Сейсенбі, 31 Қаңтар 2023
Білгенге маржан 1896 8 пікір 2 Желтоқсан, 2022 сағат 13:43

Шыңғыс ханның қарызы. Тайбұға билігінің тамыры

Шыңғыс ханның қарызы

Шыңғыс хан дәурендеген кезеңде – әлемдік биліктің тізігіні бір ғана – Шыңғыс әулетіне тән болды. Солай бола тұрса да, көп тарихта «тұқымын тұздай құртып, тоздырып жіберді» деп санайтын керей әулетінің бүтіндей жойылып кетпеуі мен Тұғырыл әулеті Тайбұғаның хандық билік басына келуі де талай тарихи әңгімеге мұрындық болады. Тайбұғаның билікке келу себебін тарихшылар оның бірнеше ұрыста ерен ерлік көрсетіп, еңбек сіңіріп, жеңістік алып бергендігінің нәтижесі ретінде көрсетеді. Деседе, сол дәуірдегі қатал әскери заң баптарымен қарағанда, ерекше ерлік көрсеткен батырларға жасалатын сый-сияпаттың да әр түрлі заңдық жолы қарастырылған. Алайда «жеңімпазға хандықты сыйлау керек» деген бап тіпті де жоқ.

Қазірге дейін тарихшылар бас қатырғысы келмеген немесе мән бермегенсіп айналып өтіп кете беретін керейлердің Тайбұға билігі (Түмен хандығы) көп ойларға жетелейді. Ендеше, мұның себебін әр түрлі жағдайлардан қарастырған жөн.

Бұл сұрақтарға жауап іздеу үшін біз аттың басын Шыңғыс, Тұғырыл заманына қайта бұрамыз.

Қытай деректері бойынша «Цзинь патшалығының көмегін алған Темүжін осы жылдың күзінде ішкі-сыртқы себептерден әбден әлсіреп қалған Керей хандығына күтпеген жерде шабуыл жасап, Оң ханды тағынан тайдырған. Оң ханның хандығы жойылып, шекараға төнген қауіп сейілгеннен кейін Цзинь патшалығы Темүжінмен қандай бір мәмілеге келе отырып, өз қолбасшыларын кері шақыртып алған»[1] .

Біздің қанша ғасырлар бойы: «Шыңғыс хан мен соғысқан керей ханы Тұғырыл жеңіліске ұшырады» дейтін бұрмаланған тарихтың бір бұтағы осы жолдардан аңғарылады. Атап айтқанда, Шыңғыс хан өзінің анда әкесімен соңғы соғыстың бірінде (1203 жылы) күйрей жеңіледі.

«Шайқас кезінде керейлер Темүжін қосындарын айқын басымдықпен күйретіп тастаған еді. Шайқас аяқтаған кезде Темүжіннің қол астында бар болғаны 2600 әскер-шерігі ғана қалған, ол  Моңғолияның қиыр шығыс жақ аймағына барып бой тасалап, ол жақта аң атып, Керлен өзенінің төменгі бойындағы Балжұнақ көлінің шалшық суын ішіп әрең жан сақтаған. Керісінше,  керейлердің соғыстан кейінгі жағдайы  мүлде басқаша сипатталған. Керей ханзадасының бетіне оқ тигені болмаса, олардың соғыстан кейінгі мерейі үстем, көңілдері көтеріңкі, рухы биік болған. Темүжінді мүлде құртып жіберу мүмкіндігі бола тұра, алдағы уақытта оның қайта бас көтеруіне күмәнмен қарап, өзі келіп бағынады, келмесе ат үстінде, ағаш астында сай-сайды сағалап тозып жоғалады деп сенген[2].

Екі жақтың соғыстан есі шығып қалжыраған осы сәтін пайдаланған қытай жағы Шыңғысқа жасырын елші аттандырып, көмекке дайын екендіктерін, әрі соғысты (кек алу жорығын) созбай, мүлдем құпия түрде іске асыру қажеттілігін ұқтырады. Әрі оған көршілес өзге тайпаларды да көмекке шақыруға ықпал ететінін білдіреді. Онсызда бас көтере алмастай ойсырай жеңіліп, құруға бет алған Шыңғыс тобы арадағы аз үзілістен соң соғыстың ыстығы басылмай қайтадан атқа қонады. Сығайланған моңғол, қытай қосындарының түнделете жортқан қолы жасырын түрде Тұғырыл ордасына екі бүйірден жақындайды.

Осы оқиғаға қатысты «Моңғолдың құпия шежіресінің» 185-бөлімінде: «Қалуыдар, Шауырқан екеуі Шыңғыс қағанға : «Оң хан аяқ астынан алтын орда үйін тігіп той жасап жатыр екен. Тездетіп барып түнде жетіп тосыннан қоршайық» дейді» деген жолдар бар[3]. Соның өзінде түнгі қарауылдардан аман өту үшін алдын ала жіберілген шолғыншылар мүлдем жайбарақат, арнайы сәлеммен келе жатқан адамның бейғам кейпін танытса керек.

Бұл туралы тағы да қытай деректеріне жүгінсек, онда мынадай жолдар бар: «Қаған әскерін Вонан өзенінің жоғарғы жағына жинап, Ванханға шабуыл жасауға дайындала бастайды. Ол Ванханға тағы да екі елшісін жіберіп, оған жалғаннан-жалған мынау Хасаэрдың сізге айтқан сәлемі еді дегізіп былай дейді: «Мен қазір ағам Тайцзының (Темужіннің) қайда жүргенін білмеймін. Менің әйелім мен балаларым Ван (Тұғырыл хан) сіздің жақта жүр. Мен оны іздеп тапсам деймін. Бірақ, қайдан іздеп табамын? Ван, егер сіз біздің бұрынғы достығымызды ескеріп, өткізген қателіктерімді кешірер болсаңыз, сізге қол қусырып бағынуға дайын отырғанымды айтқым келеді». Ванхан бұл сөздерге сеніп, келген екі елшінің жанына өз адамдарын қосып беріп, уағданың нышаны ретінде торсыққа өз қанын құйып, беріп жібереді. Олар келгеннен кейін, екі елшіге жол бастатып, шеріктердің аузына ағаш тістетіп, Чжэчжэюньду тауына қарай түнделетіп жорыққа аттанады. Олар қамсыз жатқан Ванханға тұтқиыл шабуыл жасап, оны жеңеді. Кэле (керей) елінің барлық халқын түгелдей бағындырады. Ванхан мен Илахэ қан майданнан қашып құтылады. Ванхан қатты өкініп: «Менің ұлым мені қате түсінген екен. Мына қасіреттің орны енді қанша өкінгенмен де толмас!» – дейді[4]. Бір қызығы, моңғол деректемелерінің барлығында жоғарыдағы шындық мүлдемге бұрмаланып отырған. Ал Рашид ад-динмен Әбілғазы Баһадүр жазбалары да соларды қайталайды.

Қытайдан келетін қатерді естен шығарған керейлер жағы Шыңғыс ханнан мұндай қарсылық болады деп еш ойламаған еді. «Керейттер өз мүмкіндігін асыра бағалап, жайарақаттық танытты, оның соңы кейін өздеріне қан жұтқызды. Ақыры Шыңғыс ханның Ваңханға жұмсаған елшілері Қолудар, Шахурхандар арқылы керейттер қаннен-қаперсіз той жасап жатқаны туралы хабар алған Шыңғыс хан өз қолын жедел атқа қондырады. Сөйтіп, Шыңғыс хан қолы Жэжээр қыратындағы жер қыпшалдың кіре берісіндегі мекенінде той тойлап жатқан Ваңхан ордасын қоршауға алады. Тарихта «Жэжээр үстіртіндегі шайқас» аталатын ұлы қырғын осылай басталады»[5].

Осылайша, Шыңғыс хан қолы Тұғырыл ордасына жақындау үшін айла-шарғы жасап, олардың белгі беруімен бір қырдың астына жасырынған қалың қытай қолы да керейт ордасына лап қояды.

«Шабуыл Жежекер жотасының Жер-Қапчағай деген жерінде отырған Тұғырыл ханның ордасына жасалды. Жорықтың аса құпия жасалғаны соншалық керейлер моңғол әскерлерімен Тұғырыл ханның хан ордасында соғысты. Бұл соғыстың барысы туралы қытай деректері мен мұсылман авторлары егжей-тегжейлі мәліметтер беруге құлық танытпаған. Моңғол қосындары түнде жортып, күндіз жасырынып,  ең соңында Тұғырыл ханды ордасында қоршауға алып,  тар қысаңға қамап алып соғысқан»[6].

Сөйтіп, орданы басып алмақшы болған қанды ұрыс үш күн, үш түнге жалғасады. Соның өзінде ханның қорғаушылары Тұғырыл ханды балаларымен бірге мүлдемге жасырын түрде құтылдырып жібереді. Дәм-тұзы таусылған қарт неше күн, неше түн жортып әбден қалжыраған сәтте, түн ішінде бөгде қарауылдар жағынан аңдаусызда мерт болады.

Керейт елінің тағдыры 1203 жылы күз айында болған «Жижгэр өндөр» шайқасына шешілді. Бұл шайқаста, шын мәнінде, керейттердің күші басым болған еді. Олай деуіміздің дәлелі - бірінші шайқастан кейінгі қорытынды сөзінде Ваңханға оның бас уәзірінің бірі Начин Ширунның айтқан сөзі. Жалғыз ұлы Санкумның осы шайқаста бет сүйегі жараланып, қансырап жатқанына қапаланған Тогорил: «Жеңілмейтін жерде жеңіліп, жау оғы дарымайтын тұста дарығаны-ай! Баламның жауда кеткен кегін /намысын/ қайтару үшін дереу шабуылға шығайық», - дейді. Бұған Начин Ширун: «Уа, құзыретті хан ием! Бір рет райыңыздан қайтыңыз. Барлығымызға да бұл оңай тиіп тұрған жоқ. Әуелі Санкумның жарасын жазып алайық. Жамуха, Алтын, Хучар бастаған моңғолдардың көпшілігі біздің қолымызда тұр. Тэмужин қайда барар дейсіз. Оларда енді барар жер, басар тау қалмады»,[7] - деп тоқтау айтады. Ел мен жеріне адалдықпен қарайтын аңғал хан «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деген мәтелдің мәнісіне жете алмай, жар астына тығылған жауларының қастандығына ұшырағанын аңдамады.

Оқиғаның шын сыры дәл осылай. Ал, «қытай жағының Тұғырылға мұншалық өшігуінің сыры неде?» деген тағы бір сұрақ қылаң береді.

Деректерде Тұғырыл  хан кезекті хан тағына  отырғаннан кейінгі ең елеулі оқиға ретінде оның Цзинь патшалығы тарапынан «ван» деп ұлықталу оқиғасына кезек берген. «Цзиньши» кітабы берген мәлімет бұл оқиғаның 1196  жылы болғанын хабарлайды. Аталмыш еңбек берген мәлімет бойынша татар билеушісі  Меучжэн Сяолиту 1195 жылы Цзинь патшалығының қатаған, салжиут тайпаларын жазалау жорығында жүрген қолбасшысына шабуыл жасап, олардың ат-көліктері мен азық-түлігін тонап алған көрінеді. Келесі жылы Цзинь мемлекеті татарларды жазалау үшін Ван яньсян есімді қолбасшының басқаруынна  арнаулы қосынын аттандырған. Бұл жолы татарлар Ван яньсян бастаған нюйчжэнь қолынан жеңіліп Олжа өзеніне қарай шегінген. Цзинь мемлекеті қолбасшылары Моңғолиядағы тайпаларға жаушы жіберіп татарлардың қылмысын жариялап, оларды Цзинь қосындарымен селбесіп татарларды жазалауға үндеу жолдаған. Деректердің хабарлауы бойынша,  мұндай үндеу  ең алдымен Темүжіннге жеткен, ол бұл хабарды татарларда ата-бабасының кегі бар Тұғырыл ханға хабарлаған. Олар аттанып барып Мегүжін Сегүлтінің жасаған қамалын талқандап, оны өлтіріп, дүние мүлкін олжалаған, онан соң ортақ дұшпанды өлтіргендерін айтып,  Оңғын Шынсианға барған, ол бұған қатты қуанған. Олардың еңбегін марапаттап, Шыңғыс қағанға «Чауыт құры», Тұғырыл ханға «Оң (Ван)» атағын берген[8].

Цзинь патшалығының бұл жолғы Темүжінге берген «шекарашы қосындар қолбасшысы» деген ұғымды білдіретін жағұтқұри («Ja`ut-quri») деген мансабы, Тұғырыл ханға берілген «ван» (хан) деген шенмен салыстырғанда,  түкке тұрмайтын бірдеңе болатын. Соған қарағанда бұл соғыста оның сахарадағы беделі соншалық төмен болумен бірге аталмыш соғыста татарларды жеңуде көзге түсерлік үлесі болмаған дерсің. Француз ғалымы Р.Груссе  өз еңбегінде осы жағдай туралы тоқталған: бұл туралы тарихи деректер, бізге Шыңғыс ханға аталған соғыста, оның өз сюзеренінің, атап айтқанда енді ғана ұлықталған «Оң ханның» өте жақсы қолқанаты ретінде ғана мәміле жасалғанын керемет дәлелдеп береді деген қорытынды шығарған болатын[9].

Өздерін аспан астының иесі санайтын Цзинь патшалығының «ван» деген атақпен ұлықталуы оның далалық аймақтағы билігін заңды тұрғыдан мойындағаны болды. Бұл жолғы ұлықтау Тұғырыл ханның өз ұлысына, тіпті өзге көшпенділерге өз билігін жүргізу үшін батыл қадамдарға баруына керемет мүмкіндіктер беріп, оның айбыны мен айбаты асқақтай түсті.

Дәл осы арада, жоғарыдағы Цзинь патшалығының Алтан ханы мен Тұғырыл арасында бір келеңсіз оқиға жүз берді. Бұл туралы Маркополо естелігінде мынадай баян бар: Алтан патшалығымен бірлесіп татарларды жойғаннан кейін Керей хандығы мен Алтан елі арасында байланыс жақсара түсіп, Алтан ханы оған бір уәлаят сыйлаған. «Ол жердегілердің айтуынша осы қамал өте берік. Бірақ ол Алтын патшасының Оң ханға берген иелігі. Өйткені ол онымен мақтанады, сондықтан ол дереу Оң ханға опасыздық жасады. Оң хан бұл хабарды естігенде өте қобалжыды, өйткені бұл өте берік қамал болатын, оны шабуыл жасап ала алмайтын. Сондықтан бұл жағдай бір мезетке созылды. Кейін оның бастауымен он жеті атты жасақ  оның алдына келіп, Алтын ханын тірідей ұстап әкелуге пейіл екендігін білдірді. Оң хан іс біткен соң оларды сыйлайтынын айтып оларды қуандырды. Сонымен жетпіс атты жасақ Оң ханнан кетіп Алтан ханына барып бағынды, олар өздерінің қиыр терістіктен келгенін, Алтан хан үшін қызмет көрсетіп, оған адал нөкер болатындықтарын білдірді. Олар іске жарамды болғандықтан жаңа қожаларының ықыласына ие болды. Бір күні Алтан патшасы саятқа шықты, бір өзенге келгенде ол өзеннен өтпей тұрып маңындағылар бытырады. Осы кезде атты жасақтар орайдың келгенін білді де тап беріп Алтан патшасын қоршап, оны зорлықпен Оң ханның жеріне алып келді, осылайша ол өз халқының көмегінен тыс қалды. Олар Оң ханның ордасына барған кезде Оң хан тұтқынға ең сорақы киімдер кигізуді бұйырды әрі әдейі масқаралап, оны арнайы үй хайуандарын бағуға бұйырды. Алтан патшасы осындай кіріптарлық халде екі жылды өткізді. Әрі бастан ақыр қатаң бақылауда болды да қашып кете алмады. Екі жылдан кейін Оң хан оны өзімен жолықтырды, Алтан ханы қатты қобалжып, өзін өлімге кесіледі деп қарады, бірақ іс оның керісінше болып, Оң хан оған бұдан былай тәкаппар болмауды ескертті де оны босатып, оның бұрынғы хандық киімдерін қайта кигізуге бұйрық етті де оны өз еліне қоя берді. Содан бастап Алтан ханы өз салауатын сақтап ұзақ уақыт бойы Оң ханмен тату достық орнатып келді»[10].

«Цзиньши» кітабында кездескен мәліметтер бойынша,  Оң хан жыл басында Темүжінге шабуыл жасап,  оны қуып жібергеннен кейін, Цзинь патшалығының шекаралық аймақтарына әлде қандай қатер төндірген.  Бұл Цзинь патшалығының Керей хандығы арасындағы қалыптасқан  қатынастарын өзгертуге түрткі болған. Нәтижеде олар шекаралық  аймақтарда жаңа қорғандар тұрғызумен қатар,  әскер аттандырып Цзинь елінің шекарасына басып кірген Оң ханға шабуыл жасап, оны ауыр шығынға ұшыратқан. Цзинь қолбасшылары Цзунхао мен Вусан Куэй қосындары Оң хан қосындарын шекара сыртына қуып тастағаннан кейін,  шекара аймақтарға жақын маңындағы қоңырат, салжиут сияқты тайпаларды бағындырып, оларды Оң ханнан соққы көрген Темүжіннің басқаруына беріп Оң ханды жазалау міндетін Цзинь патшалығының «жаотаохуы» болған Темүжінге тапсырған. Цзинь патшалығының қомақты көмегін алған Темүжін осы жылдың күзінде ішкі-сыртқы себептерден әбден әлсіреп қалған Керей хандығына күтпеген жерде тұтқиыл шабуыл жасайды. Соғыс жеңісі Шыңғыс ханға тән болғасын қытай жағы дереу өз қосыны мен қолбасшыларын кері шегіндіріп әкетеді[11].

Қытай деректеріндегі «Цзинь патшалығының шекаралық аймақтарына әлде қандай қатер төндірген» дегені, әрине, Алтан ханды масқаралаған Тұғырыл ханның «әлінен асқан оспадарлығы» болса керек.

Ал Шыңғыс ханның 1211 жылға дейін Алтан еліне бас иіп, салық беріп тұрғанын еске алсақ, ол манағы «Тұығырылды күйретіп бергендігінің қарымжысы» екендігінде еш күмән жоқ.

Жоғарыдағы деректердегі оқиғаларды сараптай келгенде, әлем тарихшылары таңданып келген: «көктемде керей шабуылынан күйрей жеңіліп, не бәрі 2600 сарбазы ғана қалған Темүжіннің араға аз ғана уақыт салып, сол жылдың күзінде қуатты Керей хандығының 30 мың қолдық армиясын қалайша оң-оңай күйрете салды?» дейтін жұмбағына жауап тапқандай боламыз.

«Сөйтіп, керейттердің ел болып, еңсе көтеріп, ата жұртын орнықтыру үшін көне моңғол жерінде үш ғасыр бойы жүргізілген жанталасы осылайша сәтсіз аяқталды. Бұл орта ғасырлардағы көшпенді тайпалар үшін аса бір қанкешті жанталас еді. Дегенмен, керейттер қазіргі Моңғолия аумағында тарихта өшпестей із қалдырды»[12].

Дегенменде, мәселе мұнымен тындым болмайды. Шыңғыс хан бас идірдім деген керей сарбаздары оның алдында арының ақтығымен қасқайып тұрып жауап беретін болды.

Темужін, қытай біріккен қолының Тұғырыл хан ордасына жасаған шабуылының ақыры былай болды. «Үш түн, үш күн шайқасып қарсыласса да үшінші күні де кіре алмады. Оң хан, Сеңгүм екеуі де қалайша шығып кеткенін де біле алмады. Осы шайқасқаны Жіркіннің Қадақ батыры екен. Қадақ батыр кіріп келіп: «Үш түн, үш күн соғысып қарсыласып билікті ханымды көре тұра қалайша өлімін көремін деп жанын сауғалап күнелтсін деп суырылтып жібердім. Енді өлсем өлермін. Шыңғыс қаған бұйырса күш берейін» депті. Шыңғыс қаған Қадақ батырдың сөзін мақұлдап жарлық етеді:

«Билікті қарасты ханын аяп жанын сауғалап күнелтуге жіберіп осылайша қарсыласқандар жоқ шығар. Нөкерлессе тұрарлықтай адам екен» деп тарту берді»[13].

Дәл осы оқиға көп түрлі әдебиеттерде ұзын ырғасы біреу болғанмен әр түрлі баяндалады.

Жіркін немесе Қаңлы руынан шыққан осы Қайранбай (Қадақ) туралы қытай деректерінде: «Юаньши Оң ханның қаңлы тайпасынан шыққан Хайланьбай (Қайранбай) есімді әмірі туралы ол «кезінде кэленің (керейдің) Ван кэханіне (Он қағанға) қызмет еткен екен. Ван кэхань жойылғаннан кейін, ол өз үйін тастап, неше мың қолын бастап солтүтсік-батыс тарапты бетке алып суыт сапарға аттанады. Осы кезде Тайцзу (Темужін) оның артынан елші жіберіп, оны кері қайтуға үгіттегенімен, бірақ ол елшілерге: «Мен бұрын қағанмен (Темужінді айтып отыр) бірге Ван кэханьге қызмет атқарған едім. Бүгін Ван кэхань жеңіліп қалды деп өз тірлігімді өзгерткім келмейді» дегенді айтып кете барған. Оның сол бойы қайда кеткені белгісіз» деген мәліметті тәптештеп тұрып жазған[14].

Қалай болған күнде де Қадақ батырдың Шыңғыс ханға тікпе-тік, нақты жауап бергені, бағынғысы келмегені де шын. Тіпті оның: «бұрын сізбен біз Тұғырыл ханға қызмет еткен қараша едік қой, енді ханымыз жеңіліп қалды екен деп басымды иер жайым жоқ!» дегені ащы да болса, ақиқат еді.

Бұл сөздер бейне Бұқар жыраудың Абылайға:

Сені мен көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Әбілмәмбет патшаға,

Қызметші болып тұр едің,

Сен қай жерде жүріп жетіктің?

Үйсін Төле билердің,

Түйесін баққан құл едің!...»[15] – дегеніндей, Шыңғыстың жан жүрегіне жеткізіп айтқан сөзі еді. Өзі түгілі Шыңғыс ханға: «Тұғырыл ханға қарыз едің ғой, арамдықпен анда әкеңді орға жығып, енді маған қай бетіңмен тіл қатып тұрсың?!» дегені деп түсінуге болар еді.

Қай деректе болмасын, Шыңғыс ханның Қадақ батырға қарсы уәжі болмағаны байқалады. Демек, өзінің көшпендлердің дала заңын бұзып, қарсыласын алдап-арбап, көшпенділердің ежелгі жауымен ымыраға келіп, қапияда басып қалғаны санасына кірді. Мүмкін «әкесі Ясукей түсіне кіріп: өзіңді қаған еткен, әкеңнің андасын, сен қалай қан еттің?!» деп күңіренді. Мүмкін Қадақ сынды керейдің талай батыры басын өлімге байлап, оның опасыздығын бетке басты. Мүмкін, «хан әкейінің»: «Менің ұлым мені қате түсінген екен. Мына қасіреттің орны енді қанша өкінгенмен де толмас!» деген үні құлағында жағырығып, жүрегін тырмалады.

Сөйтіп, Шыңғыс хан Тәңіріне тура қарай алмай, күрсінді, күңіренді, ашынды. Іштей мүжіліп, налыды. «Жеңдім» деп емес, «жеңілдім» деген ешкімге айта алмас жан наласымен тұншықты. Тұғырылдың алдында өтелмеген қарызы барын жан-тәнімен түсінді. Қарызды өтемесе, алдағы сапарларда жолы бола қояр ма?! Қарызды қалай өтемек?

Төле отауындағы күбір немесе Сұрғақтан бике хикаясы

Моңғол тарихи жазбаларында 1203 жылы Шыңғыс хан керейттерді жеңген соң, «оларды (керейттерді) шашау шығармай бөлісіп алды» делінеді[16]. «Мянган хэгээс» атты моңғол шежіресіндегі жазбада Шыңғыс хан «керейттерді бесінші інісі Отчигиннің билігіне берді» деп те көрсетеді[17]. Бірақ бұл ірі жеңістің әсерімен асырып айтушылық деп санаймыз. Біріншіден, керейттер ІХ-ХІІІ ғасырда Моңғол өлкесін мекен еткен тайпалардың ішіндегі сан жағынан ең көбі болды. Екіншіден, моңғолдардан жеңілген соң, батысқа жылжымай тұруы мүмкін емес. Тарихта моңғол жерінен көшкен керейттердің жосуы туралы екі түрлі мәлімет бар. Бірін М.Тынышпаев[18], енді бірі «Сібір жалнамаларында» келтіріледі[19].

Біз Сібір жылнамаларына өзек болған қазақ тарихының қалыптасуына ықпал еткен тарихи оқиғаларға азырақ мойын бұрамыз.

Әуелгі сөзді Рашид ад-диинен бастайық:

«Құршақұз Бұйрықтың бірнеше ұлдары болды. Оның (бірі) лақабы Оң хан болған Тұғрыл, бірі – Арқа Қара, үшіншісі – Жағамбу, басында оның аты Қирайдай (Керейдай) болатын...

Оң хан мен Шыңғыз хан дос және одақтас болған кезінде Жағамбу Шыңғыз ханмен туысқан бауыр болды. Шыңғыз хан өзіне Жағамбудың Ибақа бике атты бір қызын айттырып алды, (кейіннен) оны ол Киіктай ноянға табыстап жіберді.

(Оның) тағы бір Бектумыш фужин аттысын (қызын) өзінің үлкен ұлы ұлы Жошы ханға айттырды. Ал Сұрғақтан бике атты үшіншісін Төле ханға алып берді.

Ал Оң ханның екі ұлы болатын: үлкені – Сангун, бұл қытай тілінде худавандзада (яғни, билеушінің баласы) дегенді білдіреді, кішісі – Айқу айтты. Оның қызы – Тоғыз қатын, оны Шыңғыз хан Төле ханға тағы (екінші әйел) етіп айттырған болатын. Төле ханнан (дүниеден өткен) кейін Хұлағу  хан оны (Тоғыз қатынды) әмеңгер ретінде иеленді»[20].

Сұрғақтан бике туралы айтқанда, оған ең жоғарғы да, әділ бағасын берген Рашид ад-дин болды. Ол өзінің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінде аталған ханымға айрықша аялдайды.

Шыңғыс хан өз ұлдарының ішінде Төлені өте жақса көрген және ержүректігі, батылдығы, басқарушылдығы, бауырмалдығы жақтарынан жоғары бағалап, қасынан тастамайтын болған.

«Төле хан көбінесе әкесінің алдында (қызметінде) болды. Шыңғыс хан әрдайым және барлық істер жайлы, маңызды болсын, ұсақ-түйек болсын онымен кеңес жасайтын. Шыңғыс хан оны «Ибуған» деп атайтын. Шыңғыс ханның жұрты, ордасы, қазынасы, әмірлері, нөкерлері және жеке әскерлері оның басқаруында болатын... Шыңғыс хан оған қағандық пен патша тағын да беріп, оны тақ мұрагері етпек те ойы болды. Алайда ол (кейін): менің жұртымды, ордамды, әскерді және қазынаны билейтін лауазым сен үшін жақсырақ, осылай сенің жаның тыныш болады. Сенің әскерің көп болғандықтан, сенің ұлдарың дербес және өзге ханзадалардан күштірек болады», – деді. ... Төле хан соғыстарда өте жеңімпаз (жолы болғыш, бақытты) болды, басқа бірде-бір ханзада ол алғандай қалалар мен мемлекеттерді жеңіп ала алған жоқ»[21].

Рашид ад-дин Шыңғыз ханның Төлені «Йіке (Жеке) ноян» және «Ұлық ноян» деген аттармен атайтындығын бірнеше мәрте қайталайды[22].

Төленің осылайша, ерлігі мен қажыр-қайраты – әкенің белінен, бекзаттық асыл ойлары мен кісілігі – ананың құрсағынан келсе, ордасына оралғанда «отының басы, ошағаның қасы», алтын асықтай ұлдарының анасы Сұрғақтан бике ақылына ақыл қосатын, өміріне қанат, көңіліне санат сыйлаған  аяулы қосағы болды. Төленің өмірін Сұрғақтан бикесіз елестету мүмкін емес.

Рашид ад-дин Сұрғақтан бике хақында өз еңбегінінің көп жерінде қайталап отырады. «Жамиғ ат-тауарих»-тың бірінші томында: «Ол төрт патшалық інжу-маржанның қабыршағы, төрт керемет, қадамдары мүбәрак, бақытты бекзат және келбеттері жағымды ұлдардың анасы болды»[23] десе, үшінші томда тағы:  «Төле ханның әйелдерінің ең үлкені және ең сүйіктісі, әрі олар да Шыңғыс ханның төрт ұлы сияқты мемлекеттің төрт ұстынының дәрежесінде болған, оның төрт ықпалға ие болған ұлдарының анасы болды»[24] деп қайталайды.

Тарихшылардың Сұрғақтан бикеден аттап, Төле туралы сөз сөйлейтін бірде-бірі жоқ. Сөйлеген күннің өзінде ақиқаттан ауытқып, тектілік тереңіне көз сала алмай, үстіртті қуған жел сынды сусыма оймен сырғып қана айтар еді.

Әйгілі жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин де әз ананың ғибыратты, өнегелі ханышалық келбеті мен хан аналарына тән даналығы сынды қасиеттеріне арнайы тоқталады:

«Аталмыш Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бас бәйбішесі, ең сүйікті жары болған. Көркі мен ақылына мінезі мен саясаты теңдей екен. Әуел бастан-ақ абыройлы ғана емес, аса құрметті, айрықша беделді. Шыңғыс хан 1226 жылы, өзінің ең соңғы, Таңғұт жорығына аттанар қарсаңда Сұрғақтан-бикеге шешек шығып, қатты ауырып жатыр екен, Төле әкесінен сұранып, әйелінің жанында бөгеліп қалады – темір тәртіп, соғыс жағдайындағы төтенше кеңшілік, өзгеше оқиға. Ақыры, бірер апта бөгеліп барып, қатерлі дерттің райы қайтқаннан кейін ғана аттанады. Ауырып тұрған Сұрғақтанның бетін қорасан дағы шалып, бұрынғы көркінен айрылған екен. Алайда, беделі мен салмағына нұқсан келмепті. Түпкі нәтиже, Шыңғыс хан әулетінің тарихында атақты Бөртеден кейінгі қасиетті екінші әйел саналады.

Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханнан кейінгі заман – Өкетай қаған ордасында да әспетті, сыйлы болған, Күйік қаған кезінде де абыройы жоғары екен. 1246 жылы ел астанасы Қарақорымда болған Плано Карпини Сұрғақтан (Сероктан) қатынның бүкіл Татар қауымында императордың (бұл ретте Күйік хан, М.М.) анасынан кейінгі ең ықпалды әйел екендігін атап жазады. Сұрғақтан-бике әсіресе Күйік қағаннан соңғы аумалы-төкпелі кезеңде бүкіл Еке Моғұл ұлысының саяси-әлеуметтік өмірінде айрықша қызмет атқарған. Көреген ақыл парасаты, қатесіз, терең саясаты арқасында Төле әулетін Жошы әулетімен берік одаққа келтіріп, үлкен ұлы Мөңкені қаған дәрежесіне жеткізеді». Осыдан соң көп ұзамай, 1252 жылы дүниеден өтіпті»[25].

Сұрғақтан бикенің хан ордасындағы ықпалы жөнінде «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері»-де жазады. Онда мынадай жолдар бар:

«... Бату осыдан шамалы уақыт бұрын Күйіктің батысқа жылжуының ішкі мәні туралы Сорқақтаниден (Сұрғақтан бикеден – ред) құпия мәлімет алғаннан кейін, Күйіктен келетін қауіптің алдын алу мақсатында өз қосындарымен Жошы Ұлысының шығыс бөлегіндегі Үгедей және Шағатай ұлыстарымен шектескен аймаққа келген еді. Бату бұл ретте қалыптасқан жөн-жосықтарға сәйкес, ұлы орданы Күйіктің қатыны Ұғұл-Кайміштің басқаруына беріп қойғанымен, іс жүзінде Төленің жесірі Сорқақтанимен байланыс жасай отырып, Мөңкені ұлы хан тағына отырғызуға әрекеттенді»[26].

Көрсетілген деректер бойынша, бүкіл әлемді бағындырып, қылышынан қан тамып тұрған Шыңғыс хан 1226 жылғы соңғы жорыққа аттанар қарсаңында Сұрғақтан-бикеге шешек шығып, қатты ауырып жатқандығы себепті сапарға шығуға сақадай-сай тұрған жер қайысқан қалың қолдың  жорық сәтін кешіктірген екен. Бұдан үлкен құрмет болмаса керек.

Сұрғақтан-бикенің күйеуі Төле түгілі, атасы Шыңғысты аттан түсірерлік ақылына тарихты тамырынан тарта баяндаушы Рашид ад-диннің өзі тәнті болады. «Сұрғақтан бике өте ақылды әрі қабілетті еді, (осы тұрғыдан пайғамбарлар әйелдерінен кейін) әлем әйелдерінен үстем тұратын. Ол (мейлінше) толық дәрежеде табандылық, сыпайылық, ұялшақтық және пәктілікке ие еді»[27].

Шын мәнінде мұндағы «пайғамбарлар әйелдерінен кейін әлем әйелдерінен үстем тұратын» деген теңеуді сірә, басқа түркі баласы, басқа мұсылман баласы айта алмас еді.

Шыңғыс ханның Сұрғақтан бикеге деген құрметі, ізеті Рашид ад-дин жазбасының әр жерінде қайталанып, еске алынып отырады. Немересі Құбылай дүниеге келіп, «Шыңғыз ханның оған көзі түскенде, ол: «Біздің балаларымыздың бәрінің шашы жирен, ал мынау бала қара қожалақ. Ол өзінің (анасы жағынан) нағашыларына тартқан болса керек. Сұрғақтан бикеге айтыңдар, ол оны жақсы емізушіге берсін», – деді» делінеді[28]. Басқа келіндері мен немерелері хақында көп айтылмайтын немесе көңіл бөлінбейтін хикаялар Төле ордасына келгенде Сұрғақтан бикені соқпастан өте алмайды. Атасы Шыңғыс ханның өзі жас сәби Құбылайға мейірленіп: «нағашыларына тартса жаман болмас, жерде қалмас, жақсы емізіп, ерекше қадағалаңдар» дегені ғой. Әрі өзінің айтқанындай мәпелеп өсіретініне ерекше сенім артып, Сұрғақтан бикеге тапсырады. Бұл жай ғана тапсырыс емес, шын мәнінде тұтас әулеттің үрім-бұтағына, олардың өсіп-жетіліп адам болуына өзің жауапты бол дейтін сенімнен туған аталық аманат болатын. Сұрғақтан бикенің кейінгі өмірінен қарағанда сол аманатты аяғына дейін қалтқысыз, артықша адалдықпен орындағаны көрінеді.

Тағы бір қызығы,  Рашид-ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты бағалы еңбегінің жазылуына Сұрғақтан бикенің де шарапаты тисе керек. Атап айтқанда, оған осы бір ұлан-қайыр, аса құнды, тарих тамырын суыртпақтаған көл-көсір дүниені жазуға 1300 жылы әмір берген Елхан мемлекетінің (бүгінгі Иран аймағы) әміршісі Ғазан хан (1271-1304) – Сұрғақтан бикенің шөбересі болады. Жыл есебінен қарағанда Сұрғақтан бикенің өмірден өткеніне 48 жыл ғана болған кез. Ендеше, үлкен әжесінің еңбегін өз аузынан тамсана баяндап, оның еленбей қалмауын ерекше қадағалағаны Рашид ад-дин жазбаларынан, әсіресе жоғарыдағы жолдардан анық көрініп тұр.

«Өз ғұмырының алтын уақыттарын тарихқа және ғылымның көптеген салаларына арнаған Ғазан-хан осы жылнаманы оқи және түзей отырып, төмендегідей пікірді айтты: «Осы кезеңге дейін бірде-бір дәуірде осындай тарих жасалмады. Бұл еңбекте әлемнің барлық халықтарының ұшқыр ойлары және өмір сүру жағдайлары жазылған. Алланың рахымымен және еркімен қазіргі уақытта көптеген қалалар мен елдер туралы толық мәлімет беретін жалғыз кітап осы. Барлық елдер мен әлемнің түкпір-түкпірінен, даналар мен жұлдызнамашылар, ғалымдар мен тарихшылар түрлі дінмен, түрлі ұлттар болса да Шыңғыс хан ұрпақтарының қол астында, әміршіге қызмет етуге жиналды.

(Солтүстік және Оңтүстік Қытай, Үндістан мен Кашмир, Тибет пен Ұйғыр) және түрік, араб, франк халықтары, олардың әрқайсысында өз халықтарының діні мен өткені туралы жылнамалар болды. Осылардың барлығын жинақтай отырып, өз атымыздан қысқаша тарих жасауға ұмтылдық...»[29].

Олай болса неше ұрпақ патшаларға азық болған, аңыз болған әз ана – Сұрғақтан бике хикаясының алтын әріптермен жазылуы ақ сүтін аямаған әулет анасына деген ұрпақтар парызының бір парасы дер едік.

Осындай дана, дара әйелдің күйеуі болған Төле оңаша отауда жарымен не туралы кеңесер еді? Әрине, ел мен жердің тағдыры, алдағы күндер күтіп тұрған қиын мәселелер және оны шешудің жолдары. Соның ішінде әйел затының төркініне бүйрегі бұрылып тұратын қаншыл, бауырмалдығы мен нәзіктігі күйеуінің алдында ерін ұшындағы емеурінмен немесе құлағына сыбырлаған күбірмен болса да жан бауырларының тағдырына алаңдайтындығын білдірмеуі мүмкін бе?  Көз алдынан төркін жұртының қанды қырғынының суреті өшіп үлгермеген жас қыздың орда ішіндегі салиқалы бәйбішеге айналған тұсында бұл тақырыпқа күбір-сыбырсыз ашық баруы да ақиқат еді.

Рашид ад-дин деректерінен көрініс тапқанындай Төленің де, Сұрғақтан бикенің де ерекше қаншыл, туысшыл жандар екенін ескерсек, Төле ханның қайын жұртын «құдайындай» сыйлап өткені көрінеді.

«Егер керейлердің Көк түріктер мен Шыңғыс ханның аралығында далалықтардың арасында билік ұстаған және бұл билігі басқа көшпенділер тарапынан мойындалғанын ескерсек, Төленің керей ханшайымына үйленуі оның Шыңғыс хан мемлекетінде беделін өсіргені анық.

Төле алғаш рет 1213 Шыңғыс ханның Жиң әулетінің қол астындағы Қытайға жүргізген жорығына қатысты. Ол қайнағасы Шегемен бірге Дысиң қамалын алуға жауапты болды. Ал Шыңғыс ханның Хорезмшах мемлекетіне жасаған жорығында Төле ағалары сияқты бас қолбасшы ретінде емес, әкесінің қарамағындағы қолбасшы ретінде қатысты. Бірақ та Төлеге Мерв қаласын бағындыру тапсырылды. 1221 жылы қаланы талқандаған Төле оңтүстік батыстағы Нишапур қаласындағы әскерлерге қолдауға барды. Бір жыл бойы қорғанып жатқан қала Шыңғыс ханның маңызды нояндарының бірі, әрі Төленің қайнағасы Тоғышарды өлтірген еді. Қаланы күшпен алған Төле Тоғышардың кегін алу үшін қаланы жермен-жексен қылып қиратты»[30].

Аталған мәтіннен анық аңғарылған бір оқиға «бір жыл бойы қорғанып жатқан қала Шыңғыс ханның маңызды нояндарының бірі, әрі Төленің қайнағасы Тоғышарды өлтіреді. Қаланы күшпен алған Төле қайнағасы Тоғышардың кегін алу үшін қаланы жермен-жексен қылып қиратады». Біз Төленің қайнағасы Тоғышарды өлтіргендіктен аталған қаланың жермен-жексен болған трагедиясын көреміз. Мүмкін Тайбұғаның ерекше ерлік көрсеткені осы ұрыстардың бірі болса керек.

Төле жеке қосынын алып жорыққан шыққан алғашқы сапарының бірінде, ат басын бірден баяғы Цзинь патшалығының Алтан ханын шабуылдауға бұрады. Сұрғақтан бикенің: «Тұғырылдың, керей мемлекетінің түбіне жеткен атасы Шыңғыс емес, осы Алтан хан еді» деп ойлауы бек мүмкін ғой. Сондықтан Төленің бірден Алтан ханға асығыс жорыққа шығуын жоғарыдағы  «қайнағасын өлтіргені үшін қаланы жермен-жексен етті» деген оқиғамен сабақтастырып қарауға болады.

Ендеше, қайынағасының кегі үшін бір қаланы жермен-жексен еткен «қайынсақ» (қайыншыл) Төле орданың бас ханымы Сұрғақтан бикенің «төркіні» хақындағы қай әмірін бұза алар еді?!

Осы арада Шыңғыс хан, Ибақ бикеге қатысты тағы бір оқиғаның зерттелу қажеттілін еске салсақ, Шыңғыс ханның Ибақ бикені Киіктай ноянға бере салуының қыры мен сырының зерттелуді қажет ететіндігі. Атап айтқанда, ұрут әскерінің әмірі Киіктайдың Оң ханды күйреткен соңғы ұрыстағы және Жағақамбуды жазалаудағы ерлігі мен Ибақ бикені алғаннан кейінгі өлімі көп ойларға жетелейді. Шыңғыс хан Киіктай ноянның көзін құрту үшін Ибақа бикені оған әдейі сыйлап отыр ма, әлде өзінің керейт әулетін құртуға жан сала кіріскен Киіктайдың көзін құрту үшін Ибақа бике өзі сұранып оған тиіп отыр ма деген тарихи сауалдар туындайды.

Сұрғақтан бикенің Төле өлгеннен кейін де орда ішінде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болғаны анық көрінеді. «... Басқарушылдықпен, парасаттылықпен ұлдарын, немерелерін, Шыңғыс хан мен Төле ханның артында қалған барлық ұлы әмірлер мен әскерді тәрбиелеп қорғады, олар оған бағынышты болды. Олар оның ақыл-парасаты мен қабілеттерінің (мейлінше) кемел екенін мойындағандықтан ешқашан оның бұйрықтарын бір тал шаш (мөлшеріндей де) аттап өтпейтін еді. ... Бір жолы ол Шыңғыс ханның анасынан да төзімдірек болды және табандылықта одан асып түсті»[31]. Атап айтқанда, бұл жолы ол Үкетай (Өгедей) хан Сұрғақтан бикеге «әмеңгерлік» жол бойынша Күйік ханға күйеуге шығуға жарлық береді.

«Қаған жарлығына қалай қарсы шығайын. Алайда менің  мақсатым: балаларымды ес  біліп, өз еркін өздері билегенше тәлімді етіп тәрбиелеу, бір-біріне жат бауыр етпеу, сөйтіп олардың татулығы арқылы қағанатқа қандай да бір септігін тигізу»[32] – деген Сұрғақтан бике ханның жарлығын бұзып, ақылымен сыпайы тойтарыс жасайды. Оған Үкетай да, Күйік те қарсы уәж айта алмайды.

«Жамиғ ат-тауарихтағы»: «Шыңғыс ханның анасынан да төзімдірек болды және табандылықта одан асып түсті» дегенінің мәнісіне келсек, аталған кітапта айтылғанындай Есукей өліп жесір қалғанда Шыңғыс ханның шешесі Өлуін (Ұлұн) бәйбішенің Меңліктің етегінен ұстап күн көргенін меңзегені еді. Ал Сұрғақтан бике өйтіп иілмеді, қаһарлы хандардың ұсынысын кері қайтарды. Нәпсі алдында да, жарлық алдында да құлдық емес асыл текті ханышалық танытты.

«Жамиғ ат-тауарих» осыдан кейінгі жерде де хан тағындағы Үкетайдың (Өгедейдың) орда ішіндегі кейбір келеңсіз іс-әрекетіне Сұрғақтан бикенің түзету беріп, иландырғанын баяндайды. Және де өз ұлдарының хандыққа отыруы мен ел басқаруында да ақылшы-кеңесші, әз ана бейнесінде жазылады.

Сол тұстағы оқиғаларға тоқталғанда Жошы хан дүниеден өткеннен кейін, оның орнына екінші ұлы Бату отырған еді. «Батудың ауруы жайлы сөз тараған кезде Сұрғақтан бике «Науқасты көріп қайту» (көңіл сұрау – ред) сылтауымен өзінің ұлы Мөңке қағанды оған жіберді. Бату оның келгеніне қуанды, сөйтіп ол өз көзімен оның бойында салтанат пен ақылдың сипаттарын көргендіктен және Үгетай қағанның балаларына ренжулі болғандықтан: «Мөңке қаған – Шыңғыс ханның кенже ұлы Төле ханның үлкен ұлы. Негізгі жұрт пен мекен оған тиесілі. Ол ханзаданың өзі өте ақылды әрі қабілетті және патшалық етуге дайын. Ол тұрғанда қалайша басқа біреу қаған бола алады?! Оған қоса Үгетай қағанның балалары әкесінің сөзіне қарсы шығып, билікті Шераманға берген жоқ. Және көне заң мен дәстүрден аттап өтіп, аға-інілермен кеңес жасамай тұрып Шыңғыс ханның барлық балаларынан артық жақсы көрген және оның күйеуінің лақабын Чауыр сечен (Шауыр шешен) деп атаған кенже қызын жазықсыздан-жазықсыз өлтірді. Сол себепті қағандық оларға болмайды» – деді де, ол өзі Мөңке қағанды қағандыққа отырғызды және өзінің барлық бауырлары мен туысқандарын және әмірлерін оған бағындырып, мойынсұндырды...

Жалпылай айтқанда, қағандықтың Төле ханның үйіне (шаңырағына – ред) берілуі және өздерінің атына құқықтарды бекітуі Сұрғақтан бикенің қабілеттері мен көрегендігіне және олардың Батумен достығы арқасында, оның көмегі мен қолдауы нәтижесінде жүзеге асты. Бұдан кейін де, оның өмірінің соңына дейін және оның өлімінен соң, Сартақ пен Ұлақшының уақытында және Беркенің (билігінің) көп уақытында Төле хан мен Бату ұрпақтарының арасында бірлік пен достық жалғасулы болды»[33].

Сұрғақтан бикенің Төленің тірі күнінде билікке ашық араласқанын айтпаған күннің өзінде, Төле қайтыс болғаннан кейін хандықтың бар тізгін-шылбырын өз қолына алып, 20 жыл, 1232 жылдан 1252 жылға дейін ел билігіне тікелей араласып отырды.

Италиян саяхатшысы Плано Карпини (1182-1252) 1246 жылы сәуірде Еділ бойындағы Бату ханның ордасына, одан ары Шыңғыс ханның немерелерінің ордасы болған ескі жұрттарға барады. Сол жылы 24 тамызда Күйікті хан көтерген ұлы құрылтайға қатысады. Ол өзінің саяхат естелігінде де Сұрғақтан бикені тілге тиек етіп былай дейді: «Шыңғыс ханның тағы бір ұлының балалары: соның бірі Мөңке, оның анасы Сөрөктән (Сұрғақтан бике – ред) Батудан және Ел анасы қатұннан қалса, бұл әйел маңғұл әулетіндегі ең мәртебелі, ең ықпалды адам болып табылады»[34].

Демек, Плано Карпиниді Сұрғақтан бикенің хандық ішіндегі бет-беделі мен абыройын өз көзімен көріп, қағазға таңбалаған бірден-бір куәгер ретінде атауға болады.

«Моңғолдың құпия шежіресінің» баяны бойынша Құршақұс Бұйрық ханның 40 ұлы болғанын ескерсек, Сұрғақтан бике заманында атасының бауырынан тараған сол қырық отаудан өрбіген ордалы елден далада қалғаны болмаса керек.

«Сұрғақтан бике Мөңке мен Құбылайдың, Арық Бұқа мен Иранды жаулап, Елхандар әулетінің негізін қалаған Құлағу ханның анасы еді. Шыңғыс хан төрт ұлына өз мұрасын бөліп бергенде керейлер төрт ұлыста да орын алады. Оң ханның Батумен бірге батысқа барған балалары мен немерелері Алтын Орда ыдырай бастағанда Қырымға ие болып, Қырым хандығын құрайды. Міне сондықтан Қырым хандарының аттары Қажы Керей, Дәулет керей ретінде келеді»[35].

«Ұлы Даладағы ежелгі түрік қауымының қайтадан ұжымдасуы кезеңінде Керей патшалығы  Шыңғыс ханның ұлылығына ұйтқы болды. Түптің-түбінде біртұтас ұлыстық құрылым жолына құрбанға шалынды. Алайда, Шыңғыс хан мен Тоғрыл-Оң ханның арасындағы қантөгіс соғыстар кезінің өзінде керей тайпасының біршама бөлігі, жекелеген ірі тұлғалары болашақ ұлы қағанның жағында болғанын көреміз. Ақыры, керей жұрты үлкен қазаға ұшырайды, хандығы құлап, біраз халқы әр тарапқа бытырайды. Әйткенмен де көп ұзамай-ақ Шыңғыс хан ордасының өзінде әжептәуір ықпалға жетіпті. Және негізгі әскер құрамына қосылады. Қытай деректерінің айтуынша, 1204 жылы, Таян хан мен Жамұқа гөрхан бастаған қалың қолға қарсы аттанған Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігі – керей жұртынан екен. Атақты Сүбітай-бахадұрдың жеке мыңдығы керей мен найман, меркіттен құралған («Юань ши»). Сонымен қатар, ағайынды Ширақұл (Сарықұл) және Тобұқа нояндар Шыңғыс ханның туының астында мыңбасы болған, осы дәрежедегі Дайыр-бахадұр Сартауыл жорығында айрықша көзге түсіпті. Ал Тоғрыл ханның батысқа ығысқан бір баласы (әлде немересі) Тайбұға Сібір хандығының негізін салады, бірақ ақыр түбінде ол да Шыңғыс ханның дәргейіне бас ұрып, кеңшілік алған»[36].

Рашид  ад-дин дерегі бойынша, Моңғол әскерінде Шымқай жоғары дәрежеге ие болды. Ол Шыңғыс қағанға  жақын жүрген адамдардың бірі болды, көне ұйғыр бітік жазуын меңгерген, көне түрік  тілінде жаза алатын, қытайша білетін, қытайдың тұтқынға түскен халқының Тувадағы қоныстануының әскери-егіншілік мәселелерін басқарды. Сонымен қатар Шымқай қидандық  Елюй Чу-цаймен бірге Моңғол империясының әкімшілік-басқару жүйесінің құрылуында ерекше рөл атқарды. Өгедей (1229-1241) және Күйік (1246-1248) қағандары кезеңдерінде Шымқай (Чинхай) министр болды.

Моңғол қоғамында Керей тайпасының қарқын руынан шыққан Кейүк- баһадүрдің ұлдары Мойнақ,  Сартау, Илауқан, Сойқандар  маңызды орын алды.

Керей тайпасының жырқын руынан намангер Шираз Ноджуд-Саруджир-Құдай, оның ағалары Бахча, Тугай және Құтлық-Бұқа-бітікші, сонымен қоса Есудердің ұлдары және Дүзбайлар моңғол қоғамында жоғары орын алды. Шыңғыс ханның атақты қолбасшылары Бенсил-нойон және оның ұлдары Тұғлық-күші, Тайджы-баһадүр және оның ұлы Газан қонқайт руынан шыққан. Керей тайпасының албат руынан шыққан жүзбасы Иланғыз Шыңғыс ханның жеке күзетшісі, сонымен қатар хан сарайында жоғары дәрежелі орны бар ханның тамағын үйлестіруші-басқарушысы болды.

Деректерде Ван ханның тұмаут руынан шыққан әскербасы Құйду, басқа да мырзалар Шыңғыс ханның әскеріне келіп қосылғандығы айтылады. Құду, онан кейін оның баласы Куртаке керей әскерін басқаратын мыңбасы, ал Абишке деген баласы Шыңғыс ханның бас бітікші-хатшысы болған. Қайдудың Тұқыр деген бір ұлы да бітікші және жүзбасы болған. Ал, кенже баласы  Алинақ-баһадүр Хұлағу ханның кезінде мыңбасы қызметін атқарған. Оған қоса моңғол әкімшілігіндегі жоғары орындарды керейдің тұмауыт руынан шыққан Алшы-тұтқауыл және Ебіген-бітікші иеленген[37].

Ван ханның бас әмірлерінің бірі Екэ-Чэрэннің  жылқышысы Қышлықты ерекше атап айту керек. Қышлық Ван хан мен ұлы Санғұн қастандық жасамақшы болған кезінде оған көмектескен, сол үшін Шыңғыс хан оны бас әмірі және тархан етіп тағайындаған. Бұл лауазым оның ұрпақтарына да беріліп отырған. Олардың ұрпақтары Бахшибек-баһадүр ХV ғасырда Әбілхайыр ханның серіктестері аталып, Тобыл жағасындағы ұлысқа кіретін Шайбан ұрпақтарының өкілі болды[38].

«Хатшылар мен деректанушылар айтса-айтқандай, керей қызы Сорқақтан (Сұрғақтан бике – ред) «қара шаңырақтың» да, өзінің «алтын ұрықтарының» да, керей төркіндерінің де  қамын кеңінен қарастырыпты. Осы үш мақсатқа жету үшін,  әрине, өз мүддесіне орай, барлық  бопса мен былғаққа көніпті»[39].

Бүкіл Шыңғыс әулетін ашса алақанында, жұмса жұдырғында ұстап отырған Сұрғақтан бике заманынында, «алтынның сынығы, асылдың қиығы» болған, «жүзіктің көзінен өткендей» өзі жас, өзі бас, бекзат туған Тайбұғаның хандықтың бір бөлегін жеке дара билемеуі мүмкін бе еді. Шыңғыс хан қосынының алдыңғы легінде жауға атойлап, қарсы жақтың қабырғасын қақыратып, бүкіл сардар, сарбаздарға ерлік өнегесін көрсеткені үшін де ешкімнің бөтен уәжі болмас еді. Онсызда әскери басқару, лауазым тағайындау сынды әмірлікті қолына уыстаған, азулы жас барыс, жезде ағасы Төленің қасында жүрсе.

Сібір жылнамаларына сүйенсек, Шыңғыс хан Тайбұғаға құрмет көрсеткен, әскер де берген, сөйтіп Ертіс пен Обь жағасындағы шайқастарда жеңіске жеткен[40]. Қалай болғанда да, Монғол империясының негізін қалаушы тұлға Сібір жерлерін Тайбұғаға басқару құқғын берген, яғни далалық идеологияда шыңғыстық дәстүрге бетбұрыс болғанын айқындайды. «Сібір жылнамаларында» Тайбұға Сібір жорығынан келгеннен кейін «Шыңғыс басқаруға жер де берді, сонымен бірге қызын да берді» («дщерь свою даде за него в жену»). Осылайша «Тайбұға гурген болды, яғни әйел жағынан хан әулетінің мүшесіне айналды». Бұл арада біз баяндап отырғандай Тайбұға Шыңғыс әулетінің туған құда баласы ғана емес, қыз алған күйеу баласы болғаны да көрініп тұр.

Осы деректердегі «Тайбұға Сібір жорығынан келгеннен кейін «Шыңғыс басқаруға жер де берді, сонымен бірге қызын да берді» («дщерь свою даде за него в жену»). Осылайша «Тайбұға гурген болды, яғни әйел жағынан хан әулетінің мүшесіне айналды» деген баяндаулар да назар аудартады. Рашид ад-дин дерегіндегі Сангунның бір ұлына Шыңғысханның қызы Фуджин-бегімді атастырғанын еске алсақ, жоғарыдағы «қызын берді» мен «қыз атастырған» оқиғаларының ара-қатынасы жалғасты зерттеуді қажет етеді.

Шыңғыс хан өзін де бас идірген ақылды келіннің көңілін аулау үшін болса да, оның «жар дегендегі жалғыз бауырына» тозған керей елінің басын қосып тізгінін беруге (әрине, Төленің ұсынысымен) әбден келісер еді. Әрі сол арқылы Тұғырыл алдында өтелмей кеткен қарызын қайтаурдың да орайын  сәтті пайдаланды. Онсызда тас қамалға барысша шапқан, моңғол қосынының маңдайындағы керей батырларына «көз қылып», олардың жігеріне жігер қосу үшін де, өзінің «дарқандығын», «әділдігін» осылай танытпаса, Шыңғыс хан Шыңғыс хан бола ма? Әрі Тайбұғаны «соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін» деп дүйім жұрттың алдында көтеріп, әспеттеуі де қол астындағыларын тани білетін, бағалай білетін өзінің дара қасиетін де аша түспей ме. Моңғол билігіне қатер төндіретін аумақтан мүлдем шалғай, орда іргесінен аулақ,  қиырдағы Түмен бойынан оған алақандай жер сыйлап, сондағы елді басқартқанынан Шыңғыс неден ұтылар еді!? Ұтылмайды! Ұтты – өзі қанға шылаған хандықтың иелеріне ескерткіш, естелік үшін болса да солай сыйлап, «опалы патшаның» ұпайын көрсетті. Тіпті мұның бәрін өзі қаламаса да бүкіл әскери биліктің тұтқасын ұстап, басқарушыларды тағайындайтын ерекше құқықты Төленің қалауымен (Сұрғақтан бикенің ақыл-ұсынымен) іске асырды.

Шыңғыстың бірнеше жылдан кейін Тайбұға жөнінде естіп, оны қызметке шақырғаны туралы Погодин жылнамасындағы Сібір хандығының шығу тегі» атты тарауда баяндалады: «…Есіл өзенінде Магмет заңындағы Он атты патша өмір сүрді. Тайбұға – Онның ұлы. Шыңғыс оны жақсы қарсы алып, өзіне бағынғандардың ішіндегі бірінші кінәз деп атап, оған жеке жер үлесін берді.

Кінәз Тайбұға Шыңғыс патшадан соғысуға жасақ сұрады… Шыңғыс патша жақсы дайындалған көптеген жасақтарды жинап, Тайбұғаны Ертіс өзенінің төменгі ағысымен Обь өзеніне жібереді, ал бұл жерде чуд деп аталатын халықтар тұрған.

Шыңғыс патша Тайбұға кінәзға үлкен құрметпен қарады, және Тайбұға Шыңғыс патшадан өзі тұрғысы келетін жер сұрады. Шыңғыс патша «қайда тұрғың келсе, сонда тұр» деп жібереді. Тайбұға кінәз бүкіл өзінің руымен Тұра өзеніне кетіп, сол жерде Шымға қаласын көтерді. Түмен қаласы сол жерде. Тайбұға мұнда ұзақ тұрды, осында өлді[41].

Сөйтіп, Тұғырыл ханнның алдындағы Шыңғыстың өтелмей кеткен қарызының бір парасы – тарихқа Тайбұға есімін көтеріп шықты.

Тұғырылдың дәурендеп тұрған шағында, оның ханзада, ханышайымдарымен құда болуға қолы жетпей зар болатын Шыңғыстың Тайбұғаны текті тұқымға балап, құрмет көрсетуі де заңдылық. Көшпенділерден жалғасқан Шыңғыс ханның заңы бойынша «хан тұқымын биліктен шеттету туралы» бап қарастырылмаған.

Тайбұға таққа отырған 1220 жылдан есептегенде, оның хан ордасын уысына ұстап отырған әпекесі Сұрғақтан бикенің айтқаны орындалып, аналық айбаты асып тұрған шағы. Сұрғақтан бикенің 1552 жылы өмірден қайтқанын ескерсек, ол көзінің тірісінде телім-телімге түскен керей баласының ешқайсысын «шекесінен шерткізбеді». «Қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқыттырмады». Керей сарбаздарының бәрі дерлік орда жағалап, лауазымды қызметтер атқарды, халқы хандықтардың құрамындағы шұрайлы жерлерді мекен етті.

Сөйтіп Сұрғақтан бике, хандығы құлап, қара ормандай халқы тозғын болған оқиғаны көзімен көріп, көз жасын ішіне жұтса да, төркінінің тағдырына алаңдаумен өмір сүрді. Оның атақты ұлдарына да өсиеттеп: «нағашыларың сендердің құрбандарың болып еді, қан-қарызы мойындарыңда кетпесін. Шамаларың жеткенше қол ұшын беріп, көз қырларыңды сала жүріңдер!» деп тапсыруы әбден мүмкін. Ананың уызы мен ақыл-насихатына мейлінше қанып өскен ұлдарының анасының жүрегіндегі, жанарындағы нала мен мұңды, арман мен сағынышты, жан жарасын сезінбеуі де мүмкін емес.

Осы баяндаулардың басында айтылған,  Сұрғақтан бикенің бірге туған әпкесі Бектумыш фужинді (Бектімұшты) Жошы ханның алғанын еске алсақ, Сұрғақтан бикенің жездесіне айтқан көп аманатының ішінде ежелгі құдасы, кейінгі қайын жұрты – керей әулетін тапсыруы да мүмкін. Онсызда Жошы ордасында отырған Бектімұштың да өз атақ-абыройы жетерлік.

«Жошы ханның мовзолейінде оның әйелі, Керей ханы Тұғұрыл ханның қызы Бектімұштың да сүйегі табылған. Құрылысы жағынан Жошыхан мовзолейіне ұқсас болып келеді»[42] деген дерекке қарасақ, Бектімұштың да Жошы ордасындағы орнынынң төмен болмағаны аңғарылады.

Жошы жорығына қатысты мына бір оқиғаларға да назар аударуға тұрарлық.

«(Кезінде) Шыңғыс ханның Жошыға әскермен аттанып, барлық Ібір-Сібір, Пулар, Дешті Қыпшақ, Башқұрт, Орыс және Шеркестен мұғулдар Темір қақпа деп атайтын хазарлық Дербендке дейін басып алу, оларды өзінің иеліктеріне қосып лау туралы берген бұйрығынан жалтарып кеткендіктен, Үгетай қаған патшалыққа отырған кезде Батуға солай істеуге бұйырды... Бату 633 хижри жылының жумада әл-хир айына сай келген бичин жылы, яғни, мешін жылы олар (жорыққа) аттанып, ол уәлайяттардың көп бөлігін бағындырды»[43].

Демек, аталған оқиғалар тұсында әкесі Жошының да, ұлы Батудың да Ібір-Сібір аймағын жауламағаны (бағындырмағаны) байқалады. Оның себебін – Шыңғыс ханның Тайбұғаға сыйлаған хандығына олардың «тісі батпағаны»-мен бірге, өздеріне бөтен болмаған Тайбұғаны және ол құрған хандықты бағынған, бірлікке келген өз териториясының ажырамас бөлегі санағанынан қарастыруға болады. Мұнда да біздің жорамалымыздағыдай Жошы күйеу мен Бектумыш қыздың ықпалын жоққа шығаруға болмайды.

Бір ананың омырауын тел емген екі қыздың бірінің (Сұрғақтан бикенің) сүйегі – Бурах Ундур (Бұрақ Өндір), Силинга өзеніне жақын жердегі Шыңғыс ханның Ұлы қорығына[44] жерленсе, енді бірінің (Бектумыштың) сүйегі – Қазақ даласындағы хандар орда тіккен Ұлы таудан мәңгілік тұрақ тапты. Олардың әулеті де әлемнің әр түкпіріне, соның ішінде бүгінгі моңғолия, қытай, қазақстан елдеріне тарады.

Сұрғақтан бикеден туған атақты хандар – Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арықбұқа төртеуі әлемді алақанына салған әйгілі тұлғаларға айналса да, нағашыларын сырт тебуге қауқарсыз еді. Тұғырыл хан өлгенмен оның халқы торғайдай тозып кеткен жоқ. Олар Шыңғыс ханның түркі-моңғол әскерлері құрамындағы негізгі күшке айналды. Әлемді ат тұяғымен бағындырып, қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. Жошы, Сібір ұлыстарында да керейлер негізгі рулар қатарында аттың жалы, түйенің қомдығында күн кешіп, байтақ қазақ даласының бүгінгі териториясын жасау жолында қан кешті ұрыстарға қатысты.

Сөйтіп, Тұғырыл хан әулетінің Сібірдегі билігі бірде жығып, бірде жығылып жүріп, 388 жылға (1200-1588) жалғасты.

Мейлі Тұғырыл хан, мейлі Шыңғыс хан дәуіріндегі орда қорғаушы ерекше жасақтар – тұрғақтар саны да олардан кейінгі өрбіген әр бір ұсақ хандықтар құрамында бір мыңнан бес мыңға дейін, тіпті кейде қажетке қарай он мыңға дейін жетіп отырды. Тайбұға ұлысында да тұрғақтардың саны аз болған жоқ. Жошы ұлысының құрамындағы тұрғақ керейлер де олардың барлық жорықтарындағы шешуші оқиғалардың ортасында жүрді. Кейінгі дәуірде олар «тұрғақ» түрінде емес, керей руы құрамында ортақ ру атымен аталды. Тарихи мағыналық жағынан ерекше жауынгер тайпа ретінде бейнеленетін болды.

Тайбұғаның билік құрып дәурендеуі мен оған ешкімнің сұғанақтық жасай алмауы – хандар тұқымына тән дарабоздық, тектілігінен қалса, міне, осындай туысқандық-одақтық байланыстарды да артқы тірек етті. Оның көзі тірісінде кеудесін ешкімге бастырмай, ұзақ жасап, құдай ажалымен өлгені де де біраз нәрсені аңғартса керек.

Қазақта «шөп шыққан жеріне шөп шығады, «су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді», «тектіден текті туады», «досы көпті жау алмайды, туысы көпті дау алмайды», «жақсы атаның аруағы қырық жыл сүйрейді», «асыл кездік қап түбінде жатпайды», «ат тұяғын тай басар» деген сөздер бар.

Үзілмеген алтын арқау Сұрғақтан бике Керейдайқызы сынды аяулы аналардың арқасында бүгінгі қазақ даласына жалғанды. Елдік, ерлік ұранына Тайбұға есімі қосылып, Сібір сынды хандықтың құрылуымен өз тарихын жазды.

Жәди Шәкенұлы,

Жазушы-тарихшы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

[1] Тото. Цзиньши (Цзинь патшалығының тарихы). – Пекин: ЧХШЦ,  1976. 9 ц., 11 ц.,93 ц.  (Tuōtuō. Jīn shǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián.

[2] «Моңғолдың құпия шежіресі» –  көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан. Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». -I том.  -Алматы:Дайк-Пресс, 2006 жыл. 204 бет.

[3] Бұл да сонда.

[4] «Қазақстан тарихы туралы қытай деректері» V том. Алматы, «Дайк-Пресс» баспасы,  2005 жыл.

[5] «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы» (ежелгі және ортағасырлық кезең). Монографиялық зерттеу. – Алматы: «Адамдар» ЖШС. 2007 жыл. 228-229 бет.

[6] Қазақ ру-тайпаларының тарихы XV том – «Керей», «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, Алматы, 2014 жыл. 79 бет.

[7] Лубсан Данзан, Алтан товч. –УБ.,1990,73 бет.

[8] «Моңғолдың құпия шежіресі»  (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». I том.  Алматы: Дайк-Пресс, 2006.152 бет.

[9] René Grousset. L̉Empire mongol par// Вэнь Доуцзянь. – Пекин, 1989. 80 б. (Léinà. Gélǔsài. Gōng Yuè yì, Wēng Dújiàn xiào. Ménggǔ dìguó shǐ, Shāngwù yìn shūguǎn, 1989 nián.

[10] «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.

[11] Тото. Цзиньши «Цзинь патшалығының тарихы». – Пекин: ЧХШЦ,  1976. 9 ц., 11 ц., 93 ц.  Tuōtuō. Jīn shǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián.

[12] Поздняков Н.Н. Монгольская империя в эпоху Чингисхана.-Л., 1941, е. 4; Л.РКызласов. Очерки по истории Сибири и Центральной Азия. –Кр., 1992; Кыргызы и их предки. /Под.общ.ред.Карилкулова А.-Бишкек. 1994.С.20.

[13] «Моңғолдың құпия шежіресі» - (көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндермелерін, көрсеткіштерін жасаған Нәпіл Базылхан). Серия «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері». I том.  Алматы:Дайк-Пресс, 2006 жыл. 204 бет.

[14] Сун Лянь. «Юаньши (Юань патшалығының тарихы)». Пекин: ЧХШЦ,  1976. 120-121 ц.(Sòng Lián. Yuánshǐ, Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiàokān běn, 1976 nián.

[15] «Абылай хан», құраст:С.Дәуіт. Жазушы, Алматы, 1993 жыл. 37-38 беттер.

[16] Монголын иууц товчоо. 187-бап.

[17] Д.Гонгор. Халх товчоон. 135-б.

[18] Тынышпаев М.Великие бедствия. - Алматы,1992.С.19.

[19] Потапов Л.П.Этнический состав и происхождение алтайцев.-Л., 1996.С.23.

[20] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 46-47 беттер.

[21] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл.138-139 беттер.

[22] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 2-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 518 бет.

[23] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 1-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 287 бет.

[24] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл.133-134 беттер.

[25] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы,2011.-608.

[26] «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері», V том, Алматы: «Дайк-Пресс», 2006 жыл. 130 бет.

[27] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 144 беттер.

[28] Бұл да сонда. 201 бет.

[29] «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы», III том. Құраст: Н.А.Атығаев, К.Қ.Ақтаева, Л.Л. Батурина, Ә.Ә.Қайдарова, Қ.З.Өскенбай. «Фолиант» баспасы.Астана-2005 жыл. 243 бет.

[30] «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.

[31] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 144 беттер.

[32] Бұл да сонда.

[33] Рашид ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл.

100-101 беттер.

[34] Плано Карпини «Маңғұл тарихы», ауд: Т.Ә.Тыныбайын. «Шапағат-Нұр», Алматы, 2013 жыл. 52 бет.

[35] https://www.trt.net.tr/kazakh/k-azak-ieli-turki-orkieniietinin-biesighi/2015/12/18/kieriei-ieli-411069. «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл. 212 бет.

[36] Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая. Алматы,2011.-608 бет.

[37] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» көп томдығы. Фолиант, Астана. 2018 жыл.

[38] Таварих-и гузида-йи нусрат-наме//Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков «Извлечения из персидских и тюркских сочинений». - Алма-Ата: Наука, 1–17 бет.

[39] Тұрсын Жұртбай «Кекті бесік немесе «кекті қатындар» мен «кекті жатырда» ұйыған хандық». «Ұлт порталы», 23.10.2016. http://ult.kz/post/tursyn-zhurtbay-kekti-besik-nemes-kekti-katyndar-men-kekti-zhatyrda-uyygan-khandyk.

[40] «Сибирские Летописи». Спб., 1907г. 47 бет.

[41] «Сибирские Летописи». – Спб., 1907. 63 бет.

[42] Б.Қ.Тасқанбаева. «Шыңғыс ханның шыққан тегі туралы шындық». https://yvision.kz/post/820722. «Тұғырыл хан». Алматы, Palitra Press», 2019 жыл.

[43] Рашид-ад-дин «Жамиғ ат-тауарих» 3-том. Фолиант, Астана. 2018 жыл. 88 бет.

[44] Бұл да сонда. 264 бет.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3251
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2299
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1966