, бөссек те жөнімен бөскеніміз дұрыс қой. Ең алдымен біз жібі түзу мұғалім тауып алайық. Мықтының өзін мойында­мақ түгілі танымай жүргенімізде «дарынды­мыз» деп жүргеніміз шынында да күлкілі емес пе? Бір қызық айтайын: Өмірбаев де­ген даңқты математик кісі бар. Сол кісі Ас­танадағы Назарбаев Университетіне барса, ешкім сізді танымаймыз деп жұмысқа алмай қойыпты. Қазақтан шыққан мықты математиктің танымаған білім ордасының басшылары туралы не айтуға болады?

Биліктегілер ғылым саласындағы мық­ты­ларымызды түгел біледі деу - ағаттық бо­лар еді. Жаңағы Өтілбаев 90 ғылым кан­ди­даты мен докторын дайындады. Ал Өмір­баев халықаралық математика қоғамының сыйлығын алды. Ойлап қарасаңыз, олар көп емес. Соның өзін биліктегілер түгел білмейтіні даусыз. Мұндай жағдайлар жиі ұшырасады. Бұл - біздің қасіретіміз.

- Шәкірт тәрбиелеу демекші, сіз өз мек­тебіңізді ашу ойыңызда бар ма?

- Иншалла, мен ешкімнен кем емеспін. Асып бара жатқан атақ-даңқым жоқ. Қа­рапайым математикпін. Мені ешкіммен салыстырмаңыздар. «Математикаға бет бұрған қазақтың қарапайым баласы» деген атақ маған жетеді. Әңгіме қоғам үшін дені дұрыс, ойлау қабілеті түзу, үмітті ақтайтын азаматтар тәрбиелеуге қал-қадірімізше үлес қоссақ, сол бізге жеткілікті.
Ең алдымен қисық-қыңыр ойлау, қазақ­байшылықтан арылуымыз қажет. Мысалы, «Немістің жұмысы деген басынан аяғына дейін істеледі. Сынбайды, бірімен бірі үй­ле­сіп тұрады. Қазақшылық дегеніміз, бәрі жақ­сы басталады да, аяқ жағына келгенде бірдеңе-бірдеңе... сиырқұймышақтанып кетеді.

Мен ғалым адамымын, берер білімім жоғары оқу орындарына арналған. Студент­тер, аспиранттар даярлауым керек. Ғылы­ми мектеп қалыптастыруым қажет. Осы сала­да бір жұмыстарды қолға алайын десең, әйте­уір бір кедергі алдыңнан шығады...

- Соңғы жылдары Ғылым академиясы таратылып, «Ғылым ордасы» өмірге келді. Ака­демия мүшесі ретінде бұл сізге қанша­лықты әсер етті?

- Бізде академияның екі түрлі мүшесі бар. Бірінші және екінші сортты. Алғаш­қы­лары - арнайы грант алатындар, акаде­мия­ның таратылуына да себепші солар. «Ға­рыштық жылдамдықпен» жабылған ме­ке­мені өз басым алғаш рет көрдім. Ғылым ака­демиясы - мемлекеттің символы. Мы­салы, Францияда Наполеонның кезінде қалыптасқан академия әлі тұр. Өйткені ол - символ. Біздің ғалымдарымыз өз акаде­миясын өздері тұншықтырып өлтірді.

Бұл жерде мен академия бір сұмдық мекеме еді деп айта алмаймын. Кемшілігі бар, рас. Бірақ оның жоғынан бары жақсы еді. Сүрінбейтін тұяқ, қателеспейтін адам болмайды. Адамның ұлылығы - қателе­суін­де, мойындауында емес, соны жөндеуінде. Меніңше, академияны қайта ашу керек. Мүмкін бұрынғыдай емес, жаңаша құру керек секілді. Қазір ол қоғамдық ұйымға ай­налды. Бар-жоғы белгісіз. Ешқандай жұ­мыс механизмі жоқ.Міндеті те жоқ.

Академиктердің екінші сортындағылар - ақша алмайтын академиктер. Олар қо­ғам­дық ұйымның мүшесі. Ауылға барғанда жора-жолдастарға, кемпіріңіздің алдында мақтануыңызға болады. Бітті. Францияда академияның 10 түрі бар. Мүшелері де са­наулы. Жұмыс істеп тұр. Олардың мықты­лығы өз сөзін кез келген жерге өткізе алады. Мәселен, Француз академиясы - біздегі А.Бай­тұрсынов атындағы тіл білімі инс­титуты секілді. Олар бір сөзді жылдар бойы зерттеп, осылай жазамыз деп қабылдаса бітті. Солай жазылады. Бізде мұндай іске би­ліктегілер де, басқалар да аты-жөні жоқ араласады. Беделді жинаудың өзі осындай­дан басталады.

Меніңше, осы тектес бір мекеме қазаққа да керек десек, осы академия болуы керек еді. Мәселенің бәрі академияға тіреліп тұр де­сек, қате болар еді, әрине. Академиясыз да дамып жатқан ғылым бар. Алайда өзге түгілі көршіге қарап таңғалып қоямыз. Мысалы, Ресейде ғылым академиясына мүше академиктер айына кемі 2 мың доллар алады. Бұған Путин кезінде қол қойған. Қыр­ғыздар 200 доллардай алады. Түрiкмен­дер мен өзбектер де сондай. ТМД аумағында жалғыз жабылған академия бізде ғана.Ал жастарға академиясыз да күн көруге болады, сондықтан бос уақытты құртпаңдар, еңбек ете біліңдер, өтірік айтуды тоқта­тың­дар дегім келеді.

- Қазіргі қазақ математиктерін әлем ғалымдары қаншалықты мойындайды?

- Әрине, соңғы жылдар көлемінде қазақ математиктері өздерін көрсетіп келе жат­қа­нына күмән жоқ. Математиктер мен фи­зик­тердің олимпиадалық сынақтары қазақ жерінде өтіп жатуы заңды құбылысқа ай­налды. Мәселен, Еуразия Ұлттық универ­си­тетінде қызмет жасайтын, Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Уалбай Өмірбаев көп жылдар бойы әлем ғалымдары бас қатырған «Нагата» пробле­масын шешумен көзге түсті.

- Асқар Серікұлы, Сіз ғылым саласындағы танымал тұлғаға айналдыңыз. Өзіңіз ерекше үміт күтетін шәкірттеріңіз ретінде кімдерді атар едіңіз...

- Әрине, менің шәкірттерімнің ара­сын­да қатардан озған шәкірт ретінде танылып, әлемдік ғылымды дамытуға үлес қосып жүр­гендері жоқ емес. Бұл тұрғыда әңгіме еткенде мен Қайсар Түменбаев, Шералы Ыбыраев, Павел Зусманович, Бақыт Маткаримов секілді шәкірттерімді ерекше атар едім. Олардың кейбіреулері елден, орталықтан шалғай жүрсе де тынымсыз еңбек үлгісін танытып, өзгелерге үлгі бо­луда.

- Сіз туып өскен Сыр өңірі соңғы жыл­дары Жұмаділдаевтар әулетіне, онда өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлкен үмітпен қа­райды. Осы жас толқын жайлы аздап болса да айтуға тура келген секілді.

- Расын айтқанда мен отбасымызда дүниеге келген үш ұл, үш қыздың үлкенімін. Перзенттерінің үлкені ретінде әкеміз Сер­құл мен анамыз Күлшатқа айтар алғысымыз шексіз, әрине, менің математик ретінде елге та­нылуым бауырларым мен олардан өрбіген ұл-қызға ерекше әсер етті деп ойлаймын. Әке-шешем әлі бақуат, маған салса олардың өзімізбен бірге болып, ұл-қыздары мен немерелерінің, шөберелері мен басқа да жеткіншектерінің қуанышын бөлісе беруі­не шын жүректен тілектеспін.

Менің інім Әнуар мемлекеттік қызметте, қазір ол республикалық салық комитетін бас­қарады. Қарындастарым да түгелдей дер­лік республикалық физика-математика мек­тебін бітірген. Қарындасым Рауза энер­гетика саласында еңбек етеді. Өз ісінің шын маманы. Қарындасым Әсия мен не­мере қарындасым Ұлдарай физика-математика мектебінде дәріс береді. Қарындасым Мария - С.Демирель атындағы универси­тетте қызмет істейді, үйдегі екінші ұл, інім Рүстем - кәсіпкер. Ата-анам тұрған шаңы­раққа ие болып отырған да сол. Рүстемнің ұлы Жәнібек менің жолымды жалғастыруға бел буған сыңайлы. Қазір ол МГУ-дің математика-механика факультетінде оқиды. Раузаның екі ұлы - Еркебұлан мен Жасұлан, Әсияның қызы Ғазиза, Рүстемнің қызы мен ұлы Әсем мен Әлібек болашағынан зор үміт күттіреді.

Сұхбаттасқандар -
Оңалбай САДЫҚ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ

«Айқын» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340