Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4522 0 пікір 20 Ақпан, 2013 сағат 10:11

Жанат Ахмади. Дүрбелең (басы)

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

ЕЛ ИЕСІ

 

Бұл романды әкем - Ахмади, шешем - Базарханның рухына бағыштаймын.

Автор

Бірінші тарау

 

1

 

Шыңжаң жері мен Қазақстан шекарасында оңтүстік батыстан шығыс терістікке қарай бұлтпен араласа созылып жатқан Жоңғар Алатауы мен сонау түстік үйектегі ұлы Тәңіртаудың екі арасы - «жер жәннәті» дерліктей аса бір шұрайы мол мекен. Бір-бірінен шалқақ қонған екі алып тау арасындағы осындай көк қойнауды тұтас алып, жер шұғасын қамтып жатқан бұл өңір белгілі Іле өзенінің атымен о бастан «Іле аймағы» атанған. Осындай Іле жерінің өзен-сулы, орман-баулы, қоңыржай, шуақты өлкесін қазақтың Қызай елі қоныс етуші еді.

Сол елдің мынау Жоңғар жотасына иек арта келіп, шекаралық тауды алқымдап орнаған бір атасы даңқты - Шеру руы. Іле уалаятында жасайтын жиырма төрт болыс Қызайдың бір болысы «серке Шеру» атанған Шеру табы осы. Қазір Шеру елі жайлаудан бауырға түсіп келіп, үлкен таудың бар бөктерлерінде күншілік жерге шашырай, тарай қонып, жылдағы ұлан ғайыр күзеуліктерінде отырған-ды.

БІРІНШІ БӨЛІМ

 

ЕЛ ИЕСІ

 

Бұл романды әкем - Ахмади, шешем - Базарханның рухына бағыштаймын.

Автор

Бірінші тарау

 

1

 

Шыңжаң жері мен Қазақстан шекарасында оңтүстік батыстан шығыс терістікке қарай бұлтпен араласа созылып жатқан Жоңғар Алатауы мен сонау түстік үйектегі ұлы Тәңіртаудың екі арасы - «жер жәннәті» дерліктей аса бір шұрайы мол мекен. Бір-бірінен шалқақ қонған екі алып тау арасындағы осындай көк қойнауды тұтас алып, жер шұғасын қамтып жатқан бұл өңір белгілі Іле өзенінің атымен о бастан «Іле аймағы» атанған. Осындай Іле жерінің өзен-сулы, орман-баулы, қоңыржай, шуақты өлкесін қазақтың Қызай елі қоныс етуші еді.

Сол елдің мынау Жоңғар жотасына иек арта келіп, шекаралық тауды алқымдап орнаған бір атасы даңқты - Шеру руы. Іле уалаятында жасайтын жиырма төрт болыс Қызайдың бір болысы «серке Шеру» атанған Шеру табы осы. Қазір Шеру елі жайлаудан бауырға түсіп келіп, үлкен таудың бар бөктерлерінде күншілік жерге шашырай, тарай қонып, жылдағы ұлан ғайыр күзеуліктерінде отырған-ды.

Керімбек аулы өзінің бар ағайын-аумағымен Жоңғардың биік жонынан етекке қарай екі-үш қоныс қозғалып, жылжып келіп Мазы өзенінің кең аңғарындағы Үңгірқора, Екіаша дейтін күзек жұрттарына жайғасқан. Орманды тау баурайының күзгі күні тынық кеште маужырап тұр. Тілсіз табиғат, үнсіз тау-тас осы өңірдің әлдебір әңгімесін тосқандай, тым-тырыс боп тұрды. Өлке бойын қуалаған шымдауыт, құйқалы алқаптың күзгі сары-жасыл шалғынына оранып отырған үлкен ауылға күн бата бере екі атты келіп түсті. Кісі түскен қонақ үй бас жақ шеттен оңаша тігілген. Есіктен баяу сәлем бере келіп, төрге таман ілбіп жайғасқан алдыңғысы: жалпақ бет келген құпия жүзді біреу. Басында аң терісінен тіктірген шошақ төбелі, сұр тұмағы бар. Томсарған сызды қабағына, сұрғылт түсіне өзгеше сұс беріп, мұртының қияқтары тікірейіп тұр. Осы қалпының өзінен өз дегені болмай келісімге келмес жан екені бір көргеннен ұғылғандай. Ол бүктеулі қамшысын қолтығына қысып жүгініп отырды. Екіншісі бір жұпыны кісі: қабағы қатыңқы, тұтас бет, қысық көз қартаң адам кебісін тастаған бойда, епсізденіп жолдасының төменгі жағынан орын ала берген.

Осындай аз тыныштықтан соң, келгендерге қымыз жеткізілді. Қоңырқай ағаш тегенені дастарқан шетіне қойған бие сауғыш шал - Қалимолда қабақ бақты ма, тері шалбарын қаудырлатып ілінбей шығып жөнелді... Үй иесі Керімбек мына екеуінің жүріс аужайларын шамалады да, жауаптарын аз үндемей тоса отырып:

- Кәне, бері таман жылжи отырыңдар, - деп ізет байқатып, қонақтарды қымызға жақындатты. Өр жақтағы қуаң жолаушы ыдысын қолына алмай әлі де үнсіз отыр еді. Керімбек енді бұлардан қысқа сөзбен жөн сұраған:

- Иә... не көріп, не біліп кеп отырсыңдар?! - Ол мына екеуінен қалайда бір көңілсіз жайды білгелі қарады. Енді-енді ақ шалайын деген мөлдір қара, күтімді сақалы әсем судырап төгілген, келісті кесек тұлғалы, көз қарасынан салқын ашу ізіндей айбындылықпен қоса түкпірлі ойлылық танылатын, күмбірлеген зор дауысты Керімбектің үнінен оқшау бір тыныстылық білінетін. Ол жаңағы сөзіне жалғастырып, қымыз құйып отырған өзінің оқыған баласы Мақсұтқа тұйық ишәратпен шолақ бұйырып:

- Сырт жақты байқа! - деп ақырын ғана тапсырған. Аңғарлы жүзбен құпиялағандай ғып сезірген-ді.

Жасы егде тартса да жолдасынан төмен жайғасқан қария шөліркеп сімірген еусыннан басын осы кезде көтерді. Ақбөрте сақалын да енді қапсыра сипап, жұтқына түсті. Ол үшін жанындағы серігі сөйледі:

- Айтқанда нені айтушы ек! Бұл сығыр әлінен әбден асты ғой, - деп отырып, бағанадан тырс етпей тынған суық адам өз ішіндегі зіл-ызасымен түнеріп алды: - Шешіп көрсетші, жота терісінен таспа алып қоя беріпті!

Қария беліндегі құр белдіктің тоғасын амалсыздықпен ағыта бастады. Айтқандай-ақ, ту сырттан соғылған дүре жон-арқасын аяусыз зақымдаған. Қамыс палақтың (дүре қалақшасы) басқан таңбадай, түскен ізі қанталай көгеріп, талаураған. Сол белгі өзге емес, тап мынау момын, мүсәпір адамның тәнінен көрінгенде, осыны істеуші кім болса да, соның нағыз тағылық сипатын танытқандай... Қос дізерлей отырып арқасын түріп көрсеткен қария өзі кембағал, кәріп адам болатын. Шекпенін қайта кие алмай, әрі өзінің қатты ауырсынғанын білдірмей, өте баяу қозғалып отырғанында кіржіңдеген мүләйім түрі төзім ұясындай. Осы бойымен келіп сыр білдірмей отырған мосқал кісінің қара жердей төзімді адам екені танылады. Оның шомбал жүзіне Керімбек анық сұқтанып қарады. «Кедейдің терісі қалың» дейтін сөзді еске алды.

- Е-е, батыр-еке, «жағың сынса да, сағың сынбасын» деген. «Жорық жолының өкініші жоқ» дейді.- Керімбектің бұл айтқан жұбатуын ақбөрте шал алғашында дұрыс көрген сыңаймен отырды да, соңынан өз жайын өзі мысқыл еткендей боп:

- Солайы солай ғой, жалғыз-ақ әлгі, «жын да бейімдіні қағады» демекші... Онанда «өлмей қалып, суыққа берік атандым» дегеннің кері демейсіңдер ме! - деп, сөзінің бір шетін бұны осы сапарға жұмсаған Керімбекке де тигізді...

Тегінде, бұл отырған екеудің арғы бабалары қалмақ жұртынан еді. Жоңғар қалмағының тұқымынан болатын. Дәл сол қалмақ бабасынан бері үш ата өтіп келген болса да, мынау отырған бөрте шалдың тұтас келген бет бітімі, қысықша көздері, ана сұр тұмақтының да көз қиықтары, шолақ мұрыны екеуін де қалмақ беттендіріп, бұлардың әлі де ежелгі қанынан арыла алмай келе жатқандықтарын аңдатады.

Мұнан біраз заман ертеректе Жоңғар қалмағының Жұлдыздағы (Тянь-шань тауының бөктеріндегі қалмақ мекені) торғауыт руы қазақтың жылқысын шаба беріпті. Соның аяғы екі жақтың бір-бірінен мал алысуына соғыпты да, өштік қозып, ақыры қалмақтар Қызай еліне үлкен жорықпен тиеді. Кейін ел ауызында «Қыз қалған» соғысы аталған сол өшпенді қақтығыста торғауыттар жағынан ұрысқа аттанған қалмақтың ағайынды екі баласы қазаққа қолға түседі. Өздерінің қаршадайлықтарына қарамай, бірін-бірі жаудан ажыратын аламын деп, екеуі бірдей тұтқынға түскен дейді, пақырлар. Шерудің үлесіне тиген сол екеуін Керімбектің арғы атасы Айтпай деген кісі бала ғып асырап, кейін ержеткенде екеуіне де қазақтан қыз әпереді екен... Бірақ Қызайдың Мәулісана деген ержүрек қызы еркекше киініп, осы ұрысқа барған сапарда қалмақ қауымына қолды боп қалады. Соңынан Қызай елі қалмақ жұртына елші салып, тұтқын қызды сұратқанда, олар қарама-қарсы бірнеше талап қояды. Айтқанының ішінде Шеру руының қолындағы екі бала Құрымсы, Жырғал да қайтарылуы шарт екен. Қалмақтың Серенжап деген дойыр батырының перзенттері боп шығады бұл екеуі. Шеру руы бір болыс қана ел болғанмен, өзге Қызайға басы сыймай, сол тұста айтыс-тартыста жүреді. Қалмақ балаларын қайтаруды айтқанда, Шеру руы екі баланың «Ләйлаһа иләлла» деп дінге кіріп қойғанын білдіріп:

- Енді дайын мұсылманды қайтадан кәпір қыла алмаймыз... Обалы мен кінәсін көтеруге шыдаған адам кеудесіне құран мен нан ұрсын да, екі дүниеде қара қасқамын деп өзі келіп әкетсін! - деген қыр-сібер жауапты айтады. Шарты орындалмаған қалмақ қазақтың бір талай тұтқынын өгіздің терісіне тігіп, күнге қақтап өлтіреді де, өзі сұлу Мәулісананы ана ашулы батырға үш қатынның үстіне тоқалдыққа табыс етеді. Бірақ елі үшін басын бәй тіккен асау Мәулісана ешбір сағатта өз еркімен ата жауының мазағы болғысы келмей жүріп, санадай сарғайып, бала көтерместен жастай қырқылады. Ақырында Шеру руы тайпасымен ауып көшіп, осы шекара тауға орнығады. Әне, сондағы екі қалмақ баланың кішісі - Жырғалдан тараған әулеттен мына шал. Атын туғанда мұрнының үлкендігіне қарап «Мұрыншақ» қоя салғаны білінеді. Ал қасындағы шөберелес туысының есімі Қарымсақ - Құрымсының ұрпағы. Айтар сөзге «қалмақ аулы» деп қоңаштағанмен, екеуінің содан бергі қандары қазаққа ауысады. Бұлар қазір «Өмірші ауылы» дейтін өздерінше бір ауыл болғанмен, кедейлеу атаның бірі. Ел ішінде кейде Қарымсақтың дес бермес бір беттігін көре алмай, әзіл ете қалушылар болса да, оның ежелгі атадағы жауынгерлігін сөз етіп: «атасы жаудан қайтпаған, ер қалмақтың бөлтірігі емес пе» деп қыжыртатыны бар. Айтса айтқандай, Қарымсақ мейлі есе қуған сөйлер сөзде болсын, ат үсті төбелестерде болсын, сын кезеңдерде саса білмейтін.

Осындай екі туыс бас қосып аттанып кеп, үйіне түсіп отырған Керімбек - бұрын Шеру руының мампаңы (болыс) болған адам. Рас, бұл уақытта болыстықтан түсірілгеніне біраз заман өтсе де, бүгінге шейін үкімет пен ел жұмысы жайлы сөйлесе алатын Шеру руының ең басты, жетекші кісісі.

Мұрыншақ өкімет салатын алым-салық, «бәжіні» ауырлап, соның жөнімен жүрген-ді. Дүре соққызып кеп отырғаны да соның сарсаңы... Дүре зардабынан өткен түні төсекке жата алмай, басын әйеліне сүйетіп, таңды шөкелеп отырумен атырған. Содан бағана күн еңкейе ат ерттетіп, Қарымсақ екеуі жылжыған аяңмен осында жеткен. Әдейі кештете, оңашалық тілей келген бұл екеуіне Керімбек асықпай сусын бастыра отырып:

- Бұ дүрені бұйырып соқтырушы кім? Қайсысы?! - деп, осыны ерекше білгісі келгендей, тіксіне көз салып сұрады.

- Е, Мамозы тұрғанда кім болушы еді! - Мұрыншақ әлде кімнің атын өзінің момын көңілімен жәбірлене еске алды: - «Арыз әкелетін сен ит кім едің!» - деп сақалымнан сілкілеп, сол соқты дүрені!

Қарымсақ осы тұста өзінің кек қайнаған ішкі наразылығын Керімбекке ірікпей білдіріп:

- Әй, Кеке-ай! Жарықтығым-ай! Әлдеқашан жоқ қылатын бір кещені сүзбе-буаз ғып созбақтатып қойғаныңыз-ай! Сол күні өлсем арманым жоқ болар ем, айызымды бір қандырмай, ит азғыны - өлекшіндей қор еттіңіз-ау! - деп бармағын шайнағандай болып отыр.

Жас жігіт Мақсұт Қарымсаққа бозарып қарап қалыпты. Ашу-ыза уыты жеңген қапалы жанның дәл мына қалпына қарап, оның іштегі қайрат отын жазбай танып, «анық іске асар қуат көзі осы адамда жатыр-ау! Айтқан кісісін құртып кел десе, құдай біледі, мынау бүгін түнде-ақ жайратып келуден тайынбас» деп ойлады. Құлжа қаласында «Білім жұрты» деп аталатын мұғалімдер және қоғамдық қызметкерлер даярлап шығаратын он бір жылдық гимназия оқу орнын бітіріп келген: шаш қайырған, тік, сұңғақ бойы тәрбие көрген, аққызғылт жүзді Мақсұт «ел ағасы» атанған Керімбектің қазіргі тағдыры жайын өзінің әкеге деген қимастық қамқорлығымен қорқып ойлайтын. Бүгінгі бұл отырған құпия сыры бар адамдардың барлығын осындай ауыр қабақ-кіріптарлығына душар ететін себеп - қазіргі шақтың өз толқын ағымы еді. Іле уалаятына қарайтын: 24 болыс Қызай, 3 болыс қырғыз, бірнеше үкірдай* маңғұл, алты болыс албан, төрт болыс суан, бір болыс Шеру бар. Былайғы мойны қашық - Бұраталаның Қаракерейі бес зәңгі ел. Жиыны 40 болыстай осы сақара елінен өзге барлық қалалардың негізгі халқын ұстайтын мол ұйғыр, сансыз қыстақ, ауылдарды мекендейтін және сол ұйғырлар мен дүңгендер, манчжур тұқымдас: дағыр, сібе-солаңдарды (си-бо) алғанда, соның барлығы Құлжадағы бір гүбернелік өкіметке қарайды. Ел ішінде жылдан-жылға, тіпті айдан-айға қалың жұртты үркіткен өзгеріс бар. Бұрынғы бүкіл Шыңжаң үкіметі полициясының атышулы, қатыгездікпен даңқы шыққан бастығы, генерал-майор Лю бин и гүбернелік штаб-сы лың буға губернатор болып, аймақтық орталық қала Құлжаға келгелі заң тәртібі бұрынғыдан да қатал. Шыңжаң жері ғана емес, даңқы әлемге мәлім Гоминдаң үкіметі басқарып отырған, бүкіл қытай мемлекетіне аттары әйгілі, дүбірлі ағайынды екі генерал-майорлар: Лю бин и мен Лю бин ди дейтінінің бір сыңары осы. Сондай дабыралы екі асқақ төренің бірі - Лю бин иді бет-беделі мен айбары жағынан Шыңжаң жеріндегі барлық гүбернелік басшыларының ең мақтаулысы және ең қаһарлысы десетін. Бұл даңқты ол Ілеге губернатор болып келмей тұрып-ақ, Шыңжаңңың ішкі істер кілтін сумақай қолымен сығымдап ұстап отырған жылдарында алып болған.

Айыпты деген адамын алты белдің астынан қалтырататын, айдаһардың түгіндей зәрімен еңсерген дүмпу, атағы бар. Енді әне, сол гүберненің Қорғас пен Сүйдін екі дуаны өзінше бір үйез болып Күреде солқылдап тұр. Қазіргі мынау отырған Мұрыншақтың арыз апарам деп дүре жеп кеп отырғаны - сол Күре ұлығының маңы...

Күре үйезі өз дуанына, әсіресе сахарада жасайтын тау халықтарының негізгісі қазаққа және қалмақ пен қырғызға мол етіп алым-салық салады. Бәжі төлемі - Шың шы сайдің* заң, жарлығындағы жарна.

 

* Шың шы сай - Шыңжаң үкіметінің басшысы.

 

Мұрыншақ арызы қарадүрсін емес-ті. Салық соңғы жылдарда бұрынғыдан тағы өзгере түскен. «Қан бәжі» (мал басына қарай) «жүн бәжі», «сүт бәжі», «жайлау бәжі» «жер бәжі» (салған астыққа қарай) деген бәжілер сол алым-салық аттары. «Қан бәжінің» ортақ өлшем төлемін қой басына шағады. Сиыр мен жылқының басы төрт қойдан, түйе он қойдан есептелетін болғанда, он қойы бар кедейге бір жылға екі қой салынады. Бір бұзаулы сиыр, бір ат, он қойы бар Мұрыншаққа биыл төрт қой салынып отыр. Жалғыз бұзауына шейін қармаққа шаншылып, тұяққа шағылған. Сақара елінің киіп-ішуі, бар күнкөріс атаулысы, тек, осы қолындағы азды-көпті тұяқтың ғана есебінен ғой. Бұл шақта шаруа баққан қазақта жылдан-жылға мал басы құтаймай қайта сансырап тұрды. Әсіресе қалың бұқара, кедей-көпшілік жағы күйзелулі. Сондай тауқыметпен ыңыршағы шығып жүрген бір емес, бірнеше де емес, ел ішінде Мұрыншақтай сансыз кедей шаруа бар. Гоминдаңның Шыңжаңдағы үкіметі жергілікті халықтың жер-суын, қолдағы қарайған малын тек өз пайдасы, нәпақасы үшін мұрындыққа тізіп, жалмауыздың кенеусіз көмекейіндей, қызыл өңешін жұтқыншағымен көрсетіп, ел атаулыны салық салумен күңірентіп жатты. Өзгені айтпай, рулы елден екшегенде, Күредегі ұлығыңнан басқа Шеруді алым-салық зардабымен теспей соратын Мамозы дейтін бар. Тегінде, бұл біреу ғана емес, басқа елдердің де үстінен қойған осындай сансыз алпауыттар болғанымен Шерудің өзіне Мамозының Мамозысы осы сияқты болып көрінетін. Қытаймен діні басқа болса да, тілі бір дүңген Мамозыны үкімет «Қазақ жағдайын жақсы біледі. Салт-санасын, тілін, әсіресе оның мінезін жетік ұғынады» деп екі жақтылы қолайлап, таңдап тапқан. Іле уәлаятындағы және Шыңжаң дүңгенінің барлығы да Жоңғар өлкесіндегі ұйғыр, қазақпен бірге жергілікті жұрт болып саналады. Қазақтың тілін шетінен қанық білетін халық. Оның сыртында Мамозы тіл білуші еді деген бергі сөз, тіл-көмейіңді суырады дейтін нағыз ысқаяқтың өзі. Күре оның сонысын құптайтын. Сол Мамозы үшін үкіметтің салығын салғанда, тым болмағанда қарыстап, сүйемдеп болсын мейлі, ілгері аттап түсетін орай керек. Ондай шара күн көру үшін жазғытұрым қыстау маңынан азырақ жер айдап, тырмыштағылары келетін кедейлер жағына, әсіресе, оңтайлы соғады. Ұйғыр диқандары мен қазақ, қырғыздың жалданба егіншілеріне бағанағы «жер бәжі» деген салықтың өзі-ақ көз ашқызбайды. «Жер бәжінің» қанша жерге қандай мөлшерде салынатынын қай қазақ білуші еді? Дүңген кедейлерінің, маңғұл-қалмақтардың, сібе-солаң, дағұрлардың, өзбек, татарлардың, тіпті, қытай ұлтының өз жалданба диқандарының да көретіні сол. Гоминдаң өкіметі Шыңжаң жерінің ақ нанын - оның тіл үйірер дәмі мен сілекейлерін шұбыртар иісін тамыршыдай танып бауыр баса, баурап болған. Алым-салық атаулының бірін емес, бәрін де әр маусымның салығы сайын иіскелеп, тіміскілегендей болып, саңылау іздеп өткізетін Мамозыдан жер бәжі жөнін Керімбек бір-екі дүркін анықтап сұраған да болатын. Бірақ сонысы үшін Мамозы Керімбекті үкіметке көрсетіп, басын тергеуге түсірген. Тергеу болғанда ол жай тергеу ме еді? Ерте күннен жете «аластауға» тиісті, үкімет үшін «сезікті» адамдар аңдылады. Шың шы сай айдай әлемге әйгілі «қара тізім» дейтінді шығарды. Тегі, Шыңжаңдағы Гоминдаң билеп-төстеушілерінің қай-қай заманда болмасын, алғашында мысықтай болып, аяғын жымып басып келетін, жансебіл әдетімен осыдан он жыл бұрын - 1933 жылы Шың шы сай бұл өлкеге жылмиып бір «жақсы заман» орната келген. Шыңжаң әскери гарнизонның қолбасшылығынан үкімет басына бірден аттаған «ақжолтай» таққа өтырғанда, мұндағы баладай сенгіш аз санды, момын халық қазақ аңызындағы «Мамырайхан» заманы қайта бір орнағандай дәме еткен. Таққа мінудің мәртебесіне қандай етене болса, сол тақ шылауының ой бойлап жатпас зымияндығына да сондай көреген, сәуегей Шың шы сай өзінің әйгілі «Алты ұлы жарлығында»:

1. Шора өкіметімен (сәбетпен) дос болу.

2. Халықтың ғылыми санасын, мәдениетін жоғарылату, мектеп ашу.

3. Ұлттар теңдігін сақтау.

4. Империализмге қарсы тұру: парақорлықты, ұрлықты, жауыздықты жою.

5. Шыңжаңды жаңаландыру.

6. Бейбітшілікті қорғау.

Міне, осындай белгілі алты ұран-шартнамаларымен «жер ұйық» орната келді. Сөзімен ғана келген жоқ, өзімен бірге бұл өлкенің тарихында болмаған қытайы асыл кездемелерді: неше алуан шәйі, торғын кезмал, зер-жібектер түрін және неше түрлі қалампыр иісті қытай шәйін, табылмас таңсық ішіп-жем бұйымдарын әрі арзан бағада дүйім елге қызықтата жеткізіп, «қоңыржай бейісті» жер бетіне ала келген. Шыңжаңның көнбіс, момын, шаруагер ел-жұртын еркін бір арбап дәніктіріп алған... Бұрынғы бір жылдарда іштен кисе, түйіртпектері етті қышытқан мата, бөз табылса, қуанған қатындар енді қатардан қалғылары келмей, құдайларын ұмытып «шыт көйлек кимейміз» деп басын шұлғыды...

Сөйтіп, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бір заман «Шың ду бән1 жасасын!» дегізген. Бірақ оның бәрі көлкілдетіп көз алған сағым болды... Май жаққандай жылмиып, сөйтіп тұрып өзінің мезгілді шағына жеткенде түсін бірден өзгертіп, жымысқы жүзін суытып алды. Бағанағының барлығы да қойынға «сен жақсымен» келіп кірген, бетжүздік екенін айтпай білдірді. Алғашында «оқытам» деп баланың да басынан сипап көлгірсіген Шың шы сай 1938 жылға жеткенде «әу бісімілдә» деп Өлкелік үкіметтің екінші басшысы, өзінің орынбасары, Қожанияз-қажымды бір түнде тұтқынға алды. Халықты аң-таң етіп сонымен бір қойды. Және біраз уақыт өткізіп, ұмыттырып барып сақара халқын тағы бір шошытып, өлкелік «Қырғыз-қазақ ұйышмасының»** секретарь-басшысы Дәулеткелдіні ұстады. Содан соң бірден қамауға алып, адам ұстаудың арнасы кеңіп, елулеп, жүздеп түнде орнынан басып қалу алдымен қазақтар мекендеген Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында етек ала бастады. Онан кейін бүкіл Шыңжаң жеріндегі аз санды ұлттар мекендейтін уәлаяттардың барлығына да біртіндеп жетіп, ұсақ ұлттардың бәрі сол халге ұшырады. Ел ішінде бас көтерер деген адамдар болса, соның негізгісі Қожанияз-қажым мен Дәулеткелдінің «құйыршығы» деп ұсталып жатты. Тіпті, ол екеуімен өмірінде шендес болып көрмеген Іледегі аты мәлім Таңжарық ақын да солардың «құйыршығы» атаныпты. «Қара тізім» оны да сол үшін тіркеп әкетті. Алғашында «жауыздықтан қорқа келген» мамыржай Шың шы сай таққа отырғанына төрт жылға толғанда, 1937 жылы Шыңжаңның орталық қаласы - Үрімжіде жанталасып әйгілі абақты орны, үлкен түрмесін салдырып жатты... Тарихқа белгілі «азап түрмесі» деп аталған түрме.

 

*Шың ду бән - Шың шы сайді құдіреттендіріп айтқаны.

**«Қырғыз-қазақ ұйышмасы» - Шыңжаңдағы әр бір ұлттың осындай үйымдары болатын.

 

Қожанияз-қажым - Шыңжаң үкіметінің әділетсіздік езгісіне қарсы 1931 жылы Құмылда халықты қозғап, аса мағыналы көтеріліс жасаған адам. «Апрель ыңқылабы»* деп аталған көтеріліс. Кезінде қозғалысты басу үшін аяр үкімет амалсыздан аз ұлттармен түрлі «шартқа да келіскен». Өзі кедей диқаннан шыңдалып шыққан қабілетті, саналы адам Қожаниязды бірден-ақ Шыңжаң өкіметінің орынбасар басшысы етіп тағайындап, үкімет басына, «мәртебелі» қызметке әкеп отырғызған. Және енді сол үкімет тарапынан өткен бұрынғы «өкінішті кемшіліктерді бірлесе отырып түземек» болған. Қожаниязға «бұл өлкедегі аз санды ұлттардың әдет-ғұрып, салт-тұрмысын толық жете білмейтін Шыңжаң өкіметіне үйретіп отыруға ақылшы болып, жаңағыдай көтеріліс қозғаған халықты бұдан былай наразылықсыз, жақсы басқаруға көмек бер...» деді.

 

*Апрель ыңқылабы - сәуір төңкерісі.

 

Түбі көрінбес қарасудай жылым гоминдаңшылар: «Біздікі қате болыпты! Соның қайталанбауына жәрдем ет» деп, Қожаниязды қызметке солай шақырған-ды. «Апрель ыңқылабының» дүмпуінен қатты сескеніп қалған Шың шы сай Қожаниязға алғашқы кезде шындап-ақ жалтақтаумен болған... Арада біраз жыл абыр-дыбыр, дүрмек басылғанша ұйғыр көтерілісшісін көз айырмай алдарында ұстап отырғанда, Шыңжаң үкіметі жүрегінің басына ащы жалқаяқ запырандай шөккен ескі кегін әсте ұмыта алмаған. Ордалы жылан өз орталарында көз айырмай, қызғанышпен күзетіп, бағып келіп, бір күнде бір-ақ опық жегізген сол Қожанияз қажымен Дәулеткелдіні мұнан екі жыл ілгері 1942 жылы аяусыз азаппен кескілеп өлтіргендері паш болған. (Дәулеткелді Іле қазағының ел шетіне алғаш ұзап шыққан, оза оқыған зиялы азаматы болатұғын). Екі тізгін, бір шылбырды қолға бергенсіп, арқадан қаға мәз етіп отырып, кілемнің астынан су жіберетін ішмерез аярлық талай қимас боздақтың басын мұжыды.

Шыңжаң қазағынан шыққан Таңжарық ақын бір өлеңінде:

 

«...Басында көз жетпеген, білдірмеген,

Нең қалды қайран елім бүлдірмеген?! -

Сиқырлы қармағы бар суға салып,

Көрінбей бауын тартса ілгір келген» - деген.

 

Мұрыншақтың бүгінгі мына дүре соққызып кеп отырғаны - олар үшін бейне ойындай-ақ нәрсе.

Күре ұлығына апарған Мұрыншақ арызының мазмұны: «Ләң бәжі»* дегеннің өлшемі қалай болады? Күні бүгінге дейін соны бізге Мамозының тек төлеткенін ғана білеміз, үкіметіміздің әділ заңынан сұранатынымыз, біздің барлық тұрмысымызбен Мамозы мырза жете санасып, осы астық бәжісі жөнінде қанағаттандырса екен!». Бұл арыз Мұрыншақтың өзіндей отыз үй кедей-көпшіліктің атынан жазылған. Мұның ішінде Мамозының қарамағынан бөлініп келіп, Шеру руының шетіне қосылған жиырма үй жалданбалы диқаншы дүңгендер де болатын. Тегінде, Іле аймағы қазақтарының мал шаруашылығынан кейінгі кәсібі-егіншілік. Сондықтан үкімет ел ішіне Мамозыдай бәжігер қойып, «алым-салық» деп халықтың қолынан да, жолынан да қақшып жейді. Мұрыншақ жаңа тоқтап қалған сөзітң аяғын жалғап:

 

*Ләң бәжі - астық бәжі, егістік жер салығы.

 

- Басқа ешқайсысына янаттап ұрысса да мойын бұрмай, балдырлап тосқандарын да тыңдамай, тура палкөндіктің өзіне жетіп-ақ едім... Тілмаш болса сөйлесем бе деп ем, кесел тапқыр, арызды қолына алды да, бар болғаны атымды жазып алып, өзімді құлаштай сызғышпен түртпектеп айдап шықты. Бар білгені қолымен сыртты сермейді, тәңір ұрғырың! Содан қайта шақырар деп, тілмаштан дәмелі боп ұзақты күнге сыртта тосып отырайын. Түс ауған уақытта шақыртып жатыр деген соң, «иә, сәт» деп ентелеңкіреп кіріп бара жатсам, шақыртушы ол емес, басқа бір бөлмеде зәрін шашып отырған Мамозы екен. Екі ауыз сөзге келген жоқ. Қасындағы сарала қынапты, қылышты жендеттерге бірдеңе деп балдырлап қалып еді, екеуі талаған иттей екі жағымнан керіп, етбетімнен түсірді де, киімімді басыма қарай түре берді. Мамозы көкжелкемнен тура табанымен тапжылтпай басып тұрды. Сонымен ит тепкіге алды кеп! Есімнен шала танып қалдым. Ыңыранған бойымда сүйретіп далаға шығарып тастады екеу-үшеуі. Содан күн бата ес жиып, атыма міндім! - деп өз жайын баяндап тоқтады. Қос тізерлеп еңкейіңкіреп алған қалпында бір сәт екі қолымен тобылғы сапты қамшысына таянып қапты. Қоңыр бөстекі тұмағын көзіне түсіре киіп, көнген жүзбен салмағын қамшыға түсіре бүгіліп отыр.

Бұл сөзге үлкендер не жауап айтарды білмегендей, дағдарып қалғанда, Мақсұт қолындағы шығыршық сапты, қос басты шөмішті ағаш тегенедегі қымыз ішіне қарай сырғытып қойып, үнсіз доғарылған әкесінің жүзіне қарап; өз ойын таратып:

- Меніңше, сіздер қазір бұлай бой көрсетіп, тырнақтай да олжа таба алмассыздар. Олардың не істемегін мына бір мысалға қарай ойлап көріңіздерші. Кеше ғана, отыз жетінші жылы салынған Үрімжідегі атақты түрмеге бар-жоғы бес-алты жыл ішінде сексен мың адам қамауға алынған. Ал соның осы биылға дейін тең жарымы - қырық мыңдайы азаппен өлтіріліп отырғанын өз ішімізден ғана біліп жүрміз. Оның ішінде қытай адамы жоқтың қасы, тек аз санды ұлттар өкілдері. Әрі бас көтерерлері. Тек үш мыңдай ғана қытай жалшы-кедейлерін әр үйездерге жасырын бұйрық шығарып, ыңғай байларға қарсы шығатындардан тергізіп алып, аз ұлт тұтқындарына көз ғып қамап отыр. Олай болса ұғылмайтын не сыры бар! - деген.

Бұл сұмдықты Керімбек өз баласынан алғаш естіп отыр еді. Әкесіне қазір бұл шын таңырқарлық керек сырды ашқан. Мына сөзден Қарымсақ пен Мұрыншақ та ел басына апаттай төнген анық жаманатты сезіп үрке таңырқасып қалды. Қарымсақ есесі Мақсұтқа кетіп отырған кісідей, осыған ажырайып қарап:

- Е-е-е, сен әді бозда ойнап жүрген үкілі шуда ботақансың десеңші! Көретінің алдыңда демейсің бе! - деп түршігіп кетті. Ол осы кезде ойына тың бірдеңе түскендей боп, ішкі қойын қалтасынан бір бүктеулі қағаз алып үнсіз ғана Керімбекке ұстатты. Нұсқасына қарағанда бұл қағаз осы жерге Қарымсақтың өте ұқыптап, сақтай жеткізген нәрсесі сияқты. Керімбек тез ашып, хатты тас шамының жарығына тосты.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339