Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 2785 0 пікір 9 Желтоқсан, 2022 сағат 10:50

БҚО әкімдігінің әлегі. Министрлік не дейді?

Орал қаласының әкімдігі 700 адамды жұмыспен қамтып отырған «Кублей» зауытын жаппақ. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербайдың айтуынша, зауыт БҚО-да ауыл шаруашылығымен айналысып отырған жұрттың басты табыс көзі.

«Кублей» ЖШС – 30 жылдық тарихы бар ет, балық және көкөніс консервілерін өндіретін ірі отандық кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның ет және ет-өсімдік консервілерін өндірудегі үлесі 65%-ды құрайды. Осылайша, бұл кәсіпорын ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Сонымен қатар тек Қазақстанды ғана емес, оны Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және т.б. экспорттайды. Бүгінгі таңда консервілеу зауыты 100-ден астам консервілеу өнімдерін шығарады: ет және көкөніс, балық, деликатес, жеміс-көкөніс консервілері, тауық консервілері, дайын түскі ас және сүт консервілері. Зауыт бір ауысымда 200 мың банка консервілерін шығаруға қауқарлы. Батыс Қазақстан облысының 3 мыңға жуық шаруа қожалығы кәсіпорынға ет өткізеді», - деді Жеңіс Өсербай.

«Кублей» зауыты заманауи құрылғылармен толықтай жабдықталған. Кәсіпорын тәулігіне 70 тоннаға дейін консерві өнімдерін шығарады. Батыс Қазақстан облысында 2021 жылғы қаңтар-қазан кезеңінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ет консервілерінің өндірісі 26,1%-ға (3 418 тоннадан 4 311 тоннаға дейін), ет және өсімдік консервілерінің өндірісі 46,8%-ға (405 тоннадан 595 тоннаға дейін) ұлғайған.

Халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, табысын арттырып отырған зауытты әкімдік жауып тастауға неге мүдделі болып отыр? Мәселенің мәні мынада: Орал қаласының әкімдігі 2020 жылы «Кублей» зауытының жанынан әкімдіктің «Циолковский» тұрғын үй кешенін салуға рұқсат береді. 2014 жылы бекітілген қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізген әкімдік 2020 жылдың мамыр айында зауыттың санитарлық қорғау аймағынан көпқабатты тұрғын үй салуға рұқсат беретін қаулыны шығарады.

Заңгер Бақытжан Базарбек Орал қаласы әкімінің қаулысы заңсыз шығарылғанын айтады.

«Енді судья шешім шығарудың орынына тараптарды татуластыру сатысына өтеміз, шешім шығарылмайды, бұл іс қоғамда үлкен резонанс алды, сондықтан да татуласу керек дейді. Біліп тұр, соттың шешімінен кейін не арба сынады, не өзгіз өледі. Бұл жерде бейтарап шешім жоқ. Өйткені Орал қаласы әкімінің қаулысы заңсыз шығарылған. Уәкілетті органдардың келісімі жоқ. Егжей-тегжейлі жобасы Орал қаласының бас жоспарына сәйкес болуы керек. Сәулет-қала құрылысы туралы талаптарға сай өнеркәсіптік аумақтарда тұрғын үй салуға тыйым салынған. Заңның аты заң ғой енді.  Қоршаған ортаны қорғау схемасы жоқ, егжей-тегжейлі жоспарды дайындау тапсырмасы жоқ, негізгі уәкілетті органның қорытындысы болуы керек, 8-9 уәкілетті органның келісімі болуы керек, қала құрылысының топографиялық суреті болуы керек, қала құрылысы зоналарын растайтын жоспар болуы керек. Одан бөлек, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болуы керек, экологиялық сараптаманың қорытындысы болуы қажет. Ешнәрсе жоқ»,- дейді заңгер.

Атышулы қаулыны 2020 жылы Орал қаласының әкімі болған Абат Шыныбеков шығарған.

Бақытжан Базарбек Орал қаласының әкімі болған, қазір БҚО әкімі аппаратының жетекшісі Абат Шыныбековтың, БҚО әкімі болған Ғали Есқалиевтің үстінен, Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Күлбаевтың үстінен іс қозғайтынын мәлімдеді.

Кублей зауытының өкілдері екі жыл бойы Орал қаласының әкімдігімен соттасып жүр. Олар әкімдікке, прокуратураға, мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау мекемесіне, қалалық, облыстық сотқа арыз түсіріп, ақырында оң нәтижеге жетеді. Облыстық сот 2020 жылдың 28 желтоқсанында сол кезде Орал қаласының әкімі болған Абат Шыныбековтің шығарған қаулысын негізсіз деп таниды.

Бірақ әкімдік соттың шешімін бел ортасынан басып, БҚО әкімдігіне тікелей қарасты мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылау мекемесі «Ирменова» жеке кәсіпкерлігіне құрылыс жұмысын монтаждауға рұқсат береді.

«2020 жылы 28 желтоқсан күні облыстық соттың шешімі шыққаннан кейін, Ғали Есқалиевке тікелей бағынатын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тұрғын үйді салуға рұқсат құжаттаманы бере бастайды. Зауыттың 6 ай бойы бармаған жері, қақпаған есігі қалмады. Ешкім қарамайды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы алты ай бойы тексерісті ашпады. Содан кейін, сол мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысы және Ерменовтердің үйін дайындаған жобалау компаниясының басшысы туған ағайындылар болып шықты. Оларға қылмыстық іс қозғап, тергеу керек еді. Бірақ, оны жай ғана қызметтен босата салған. Бірақ ең келтірілген залал қандай? Алты ай бойы тексерісті ашпағаннан кейін, Ерменовтер бүкіл үйді соғып, бітіріп, сатып жіберген», - дейді Бақытжан Базарбек.

Әкімдіктің заңсыз іс-әрекетінен тек қана зауыт емес, пәтерді сатып алған тұрғындар да зардап шегіп отыр.

Ал кәсіпорын жанынан үй салуға рұқсат берген әкімдік зауыт 100 метрлік санитарлық аумақты бекіту үшін, алдымен жергілікті әкімдікке өтініш жазуы керек еді дегенді айтады.

«Жер кодексінің 121 бабына сәйкес Кублейдің санитарлық режимі бекітілмеген. 2015 жылы санитарлық шешімді алған кезде жобаны дайындап қала әкімдігінің қаулысымен бекіту керек еді. Сол қаулымен бекітілсе құрылыс компаниясына рұқсат бермес едік», - дейді Орал қаласы әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Ерболат Каримов.

Бірақ заңгер Бақытжан Базарбек ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйырығы бойынша өндірістік нысандардың санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеу бойынша мұндай талаптар әкімдікке өтініш жазу арқылы бекітілмейтінін, бұл талаптар онсыз да арнайы ережемен бекітіліп қойғанын жеткізді.

«Әкімдіктің бір ғана уәжі бар және ол негізсіз. Бұл Жер кодексінің 121 бабының 1-ші тармағы. Онда егер де жер мемлекетпен берілсе, онда кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағын әкімдік белгілейді делінген. Бірақ жер кодексі санитарлық қорғау аймағын реттейтін акт емес. Ол тікелей нормаларға сүйенеді. Яғни, Жер кодексінің 121 бабы 4 тармағы санитарлық нормаларға сілтеме жасайды. Бізде бекітілген өндірістік кәсіпорындардың санитарлық аймағын бекіту туралы  норма бар ғой. Ол жерде әкім қаулы шығару керек, «Кублей» зауыты әкімге арыз беру керек деген сөз жоқ. Қайдан тауып алған дүние? Ойдан шығарылған дүниені сотта айтуға болмайды ғой.

Санитарлық нормаларда нақты жазылған, егер де өндірістік кәсіпорынның қорытындысы болса, болды. Біздің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындымыз бар», - дейді заңгер.

Сонымен қатар, заңгер Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың жалған мәліметті тексерместен соттың шешімін бұзғанын айтты.

Сот жүріп жатқанда Жоғары сот төрағасы Жақып Асановқа тұрғын үйдің иелері арыз берген. Төраға сотта үшінші тараптың пікірі тыңдалу керек деген ұсыныс жібереді. Сондай-ақ, ол ұсыныста зауыттың негізгі бөлігі бұл аумақта емес, қаладан тысқары орналасқан деп көрсетіледі.

«Жақып Асанов жалған мәліметтерге қарамастан, мәліметтерді тексермей кассациялық инстанцияға ұсыныс береді. Сол ұсыныстың нәтижесінде біздің пайдамызға шығарылған облыстық соттың заңды шешімі бұзылады. Сөйтіп, осы қазір болып жатқан сотқа түседі.

Біздің ақпаратымыз бойынша, Асановтың ұсынысын дайындаған оның кеңесшісі және секретариаттың басшысы. Өндістегі судья тиісті қорытынды берді. Бірақ оны қабылдамай қойып, Асанов өзі ұсынысқа қол қойып жіберген.  Өзінің ұсынысында ол «Кублей» зауытының қазір тұрған жерінде әкімшілік ғимарат пен бір ғана цех бар деп көрсеткен. Ал зауыттың өзі қаланың сыртында делінген. Бұл жалған мәлімет.

Оның бәрін біз соңына дейін зерттейміз. Бұл іске қатысты бәрінің аты-жөндерін білеміз. Асановтың өзі Жоғары соттың төрағасы бола отырып, қалай қол қойып жіберген?!

Біреу арам пиғылмен жалған мәліметтерді ұсынысқа енгізсе, шынайылыққа сәйкес келмесе не үшін Жоғары соттың төрағасы болып отыр?», - деді заңгер Бақытжан Базарбек.

Егер де соттың шешімі «Кубей» зауытың пайдасына шығарылмаса, 2024 жылы зауытқа тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілмейді. Бұл дегеніміз экологиялық сараптаманың қорытыныдысы болмайды деген сөз. Ал бұл құжаттар болмаса онда тауарларға декларация берілмейді. Дәл осы себептен кейін «Кублей» тарапы судья айтқан ымыраға келе алмаймыз деп түсіндірді.

«Сотқа ықпал етіп отырған күштерді біліп отырмыз ғой. Біз ымыраға келмейміз. Заң біздің пайдамызда. Қандай ымыра, кіммен ымыраға келеміз? Әкімдікпен ба?

Біз тұрғын үй иелерімен соттасып жатқан жоқпыз. «Кублей» зауыты тікелей  әкімдікпен соттасып жатыр. Ымыра болмайды. Біз соңына дейін барамыз», - деп нақтылады «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының бірінші орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек.

Айта кетейік, Орал қаласынан 10 шақырым жердегі Деркул кентінде зауытқа жеткізілетін ет жіліктелетін қасапхана орналасқан. Дәл сол жердегі цехқа 2,5 мыңнан астам шаруа қожалығы күн сайын 250 ірі қара мен 7 мың бас қойын әкеп сатады. Содан кейін мал дәрігерлері төрт түлікті түгел тексеріп, артынша малдар сойылады. Шаруа қожалықтары малымызды сатып алатын облыста басқа ірі ет комбинаты жоқ дейді. Егер зауыт жабылса, үнсіз қалмаймыз, бәріміздің де бас көтеруімізге тура келеді деп отыр.

«Ауылда мал өткізудің өзі проблема. «Кублей» компаниясы ашылғалы бері ауылдың шаруа қожалықтарының бәрі осы жерге келіп малдарын өткізіп жатады. Сондықтан зауыттың жұмыс істеп тұрғаны бұл  Батыстағы ағайынға үлкен көмек. «Кублей» сияқты ет өңдейтін комбинаттар жоқ.

Үнсіз қалмаймыз әрине, ауылда өсіріп жатқан малымызды қайда жібереміз біз?», - дейді «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Темірболатұлы.

Еті мен сүйегін цехта жұмыс істейтін 300-ге жуық қасапшы ажыратып, етін қаладағы зауытқа жеткізіп келеді.

«Сойылған малдың ет өнімдері бордақыланып, сүйектен жіліктелініп, ажыратылады. Әрі қарай тоңазытқышқа салып зауытқа жеткізіледі. Күніне зауытқа 50 тонна өнім жібереміз»,-дейді «Кублей» цехының өндіріс меңгерушісі Жұмағали Мейрамбек.

«Бұл Кублейде жұмыс істегеніме 8 жылдан асты. Менің қолымда диплом жоқ, осы «Кублей» мені өсірді, өндірді. Көп халықтың аузынан осы «Кублей» жабылайын деп жатыр дегенді естиміз. Егер жабылса мыңнан астам адам жұмыссыз қалады. Жұмыс табу қиын әрине, мынадай жақсы айлық Орал қаласында жоқ. Талабым сөзімнің жоғары жаққа жеткенін қалаймын, «Кублей» зауытының жабылғанын қаламаймын»,- деді қасапшы Аманжол Әдет.

Ал қаладағы зауытта консервіленген өнім банкілерге басылып жабылады. Осылайша, «Кублей» зауытының жүздеген дайын өнімі Орал қаласының өзінде шығарылады. Айта кетейік, дәл осы зауытта консерві банкілері де дайындалады.

«Өзіңіз білесіз жұрттың көбі қазір ипотекалық үйде отыр, жастар үйлене салып квартирада тұрып жатыр. Себебі үй ала қоятын мүмкіндік жоқ. Сондықтан бәрі де қорқып отыр. Қазіргі таңда жұмыс істеп жақан 600 кісі деп тұрмыз ғой. Оның әрқайсысының отбасы бар. Оған қоса шаруа қожалықтары да бар. Бәрін есептегенде мыңнан астам адам ғой. Сол адамның бәрі жұмыссыз қалуы мүмкін. Ауылдардан келіп жұмыс істеп жатқандар көп, көбісінің білімі жоқ. Олар қара жұмысшы ретінді істеп жүр. Зауыт жабылып қалған жағдайда олар қайда барады? Қазір балық, ет жасайтын мамандар керек емес. Тек біздерге ғана керек»,- деді «Кублей» зауытының бас технологы Гүлжазира Кенжеғалиева.

Егер сот шешімі зауыттың пайдасына шешілмесе БҚО-дағы үш мыңға жуық шаруа қожалығы қол қусырып отырмайтындарын айтады. Олар наразылыққа шығуға дайын.

Ал зауыт жанынан салынған көпқабатты үйден пәтер алған тұрғындар әлі күнге дейін құжаттарын ала алмай жүр. Мұндай жағдай боларын білгенімізде Ерменовтердің  құрылыс компаниясына жоламайтын едік, дейді олар.

«8 ай болды осы жерде тұрып жатқанымызға. Су, жарық, жылу бәрі бар. Бірақ құжаттарымыз жоқ. Басында 30 пайызын төледік, содан кейін жөндеу жұмысын бастағанда толық төлем жасап тастадық. Сот істі уақытқа істі тоқтатып тастады. Енді біз білмейміз қанша күтетінімізді. Әрине мұндай болатынын білгенде, бұл жерден пәтер алмайтын едік», - деді құрылыс компаниясына алданып қалған тұрғынның бірі  Бауыржан Душаканов.

«Қазір сол қолма-қол алған кредитті төлеп жүрміз. Бірақ қолымызда пәтердің құжаты жоқ. Қазір қолда ешқандай құжат жоқ.

Негізі мен үйді алғанда құжаттарды қараған жоқпын. Бірақ мұнда заңгерлер де тұрады. Олар құрылыс компаниясына келіп, құжаттарын қарап, сосын ақшаларын салды», - деді Алина Құрманова.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егер зауыт жабылатын болса, тек қана бір облыс жапа шегіп қана қоймай, бүкіл республиканың ауыл шаруашылығына қауіп төнетінін айтты.

«Кублей ЖШС зауыты жабылуы ол шикізаттың жеткіліксіздігімен, ішкі нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуі төмендеуімен елдегі ауыл шаруашылығының жұмысына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар экспортқа шығарылатын тауарлар төмендеп, импорттық тауардың ішкі нарықта көбеюіне әкеліп соғады. Зауыттың жабылуының нәтижесінде 700 адам жұмыссыз қалады. Сондай-ақ отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетеді»,-дейді министрлік.

Айта кетейік, «Кублей» зауыты соңғы үш жылда бюджетке 5 миллиард 652 миллион теңге салық төлеген.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373